ҚАСЫМХАН БЕГМАНОВ. УАҚЫТ, ШІРКІН, АЛА ҚҰЙЫН АУНАҒАН...

*** 

 

Ана белең, мына сай, қыраттарды,

Жүрегіме, санама орап алғам.

Есіме сап ұмытқан мұраттарды,

Шыға келді жамырап солар алдан.

 

Қарағандай тосырқап жетімегіне,

Қайбір жылы осында қап кеткен күн.

Мына тұнық қайнарды көкірегіме,

Құйып алып өзіммен ап кеткенмін.

 

Көп қуанта алмайды көктем бүгін,

Байқағанмен бүршікті шыбықтардан.

Қайран менің келмеске кеткен күнім,

Әлдеқашан Санамда ұмыт қалған.

 

Көргем талай, несіне достасамын,

Пенде түгіл тағдырдың жалтарысын.

Керемет Кез, мәңгілік қоштасамын,

Мекен еткен Санамның қалтарысын.

 

Бабайқорған, аяулы Хантағының,

Арбаменен ұрлаған сабанын да.

Гүлдерінің иісі, жантағының,

Тікендері әлі жүр табанымда.

 

Тамшылары тұр менің жанарымда,

Қара жаңбыр мөп-мөлдір сезімдерім.

Ұялшақтау со қыздың анарында,

Дір-дір етіп қап қойған Кезім менің.

 

Кең дүние төсіңе сия алмадым,

Маңдайдағы жолдарға салып қойған.

Қош болыңдар ойларым, қиялдарым,

Түпкірінде Санамның қалып қойған.

 

Бар бақытым – иманым, сабырымда,

Аттамадым ала жіп өмірімде.

Ғашық Кезім тулайды тамырымда,

Сәби шағым өксиді көңілімде.

 

***

 

Қоңыратқа* барғанда,

Алуан түрлі  күй кешкем.

Қоңыр салқын самалы,

Көңіл күймен үйлескен.

Қобалжыған көргенде,

Қоңыр қызға тиместен,

Ерні түгіл, ақ бетінен сүйместен.

 

Кете барғам, бір ауыз сөз айтпастан,

Ұзай бергем, алыстағам қайтпастан.

Ана зират бабалардың бейіті-ау,

Шапқан жаумен шегінбестен шайқасқан.

 

Жылға налып текке өткен,

Ай, Қоңырат ана жылы кеп кеткен.

Небір түрін көрген қорлау мазақтың,

Қоңыратынан шыққан ақын қазақтың.

Бүгін маған неге бұлай бөтенсің,

Мен секілді сенде мұңлы екенсің.

Ғасырлардың қатпарында қап қойған.

Күні кеше айбыны асқан ай дидарлы халқымнан,

Ағайыны ап қойған.

Сағым орап мұнарланған Маңғыстау,

Шығардың  ба,  сол бір қанды шақты ойдан.

Беу, Қоңырат қаласы,

             Мен бір шерлі шайырмын,

                               қатарынан қап қойған.

 

Қалың ойлар жүргізбейді құрсаулап,

Мен секілді жалғызсырап  тұрса-ау бақ.

Қоңыраттың кезгем қайран қаласын,

Көшесінен мұң саулап.

 

Уақыт шіркін ала құйын аунаған,

Жаңбыр көрдім сәл тамшылап жаумаған.

Бала көрдім жетектеген анасы,

Ауылдағы сәбилерден аумаған.

 

Құлағыма сарын келді, күйші кім?

Жар басына жалғыз салған үйшігін.

Тарих бүгін түк айтпайды, бірақта,

"Сенің қалаң" –  дейді маған түйсігім.

 

Күндіз-түні сауық-сайран құрғызған,

Жыр  сыйлаған аспандағы жұлдыздан.

Ана құмда сүтпен илеп жауының,

Сүйегінен ғимараттар тұрғызған.

 

Терең етіп қазғанымен көрлерін,

Еске салған ата-баба жерлерін.

"Мына ездерді кім туған" –  деп жабырқап,

Қабырғадан қарап тұр ма, ерлерім?

