БАҒДАТ МҮБӘРӘК. ӨЛЕҢ ДЕУГЕ БОЛА МА МҰНЫ ДА, АҒА?

 ӨМІР

 

Жаншып-таптап кетсе де кім  көрінген,

Бәрібір бүршік жарып гүлдедім мен.

Сөйтпесең, айналайын, бұл өмірді,

Сүрмегенің жақсы ғой, сүргеніңнен.

 

Қысқасын айтар болса, сөздің басы,

Мен едім ердің – досы, ездің – қасы.

Ақтарыла алмаймын ақ қағазға,

Алғаш болып тамбаса көздің жасы.

 

Талай бұғып қалғанын күнә санар,

(Қылмысын мына мендей кім аша алар?)

Қай бетіммен қараймын болашаққа,

Мені көрген жоқсыңдар, сұраса олар!

 

Бұл байғұс, сезеді ғой, бәрін көрген,

Өмірде өлең үшін жанын берген.

Жігіттер, мен сендерді түсінемін,

Жалындап жыр жазатын шағында өлген.

 

Шошыса сұмдық екен құлқын безі,

Топыраққа ғана тойған шіркін, көзі.

Дүниеге адам болып жаралған соң,

Нәпсіні мүлде тыю мүмкін бе, өзі?

 

Қонды қылып, қоғалы жерде өскенім,

Кермесін үзіп кеткен кербесті едім.

Құдайға ғашықпын ғой жан - тәніммен.

Құдайдан қорқатындай мен не істедім?

 

Қиялыңмен жалғанды мүсіндесең,

Бағландардың жүрмейсің ішінде сен.

Өмір деген жақсы ғой, өмір ғажап,

Егер өлең жазбасаң, түсінбесең.

 

ХАТ

 

Күрең мініп күз келді,

Аман болсақ маза жоқ қой бізге енді.

Өмір бойы бір адамды сүйгендер,

Құдай аяп жаратқан ғой сіздерді.

 

Пайдаланған дəптерді,

Ағыл-тегіл ақтарылған хат келді.

Мына мезгіл маған қандай сор берсе,

Оған сондай бақ берді.

 

Құдыретіңнен айналайын, күзгі жыр,

Күдірейтіп көрсетесің бізді бір.

Мен осындай арман ба едім қайтейін,

Сен осындай аңғал ма едің, қыз ғұмыр?

 

Енді қалай түсіндірем, сырғалы,

Поэмаға жүк болатын сырлары.

Қыз біткенге жарасады, жігітке

Сұлу болған қиын екен бір жағы.

 

Махаббатты мен айтайын, айт десе,

Обалы не, келе - келе қайтты есе.

Өзеуретіп тұрған осы өлең ғой,

Қай жеріме қызығады, əйтпесе?

 

Тірі қалдық лаулап жанған оттардан,

Содан бəлкім, қазір зəтті боп қалғам.

"Неге жиі хат жазбайсыз?" - дейсің ба,

Уақытым жоқ, қарғам.

 

ЕСІЛ ӨМІР

(ақын бауырларыма)

 

Ауылдан алғаш келген құлыншақтар,

Құлыншақтар, дәл мендей ұрыншақтар.

Есіл өмір Ертістің ағысындай,

Ертең жоқ қып жіберед!

Бүгін сақтар.

 

Жастық шақта жауқазын жыр көп еді,

Қазір мазаламайды күнде мені.

Ақыл айтқан адамды кім жақтырсын,

Ақын айтса біледі ол бірдеңені.

 

 Қаңғыдым,

Қалжырадым,

Қалғыдым да,

Вокзалда Бұқар жырау даңғылында.

Талай сығып алғанмын көз жасымды,

Арқаның аспан тұтас жаңбырында.

 

Есерсоқ кездер түсіп есіме дүр,

Таусыла берген екем несіне құр.

