АРМАНБЕК ЖАКЕЙХАН. СЕН СЕБЕПКЕР ТҮН БОЙЫ КӨЗ ІЛМЕСЕМ...

 

САҒЫНЫШ

 

Толықсыған Ай алқа тағынғанда,

Себеп таппай жүрегім дамылдауға.

Сағынғаннан өзіңді шығар деймін,

Салып тұрған әнімнен жаңылғанда.

 

Сұлығымен сыр айтып солғын әннің,

Есіміңді жырлайтын болдым әр күн.

Сағыныппын шынымен деймін тағы,

Құлақ күйін таппасам домбырамның.

 

Сен тұрасың ішінде жанарымның,

Тұтқындалған кеудеңе жаралыңмын.

Гүл бейнелім қай жерде жүр екенсің,

Желге өптіріп әтірін тамағыңның.

 

Жансың-ау, бар қайғымды ұмыттырған,

Сен үшін кетем жанды қылып құрбан.

Сағынбайын десем де Күн де анау,

Саған ұқсап кетеді күліп тұрған.

 

Түн көрпесін жамылған аспан ана,

Сенсіз мынау сияқты басқа қала.

Жанып-ысып барар ем алып-ұшып,

Ең болмаса емессің Астанада.

АСТАНА – СЕНІҢ ҚАЛАҢ

 

Астана мамыр кеші, саялы бақ,

Құшағын маған да ыстық жаяды нақ.

Күн де еңкейіп барады, күңіреніп,

Күрең үйге шынтағын таянып ап.

 

Көшелерден көрінбей, бақта да біз,

Сырымызды тек іштей ақтарамыз,

Мен өзім деп айтпаймын неге екенін,

Сағынып жүр деп қоям Астанаңыз.

 

Деймін, иә Астана сағынып жүр,

Жанардан жас, қаламнан тамызып жыр,

Көп гүлдер де көңілімді тарта алмайды,

Көрікті емес жалғызға бағы құрғыр.

 

Жанарыма мұң салып, көңілге алаң,

Сағынады ол неліктен дедің маған.

Алматыны Лариса қызға берсе,

Аяулым-ау, Астана сенің қалаң.

 

Биік қойып басыңды, бағаңды елден,

Бақытым деп Тәңірден маған келген.

Шәй құйылған кесемді ұсынғанда,

Астананы, алтыным, саған бергем.

 

*  *  *

Жағып кеткен сезім бар кезінде сен,

Сен себепкер  түн бойы көз ілмесем.

Қармаппын-ау қолымды мезгілден кеш,

Ардақтым-ау, жүре бер өмірде есен.

 

Бақытыңды тауыпсың, кеше көрдім,

Мен қайтейін, қайғымды еселермін,

Салқындығын сеземін бүгін қатты,

Кеше біздер қыдырған көшелердің.

 

Бәрі, бәрі жаманға санаса да,

Бәлкім бұл күз толы ма тамашаға.

Сар жапырақ, сары ала сезімдерді,

Аманаттап барамын қарашаға.

 

Қош жапырақ, моншақтар күзгі досым,

Сен де үнсіз жылайсың, үздігесің.

Енді ешқашан бір жерде айтылмайды,

Екі жаққа айрылған біздің есім.

 

Көкейімнен кете алмай, тұрып тұнып,

Түсіме кеп жүрсең де күліп кіріп.

Қарашада түскен қар қара жерге,

Ақ сезімді жіберер ұмыттырып.

 

Сезімімді өзіңе ғажап сана,

Гүл сыйладым, сатып ап бар ақшама.

Содан кейін күтемін жауабыңды,

Ауық-ауық үңіліп парақшаңа.

 

Тұла бойым тербеліп тасып, талып,

Сенің ғана жолыңды тосып, тоңып.

Жүрегіме бір шаттық сыйлап өтші,

Жанарыңнан бір сәуле шашып қалып.

 

Шашып қалып бір сәуле жанарыңнан,

Қайғы мұңды сейілтіп қабағымнан.

Жарығым-ау, жарамды емде менің,

Бақыт жыры төгілсін қаламымнан.

 

*  *  *

Сен ғажапсың, әппақ гүлім, әдемі,

Балдай тәтті қылығыңды ұнаттым.

Шырқалғанда пәк сезімнің әуені,

Түн ішінде өзімді өзім жұбаттым.

 

Сезім дейтін түскендеймін құрсауға,

Сенің көркем сол бейнеңе бас ұрдым.

Сағыныштан сарсаң болып тұрсам да,

Жүректегі махаббатты жасырдым.

 

Сағынышпен өткіземін түнімді,

Есіме алып өткен күннен әрнені.

Айға үнсіз ақтарғандай сырыңды,

Сен де қалқа, сағынсаң ғой дәл мені.

 

Сан жұлдызын көк аспанның сый қылып,

Бізге бақыт тілеп тұрсын қара түн.

Бар әлемді қос жүрекке сыйдырып,

 

Мекендейік махаббаттың қаласын.

АУЫЛ

Жазира даланың төсінде,
Кір жуып, кіндігім кесілген.
Балалық шағымды іздеймін,
Жүк артқан түйелі көшіңнен.

Есімде алаулы кештерде,
Қозы, лақ жататын жамырап.
Туған жер қойнында қалды ғой,
Ауылым, киелі шаңырақ.

Шығыстан бозарып ататын,
Алтын еді ауылдың таңы да.
Бұл күнде кім ойнап жүр екен,
Мен өскен қараша үй маңында.

Күн батып кешқұрым болғанда,
Ақ үйдің будақтап түтіні.
Тамылжып әндеткен орманда,
Құлаққа келетін құс үні.

Айқара ашатын есігін,
Келгенде алыстан сағынып.
Ауылым, ей, алтын бесігім,
Аңсадым өзіңді сарылып.

*  *  *

(Жаңбыр жуып көрсетпейді жасымды)
Сағыныштан  ғашық жүрек тасынды.
Жаңа туған айға ұқсатам қиылып,
Ақ маңдайдан орын алған қасыңды.

 

Бар арайын мұң жасырып күлкінің,
Сенен жанға дауа тауып тыншыдым.
Айдан аппақ алабұртқан дидары,
Көрсеткендей көңілінің кіршігін.

 

Жанарыңды келіп күннен жасырғым,
Есіміңді алты қырдан асырдым.
Джунглидің орманына қимас ем,
Сенің сүмбіл бір талында шашыңның.

 

Аспандағы айға десең жол жаса,
Бір сен үшін болмас қиын ол да аса.
Аппақ қар мен ақ гүлдерді білмес ем,
Сенің айдай ақша жүзің болмаса.