АРАЙЛЫМ МҰРАТАЛИЕВА.ЖАЛҒЫЗДЫҚТАН ЖӨН ОНЫ САҚТАҒАНЫҢ


КҮЗГІ ЭКСПРОМТ



Көңілімнің сейілтіп тас түнегін,
Ғашық болғым келіп жүр қатты менің.
Есейгеннің белгісі шығар, бəлкім,
Бұрынғыдай келмейді тəтті жегім.

Бұрынғыдай ертегі жоқ тыңдағым,
Сағынбайтын болғанмын достың бəрін.
Билегім кеп жүр менің Махаббатпен,
Қосып қойып өмірдің екпінді əнін.

Мен ешкімнен артық та, кем де емеспін,
Адамзаттың бəрімен тең боп өстім.
Шарпып өткім келеді ұнағанды,
Ұшқынымен лаулаған мендегі оттың.

Ғашықтықтың сезбеппін түйір дəмін,
Жасым болса төрінде жиырманың.
Жібереді екен ғой жалықтырып,
Көреміз деп жүру де бұйырғанын.

Боларына сенемін нəсіп сол күн,
Ғашық болғым келіп жүр, ғашық болғым...

 

***


Жаңбыр жауып, салғанда шатыр əнін,
Үнсіз билей бастады жапырағым.

Қайыңдардың тиіспей сырғасына,
Айды биге шақырдым қыр басына.

Аспан, маған төге ғой болса сырың,
Қалып қойды үйімде қолшатырым.

Сол бір тұнық тамшыңа жуынайын,
Өлең болып қайтадан туылайын.

Терек едім сынбайтын, сағы мықты..
Сезесің ғой мендегі сағынышты.

Өмір жайлы ойлармен егесемін,
Көз алдымда бейнесі неге соның?

Табиғаттың сүйсінем əр ісіне,
Жəне біздің сезімдер вальсіне.

Айтарым да көп еді түнге менің,
Тыныштықты сүйемін - үндемедім.

Жаңбыр жауып, салғанда шатыр əнін,
Үнсіз билей бастады жапырағым... 

БАҚ ІШІНДЕ

 

Күз де келді шықпайтын жүз күн ойдан,

Жүрегімде басталды ізгі майдан.

Айтыңызшы, көрдіңіз осы қашан,

Сұлулықты сүймейтін қызды қайдан?

 

Қарашы, аға, бақтағы тамашаға,

Сап-сары түс Тағдырға жарасады, ə?!

Сары өлеңнің тербеліп ырғағына,

Мүмкін, вальс билерміз оңашада...

 

Қылықты емен, қызға тəн жоқ бұрымым,

Бір жүректің сонда да от-жырымын.

Мені ақын деп ойлайды ел, шындығында -

Тағдыр ғылымдарының докторымын!

 

Уақыт деген - Түндер мен Таң күресі,

Күресі жоқ тірліктің мəнді несі?

Жел дегенің - Өмірдің күрсінісі,

Өмір деген - Жүректің əңгімесі.

 

Сыршылдығын ұнатам мына бақтың,

Жалғыздығын тұр оның кінəлап кім?

Құстың бəрі қайтыпты Көктеміне,

Өткеніне оралып бір ағаш тұр...

 

Жүрегімде басталды ізгі майдан,

Кетпейікші алыстап Біз Құдайдан.

Жарты əлемге дауысым жетер ме екен,

Күзді қатты сүйемін,

Сізді қайдам...

 

***

Не түрлі ой көңілімді бөледі,

Қазір бəлкім, ұйықтағаным жөн еді.

Түсініксіз түс көру де бір қызық,

Түсініксіз пендемін ғой себебі.

 

Кейде баққа көктем болып оралып,

Көбелектей гүлден жүрем нəр алып.

Əр əріпі махаббаттан құралған,

Маңдайымда тəтті сөздің бары анық.

 

Жас жаныма күмбірлеген күй сыңар,

Түн - ақынға Тəңір берген сый шығар.

Өмір, саған жырдан əтір себейін,

Ол əтірде ұлылықтың иісі бар.

 

Кеңдігіңе қарап көңіл жылынар,

Мені сендей, сені мендей кім ұғар?

Аспан, саған өлең оқып берейін,

Өлеңімде сағыныштың үні бар.

 

Жаз да жетті, төгіп бізге таң нұрын,

Адамзаттың бірдей көріп барлығын.

