128-бет
Қаратеңізде жаңбыр жауып тұр.
Күзгі жел қайдан келген?
Бақшадағы ағаштың басына шығып алыпты.
Ең алдымен оны бейтаныс байқады.
Күзгі жел - мезгілден адасқан жалғыз.
Бейтаныс - мекеннен адасқан жалғыз.
Жаңбыр - жадынан адасқан жалғыз.
Бір-бірін көрсе де кімге айтады?
KESİN
"...Барлық соңғы нүкте - барлық бастапқы нүктенің көшірмесі"
"..Ол- Күн мен Жержүзін білмеуі керек. Күнді көрген көзі жайлы, Жержүзін сезінген қолдары жайлы ғана сөйлесін..."
©Schopenhaue
Есіме түсірдім.
Жаңбырдың жер бетіне ең алғаш жауған күнін;
Есіме түсірдім.
Ешқашан жымимаған құлпытас қана екенін;
Жалыннан жаратылғанның аңсары- ып-ыстық алау боларын;
Және,
Теңізге құмары қанбаған балық қана екенін.
мынау Таң -
Күн мен Теңіздің жолайрық белгісі,
Өңінде - қимастық.
біздің бүгінімізбен түстес қой, қарашы?
Есіме түсірдім,
Мен ғана - Мириамдай баз кешіп, Хауадай адасып
қалатын үнемі..
Сен ғана - Таң түсті сәттерде
Мұсадай үзбейтін күдерін..
Есіме түсірдім.
Жаңбырдың жер бетіне ең алғаш жауған күні
Гүл өсті.
Ешқашан жымимаған Құлпытас екеуі
Мұң үшін күресті..
Жалыннан жаратылғанның аңсары- ып-ыстық алау болары;
Теңізге құмары қанбаған балық қана екені;.
Ғашыққа сыйланар сәтінде жымиып қойғаны;
Есіне кеш түсті сол гүлдің
ДАУЫС
Ол қоңырау шалды.
Жабық терезенің ар жағындағы жаңбыр дауысы.
Ол қоңырау шалды.
жабық терезенің ар жағындағы азан дауысы.
ол қоңырау шалды.
Жабық терезенің ар жағындағы торғай дауысы.
ол қоңырау шалды.
Жабық терезенің ар жағындағы
Адымдар үні. -
Барлығы жадымда жүріп,
оның қоңырауымен қайта жаңғырған ескі бір сезім құсап.
Баяғы өзім құсап!
немесе, Құдайдай -
сағынған Әлемді.
жаныма оралды, тағы енді.
Мен
Жаңбырды, азанды, торғайды, адымды тыңдайтынмын,
үнсіздік еститін ол ылғи.
Біз осылай сөйлесетінбіз.
бір тұтқа - өмірдей,
бір тұтқа - өлімдей....болатын.
Бір күні
Мен оның
Апталап, айлап ашылмай қалатын есігін қақтым.-
Өлімнің шешімін таптым.
ал ол шатасып жабық терезесін ашты. -
Өмірдің шешімін тапты.
ҚАЙТАЛАУ
Бала кезімде
Бір үй болатын...
Сол үйдің көшесі болатын...
Көшенің аспаны болатын...
Аспанда бір Жасын болатын...
Ол барда
Синайда Құдайлар шайқасын көргендей
Немесе
қаһарлы Құдай
Құмырсқа пішінді күнәһарды
жазалап келгендей,
Жасыннан кейінгі тыныштық-
құмырсқа пішіндес құлын аяғаннан
Құдайдың өзі де өлгендей,
көрінген болатын....
Мен соның жалғыз-ақ куәсі секілді
Есіме аламын әлі оны...
қазір де, сол кез де
жан-жағым жанды мүрделер болатын
өзгерген сәл өңі...
Мүрделер
кей-кезде
Кептерге қараған жүзімді жатырқап қалатын..
себебі
ұмытшақ болатын..
Мысалы
Жанымнан өткен сол жігіт
Көрікті болатын
Жанында баласы болатын...
Қысқалау көйлекті, етегін жел өпкен өктем қыз
-баланың анасы болатын.
Сол балалы жігіт те -менмін,
Бала да-менмін.
Етегін жел өпкен қысқалау көйлекті сұлу қыз - менмін.
Сен де -кешегі, шарапқа мас болып,
"Құдайым неліктен келмей жүр" деп жылаған - өзімсің!
Жаның да сезінсін!
Есіме аламын әлі оны...
қазір де, сол кез де
жан-жағым жанды мүрделер болатын өзгерген сәл өңі.
Мүрделер
кей-кезде
Кептерге қараған жүзімді жатырқап қалатын..
себебі
ұмытшақ болатын..
Қаратеңіз, 2019ж. Күз.