ПОЭЗИЯ
Өлеңім шықты көктемнен бұрын,
Көктемнен бұрын бүр атып.
Күн көктен күліп төккенмен нұрын,
Жүректен туған жыр – ақық.
Өлеңім жетті жаздан да бұрын,
Жаздан да бұрын гүл аңқып.
Білгенмен құстар сазды əн қадірін,
Жанды тербеген үн – артық.
Өлеңім келді күзден де бұрын,
Күзден де бұрын күрсініп.
Жапырақтар жылап үзгенде өмірін,
Кеудеме қалған мұң сіңіп.
Өлеңім түсті қыстан да бұрын,
Қыстан да бұрын дүрлігіп.
Қар екен – борап ұшқан дабылым,
Тоқсан да тоғыз тіл біліп.
НЕМО НҮКТЕСІ
Өлмеу үшін үміт керек тірлікте,
Үрейлі боп көрінеді бұл нүкте.
Жерден гөрі, аспан жақын расында,
Ұқсайды өзі мұхиттағы кіндікке.
Мен бармаған нүкте қанша әлемде,
Мен қоймаған нүкте қанша өлеңде.
Көктен құлап талай ғарыш кемесі,
Батып кетті көр секілді тереңге...
Өрлеу үшін үміт керек тірлікте,
Менде де бар жүрек деген бір нүкте.
Дүние емес, Құдай жақын шынында,
Махаббатпен шақырып тұр бірлікке.
Мейіріміне шөлдеп келем Құдайдың,
Көкірегімді көр қылмауды сұраймын.
Қара тәнді қара жерде қалдырып,
Ақ жаныммен ақ аспанға құлаймын...
ӨМІР ДЕЙДІ?..
Байқаусыз өмір сүр!
Эпикур
Өмір дейді?..
Жұмбақ көп біз білмейтін,
Уақытты ешкім жоқ тізгіндейтін.
...Сағынып та жыр жазам, сарғайып та,
Болмысымнан байқадым күздің кейпін –
байқаусызда...
Өмір дейді?..
Көңілім тасып-тынып,
Жүрек соқты мазасы қашып қырық.
Жарқ етті де ғайыпқа сіңіп кетті,
Сол қыз менің жанымды ғашық қылып –
байқаусызда...
Өмір дейді?..
Көзіңді талмауратып,
Арланбайды біреулер алдауға түк.
Осындай бір қырсықтан талай рет
Маған қонбай, адыра қалды-ау бақыт –
байқаусызда...
Өмір дейді?..
Кебінге орағасын,
Тірлігіңді тәмамдап доғарасың.
...Мүмкін мынау далада жалғыз қалар
Өлген ойлар жерленген мола-басым –
байқаусызда...
ЕСКІ ХАТ
Өшті де күлге айналды сезім шоғы,
Бір жырмен аяқталды сөзім соңы.
Бір рет кездеспей ме махаббат та,
Неге екен, түсінбеймін өзім соны.
Сүймедім бəлкім əлі шын ғашық боп,
Немесе өлмедім мен шыңға асық боп.
Жаныма жолдас қылып жалғыздықты,
Күзбенен кетсем керек мұңдасып көп.
Мұңымды ұғынумен күз баратты,
Содан соң берілмедім қызға қатты.
Ешқандай жазығы жоқ сол көктемнің,
Жаныма дегенменен сыз да батты.
Жанымды жаралаумен сыз батқалы,
Дүниенің сырт айналды мұздап бəрі.
Махаббат, құрып кеткір, бір келгенде,
Жүректе қалды шердің жүз батпаны.
Алайда бұл емес-ті торыққаным,
Жəне де жоғалтудан қорықпадым.
Шүкірмін, бағым да бар, сорым да бар,
Сен бірақ маған қайта жолықпағын.
Шаршадым!..
КҮЗГІ НӨСЕР
Жауып тұр ағыл-тегіл күзгі нөсер,
Мезгіл ғой салқын соғар, сызды кешер.
Жанынан безіп берген желмен доспын,
Жалғанды кезіп келген біз бір есер.
Аспанын бұлт торлаған байтақ далам,
Бұл күнде мен болдым ба жай таппаған?
Жаураумен жауын асты қолшатырсыз,
Дүниені мас адамдай шайқап барам.
Нөсер ме, нөсер Хақтың шарабындай,
Құйғанда татып алмай қаламын ба-ай?
Мөп-мөлдір әлем жатыр әр тамшыда,
Мөп-мөлдір өлең тамған жанарымдай.
Дос едім жынды желдей қаңғырменен,
Тыңдамас айқай салсақ тағдыр керең.
Тазарған қала санды шаң-тозаңнан,
Күнәмді жуса, шіркін, жаңбыр деген.
Қайт дейсің, құла көңіл, ала көңіл,
Не деймін мынау түнге қара-қоңыр?
... Жылаған мас адамдай ағыл-тегіл,
Көз жасын көлдетумен барады өмір...
ЖОЛАУШЫ
Сапарда күн кешемін, түн кешемін,
Саһарда Тәңірмен де тілдесемін...
Тән үшін қара жерден тұрақ таптым,
Мән үшін көк аспанмен бір көшемін.
Озалдан тумай тұрып кім едім мен,
Әйтеуір, жан жайында білерім кем.
Ақиқат – махаббаттан жаралғаным,
Сүйемін адамзатты жүрегіммен.
Тілекте асыл арзу зарықтырған,
Түнекте адаспаймын жарық нұрдан.
Өмірде толсам керек қалыбыма,
Өлімде болсам керек анық құрбан.
Сапарда сыр кешемін, жыр кешемін,
Мақамда мың ғаламмен үндесемін.
