* * *
Бақыт та емес,
Гүл де емеспін,
Өлең ем...
Елесі көп ертеңіме елең ем.
Зау биіктен заһар толы жанымды
Нұрына аппақ бөлеген –
Кішкентай ғана күнім!
Ақыл да емес,
Ақын да емес,
Жүрек ем.
Күйкі тірлік тілегімді күреген.
- Әлі-ақ ұшам,- деп қиялдай беріппін,
Қанатты қып жаратқасын бір Егем!
Пырақ та емес...
Жырақ та емес
Аспаннан
Пенде екенмін. Бастады ма басқа арман?
Ессіз түннен – өмірімде өкініш,
Тексіздерден – көңілімде жас қалған.
Мұнар-мұнар бір тұманнан шыға алмай
Сыбағасыз, сағым содан сынардай,
Жазған басым жаза басып жүргенде
Сен кезіктің, шың басында шынардай
Аты да ерек,
Заты да ерек
Асылым!
Өмір-осы: соңы да-мұң, басы-мұң.
О, мен қанша жеңіп тұрып, жеңіліп,
О, мен қанша тасып тұрып, жасыдым?
Білмей-ақ қой, оның, жаным, бірін де.
Күнсің ғой сен! Түңілмеші, күлімде.
..Ақша бұлтқа арманымды алқа қып,
Аспанға арзу айтып шықтым бүгін де.
* * *
Әлі ештеңе білмеймін өзің жайлы.
Бір көрдім де, боп кетті төзім қайғы.
Сенің мөлдір көзіңе өлең жазып,
Сырымды айтқым келеді терең, нәзік.
Кешірімді кейбіреу кек дейтінін,
Бәрімізге бір жылу жетпейтінін;
Төгілгенде жыр болып дәптерге арың,
Туғаның да түсінбес сәттер барын;
Сезімімді сынаған кезбе күнді,
Саған дейін жылаған кездерімді;
Дүниенің кеңдігін, тарлығын да,
(Өмір деген не өзі, зарлы ұғым ба?)
Шаттығымды, шерімді, тәтті мұңды,
Біз екеуміз кезіккен сәтті күнді.
Ойым онға, бөлініп санам мыңға,
Жазғым келді тұнса да жанар мұңға.
Көзәйнегім сыртында Күн күледі,
Көремін бе сені енді, кім біледі?
Жан-жүректі сұп-суық тастай қарып,
Кетті бәрі бір тамшы жасқа айналып...
* * *
Түсінгім де келмейді ештеңені.
Сезім өткен. Сақтайын есте нені?
Бар білерім: бұрын-соң байқамаған
Бір бақытты жүрегім кешкен еді.
Борандарын тірліктің, ызғарларын,
Елемедім жауынын, құз-жарларын.
Өлеңіме өрнек қып өтсем дедім
Мына әлемде ең абзал бір жан барын...
Көңілімді қайтейін күйігі көп,
Қайғы жұтып, қалғанда жиі жүдеп,
Сол алыстан асқақ боп тұрса деп ем
Жан біткеннің ең абзал биігі боп...
Жазар Уақыт. Жанымды жылытар Күн,
Алданғаны болмаса үміт, ардың.
Көңіл еді кімдерден қалмаған бұл...
Бір жылап алармын да... Ұмытармын!
* * *
Жанымның жырға ғана жиып кенін,
Халімді ешкім ұқпас кейіптемін.
«Өлең» деп өміріме ендің неге,
Ей, менің ең бақытсыз кейіпкерім!
Дауасы табылмаған дертім қалың,
Бейуақта кезігіп қап еркімді алдың.
Ұмыттым: «Енді ғашық болмаймын»,- деп,
Жазылған жүрегімде сертім барын.
Арбалып жанарыңа алдым тұман,
Көңілде жауабы жоқ қалды күмән:
Мен асып кете алмадым маңдайымнан,
Сен қашып кете алмадың тағдырыңнан.
Жалғанның жүзі толы ақық нұрға,
Арманды күл ғып бітті уақыт мынау.
«Өлең» деп өміріме ендің неге,
Ей, менің ең бақытсыз бақыттым-ау...
