КӨҢІЛ КӨКЖИЕГІ
Білмеймін періштемін, пендемін бе?
Шыр етіп шат өмірге келгенімде.
Шамасы шапағатқа шөлдедім бе?
Жұбанбай көп жылаппын жөргегімде.
Ес біліп, етек жиған кездерімде
Жайсыздау «жаңалықты» сезгенім бе?
Көпшіліктен жырақтап көп ойланам
Көлеңкелі сыр тұнып көздерімде.
Көрдің бе, сол көлеңке алдамапты,
Ай да сол, күн амалсыз қорғалапты.
Ақ жолынан адасқан ар бейбақтың
Ақ жүзінен ащы жас сорғалатты...
Түнеріп тұрды біраз ренжіп Күн,
Тауқымет тамшысынан бірер жұттым.
Шалғайын шапанымның шарт буындым
Шамасын байқайын деп шын ерліктің.
Көрдім де Күн–Ананың түнергенін,
Сол сәтте сезімімді шідерледім.
Қырда қалған қызыққа қолды сілтеп,
Жырдан іздеп жоғымды түгендедім.
Жаңылған бағытымды жаңа таптым,
Жетегінде еріксіз бара жаттым.
Поэзия–перімен көңіл қосып,
Өлең деген өміршең бала таптым!
МЕНДІК ЖҮРЕК
Келді ме, шұғыласын шашқан көктем,
Апыр-ай, ашық еді аспан неткен?
Көз қуанды, болғандай көңілім қош,
Ал жүрегім әлі де астаң-кестең.
Бұл жүректің дауасы табылар ма?
Сарылады жан таппай сағынарға.
Жұдырықтай болса да жұмбағы көп,
Жетегіне еркімнің бағынар ма?
Жалқы күй қинаса да жанымды әлі,
Мендік жүрек ешкімге жағынбады.
Мың азапты жиғанша мақұл еді-ау
Бір ғажап сәт туғанда жарылғаны.
Мың құладым, бағымды мың сынадым,
Сонда дағы, жүрегім, тыншымадың.
Толғағына жанымның дауа таппай,
Толқынына сезімнің тұншығамын.
Қиял құс құлағанда ыршынып кеп,
Көңіл шерін басатын күрсініп тек.
Мендік жүрек мәңгілік мұздамайды,
Менің жаным ынтызар тіршілікке!
* * *
Боздала...
Сенде туған бір балаңмын,
Топырағыңнан талайғы сырға қандым.
Бозала таң оянып, бойым мұздап,
Бозторғайдың шырылын тыңдағанмын...
Боз тұман...
Бұл бір жұмбақ сәуле ме еді,
Басымды нендей күймен әуреледі?
Бір ғажап, тал бойымда сезім тулап,
Бақытты шақ, бұл дағы дәурен еді...
Бозбала...
Бойжеткенге жыр арнаған,
"Бақытым – бір өзің" деп, сыңар маған.
Сыртынан ақбоз үйдің қолым бұлғап,
Сырласуға еш амал қыла алмағам...
Боз жусан...
Жұпарыңа қана алмағам –
Бұйыртқан бір ғаламат далам маған.
Бозқырау шалса дағы самайымды,
Бұла сезім бойымда алаулаған...
МАХАББАТ ДЕГЕН ОСЫ МА?
Алаулап жүзім нұрлана,
Айнаға қарап ұрлана.
Жолығып Сізге қалардай,
Жүгіріп шығам қырға да.
Сырымды менің ұғар деп,
Сағынып жүрген шығар деп.
Алаңдай берем, ауылыма
Атының басын бұрар деп...
Алыстан бейнең көрініп,
Арманға сонда беріліп.
Жанымның жақұт моншағы,
Жыр болып түсті төгіліп.
Әлде бұл, көңіл хошы ма?
Ән салғым келді қосыла.
Мың түрлі күйге түсірген,
Махаббат деген осы ма?
МЕН ДАҒЫ КӨГЕРШІН ЕМ...
Мен дағы көгершін ем сынық қанат,
Сынына алған дүние – суық қабақ.
Сескенетін мен емес қабағынан,
Күліп қарап келемін, күліп қарап!
Жалғаншы дәулетіне құнықпағам,
Жамандықты жаныма жуытпағам.
Көңілімді кей-кейде бұлт торласа,
Күннің қайта шығарын ұмытпағам!
Ұлылықты әрдайым ұлықтаған,
Жырларымды тыңдайды тынып, далам!
Әзірейіл келсе де әне-міне,
Уәжін айта алмайды бұрып маған!..
Күннің көзі түспеген, жылытпаған,
Көлеңкеде өмірді сүріп бағам.
Көз ұшында көлбеген арманыма,
Алшаң басып, осылай күліп барам!
Күліп барам!
ӘДЕМІЛІК
Әдемілік...
дейсің бе?..
Әдемілік...
Көңілімді білсең ғой
әуелі ұғып,
Ұзақ түн...
кірпігімді әрең іліп,
Жүргенде жүрек сыздап,
жан егіліп...
Қайдағы әдемілік?..
Әдемі...
Қабағымды түйгенім бе?
Иә, солай,
зауқым жоқ биге мүлде.
Жәй ғана тыңдайықшы
бұл әуенді,
Көңіліме тылсым күй
тұна берді,
Бір жұмбақ күйдемін бе?
Білмедің бе?..
Әдемі...
Көрінді ме жымиғаным?..
Бірақ оңай соқпайды бұл "ұйғарым"..
Мың түрлі сынағыңа
күліп тұрам,
Мұң-шерімді осылай
ұмыт қылам,
Әйтпесе, құриды әлім...
Әдемілік...
Сірә, менің жүрегімде,
Қылаудай кінәрат жоқ тілегінде.
Тайталас болып жатсын түкпірінде,
Сыртына сыр бермейді тіпті мүлде,
Күн-күлкісі төгіліп реңінде.
Әдемілік...
Иә, менің айналамда,
Жасыл бағы жанымның жайнағанда.
Жүрегімді махаббат жаулағанда,
Жалын шарпып, жан-тәнім лаулағанда,
Апыр - ай,
Бұл сезімге айла бар ма?..
Әдемілік...
Сыңсуынан аққудың сәлем ұғып,
Шын сүюдің ғажабын және біліп.
Шын бақытқа жетем деп алып-ұшып,
Аңсап күтіп...
Жолығып сағынысып,
Сүрейікші өмірді ӘДЕМІ ғып!..