Дүниені дәруіштей ұға алмасам,
Алла деп Хақ жолында жүрмес едім.
Шарлаймын рухым барда әлемдерді,
Жалғаймын биіктер мен тереңдерді.
Айналам құбылысқа – шабыттансам,
Дүниеге сондай сәтте өлең келді.
Қалады жолым торып, ізім баққан,
Шаңыма ілесе алмай ызың қаққан.
Өлмейді ақын деген асқақ атым,
Сөнбейді ақ шырағым Қызыр жаққан!..
ӨРТ
Қайран ормандай қалың жұртым-ау,
Менің зарым – жаныңдағы шырқырау,
Менің зарым – тәніңдегі сырқырау.
Өксік толы өзегіңе өрт қойған –
Лаң салғыш іштен шыққан шырпы-жау.
Отқа оранды ұлылардың сазды елі,
Жүрегімнің ерте өлгені аз ба еді,
Сәбилердің өртенгені аз ба еді?
Күрсініп тұр қадірімнің жаз көлі,
Күңіреніп тұр қасиетімнің баз белі.
Шарпыса да шерім сыймай өлеңге,
Жапырақтарым тұрса болды төбемде,
Тамырларым жатса болды тереңде.
Өрт жайлаған сессіз қалды денем де,
Дертке айдаған ессіз қалды әлем де.
Қасіретімді қаза берсем қайғы көп,
Келешекті қор қылмасын зайғы кеп.
Күлге айналып мен кетейін одан да –
Туған жерім киесіз болмағай-ды деп,
Туған елім иесіз болмағай-ды деп!
ТАРАЗЫ
Кім қалды таразыға тартылмаған?
Ахмет Байтұрсынұлы
Секілді ақ – мейірімді, қара – зұлым,
Ақылмен ажыраттық па аражігін?
Көп нәрсе ойдан алшақ, көзден таса,
Басы тең бола бермес таразының.
Бір жақта тән тұрғанда, бір жақта – жан,
Өз мінін қолға алмайды, сын жақпаған.
Бар еді көкейімде азғантай мұң,
Даңғаза жеңіп кетті-ау ыржақтаған.
Бірде рух басым түсер, бірде – нәпсі,
Білмеймін, кімге жаман, кімге жақсы?
Албасты басып жатса ап-ауыр боп,
Керек қой қуып шығар ділге бақсы.
Желінді саудагерге халық талай,
Көңілдің жеңіл жолдан қамыққаны-ай.
Көп пенде қорланып жүр күрескенмен,
Алдымен өз салмағын анықтамай.
Туыппын таразының таңында мен,
Суық күн жылытыппын жанымды әрең.
Тәңірдің таразысы барын біліп,
Амалым оң болсын деп жалынған ем!..
ТАҚЫТ ПЕН ТАБЫТ
Бұл жердің үсті – тақыт, асты – табыт,
Бүгінде мың құбылды басты қалып.
Байқаймын жалтыраған алтыннан да
Жыланның көзіндегі жасты танып.
У болып жүрегіме сосын тамар,
Бу болып көңілімдегі қошым қалар.
Жөн сілтер әулие де жоқ бұрынғыдай,
Құдайдан келмей қойды тосын хабар.
Сайтаным жасап жатыр таңнан сынақ,
Қайтамын дүниеден де жалғаншылап.
Ғасырды індетпенен қақсатқандай,
Басымды ауыртып жүр алдамшы бақ.
Жандағы талай сырқат жазылды кеш,
Арманды алға сүйрер қажырлы көш.
Дерт кетер бойыңнан да, ойыңнан да,
Тақтан түс алдыменен, тәжіңді шеш.
Нұр көрем кілең өтірік, жарық көрем,
Тақыттың арғы беті – табыт деген.
Шындыққа апаратын қайық сынды ол,
Жылжиды барса келмес бағытпенен...
ЕКІТАЛАЙ
Үйімнің арты – шіркеу, алды – мешіт,
Сыртта жүр желтоқсаным қарды кешіп.
Кетпесін керсоққаным қанды кешіп,
Ал іште тербеледі таңғы бесік.
Қайтпады қыңыр қыстың құрыш түні,
Тілерім – ел мен жердің тыныштығы.
Күн суық, дала салқын – аяз қысқан,
Ал іште көтерілді мұң ыстығы.
Қараймын қара аспанға бұйығып құр,
Кетердей көктен кенет құйылып нұр.
Бұрышта қоқыс жатыр үйіліп кіл,
Ал іште күнәларым жиылып тұр.
Соғылар қоңыраулар қоңыр үнді,
Азан да танытады зор ұғымды.
Құстар да орындайды мінәжатын,
Ал іште дұғалаймын көңілімді.
Үйімнің арты – шіркеу, алды – мешіт,
Сыртта жүр талай адам зарды кешіп.
Мен үшін қайғырмайды ешкім бірақ,
Ал іште майдандасар ар күресіп...
НҮКТЕСІЗ ӨЛЕҢ
Жазамын өлең нүктесіз қылып,
Қоямын кілең ілеп белгісін!
Қашап көрейін бүкпесіз қырық,
Жасап берейін жүректен мүсін!
Өмір дегенім – күтпеген ойын,
Өлең дегенім – бітпеген тойым!
Фəниім жатыр нүктеге дейін,
Бақиым жатыр нүктеден кейін!
Өмір дегенім – бүктеген қасқа,
Өлең дегенім – тіктеген еңсем!
Басталсам дағы нүктеден баста,
Аяқталамын нүктеге келсем!
Жан өлмес тəнім жойылғанменен,
Құдайдың барын мойындау бөлек!
Өмірге нүкте қойылғанменен,
Өлеңге нүкте қойылмау керек!