АЛТЫНБЕК ЕЛЕМЕСҰЛЫ. ҚАЛАНЫҢ БҰЛТЫ ДА ЖЫЛАУЫҚ...

ӨЛЕҢ ТУРАЛЫ

(Қасым Аманжоловқа)


                       Өлеңім – менің бөбегім
                       Өзіме тартқан секілді.
                                                Қ. Аманжолов

Өлең. Өмір. Өлім және Мен ғана,
Сырласуға не бөгет бар енді, аға?
Шықпағалы тауға біраз жыл болды,
Кеңселерден көрінбейді кең дала!

Бота тірсек балалығым кекілді,
Жетім еді, жетекке ерді, жетілді.
Өзім емес, өлең – бөбегім, аға,
Өзіме емес, Сізге тартқан секілді!

Ұқсайды ол Сізбен қоса Мағжанға
Сөз араласқан қан ағады ағзамда!
Топырақтан жаратылған едім мен
Ал, қара өлең? Ол да Қарасаздан ба?

Бізге қайдам...
Әйтпесе егер күш, жігер,
Сұқ саусағын нұсқағандар сұсты дер.
Тізіп жатқан кім бар дейсіз дұшпаның,
Соңын тұяқ, алдағы сын тіс білер!

Шабытымның шанағына тұнса күй
Жаңа туған іңгәләйді жыр-сәби!
Баспанасы қара өлеңнің баспада,
Баласы үшін анасының құрсағы – үй!

Құбыласы құбылмайтын қариға,
Бақи ырза болғанымен фәни ыза.
Қасыма отыр, жыр жазайық дейді арман
Қасым оқыр, Мұқағали, Фариза.

Бәріміз де жолаушымыз жолдағы
Соңы – бақыт...
Соқыр арман ол-дағы.
«Өмірімнен өлең жасап бердім ғой»
Өлең шіркін өмір сүрсе болғаны!

ЕЛЕГІЗУ

Бағдаршам...

Кептеліс...

Тас көше...

Тұра тұрар орнында тротуар...

Аяғының астына бас төсеп,

Басыңды көтерер саты бар!...

 

Сабылыс...

Тіршілік...

Күн көру...

Шалғында... арманы шалдың да.

Сағыныш кернесе, күнде өлу –

Өлмейтін күндердің алдында.

 

Өмір ғой...

Өмірдің заңы бұл!...

Бәріміз білеміз шындығын!...

Бәріңе, шынында бәрібір

Сен өлсең бақытты күн бұрын!...

 

Кең даңғыл...

Көліктер көкпары...

Қаланың бұлты да жылауық...

Сағыныш!...

Сенен де жоқ дәрі!

Аңсарым ауылға тұр ауып...

 

Ауылдың, ән салып оятқан

Құстары – кәсіби әншілер!

Далаға жібермес аяққа

Қалада тағылған әр шідер!

 

Тыныштық...

Бар-жоғы тілеймін,

Басқаның керегі шамалы...

Бағдаршам. Сары түс. Үрейлі

Көздерің бір қысып қарады...

 

Сары түс – сағыныш дейді осы

Суретші сақалы боялған...

Тыныштық, сен келіп сөйлеші

Үнсіздік мендегі оянған...

 

Ауылды сағындым. Қалада

Дін аман кім бар күнәдан?...

Жалаға батқанды налаға

Батырады жолдар шұбалаң!...

 

Ауылға тартқым-ақ, келіп тұр.

Сүріндім. Жығылдым. Үгілдім.

Бозбала күндермен теріп гүл,

Боз ала таңдарға жүгірдім....

 

Сағыныш билейді санамды

Қарсы алып ауылда таңды асыл!

Қара асфальт қажаған табанды

Жусанмен жусам ғой жап-жасыл!

 

Ауылға ұшып-ақ, барар ем...

Жолы мен түтіні түп-түзу...

Жібергісі келмейді қала мен

Бағдаршам...