 

Жабырқама, қабағыңды аш арайлым,

Сырын айтшы, мынау сесті сарайдың.

Адамдарды тірідейін қалаған,

Дуалдарға үрейлене қараймын.

 

Бейбақтардың  іште кеткен наласын,

Жырым алып қай ғасырға барасың.

Қайғым аздай айдалада қалған сол,

Неге іздедім Қоңыраттың қаласын.

 

Жұлқылаған заманалар, дауылдар,

Төңірегі толған көркем ауылдар.

Тілі менен ділі бірдей қазақпен,

Басқа ұлт  боп кеткен бүгін бауырлар.

 

Қиялым бар қияларға қалықтар,

Зиялым бар  ойларымды парықтар.

Баласы едік баяғыда бір шалдың,

Түрлі-түрлі болып кеткен халықтар.

 

...Самал соқты Бейнеу жақтан аңырап,

Бір кездегі біздің Қарашаңырақ.

Қимай кеттім арт жағыма қарайлап,

Қып қызыл боп атқан алтын таңы ұнап.

 

Жалғыз жортқан жолаушы едім жалғанда,

Жалғыздардан жалаулы сөз қалған ба?

Бұл дүниеде жете алмадым, кеттім мен,

Қоңыраттың қаласындай арманда.

 

Көкірегімде аңырады бір мұңым,

Қаңырады, таңы ұнады жүр гүлім.

"Тоқсан баулы Қоңыраттың" күйіндей,

Шерлі шаһар еске түсіп тұр бүгін.

 

* Қарақалпақстандағы қала аты

** Қарақалпақстанға бірге барған ақындар Бауыржан  Жақып пен

Бауыржан Бабажан*

 

***

 

Бес саусағымдай Бесқалам,

бар екенсің ғой жарықтық,

Заманалардың өтінде,

Қан -қызыл болдық, тарықтық.

Бабалар өткен көшеңе,

Қатар да қатар гүлдер егіпсің арық қып.

Егін егіпсің қарықта, қарық, қарық қып.

Айбозым ақын тұрғанда

Бауырын жаза анау бір ойпаң, қыраттың

Жеттім ғой саған, өкпемді міне, қолыма ап,

Рухы қалған мұңайып.

Айбергеновпен бұл маңда,

                                     Өмірзақ Қожамұраттың!

Қаршадайынан қара өлеңменен ауырған,

Оң жағымда Бауыржан**,

Сол жағымда Бауыржан*.

Айберген менен Жібек ананың аруағын,

Олардан туған Төлегендейін аяулым,

Қасастықтармен осында мəңгі кетіскен,

Шыққан ол мына маңдайы

                         айдай жарқырап,

Қоңырат пенен Нөкістен.

Ай-хой, шаңы ұшқан, мұңды өткен күн,

Алыстан жеттім, сəуірінде бұл көктемнің.

Тақтакөпірдің ар жағы Қазалы менен Қызылордаға ұласқан.

Қызыл қан төккен

                          қызылдан қашып қыр асқан.

Кешегі сонау сүргінде,

Жоғалтып алып сұрасқан,

Жұртымды іздеп кеп тұрмын!

...Самалына маңдайымнан сүйдіріп,

Жұдырықтай жүрегіме зарлы

                                             тарихты сыйдырып,

Тұлабой менен жандүниемді

                                           қара ошақта күйдіріп.

Мынау асыл топырақ, өтпесе де табаннан,

Өтті күні шекемнен,

Бұл өлкеге бөтен бе ем?

Ерте алмай көркем еркемді,

Қимасам да ірге айырған өлкемді.

Жанарымды көзілдірік қалқалап,

Қатепті қара нарларға ғана жүк болар,

Сағынышымды арқалап,

Кетем мен!

Қайран да қайран Бесқала,

Мəңгі-бақи сағынуменен өтем мен.

Өн бойымды билеп алған нала-мұң,

Арт жағыма қайта-қайта

                                бұрылып мен қарадым.

Қолын бұлғап қалып қойған

                                    қарағым-ай, қарағым.

Мұңлы, зарлы сырын бүккен Бесқала,

Бөлшегі едің ғой

                           еміренген анау ұлы даланың...