* * *
Көзімнен көктем көшкелі,
Тербемеді сезім еш мені.
Көңілімнің көркем серігі-ау,
Түсінбей жүрсем, кеш мені!
Қызыға маған қарайсыз,
Биікке бәлкім балайсыз?
Тордағы тоты халіме,
Құштар боп жүрсіз қалай сіз?
Көгімде үнсіз тұр Ай. Күз.
Көңіл де сынық, шырайсыз.
Жырым да жырым жүректің,
Жағдайын несін сұрайсыз?
Қадірін білмей жарықтың,
Жабығып жүрген ғаріппін.
Ақбөкен-тірлік тұсаулап,
Аулақта маңып қалыппын.
Саялар тау да, төбе жоқ.
Кеудемде бір күн сөнер от.
Көріне ме екем Сізге мен,
Төгілген мөлдір Өлең боп?
Сорқұдық жаққа қонбаңыз.
Тұрлаусыз, тарау жолдамыз.
Жақындап, күйіп не етесіз,
Алыста-а-ан ғана қолдаңыз!
Көзімнен көктем іздеген,
Бір ізгі жансыз сіз деген!
Мен бұлай сеніп ешкімге,
Сырымнан алқа тізбегем.
Бақытты балап таңыма,
Орайын жыр қып жаныма.
Самал боп үнсіз ұшып кеп,
Қонайыншы алақаныңа...
* * *
Кіналай алмаймын ғой –
Жүректің мұзы ерімей,
Болмаса күрсінгенім. Күйінгенім.
Тағы да тұман көңіл.
Тағы да күмәнді өмір.
Тағы да үмітсіздің үйіндемін.
Алдайды сағым неге?
Жанбайды бағым неге?
Тағдырдың таусылмады-ау зауалы мың.
Аңсадым неге сені?
Басады мұң еңсені.
Жауабын кім айтады сауалымның?
Жазғыра алмаймын ғой –
Жанарда тұнса да арман,
Қолыңда болса жалған,
Келер едің.
Алыстан сағынысып...
Өртеніп, жанып-ысып,
Жаныма білмей кеттім не керегін...
* * *
Бәрі осылай біте ме енді, білер кім?
Көшеде-күз, мен де бұлттай түнердім.
Үнсіздігің үгіп бітті жанымды,
Сезімге ерген сергелдеңнің бірі едім.
Өзімді өзім жұбата алмай әлекпін,
Өзімді өзім ұната алмай әлекпін.
Бір таяныш таба алмаған тірліктен,
Жүрегімді уата алмай әлекпін.
Түн қойнында жылағаным не еткенім?
Көкте едім ғой, құлағаным не еткенім?
Тағдырымнан, таң нұрынан, жаңбырдан,
Сені ғана сұрағаным не еткенім?
Бұл не қылған ұзақ ғұмыр бітпейтін?
Бір жолдамын, ешкім де алдан күтпейтін.
Сен жалықтың. Мен жаңа ұқтым, сенімнің
Сәукелесін сыйға тартып сүттей түн.
Ақ аспаннан орамалын бұлғады Ай,
Шақыра ма мені көкке, бұл қалай?
Жер бетінен жоғалар ем қазір-ақ,
Жаным, сені көргім келіп тұрғаны-ай...
* * *
Сыланған да, Сыналған да кезім көп.
(Қашан өшіп үлгергенін көзімде от?)
Кейде ауып қонғанында бақ маған,
Сенің аппақ махаббатың сақтаған!
Керіағысқа көндіге алмай,
Жанның өртін сөндіре алмай,
Жел өтінде құба талдай
Мына өмірді ұната алмай,
Сенгенімнің бәрі бейуақ
Биігімнен құлатардай.
Шыңырау мен шыңды айырмай,
Өтірік пен шынды айырмай,
Кім дос, кім жау тағы білмей,
Бір үміттің бағы гүлдей,
Аласұрған кездерімде
Көңіліңе толды ма алаң?
Ұқпасыншы өзге мүлде,
Сен жұбатсаң болды маған...
Сен жұбатсаң болды маған...