БАҚЫТБЕК БЕКМҰРАТҰЛЫ. ТАҢЫРҚАСЫН КӨШЕСІ ТАР ҚАЛАНЫҢ...

CATHARSIS

 

Ит тіршілік тыншымды алды қыңсылап,

Ми талшығын жұлқылайды мың сұрақ.

Жүрегімнің жырмен таңдым жарасын,

Қара түннің етегінен жыртып ап.

 

Жетім жаным меңірейген мұң бағы,

Бұлбұл үні естілмеген мұнда әлі.

Кетем бір күн жерге көміп тәнімді,

(Алар едім жалған болып тұрғаны.)

 

Дәмін татып махаббаттың мұңының,

Қайғы тұнған тұнығынан суындым.

Көңілімнің көзәйнегін кір басып,

Ақ бұлтардың көз жасына жуындым.

 

Шыр айналып тыр жалаңаш жын ғалам,

Жер мен көкке сыймай кейде жынданам.

Періштелер ұшып кетті кеудемнен,

Жүрегімнің музыкасын тыңдаған.

 

Түсімдегі шақырған соң нұр түрлім,

Жұматайша е-е-ең соңғы рет бір күлдім.

...Мөлдіреген тамшы шыққа айналып,

 Жапырақтың жанарына іркілдім.

 

ҚОБЫЗ

 

Қобызыңды, қанекей, шал, қарағым,

Таңырқасын көшесі тар қаланың.

Көк бөріңді ұлытып ұзақ-ұзақ,

Бозінгенін боздатшы сары даланың.

 

Шанағынан қобыздың шашқылап мұң,

Кірпіктерден жалғанған жас құлатқын.

Қақаманды босатшы, сергіп қалсын,

Жын-перісін қуалап кешкі бақтың.

 

Шыңғырып енесі өліп қалған құлын,

Сөйлетші қарашаның солған гүлін.

Қорқыттан қалған басшы бір мақамға,

Ұғынсын бұл өмірдің жалғандығын.

 

Шіркіннің, сарнайтыны-ай ыңыранып,

Жүректі əкетердей жұлып алып.

Қайғыдан күрсінеді қаңғыбас жел,

Басына қара ағаштың шығып алып.

 

Ағашы қарағайдың түбі ме еді?!

Сарыны, о, не деген тұнық еді?!

Алыстан арқыраған үн келеді,

Ішегі бесті айғырдың қылы ма еді?!

 

Мұңлы саз бірде шықпай, бірде шығып,

Толықсып күрт үзілді, үн кесіліп.

Қобыздың шанағынан ұшып шығып,

Қоңыр қаз барады əне түнге сіңіп.

 

ҚЫЗ-КӨКТЕМ

 

Кешігіп келе жатыр осы көктем,

Қыс та бір қырсық шал ғой өші кеткен.

Білмеймін алда қанша ғұмыр жатыр,

Артымда отыз қалды жосып өткен.

 

Сағындым қыз-көктемнің күншуағын,

Суық жел, суық сөзден тұншығамын.

Қараймын құбылаға қайта-қайта,

Қалаймын жүрегімнің тыншығанын.

 

Қар мен жер құрақ көрпе ала-құла,

Ау, қашан оянады қала мына?!

Бұтағын алма ағашқа асып тұрған,

Қараймын қара ағаштың қабағына.

 

Қайыңның жүрекке ұқсас жапырағын,

Қағазға салып кейде отырамын.

Көктем мен қыс күрескен кешқұрымда,

Жүректің қоңыр мұңын сапырамын.

 

Мінезін табиғаттың түсінелік,

Бұл дағы Жаратқанның ісі делік.

...Түнімен ұйқысырап шықтым білем,

Қыз-көктем қайта-қайта түсіме еніп.

 

 ТҮЙМЕДАҚ ГҮЛІ

 

Маған Түймедақ гүлі ұнайды...

Қыз күнделігінен.

 

Қар жауып тұр... Қар жауады түнімен,

Бүгін тағы ұйқым қашты шынымен.

...Түймедақ деп аталатын әдемі,

Жарығым, сен жаздың нәзік гүлі ме ең?!

 

Осы гүлді ұнатады көңілің,

Осы гүлге құмар қылған сені кім?!

Таң алдында қауызына шық тұнған,

Түймедақпен егіз бе әлде Өмірің?!

 

Мүмкін талғам биік болар сендегі,

Елеуреген түсінеді ел нені?

Ақ желегі сенің әппақ сезімің,

Ал сарысы сағыныш қой мендегі.

 

Жуындырған жаздың жылы жаңбыры,

Күнді сүйген бұл Түймедақ таң гүлі.

Қысқа бірақ сұлу болып келеді,

Білесің ғой гүл біткеннің тағдыры.

 

Гүл солады... Сөнер біздің сезім де,

Ал ғұмыры өзіңменен өзімде.

Сабағынан үзілгенде Түймедақ,

Таңның шығы қалар сенің көзіңде.

 

...Бұлт астынан ай қарайды ұрланып,

 Ал мен болсам сені ойлаймын мұңданып.

Терезеден телміремін ақ қарға,

Түймедақ гүл шығатындай бүр жарып.