Сөйлегің-ақ, келеді шешіле бір,

Сөйлесуге тұрмайды есіл өмір.

 

Қалғаның қандай жақсы жұмбағым боп,

Жылы сөздер естіді жырларым көп.

Мен де биік боламын...

Әттең, бірақ,

Біздің жұлдыз жанғанша кім бар, кім жоқ...

 

Сағымға айналған соң сәулемдей қыз,

Қатынның қабағына тәуменді үйміз.

Ақылдың бәрін ішіп тастасақ та,

Біз байғұс сол бір кезде «дәурен» - дейміз.

 

Тірлігің құрсын мынау шәрідегі,

Сандалып жүру екен әрі-бері.

Аузыңа өлдім десең су тамызбайд,

Көбісі сондай (әлде бәрі ме еді).

 

Құрдай жорғалауды да білмей барам,

Кейде осы тірлігіңді күндейді адам.

Тарыдай ойдан жасап, таудай қайғы,

Зәредей мұңның өзі зілдей маған.

 

Сеземін көп ішінде ит өлгенін,

Жалған сөзден жұқарды жүйкем менің.

Батпандай шер өлеңге сыймайды екен,

Дос жоқ қой,

Досым болса бүйтер ме едім.

 

Р.S. Күз келді күлім қаққан жастар міне,

        Махаббаттың маусымы басталды де.

        Тек қана қыз-қырқынның орны бөлек,

        Ол енді...

        Басқа әңгіме...

 

МҰҢ ШАҒУ

Абайға

 

Уа, һәкім, сен жайлы ода көп,

Мен жайлы өсекте жоба жоқ.

Алтыннан ардақты абызым,

Алаңда тұрсың ба, қола боп?

 

Түгенделмеген соң жоғымыз,

Арылмай қойды бір сорымыз.

Не деген жеңіл ед, тұзымыз,

Не деген ауыр ед, жолымыз?!

 

Осыдан бірнеше жыл бұрын,

Кеудемде өзгеше ед күмбірім.

Ал, бүгін бозторғай боздайды,

Ол кезде сайрайтын бұлбұлым.

 

Мінезден болдым-ау қарабет,

Шартпа-шұрт кететін бар әдет.

Уайым мен ойлардан қажыдым,

Жынданып кетпесем жарар ед.

 

Көріне бермейді сұлбаң көп,

Әйтеуір қалада тұрған боп.

Құныңды, қойшы, ол  -  көк тиын,

Мұңыңды шағатын бір жан жоқ!

 

Адамға ұқсаған пішіні,

Ей, өңшең, қорқаудың күшігі!

Сендердің тәкәпарлығыңнан,

Ақынның мейірімді мүсіні!

 

Уа, һәкім, сен жайлы ода көп,

Мен жайлы өсекте жоба жоқ...

 

ӨКСІК

 

Алматы,

Гүлзар бағы

Самал - әтір,

Санама селкеу салған қала кәпір

Жыр қанат қомданады деген арман,

Сырғанап жанарымнан бара жатыр.

 

Ақындар,

Кімге абырой әперген мұң?

Шіркін-ай, құлдыраса пәтерден құн.

Жанымның қиналарын біліп тұрып,

Тәнімді әрең сүйреп әкелгенмін.

 

Қалай арулады екен дәті шыдап?

Көрге құлай бергендей, қапы сұлап.

Біздің буын – жалғасы Кеңшіліктің,

Кеңсайға жерленбейді ақы сұрап!

 

Ауыл-ай, аңғал ұлдың кетті бәрі,

Аз жазып, іштен байғұс көп тынады.

Айтуға құрғыр жүрек дауламайды,

Қайтуға жібермейді беттің ары.

 

Құрдымға кеткен қоғам құбыл ама?

Құлай берген дұрыс-ау, құбылаға.

Өгей ұлдың өксігі демесеңіз,

Өлең деуге бола ма мұны да, аға?