ҚАНИПА БҰҒЫБАЕВАНЫҢ КҮНДЕЛІГІНЕН...

***

Адам бойындағы ең бір жаман қасиет жағымпаздық па деймін. Бір күнгі пайдасы үшін «Жантықтай» болып кететіндерден не дос шықпайды, не қас шықпайды. Ол адамға деген сенімің кетеді. Жаман арам адамды көргенде, өмір сұрықсызданып ауа жұта алмай қалғандай тұншығып, кеңдікке шығуға асығып тезірек қасынан кетуге асығамын.

Ал жаны адал, шыншыл не болса да бетіңе айтатын шын сөйлесетін «маскісіз» пердесіз сырласатын адамды қанша көрсемде, қанша бірге жүрсемде, жалықпаймын. Іздепбарғым келіп ынтығамын. Шіркін! Мынау өмір сондай сирек жақсы адамдарымен ғана сұлу, әрі ыстық екен-ау! Өз көзқарасы жоқ, кім не айтса ыңғайына жығыла кететін «күнбағар» жандардың барына да, жоғына да алаңдамаймын.

 

***

Еңсемді бір зіл батпан басып тұрады да қояды, Көздері бар көрмейтін, құлағы бар,таскерең жанжүрегі безге айналған пысық-есепдостарды көргенде ойпырмай адамдардың бәрі-саудагер болып кеткен бе деп ойлаймын.Кімге ісі түссе соған жағынады, кімнен қорықса соған бағынады. Адамның көлеңке жағын көбірек көрген сайын өмір сүру ауырлай береді екен. Аққуды қараға бояғанмен қара болмайтыны секілді адал, пәк жандардың жүзінен бір жылылық шуақ, иман ұйып тұрады.Басқаларға бақыт тілейтін, қолынан келсе, шарапатын шашып жүретін жандармен ғана өмір өрісін кеңейтіп, Күн шашатындай болады. Ешкімді де көргім келмейді..Әйтеуір біреуді іздеймін, сағынамын, күтемін ол кім? білмеймін. Елегізумен кешім батып, таңдарым атуда... Шөлдеймін. Ол не шөл? Бәлкім өмірге, әділетке адамдардың шексіз дария-көңіл махаббатына шөлдеймін бе екен?...

 

***

Менің сүйгім келеді... ұлы табиғатқа айналыпадамзаттың бәрін жарылқағым келеді... Жан сезімімді гүл етіп өсіріп, күміс жыр жаңбырымды шашу ғып шашқым келеді.. Кімге не керек, кім-неге мұқтаж бәрін тауып бергім келеді. Әттең! Осы сезіміме сәйкес, осы махаббатыма сай жауап бере алатын адамдарды көрсем деп армандаймын.

Салды менің махаббатым азапқа,

Қалды көңіл, тап болдым да мазаққа.

Жанымды өз жанындай түсінетін дос іздеймін, адал дос ізідеймін, ол қайда? Әркім өз көкіректерінің буына семіріп, өзді-өзін пір санаған-өзін өзі зор санаған жерден дос-көңіл күтуге болама? Бір күндік қызметін, барлығын-байлығын, басынан аумас бақ санаған кісіден не күтемін? Өз басынан жақсылығы аспаған, ұсақ қулықтың құлы болғандарды бір-екі сөзінен-ақ танимын...

«Бас-басына би болған өңшең қиқым» -деп ұлы ақын Абай қалай дәл айтқан. Адам мінезі қай кезде де, қай қоғамда да өмір сүрсе де, әртүрлі, жетістігі, кемшілігі, өз дерті, өз құбылыс-табиғатын сақтап қалады екен ғой. Қай кезде өмір сүрсе де адам ет пен сүйектен, ақыл-естен – сезімнен құралады ғой. Сол себептен адам қашан да адам қалпын сақтап қалса ғой..

 

***

 

Бір ойды бір ой қозғайды ... Әсіресе ұйқыға кетерде, немесе таңға жақын оянып келе жатқанда, шала ояу кезде әртүрлі елестер суреттер өткен өмір тізбектері, таныс адамдардың, қимас ыстық сәттерің көзалдыңа келіп, кеудеңді бір жылы сағыныштарың ағысына толтырып кететін кездер жиі кездеседі...Оралмайтын күндер, оралмайтын достар, бәрі-бәрі сананың саңлауынан сусып өтіп жатқандай болады. Әсіресе жас кезде қадыр-қасиетін білмеген, жайсаң жақсы ағалардың бейнесі көз алдыңнан кетер ме?

Сезімнің басып сыр-пернелерін,

Төзімнің ашып бір перделерін.

Жақсы ағалар!

Сендерді жерге қимай,

Жүрегіме мәңгілік жерлегемін.

Олар кімдер? Менің туған анамды көрген, «мынау кішкентай жарымжан қызыма көзқырыңды сала жүр» деп табыстаған сөзін бір ауыз сөзіне адал жауап беріп, өз әлінше менің басыма ақ күн тілеп өткен, Құдаш Мұқашев еді...

