ТӨРТІНШІ КӨКТЕМ
Сөзіңе сөзімдей сенгем,
Өзіңе өзімдей сенгем,
Жаңбырын жанымдай көрген,
Төртінші көктем бұл келген,
Мен сені ұмытқан жоқпын!
Өмірім – қырық бір құрау,
Тірлігім – бес таспа, бұрау,
Осының бәріне шыдау…
Төртінші көктемім мынау,
Мен сені ұмытқан жоқпын!
Көп өлең жазғамын жаңа,
Көп достар тапқамын жаңа,
Қасымда қалғаны қазір –
Ақ адал достарым ғана,
Мен сені ұмытқан жоқпын!
Сен қайсы қалада жүрсің?
Сен қайсы бекетте тұрсың?
Дәл қазір жетемін саған,
Мынандай өмірі құрсын!
Мен сені ұмытқан жоқпын…
Телефон шалмадым саған,
Хаттар да жазбадым саған,
Көргендер саулығыңды айтты,
Өлеңдер арнадым саған,
Мен сені ұмытқан жоқпын!
Біреулер күлгеніңді айтты,
Жақсы өмір сүргеніңді айтты,
Біреулер өкпелепті деп,
Көңілсіз жүргеніңді айтты,
Мен сені ұмытқан жоқпын!
Сол менің ел берген кәдем,
Сол мендік әдемі әлем,
Ып-ыстық сағыныш саған,
Төртінші көктемге, сәлем,
Мен сені ұмытқан жоқпын!
Сағатым бақыттан асты,
Тағатым уақыттан асты,
Көктемім, сен оны тапшы,
Ал менде, барлығы жақсы…
Тек сені ұмытқан жоқпын!
Өзіңе өзімдей сенгем,
Сөзіңе сөзімдей сенгем,
Жаңбырын жанымдай көрген,
Төртінші көктем бұл келген,
Мен сені ұмытқам жоқпын!
АНТИТЕЗА
Өмірдің дегенін жасадым,
Мүсәпір көрінді көп пенде.
Көндікпей ырқынан босанып,
Бой бермей қырысу жоқ менде.
Көңілсіз реңге, түске де,
Ішімнен күрсіндім, күйзелдім…
Көңілім толмаған іске де,
Жақсы деп айтуды үйрендім.
Мазамды алатындарды да,
Тыңдайтын болғамын желпініп.
Қиқарлау шал ақындарды да,
Мақтайтын болғамын өлтіріп.
Тым қырсық мінезім бар еді,
Келді ол да мұжылып «сәніне».
Бітпейді тірліктің әлегі,
Жақсы дей саламын бәріне.
Кеш қалдым деп айтам елге де,
Тойдырды қуаныш бұл мерей.
Еш барғым келмеген жерге де,
Баратын болғамын үндемей.
Елік қыз, жеттің бе арманға?
Мен сорлы бәрінен ұтылдым.
Сені айтып мүсіркер жандарға,
Ұмыттым дедім де құтылдым.
Бәріне бәрібір деуменен,
Көндірген сияқты ем жүректі.
Ұмыттым дегенде кеудеден,
Білмеймін, не нәрсе шым етті?
Қолымды бір сілтеп әр неге,
«Сілтеуді» тәп-тәуір түсінгем.
Кей-кейде түршіксе жан, денем,
«Давай» деп қоямын ішімнен!
Елік қыз, сен үшін айғайлап,
Дегенмін, барлығын көремін.
Ал қазір, сен түгіл жай-жайлап,
Өмірді мойындап келемін!
Шындықтың таптым да тұтқасын,
Ұмыттым, өтірік налуды.
Мың сөзді ішіме жұтқасын,
Үйрендім үндемей қалуды.
Еске алсам кездерді бұрынғы,
Қорқамын кейінге қайтудан.
Ешкімге айтпаған сырымды,
Қорқамын адамдарға айтудан.
Қалмайды ештеме ақыры,
Қалады – бір шумақ олеңім…
Осылай, әйтеуір, ақырын,
Алдыға ылдилап келемін.
Қолымды бір сілтеп әр неге,
Сілтеуді тәп-тәуір түсінгем.
Кей-кейде түршіксе жан, денем,
«Давайдеп» қоямын ішімнен!
ЭГО
Ешкімге де сенбейтұғын қылды өмір…
Еш сенімге келмейтұғын қылды өмір…
Ешкімге де ермейтұғын қылды өмір…
Ештемені көрмейтұғын қылды өмір…
Жолдар қайда апармады сүйрелеп,
Күйгелектеу көкжелкемнен шүйделеп.
Ауыр-ауыр ойға батам әр күні,
Өңім сынып, көңілсіздеу үйге кеп.
Өмірге де ұл емеспін мен өзім,
Келгем әйтеу, келгеннен соң кезегім…
Әрі кетсе саясаттың құлымын,
Басқа ешкімге құл емеспін мен өзім!
Неге сонша көңіл аңқау, аңғал жан?
Түрім құрсын, не көрсе де таңғалған!
Мен – өзімнің шабарманым екенмін,
Шындық іздеп ойға-қырға сандалған…
Орындаумен әрбіреудің жарлығын,
Біздің халық тау-тасқа ұрды тағдырын.
Бізде не бір мықты адамдар болған-ды,
«Абайсызда» атып алдық барлығын!
Өзімізді айдап бардық орға да,
Өзімізді байлап салдық сорға да!
Ешкім бізді құтқарған жоқ сонда да,
Ешкім бізді аяған жоқ сонда да!
