АРАЙЛЫМ МҰРАТАЛИЕВА. ЖҮРЕК ДЕГЕН – СЕЗІМНІҢ АСТАНАСЫ


***

Бақ ішінде отырмыз - Ой және Мен,

Жапырақтың аялап сыр-сенімін.

Табандарда тапталған, қайран әлем,

Мен болмасам жасыңды сүртеді кім?

 

Қоңыр пальто.

Қоңыр күз.

Қоңыр әуен.

Қолшатырға төгілген аспан шері.

Жұбатам деп келдім ғой жаныңа мен,

Табандарда тапталып жатқан сенің.

 

Шыр айналып, құс салды қиылып ән,

Қалып кетті екен деп бұл күзде нем.

Уақыт күліп қарап тұр миығынан,

Телефон ішіндегі күнтізбеден.

 

Қыс келеді, жапырақ, аз күнде енді,

Тоңдырар ма жаныңды ақ қар демі?

Өзіңе арнап бір өлең жазғым келді,

Жұбатуға бірақ та жоқ дəрменім...

 

Сары түсті өлең деп сені ұнаттым,

Сарғаюдың алайда мәні неде?..

Сені өзімнен жақсырақ танып аппын,

Саған ұқсас ғұмырдың соңы неге?

 

Сары түске бола ма ғашық әркім,

Тағдырлының жарасқан тал бойына?

Күз - Тəңірдің сарғайған хаты, бәлкім,

Жапырақтың жазылған маңдайына...

 

Алматыға күз келіпті…

 

Алматыға күз келіпті,

Жүрекке ме жоқ әлде?

Жапыраққа сыз қоныпты,

Көндігесің, амал не?

 

Шерлілердің қаласы бұл,

Қалалардың шерлісі.

Талай қазақ баласының

Тағдырының белгісі.

 

Асфальттің сұр түсінде,

Қалаға тән бір мыс бар.

Сәбилердің күлкісінде

Анаға тән тұрмыс бар.

 

Жалғыз жүрме қалада бұл,

Көп соңынан тағы ерме.

Сыйлау үшін анаңа гүл,

Айнала біл өнерге.

 

Білінбейтін бар-жоғың да,

Шіркін, неткен қала бұл?

Кең көше мен тар жолында

Өзіңді өзің таба біл.

 

Алматыға жат емес ем,

Жат көретін сыңайлы.

Білем, кейде қателесем,

Қателескен ұнайды.

 

Қателік те — бір шындығым,

Қалаларда адасқан.

Бір бұрышта күрсінді кім?

Жан бар ма осы бағы асқан?

 

Бәріміздің арманымыз

Алатаудай биік-ау!

Келгенімен самғағымыз,

Алматыда қиын-ау.

 

Жылу көрмей тірісінде,

Пәтерінде тоңған кім?

Пәтер іздеп түн ішінде

көшелерде қонған кім?

 

Кеште жанған шам алаң ба,

Тағдырына көшенің?

Бұл қалада жараланба,

Жан таба алмас еш емін.

 

Шымқаламен арасы бір -

жеті жүздей шақырым.

Ақындардың қаласы бұл,

Қалалардың ақыны.

 

Тәңірде де бар ма күнә?

Жұмақта да жол тар ма?

Келме досым, Алматыға

желтоқсан мен қаңтарда! —

тоңып қаласың немесе өліп қаласың…

 

Қоңыр пальто

 

Қоңыр кеші қаланың неткен әсем!

Қоңыр желдің жүзімді өпкені әсем!

Қоңыр пальто киіп ап қоңыр күзде

серуендейтін  анамды жоқ демесең.

 

Коңыр пальто киіп ап қоңыр күзде,

Кеткен бе екен сонда анам Тәңірді іздеп?

Кеткен бе екен сонда анам Өзін іздеп?

Ал, күзге бәрібір ғой көңілсіздеу…

 

Қоңырауы уақыттың қоңыр үнді,

Қоңыр мұңға бөледі көңілімді.