«Жақсылардан шарапат» деп халқымыз бекер айтпағандай. Оның «сен ақынсың», «жаз», «жаза бер» «сен мықтысың» -деген сөзінен қуат алып, өрге қарай, өлең өріне (Сөз дертіне душар болып) жас қанатымды қаққаным есімнен шықпайды. Ол жиналып қалған бір топ өлеңдерімді оқып үстін сызып мынауың нашар, деп, немесе «керемет» деп қуанып отырған сәттерін,бейнесін

Ұмытуым мүмкін емес. Ол сыр-сыр еткізіп өлеңімнің жолдарын сызғанда – жотам шымырлап, жас жүрегім дір-дір етіп, енді өлең  жазбастай болушы едім... Бірақ мені тағы бір күш сүйреп әкелетін оның алдына, сөйтсем, ол менің өлеңге деген құштарлығымды оятып жүр екен ғой... Оны кейін өзі де еске алып, кей қылығымды күліп, сөз етіп отыратын еді...

 

28/III-1988  

 

***

 

Асығамын... қайда асығамын? Өзім де білмеймін өмірім бекер өтіп бара жатқандай уақыт поэзым жүксіз бос өтіп бара жатқандай..көп істеріме  үлгермей; өмірім бостан-бос далақтаумен өтіп барады.. Әйтеуір бір арнаға түсіп алған тірліктің баяу ағысынан бөлініп кете алмай, көп керуенге ілесіп, ілібіп келемін. Ішім удай ашиды... жылағым келеді, біресе айқайлап ән салғым келеді, әйтеуір қоршаған тыныштықтың ұйқысынан оянғым келеді.. Ояу жүріп-ақ ұйықтап жүрген сияқтымын..Өз өміріме риза емеспін, қарным ашады... Көңілімнен ел көшкендей құлазимын... Мен өмірімді қайтадан бастасам, өткен өкініштерімді өткен қателіктерімді қайталамай, өз орнымды тауып бұдан гөрі дұрыстау саналы да, мағыналы өмір сүрер едім. Босқа өткен уақытымды еңбекпен, оқумен, білуге білім бағының ішіне енуге, сол баққа өзімнің де ой гүлімді өсіруге жұмсар едім... Осының бәрінен кеш қалғаным қинайды...   

Менің қателіктерім, аңқаулығым білмегендігімнен. Оттың ыстық екенін білсе жас бала жоламас еді ғой.Әуелі күйіп қалып, шошып, отты баспайтыны секілді, меніңде әр нәрседе қателесуім сол баланың алғашқы қателігіндей болып көрінеді екен. Мен өзімді өзім соттаймын да ақатаймын... Шыбындар әдетте жаман иіс шыққан жерге әуес болатыны сияқты, жаман адам жақсы адал адамның бойынан жақсылық көрудің орнына тек жағын, кірін көргіш тергіш келеді... Жұрт көзіне байғұс етіп, сүмірейтіп көрсеткісі келіп тұрады, сол арқылы өзіне жол ашқысы келіп, рахат табады. Бұлар бәрібір түбінде өзінің сорлайтынын білмейді. «Біреуге ор қазсаң, кең қаз-өзіңе де керек болады» демей ме, соны білмейді...  Аспан да жер де кең-тар боп бара жатқан адамдар пейілі адам жаны емес пе?   

 

***

Жастау кезімде достарым көп сияқты еді тіпті сөйлескен, бір көрген адамның өзі шын досым сияқты көрінетін. Өмір де сондай қызық, жеңіл дем алушы ем. Біртін- біртін достарым жоғалып, тіпті көлеңкесін де таппай қалдым. Әрбір сөзі сатулы, аңдысқан көзқарас, қатынас неткен ауыр. Әлде адам жас кезінде аңғара бермейме? Әлде жас кезімде ақымақтау болдым ба? Не болса соған күлетін едік.. Кешіріп, ұмытып кетуші ек... Енді күн өткен сайын кінамшыл, біреудің сөзі түгіл көзінен де сескенесің... Өзіңді-өзің қорғауға көшесің. Бұл қалай?

Тауқыметін тірліктің көтере алмай

Әлде әлсіз соға ма, тозған жүрек?

 

***

Өлімнің де өз өмірі болады. Кей адамның тірлігінде өз бағасын ала алмай, істеген еңбегін көріп үлгере алмай, орта жолда көз жұмады.Оның өмірінде қолы жетпеген бақыты өлген соң жанатыны, содан ба екен. Елі елеусіз қалдырмай тірілігінде күндеген, қызғанған достарының өзі жер қойнына кірген соң, енді ол адамның тірлігі кесел келтірмейтінін білген соң, бір кезгі даттағанын ұмытып, мақтауға көшеді.Өлгеннен соң мерейі тасып, бақыт жанатындар көбінде, тірілігінде еңбек еткен дарындылар тобы. Тірлікте адам бір-біріне жылы сөзді, кең өмірді қимайтыны несі екен?