 

***

Сыр жасырды Тұрымбеттен қалған бау,

Еңсені езді шемен болып қалған дау.

Ақылды боп көрінгім кеп тұрғанмен,

Сол баяғы Қасымың  ем аңғалдау.

 

Ақын болып келіп, кеткен жалғанға,

Қайта оқырсың оңаша бір қалғанда.

Неге кеше алып-ұштым соншама,

Неге ұмтылдым қол жетпейтін арманға.

 

Аңғармадың, байқамадың сыртымнан,

Сырым қалды,  жырым қалды жыртылған.

Қара түнде қатты ұялып отырмын,

Кезімді ойлап абыройға ұмтылған.

 

Ойың қалар ақ қағазда жыртылып,

Сыр жасырып бірге жүріп, бір тұрып.

Дана қазақ бәрін сезіп қояды,

Неге керек болмайтынға ұмтылып.

 

Сағынамын алаңсыз сол кезімді,

Кейін, кейін әлсіздіктер сезілді.

Кісі болып көрінген кей сәтімді,

Ел кешкенмен мен кешпеймін өзімді.

 

Ойсыз жолды  о бастан-ақ қумадым,

Сәл сүрінсем жан-жағымнан шуладың.

Бақытты іздеп жанталасып нем бар, ей,

Бақыт деген – қазақ болып туғаным.

 

Санаң сезер сұрапыл ой салмағын,

Орындалмас, орындалар арманың.

Бақыт деген – еріні емес қыздардың,

Бақыт деген – қазақ болып қалғаның.

 

Иә, сезгенмін иығымның талғанын,

Басқа жырдан табарсыңдар қалғанын.

Неге керек сендер барда абырой,

Абырой ол – қазақ болып қалғаның!

 

 * * *

 

Ғашық боп тұрған өзiңе үзiле жалған, 

Сағынар кейiн сонда мен күзiме барғам.

Аспаннан ағып қос жұлдыз құлаған едi-ау,

Көзiңнiң жасы секiлдi жүзiме тамған.

 

Көз жасың моншақ секiлдi тiзiле қалған,

Тамшыдай тамған тырсылдап жүзiме талдан.

Дүние-ай, сол сәт үн-түнсiз дәл мендей болып,

Ғашық боп тұрды өзiңе үзiле жалған.

 

Бiр-бiрiн қияр қайғылы шешiмге барған,

Осындай мұңлы, туған жер, төсiңде бар ма ән?

Жоғалтқан сонау аяулым мәңгiге сенi,

Қос жұлдыз аққан күзгi түн есiмде қалған.

 

Тырналар кейiн түстiкке тiзiлiп ұшты,

Бала ақын тұрды суретке қызығып күштi.

Дариға-ай,сол бiр күзгi түн түсiме кiрiп,

Бiр тамшы менiң көзiмнен үзiлiп түстi.

 

Бiздердi бөле алмайды ара қашықтар,

Сағынышымды қара жел,  ала қашып бар.

Жұлдыздар аққан түндерде қыдырмаңдаршы,

Ырымға жаман екен ол бала ғашықтар...

 

* * *

 

Гүл терген асыл еркем Бөкейiңнен,

Кетпейдi бала бейнең көкейiмнен.

Аруын Күреңбелдiң ұмытпасын,

Жыр жазып кейiнгiге кетейiн мен.

 

Бөкей тау, сұлу Сүңгi, Күйiктегi,

Таңшығыс, Жетiтөбе биiктерi.

Боранды, Датқа саз бен Қошқарата,

Сол қызын мына мендей сүйiп пе едi?

 

Қоштасты тырналардың көп тiзбегi,

Арада жатқан асу өткiзбедi.

Сартапты сағым жылдар сағыныш боп,

Жамырай қашқан жолдар жеткiзбедi.

 

Жел тұрып жаңбырменен араласты,

Жұлқылап Қордайдағы қарағашты.

Арада қол созымдай жер қалғанда,

Қайтейiн, жолдар қайта ала қашты.

 

Боздадым бозiнген боп, боз дала боп,

Көл айтты ескi дерттi қозғама деп.