Қоңыр деген өмірдің түсі екен ғой,

Бір бойына жинаған көп ілімді.

 

Қоңыр десе түседі анам еске,

Ол айтатын ертегі және кеште.

Түседі кезеңдерім балаң еске,

Әйтпесе, басқа да түс бар емес пе!

 

Қанық еді анамның сырына түн,

Тоңған жанын өзіндей кім ұғатын?

Ғаламның күші жетпей жылытуға

Өзінің пальтосына жылынатын.

 

Анамның өзге тұғын мұңы да тым,

Қазір соны болыппын ұғынатын.

Жүрегіме көшіріп алған екем

Мен оның махаббатын, үнін, атын.

 

Кіріп еді бірде ол түсіме бір,

Суық күзде төгіліп ішіме нұр.

Содан соң мен бір пальто сатып алдым,

Дәл сондай түсі қоңыр…

 

…Көрсеткен бе мінезін өмір оғаш ?

Жиі аңсайды өткенін қоңыр ағаш.

Сыр бөлісер құс та жоқ, жалғыз екен,

Жалғыздық емес пе екен жанына қас?

 

Мен сүйген жалғыздықтың басқа мәні,

Менде бар  аяулы аға, дос бағалы.

Мекендеп алған олар баяғыда

 «Жүрек» деп аталатын астананы,

Мен сүйген жалғыздықтың басқа мәні…

 

(Өмірге көрмеген соң жиі налып,

Береріне сенемін сыйын анық).

Жылытып қайтсам ба екен бұл қаланы,

Үстіме қоңыр пальто киіп алып.

 

***

 

Сенің кінәң жоқ еді, кінә менде,

Сүйе алмаған ешкімді бұл әлемде.

 

«Сүйе алмадым» деймін ғой, сүйдім бе екен?

Мәнін ұқпай қалдым ба күйдің бөтен...

 

Көңіл суық сөздерге көнгенімен,

Жек көрмеген шығармын пендені мен...

 

Бәлкім, маған өзің де таң қаласың,

Сағынбадым дәл сендей жан баласын.

 

«Сағынбадым» дегенім  сәл өтірік,

Білмеймін не деуді ақын бола тұрып.

 

Білмеймін, қалай жақсы көрем сені,

Жан да емессің көңілді, зор еңселі.

 

Әңгімеңді тыңдаймын сонда да мен,

Ішіме түсініксіз орнап әлем.

 

"Сүйемін" дейтінің де бар еді ғой,

Осы бір сөзің ғана әдемі ғой...

 

Сенің кінәң жоқ еді, менде кінә,

«Суықсың» деп жазғырды ел де мына.

 

Мінезін байқатады үйдегі зат,

Олар да өкпелеуді үйреніп ап.

 

Бір кездері едім ғой бала ғашық,

Бұл күндері жүрмін бе сәл адасып?

 

Қайта-қайта жаңғырар  осы есімде,

Жаяу жүрсем өткеннің көшесінде.

 

Іште қалды сырымның көбі ашылмай,

«Мен бір жұмбақ адаммын» дәл осындай.

 

Не деймін, кешірерсің «кінәм» үшін,

Тәңірді де кеше сал сынағы үшін,

Жауапсыз қалып қойған дұғаң үшін...

 

***

 

Өмір маған ұнайды соңғы кезде,

Соңғы кезде жібіді тоң мінез де.

Сені ғана ойлаймын бұл күндері,

Керегі жоқ секілді жанның өзге.

 

Жо-жоқ… керек; дос, бауыр, ана керек,

Және сенің орының алар ерек!

Бұл – алғашқы өлеңім өзің жайлы,

Өзім жайлы бұл да бір жаңа дерек.

 

Шақырғаның есімде алғаш биге,

Билеп едік сезімге сәл мас күйде.