 

I/IV-1988

 *** 

Адамдар бір-бірін алдап, өзін-өзі бір нәрсемен, жоқтан өзгемен алдандырып өмір сүреді. Қайда барсаң да, сырты жылтыр жалғандық, ішінде дәні жоқ жаңғақ жандар... Шын жылап, шын күлу, шын сүю, шын жеккөру, тазалық, жан тазалығы бір біріне сенісу телегей мейрім шуақ қайда кеткен? Заманға  уақытқа еліктеп адамдар да тірі темірге  (роботқа) айналып бара жатқандай ма, түсінбеймін.. Мен адам іздеймін дос іздеймін. Елсіз айдалада жүргендей боламын. Кімге сенемін?  Кімді ойлаймын? Мынау иненің сабағындай ғана өмірде адамдар неге бір біріне тыныс бермей, қысады екен? Біреудің қуанышынан неге біреу азап шегеді? Неге күндейді?

 6/IV-1988

***

 

Бұл өмір болар мәңгі кімге тұрақ,

Өксітіп, жылатады... жырлатып ап.

Басынан биік ағаш желге билеп,

Адасқан келеді ұшып бір жапырақ...

 

Еркелеп тұрған туған айға жарық,

Көк орман көлеңкесін пайдаланып.

Бұлбұлдай үні біткен, күні біткен,

Ол енді қонады екен қайда барып?

 

Басынан өткерместен жазын әлі,

(Ажалдың суық желі азынады.)

Сызығы алақанның сызығындай,

Жүзіне қандай тағдыр жазылады?..

 

Қанатын қарағай тұр қанатқа ұрып,

Сағатың қанша қалды, санап біліп.

Дір еттім ескен желдің екпінімен,

Адасқан жапыраққа қар ап тұрып.

 

Сыбдырлы сағынышпен көзімді ілем,

Жер деген күтіп алар төзім, білем.

Ұқсаттым уақыт желі қуалаған

Адасқан жапыраққа өзімді Мен...

 

Бір-бірін әлдилейді таңға тербеп,

Алғандай аспан, жерді жан мекендеп.

Еріксіз көкірегімді ұстай берем,

Жүрегім... сабағында бар ма екен деп?

 

***

Көңіл күй жоқ...көптен бері дерттімін,

Шеберлікпен сезімінің шерт, қылын.

Бұлт жүзіне қызыл ізін қалдырып,

Өзегімді өртеп жатыр өрт-күнім.

 

Бір мен үшін –

сендей сері, жоқ Сұлтан,

Ақ аспаннан ақ сәулесін төксінтаң.

Қыз еріні есіміңді күбірлеп,

Өлең жазып, ауласына ексін тал.

 

Айдыныма қалғыр сүйеп ай төсін,

(Айға қарап, кірді менің қайта есім.)

Жүрекке ешбір сот жүрмейді екен ғой,

Ойда жоқта сүйіп қалсам қайтесің?...

 

Жалықтырды. сүю жайлы жыр ән көп,

Көңілге тау көлеңкесі құлар кеп.

Қиянға ұшсам, аққудайын құбылып,

Сен, соңымнан қуасың ба,қыран боп..

 

Дауылыңмен аспанымды аш,қыран,

Өзіңді іздеп, тауға тасқа,басты ұрам.

Тілім шығып былдырлаймын баладай,

Күнім шығып қанатыңның –астынан...

 

***

Көңіл тұман арасына ай батқан,

Тірі жан жоқ тіл қататын аймақтан.

Тереземе құлап түсті қураған

Күздің сары жапырағы қай жақтан?

 

Ұшты ма екен? Қанатымен тіреп түн,

Суретіне ұқсап жалғыз жүректің.

Жапырақты дір дір еткен желменен

Көрген сәтте өз өзімнен дір еттім.

 

Әсемдікке арнап өлең, арнайды ән,

Деп мен жайлы арылмаған арлы ойдан..

Қолы жетпей аспандағы бір жігіт,

Лақтырды ма, сағынышын сарғайған.

 

Сыр моншағын шашып алдым көп күліп,

Үлбіреген гүл қауызым төкті үміт.

Қарай қарай ұзаттым ба көктемді

Жапырақты наз отыммен кептіріп.

 

Сезіміме тізгін салып тектілік.

Неге маған келмей қойды бақ күліп,

Көкірегімнен өзен болып ақты үміт.

Аспаннан ол жапырақтай жүрегін.

 

Қарап тұр ма? Әйнегіме лақтырып.

Белгісіздеу... болды жұмбақ,бұл бір сын

Сағынышым сағым жолын сындырсын.

Маған құдай қыстың таяп қалғанын

Білдіргені болар мүмкін,кім білсін?

 

Басымды иіп. Иіскемедім исін кеп,

Тағы, тағы жаңбыр жасын құйсын көк.

Жапырақты қарамадым қолға алып,

Күндіз күнді, түнде айды сүйсін деп.

 

22/XII-1998 ж