АЗАМАТ ӘБІЛҚАЙЫР. ЖАНЫ ТАЗА АДАМДАРДЫҢ БӘРІ — АҚЫН!..

 

 *  *  *

 

...жазғырады, жала жабар, жамандар,

не десе де, өзім сүйер ғалам бар!

Ең болмаса, өмірімді сүрейін,

маған маза беріңдерші, адамдар!

 

Жүрек — Құдай! Серік қоспай табындым

ар сәждеде кір-күнәмнан арылдым.

Бақыттымын дей аламын егер мен

тазалығын сақтап қалсам жанымның.

 

...шаршатты ма ұрандары жалпының,

дарақыдан алыс кетіп ал, тыным.

Базар — ғұмыр, бұл саудагер ғасырда,

Жүрегіңді сатпа ешкімге, жарқыным!

 

*  *  *

 

Барлық адам мұңаяды бір тілде,

бір-ақ тілде қуанады, күледі.

адамзатты телісең де мың дінге,

ол құдайын жалғызым деп біледі,

 

Батқан күнмен әуелеген кешкі үні

желі бірдей ұлы байтақ даланың,

тілге, ұлтқа бөле алмайды ешбірі,

ең аяулы махаббатын ананың.

 

Қайғырады, қуанады адамдар,

оның өзі бір-ақ тілде таңқалдым,

алыс кетсе аңсап, күтіп алаңдар

сағыныш та бір-ақ тілде аңғардым.

 

Ғалам солай сақтап қалса бірлігін,

өзің айтшы, біз шынымен қандаймыз?

әлем үнсіз ұғысқанда бір-бірін

неге екеуміз түсінісе алмаймыз?!

 

 *  *  *

 

Көк теңіздің толқыны ма ең сен тегі?!

Әр қылығың жан-дүниемді өртеді.

...Өлең деген сезім жайлы шығарма,

өмір деген өзің жайлы ертегі.

 

Ертегіге еліктірдің, кәмшатым,

есте қалсын ғұмырым боп сол сәтім.

Сені сүю болар, бәлкім, кіршіксіз,

мына менің бұл жалғанда болса ақым.

 

Еліктей қыз, есімді алдың, жоқ хәлім,

дертім сенсің, емін оның таппадым.

Мен ойлауды доғарғанда сен жайлы

Бұл жүрек те тоқтатады соққанын.

 

*  *  *

 

Шағаладай мені аңсап шарқ ұрасың,

толқын болып тулайсың, талпынасың.

Қалаң неге әдемі, білесің бе?

себебі сол шаһарда сен тұрасың.

 

Басқа түгіл өзім де сенбей далмын.

сағыныштың дертінен емдейді ал кім?

Гүлдер неге әдемі айтайын ба,

өйткені қолында тұр сендей жанның.

 

Әуелейтін мәңгілік сезімге әнсің,

шәрбат, шекер - қылығың, сөзің – бал шын.

Өмір неге аяулы білесің бе?

себебі бұл ғаламда өзің барсың.

 

*  *  *

 

«Біздер жайлы жазылған»,- деп, Құранда»

ақын бөсті әкімнен үй сұрарда.

Қасиетті, арлы өлеңді ол солай

ат қып жекті айналдырып ұранға.

 

Ұраны көп бұл ғасырдың заңы көп,

әз халқының айтылмайтын зары боп.

Ақын көрдім жүрегі жоқ, жыры бар,

Жыр оқыдым ұйқасы бар, жаны жоқ.

 

Жаза-жаза өлеңге де еті өлген,

садаға боп сырлы сөзден кетер ме ең?!

Сөрелерге жазармандар қарыздар

оқылмайтын кітаптарын көтерген.

 

Кітабы көп, сөзі бар ма қалатын?

Өлең қайда жүрекке жол табатын?

Ақын емес жыр жазғанның барлығы,

жаны таза адамдардың бәрі - ақын!