 

 ТҮНГІ ҚАЛА

 

Жаңбырлы, жабырқаулы, түнгі қала,

Жаныма ұсынасың мұңды ғана.

...Түбінен тереземнің жел күрсінді,

Дәл мендей жетім көңіл сынды ма о да?!

 

Қашанда көшесінде көлік өрген,

Шырайлы шаһар деуші ед сені көрген.

...Түн перісі күледі шашын жайып,

Ішінде мас қаланың желік енген.

 

Жарқ-жұрқ етіп арбаса жын ойнағың,

Құлдық қылмақ жүрекпен Құдайға кім?!

...Қозғалғанда арбиған көлеңкелер,

Сеземін құшағыңда үрей барын.

 

...Қайтемін, қала, саған босқа налып,

Болмаса болмысың жоқ астаналық.

Адамдар тасқа айналған... Ақ қайыңдар,

жылайды жапырағын жасқа малып.

 

Жаңбырлы... Түнгі қала етегінен,

Жауратып суық ауа көтерілген.

...Түнімен бақыт іздеп шықтым тағы,

 Мыңдаған тағдырлардың мекенінен.

 

ДОФАМИН

 

Аспан тұр арқасына түн жамылып,

Жанымды жаралады сынған үміт.

Жемек боп арманымды ақ марқадай,

Ұлиды ұзақ-ұзақ мида күдік.

 

Үзіліп қобыз-кеудем бір ішегі,

Сыртымнан кей жамандар күліседі.

Қайғы үрлеп қабырғамның қуысынан,

Періштем жүректегі бүріседі.

 

Түсінбей мен өмірді, өмір мені,

Уайым арта түсті көңілдегі.

Ақ балық ойнақ салды аласұрып,

Көзімнің көрінбейтін көліндегі.

 

Алыстан қол бұлғайды күн кешегі,

Мұңымды кім бөлісер мың кеселі?!

Сезімім түріп алып балақтарын,

 Жүгіріп жаңбырдан соң жыр кешеді. 

 

ҰЛЫМ...

 

Жетімек мейірім жылаған,

Махаббат таусылған әлемде.

Жүрегім аспаннан құлаған,

Ақ қардай аппақ еді әуелде.

 

Күдік жоқ, күйік жоқ көңілде,

Шынайы ем, тұнық ем, арлымын.

Жалған боп жаралған Өмірде,

Жоғалтып алдым ба барлығын?!

 

Адамдар жүрегі бүлінген,

Ішінде тозақы жарыстың.

Жер шары кірпікке ілінген,

Бір тамшы көз жасы Ғарыштың.

 

Қоғамның бұзылған бұл күнгі,

Аярлық еседі бетінен.

Сен де осы періште күлкіңді,

Жоғалтып алмашы... Өтінем?!

 

Қылығың қайғымды таратқан,

Өзіңнен өзімді таныдым.

Жоқ едік, әу баста жаратқан,

Алланы ұмытпа, жарығым!

 

Сағаттың тілімен үгіліп,

Таусылып келеді ғұмырым.

Аллаға жүрекпен жүгініп,

 Жақсылық тіледім, құлыным!

 

ӨМІР ЖОЛЫ

 

Қуантатын құшақ жайып сан арман,

Қайғыртатын жас ағызып жанардан.

Өмір жолы – тар соқпағы тағдырдың,   

Үміт және өкініштен қаланған.

 

Көркем, әлсіз туындымыз біз деген,

Мейірімнен, бірақ, үміт үзбеген.

Адам жерге түсірілген жолаушы,

Жүрегімен Жаратқанды іздеген.

 

Таспихтың тасындай боп тізілген,

Сен кеткенмен ол келеді ізіңнен.

Сағат тілі – уақыттың кірпігі,

Секунд сайын тамшы сәттер үзілген.

 

Мәңгілікке қала алмайды Жан мұнда,

Қайта оралу жазылған соң тағдырға.

Пенделердің оқылады дәптері,

Сот болған күн Ұлы Алланың алдында.

 

Иә... сонда өмірдегі мәнділік,

Біздің мекен жер беті емес Мәңгілік.

Кешікпейді, өзгермейді, өшпейді,  

 Ұлы Иеміз жазып қойған заңдылық.

 

ҒАШЫҚ БОП ҚАЛЫППЫН

 

Құлпырып жайнаған көктемде,

Гүл тере барғанда бөктерге.

Шолпыңның сыңғырын естіртпей,

Қасымнан қалықтап өткенде.

Мен саған ғашық боп қалыппын.

 

Даланың самалы ескенде,

Сыйқырлы сағымы көшкенде.

Құрбыңмен қосылып әуезді,

Ән салған әсем бір кештерде.

Мен саған ғашық боп қалыппын.

 

Аққулы айдын көл шетінде,

Ай нұры ойнайды бетіңде.

Қиылып қарақат көздерің,

Ұрлана қараған сәтіңде.

Мен саған ғашық боп қалыппын.

 

Құлпырып жайнаған көктемде,

Гүл тере барғанда бөктерге.

Желменен жарысып жеткізбей,

Ақбозбен алыстап кеткенде.

 Мен саған ғашық боп қалыппын.