 Бұл жаздың да  кететіні белгілі,

Сары түске бояп алып тағдырын.

 

Сағат тілі түнгі үшке таяды,

Мазалайды мені сол бір ой əлі.

Жүрек дейді:

"Бəрі жақсы болады!",

Түк етпейді, өмір ғой бұл баяғы...

 

*** 

Терезе алдында тұр едім,

Сыр іздеп аспаннан.

Мен түннің көргім кеп жүрегін

Түнекке аттанғам.

 

Кешіргiм келмейді ерінді

Жетім деп атаған.

Шертілмей жүрген көп шерiмдi

Мен емес жасаған.

 

Мен жалғыз емеспiн, аяулым,

Менің де бар таңым.

Төрінде жүріп - ақ ояумын

Таскөңіл ортаның.

 

Ай жалғыз деп еді бір бойдақ,

Айнаға қарамай.

Сұлуын кешелi жүрді ойға ап

Сүйкімсіз кәрі ағай. 

 

Көзінен жас көрдім соқырдың,

Төгілген санама.

Қаламды жылатып отырмын,

Хат жазып анама. 

 

Куә оған дәптердің парағы,

Куә оған Ай керім.

Жүрегім дүрсілдеп барады,

Көнемін, қайтемiн?

 

Секундтар селк ете қалғанда,

Өлеңге айналам.

Мен жалғыз емеспiн жалғанда,

Қарап тұр Ай маған...

 

ОҒАН...

 

Бос жібермей  сəтіңді көптен күткен,

"Сүйемін" дейсің маған...

Неткен мықты ең!

Сені есіме салатын болды-ау енді,

Махаббаттың мезгілі - көктем біткен.

 

Барып қайттың белгісіз аралға сан,

Сол аралдан нетер ең оралмасаң?

Бұл ғасырда сүю де оңай емес,

Ақын болып егер де жаралмасаң.

 

Көз ілмедің мені ойлап  қаншама түн,

Тіпті, өзіңдей ғашық па қолсағатың?

 Жүрегіңді қорғасаң екен деймін,

Саған ақыл айтуға болса қақым.

 

Кейде ойланам, несіне ел құштар маған,

"Сүйемін" деп ешкімге тіс жармаған.

Ақ парақтың алдында үнсіз жатқан,

Мен бір қалам сындымын ұшталмаған.

 

Ұмытуға өткенді жоқ па амалың?

Дұрыс шығар телефон соқпағаның.

Сен жарыңа керексің, жарың саған,

Жалғыздықтан жөн оны  сақтағаның.

 

"Сүйемін" дейсің маған...

 

***

 

Жалғыздық деп аталатын бір елде

Мен де ғұмыр сүрем бе?

Маған көзін қысып қойып сағатым,

Қақты тағы қанатын.

 

Сағыныш деп аталатын мезгіл ме ем?

Солды хаттар тез гүлден.

Алматының аңсап жүрмiн ауасын,

Арманыма дауа тым.

 

Аққулар бар өз көлiнен адасқан,

Оған куә ақ аспан.

Қара бұлттың көздерінен құлап мұң,

Мен қосылып жылаппын.

 

Түнде келіп жүрегімдi тістеген,

Мен мұң жайлы түс көрем.

Жалғыздық деп аталатын көшемнен

Қашан көшіп кетем мен?..

 

 

ЖАЗҒЫ БЛЮЗ

 

Өзімді еске алдым кешегі,

Армысың, ескі Елес , о, шерлі!

Өткен шақ самал боп еседі,

Саксофон үніндей əсерлі.

 

Ол кезде басқаша болатын

Сəлемің. Ал бүгін өзгесің.

Əсерлі əніне салатын,

Кінəлап қайтемін  Жаз кешін.

 

Сенсіз де жазар ем ойлы өлең,

Бір нəрсе жетпейді... білім бе?

Сен маған қазақша сөйлеп ең,

Мен саған жүректің тілінде.

 

Ұмытпау үшін де атыңды,

Өткенге орала беремін.

Маңдайға жазылған мəтінді

Оқуды үйреніп келемін.

 

Өлең боп төгілдің сиядан,

Санамда жоқ еді жат ұғым.

Телефон соғуға ұялам,

Немесе жетпейді батылым...

 

Өзімді еске алдым кешегі,

Армысың, ескі Елес , о, шерлі!

Өткен шақ самал боп еседі,

Саксофон үніндей əсерлі...

 

Арайлым Мұраталиева