Әне, тағы, алакеуім таң атты,
Таңы ол бәлкім – бақтың, сордың, азаптың…
Іштей ғана күбірледім, дұғам сол –
Маңдайына сисам болды қазақтың!
Басқа ештеңе керек емес, расым!
Өзім.
Өзім,
сен ойымда тұрасың…
Мен өзімді тауып алсам бір күні
Құшақтар ем жеткенінше құлашым!
Басқа ештеме келер емес қолымнан,
Көз де ерді, сөз де ерді соңымнан…
Мені іздеңдер іздесеңдер достарым,
Өзімді іздеп таба алмаған жолымнан!
Сол жол қайда апармады сүйрелеп,
Күйгелектеу көкжелкемнен шүйделеп.
Ауыр-ауыр ойға батам әр күні,
Өңіп сынып, көңілсіздеу үйге кеп!
БЕЙ
«Такси, қалаға такси…»
Білмеймін, келгенмін қайдан?
Білмеймін, барамын қайда?
Мен шыққам жаңа бір айдан,
Барамын бозамық ойға.
Қалаға апарма мені,
Далада бала боп өстім.
Апарма шаһарға мені,
Онда да танымайды ешкім.
Мені осы біледі таулар,
Мені осы біледі шыңдар,
Мені осы біледі аңғар,
Мені осы біледі құмдар.
Ешқайда бармаймын, досым,
Осында таматын жаспын.
Мазалай бермеші, сосын
Мас болсаң сен өзің массың…
Ұмытам мен енді бәрін,
Ұмытам күреңсе жолды.
Тағдырды силаған Тәңір,
Сен маған қалам бер,
Болды!
Сосын сен, алданба жырға,
Кешірші, болмай тұр мазам…
Маңдайда тағдырым тұр ма?
Өшірші,
Мен өзім жазам!
«Қалаға, қалаға такси,»
Бармаймын, ең соңғы сөзім.
«Такси, қалаға тәкси,»
Бармаймын, бос емес қолым!
ЖОЛДАНҒАН ХАТ
Дәл осылай, келіп кеткем кеше де…
Сенің осы тым үрейлі көшеңе.
Күбір-күбір жел сөйлеп тұр тым баяу:
Дәл осылай жазылған деп пешенең.
Сұрауға да, әлім жетпей неге деп…
Екеумізде – осы жалғыз ереже.
Көз алдымда сенің бейнең бұлңғыр,
Көп кітаптар, гүл және де терезе.
Дала салқын, баяу самал, түн – шытқыл,
Ештеме де айта алмадым, тұншықтым.
Қарсы алуға, кітаптарға енбеген,
Есігіңнен шашы ағарған мұң шықты.
Сөзде оның да есесі бар алмаған,
(Менің кімде қандай есем қалмаған?)
Алақаныма аққан жұлдыз құйып ап,
Жыр оқыдым мен аспанға арнаған.
Жырға қосқам, әлгі жалғыз теректі.
Жырға қосқам, бір сұлуды желекті.
Менің түйсік, жоспарымда әсілі
Дәл осы сәт – жаңбыр жауыу керек-ті.
Сосын, үйге қайту еді, талғамым.
Сосын қайта мүмкін еді бармауым.
Мені тастап кеткендігін кеш білдім,
Үйге қайту дейтін жалғыз арманым…
Керек пе еді әсілінде келмеуім,
Дұрыс па әлде қалғаным?..
Ностальгия
Бұрын…
Ләлә гүлін теретін дала мұңын,
Баба жырын жаттайтын дала жырын,
Былмейтұғын шаһарды, қала мұңын,
Қайда менің қайғысыз балалығым?!
Ұзақ-ұзақ қараушы ем асқарға да,
Тағдыр кейін бұрылды басқа арнаға.
Тым қялшаң, ұйалшаң сол шағымды,
Қазыр осы біледі аспан ғана!
Ол кезде күн де керім, ай да керім,
Армандар оралатын ойға не бір.
Күнгейдің көктеміндей жаймашуақ,
Жаймашуақ күндерім қайда менің!
Көңіл құрғыр шақ болмай, хош та болмай,
Өмір – бұлдыр бұрынғы қоста қалмай
Жұргенде қоңыр өлең сені таптым,
Тірлігімнен басқалай дос таба алмай!
Қазір…
Біраз жолға аяңдап жеттім ақыр.
Кітап оқып отырам, кешкі уақыт.
Тұманды ойдың күмәнсіз сенетіні –
Тұманбайға жетпейді ешбір ақын!
Кейде өлең қалады жазылмай түк…
Ауылынан шабыттың бағым қайтып.
Содан кейін достарға бытып-шатып,
Қайта-қайта отырам ауылды айтып.
Сосын іштей,
Ерке қызды сағынып түгесермін,
Мың қайтара оқимын Тұмекемді…
Ол қай маңда мұңайып отыр екен?
Жақсы көріп оқушы ед Жұмекенді!
Тағдыр осы, қайтесің, амал нешік?
Пенде мүмкін мұңынан табар несіп.
Үйге келсем симаймын өз-өзіме,
Бір кіремін бір шығам мазам кетіп.
Біраз жолға аяңдап жеттім ақыр.
Кітап оқып отырам, кешкі уақыт.
Тұманды ойдың күмәнсіз сенетіні –
Тұманбайға жетпейді ешбір ақын!
Ал ол – Жақсы көріп оқушы еді Жұмекенді…