Алматыда көрінген Тау сенбісің?

Айналып кеттім бүгін мен Каспийге.

 

Ұнайды зор талғаммен киінгенің,

Керек болса, айнаның күйіндемін.

Керек болса, іштегі мұң боламын,

Мінезім бар осындай қиын менің!

 

Сүйгені үшін соғылған тасқа басы,

Ғашық жанның емес қой пәс бағасы.

«Жүрек» деген сөз шығар ең әсерлі,

Жүрек деген – сезімнің  астанасы.

 

Сендік құрмет бағамды биік еткен,

Көңілімде жиі жаз, жиі көктем.

Өмірің жақсарады, білесің бе,

Осы өлеңнің авторын сүйіп өтсең…

 

***

 

Сен неге мені ұмыта алмадың?

Ұмытуға әлде кеш пе еді?

Жаныңды білем, жылыта алмадым,

Айыптамашы тек мені.

 

Айыптамашы және де өзіңді,

Сүю дегенің күнә ма?

Күнә ма екен қара көзімді

қосып жүргенің дұғаңа?

 

Сүйемін дейсің жүрекпен ізгі,

Айтпаған тағы не сыр бар?

Куәгер  болған сыр-өкпемізге

Жиырма бірінші ғасыр бар.

 

Жұлдызға сенсіз сыр ақтарғанда,

тағады неге түн айып?

Бақшада гүлдер жылап қалғанда,

қалар ма екенсің  мұңайып...

 

Сен неге мені ұмыта алмадың?

Ұмытуға әлде кеш пе еді?

Жаныңды білем, жылыта алмадым,

Жылытар өмір көктемі...

 

 

***

Жүрегіне ғасырдың жиып алып бар жүгін,

Ақын сүрді ғұмырын, аялады тағдырын.

 

Жүрегіммен оқыдым сол ақынның өлеңін,

Өлеңінен мен оның  өзімді де көремін.

 

Өлеңінен мен оның ғасыр көрдім, жыл көрдім,

Сол жылдарға бұл түнде қанат қағып үлгердім.

 

Көрдім және осынау  Даламыздың кеңдігін,

Саудалаған даласын  обырлығын шендінің,

 

Баспанасыз қазақты күнін кешкен өлместің,

Дүниені тәкаппар жеңе алмаған мүлде ешкім,

 

Тамып түскен қаламнан сағыныштың көз жасын,

Етігімен қан кешкен майдангердің жазбасын,

 

Даналығын қарттардың,

Жігіттердің намысын,

Арулардың ажарын,

Тұлпарлардың шабысын,

 

Оянғанын сезімнің,

ғашықтардың жан күйін,

Жылағанын сәбидің,

аналардың әлдиін,

 

Жалғыздығын жесірдің,

Қуанышын бүтіннің,

Махаббатты ең ұлы,

Түзулігін түтіннің,

 

Ойнағанын өмірдің,

Мұңайғанын жетімнің,

Бүр жарғанын гүлдердің,

сыршылдығын ақынның.

 

Естіледі жырынан судың сыңғыр күлкісі,

Сол жырына ән жазып барады ұшып жыл құсы.

 

Бұл ақындық ғұмырда өтем десең өзен көп,

Кешіп өтті ол оны да, өз жарасын өзі емдеп.

 

Домбыраның бар еді қоңыр үні қанында,

Қоңыр әнге айналып кетті өзі соңында.

 

Қоңыр кештер ең жақын туысындай оның бір,

Сүйген жары секілді Көктем-ару көгілдір.

 

Сиясы алтын қаламды Қасым етті бұл қала,

 Жүректерді Қасымға ғашық етті бұл қала.

 

Келді талай дүниеге Қасымдардың жалғасы,

Қарағанды бұл күнде – ақындардың ордасы.

 

Қала түні. Салқын күз. Мөлдіреген мың үміт.

Қасым жаққан  өлеңнің отына тұр жылынып...