Баяғы қарақат көз бойжеткенге,

Қайтадан барғым келдi бозбала боп.

 

Асауға тағдыр салған құрығындай,

Қамығып құлазумен құрыдым ба-ай!

Мен кеттiм кездеспейтiн басқа жолмен,

Тобықты қаққан сенiң бұрымыңдай.

 

Сүңгiде су болмайды шашылмайтын,

Күйiкте гүл болмайды ашылмайтын.

Дүниеде қанша жол кездессе де,

Бiз ендi екi жолмыз қосылмайтын.

 

* * *

 

Есiмнен мәңгi шықпай да қойған бiр елiк,

Елiкке сол бiр көңiлi құрғыр тұр ерiп.

Болмағанменен аймаңдай, алтын айдарлы,

Адал сүт емiп ауылдан шыққан ұл едiк.

 

Солай да солай, адырда сонау өстiм мен,

Бұлақ пен қыздың сыңғыры қатар естiлген.

Өзiңдi алғаш көргенде-ақ, мұңлы сәт едi-ау,

Бабайқорғанға бауырлай жылжи кеш кiрген.

 

Қып-қызыл болып алып күн батып баратты,

Қызықтап тұрдық қызыл да жасыл жолақты.

Ала жiп аттап өтпеген едiм, не үшiн,

Қайқы төс қара иттерге тағдыр талатты.

 

Он алты жаста Төлеген жырға табынғам,

Қағынғам қалмай адырды ораған сағымнан.

Оралмайтұғын көктемде көрген сол қызды,

Қырықтан кейiн өлердей болып сағынғам.

 

Абдырдым неге арғымақ аттай желiп кеп,

Сол қыздың ернi уылжып пiскен өрiк деп.

Асан қайғыдай қайғыра алмастан жыр жаздық,

Ақтамбердi мен Қазтуған шалға елiктеп.

 

Өмiрдiң басы осылай мұңлы басталған,

Тамшыдай бейне ағып бiр түскен жас талдан.

Сан соқпақ шығып қолдарын созды алдымнан,

Қиырдан қиыр қызыл түлкiдей қашты арман.

 

Ескi суреттер санада қайта жаңғырған,

Елестеп анам нан алып жатқан тандырдан.

Кiм еске алар жетiм ауылдың баласын,

Қаршадайынан көнеге көзiн талдырған.

 

Есiмнен мәңгi шықпай да қойған бiр елiк,

Елiкке сол бiр көңiлi құрғыр тұр ерiп.

Болмағанменен аймаңдай алтын айдарлы,

Адал сүт емiп ауылдан шыққан ұл едiк.

 

* * *

 

Әлi серiк сол мұң менен

                               сол қайғы,

Амал қанша жаз өткенмен күз келер.

Ақын адам жаман адам болмайды,

Сенбеңiзшi, өсек айтса сiзге егер.

 

Мұңға айналдың,

                           жапырағын күз жайды,

Отырамын поезға бiр тоқтаған.

Ел өсегiн бастағанда бiз жайлы,

Бұл қалада жоқ болам.

 

Балдай ғұмыр сүре алдық па,

                                            сүрдiк пе,

Көктем ғой бұл

                         сыйлайыншы гүл сiзге.

Бақыты аз

                 қайғысы көп тiрлiкте,

Сiз де бiздi ойлай-ойлай жүрсiз бе?

 

Тағдырым-ай алқымнан ап қыстың-ау,

Айтылған соң алуан түрлi аңыздар.

Мейiрiмсiздеу,

                      кейде тiптi сұстылау,

Алаңдаймын бұл қалаға сол қыз бар.

           

* * *

 

Тым көңiлсiз өттi қызық күзiң де,

Қыздар маған хат жазбайды бүгiнде.

Құлағына сыбырлап мен ақырын:

«Ұлы шайыр болам дегем түбiнде».

 

Жота жатты жазыла алмай ұйқы орап,

Сағым жақтан ойналғандай күйтабақ.

Төмен қарап үнсiз тұрдың ойлана,

Қара ағаштың қабығынан сипалап.

 

Ерте бiлдiм беретiнiн тiлдiң не,

Тiлсiз өмiр сүрмедiң не, сүрдiң не.

Үнсiз ғана қимай қарап тұрып ең,

Тым алысқа ұшарымды бiлдiң бе.

 

Көкiрегiмде тау теңселiп, күн күлген,

Ұлы шайыр шықпас, бәлкiм... кiм бiлген.

Туған ауыл,

               аяулы қыз,

                             қалды артта,

Қара жолмен көкжиекке сiңдiм мен.

 

* * *

 

 Жиделібайсын – 

                           көзімнің жасы ыршыған,

Санама жетті-ау 

                           ғасырлар сыры сыңсыған.

 

Бабамнан қалған қайғылы мұңы өлкенің,

Жазира белді,

                      көгілдір көлді көркемім.

Кеудемде қатқан шеменді мұздай ерітерім,

Өзің деп өткен шалдардың сырын шертемін.

 

Олардың бәрі бейітте жатыр тізіліп,

Көзімнің жасы үзіліп.

Тырналар кетті көкжиек асып тізіліп,

Жан ұқпас мұңлы сырымды,

                                    тұрғандай мына күз ұғып.

 

Қаншама ұрпақ 

                        ауысқан сыр ғой біртіндеп,

Ертіп кетердей ғайыптан біреу бір күн кеп.

Олардың бәрі жалғаннан өтті арманда,

Байсынға бірге барар ма екенбіз шіркін деп.

 

Соларды көріп өстім мен,

Сәби болғасын сұрай алмадым ешкімнен,

Содан да болар

                  жалғыздық дертін кештім мен.

 Қажытты-ау түнде қамалап ойлар қаңғырған,

Сағыныш дерті жүректе қайта жаңғырған.

 

Ұлттан ұлттың десек те қалқам кемі жоқ,

Сан ғасырларға созылған дерт бұл – емі жоқ...

Ұлы сахара шапандай болды-ау жеңі жоқ,

Жиделібайсын атамекенім – теңі жоқ.

 

Жиделібайсын –

                          жанардан жас қой төгілген,

Жүрегім бе екен атқақтай соғып егілген.

Қабырғам ба екен

                                біртіндеп тұрып сөгілген,

Құйрықты жұлдыз ағып бір түскен көгімнен.

Жұлынған жағам

                            жат жанның кеткен қолында,

А, ана Самарқанның

                                  Байсынға барар жолында.

 Сырласым менің екеуміз қанша мұңдастық,

Байсыннан соққан

                              шерлі жел үнін тыңдастық.

...Амал жоқ кері 

                       Ташкенге барар қырды астық.

 Байсын,

            мен саған түбінде бәлкім соғармын,

Өзіңе қарай құстайын қанат қағармын.

Қабірі қалған әжем мен онда бабамның,

Жоқ іздеп шыққан жолаушы едім кім білсін,

Жоғымды содан табармын.

 

* * *

 

Жебемеген жетiм менен жесiрдi,

Өлеңшiлер аяспасқа бекiндi.

Жүрiп өткен иiр-қиыр жолдарым,

Менiң нәзiк ғұмырнамам секiлдi.

 

Жанына ерiп арманы асқақ жандардың,

Гаванада теңiз мұңын аңғардым.

Үрiмшiде үр қызына ғашық боп,

Стамбұлдың көшесiнде сандалдым.

 

Мұңдарымды түсiн гүлiм, кеш  гүлiм,

Жазықсыздан жаман сөздер естiдiм.

Қара жолда жалғыз келе жатып мен,

Сенi есiме ап, елдi есiме ап өксiдiм.

 

Жылдар мынау үнсiз-тiлсiз жылысқан,

Мектепте мен құтылмадым бұрыштан.

«Ең болмаса дән септiрiп, жүн жинар,

Бригадир болмадың», – деп ұрысқан.

 

Қайран әкем,зiлсiз ғана зекiген,

Кеше сенi өкпелетiп кетiп ем.

Қара өлеңдей қадiрлi дос таппадым,

Бәрi жалған... бәрi өткiншi, өкiнем.