Көздері қып-қызыл....

 

ҮНСІЗДІК

Түн неге үнсіз дейсің бе?...

Күн неге мылжың?...

Білмедім құрбым, бітер ме мінбедегі ыржың?...

Сұрақтарым көп жауабын таба алмай кеткен

Есік қаққан да – бір сұрақ!

Үндеме...

– Бұл кім?...

 

– Өліммін! – дейді...

Құдай-ау...

Өмір күбірлеп...

Жетпейді қуып жақсының жолын жүгірмек...

Сұрақтарыма көміліп, үнсіз қаламын...

Түсінбегендер, түсінді момындығым деп!

 

Үнсіз қаламын...

Емес қой мұңсыз баламын....

Ақ параққа да көп болды жыр сызбағаным...

Гүлсіз даланың ажары қандай болады?

Деп кейде айнаға қараймын...

– Кімсіз, қонағым?...

 

– Оқымаған! – деп, шықты біреу...

Кітабы қалың!...

Сірә, мұғалім!

(Түбінде шығады ғалым!)

Үндіздігім тек кітапта жазулы емес қой...

Жауап бар онда...

Тек оның сұрағы мәлім...

 

Әріп танығандардың – бұл күні бәрі данышпан

Дүние қоңыздығымен – дүниетанымы алысқан!...

Бұлбұлы үнсіз бақтардың қарғасы қарқ етіп

Тағы да алыстан нені айтты?...

Жағы қарысқан!...

 

Үндеме, құрбым...

Дос та үнсіз...

Сондай тілегі...

Хор қызы қашан өз әнін хорда айтып еді?....

Адамның бәрі білгенін ғана сөйлесе –

Үнсіздік қандай әдемі орнайтын еді!...

Түшшшш...

 

АЛМАТЫ

Таңғы тоғыз...
Темір жол...
Ұйқылы ояу...
Алматыға келген күн алғашқы рет!
Көкжиекке шашылған шикі бояу
Жанарларға боялған жалғасты кеп...

Сағынышты ұмытып, сабылысқан
Түрлі адамдар...
Түріп ап жең-етегін.
Өмір-қамшы, білемін, сабы қысқа
Сағаттың да тағаты жоқ екенін!...

Жылытқысы келгендей суық кісі...
Үй бар! – дейді, жүрсеңіз пәтеріз деп...
Ал, жүрегім келеді ұмытқысы
Өткенімді...
Өйткені, қатеміз көп!...

Тиындарын әбігер такси санап,
Кетіп жатыр, соңынан керуен кеп...
Жаяу атам сияқты «Ақ сисалап»
Жаяу жетем деп шештім, серуендеп.

Алматының көшесі...
Басқа бірақ!...
Әр метрі – тарихтың парағы алтын!
Бұлақтардай басымен тасқа құлап,
Бақыттарын іздеумен барады әркім!..

Бәрі асығыс...
Қол тимес қол алуға,
Ет-жақын боп, танысар етене кім?...
Жақын тұрмын өзім де жоғалуға
Мекенжайы
мұң болып мекеменің!..

Сұрап
едім...
Көргендей
талапкерді,
Алматының
жолыққан қызы ақтамақ
«Жоғарыда!» деп, қысқа жауап берді...
Аспан
жаққа мен қалдым ұзақ қарап!

Көк
аспанның құстары кілең сері...
Тәңірім бар, жоғары
аспаннан да!
Биіктік
деген ұғым, гүлі еңселі
Алматы көшесінен
басталған ба?!...

Мекенім
қайда менің жетер әлгі?...
Шабысы
шабандады қарагердің!...
«Төменде!» деп біреуі кете барды
Төмен
қарап мен тағы қала бердім!

Қара
жерге қараймын текеметім...
Күнім
аздай жанарды жас қамалған...
Сабырлық та, барлығы
н көтеретін
Алматы көшесінен
бастау алған!...

Адасқандар
көшімен біраз жүрдім
Мекеніме
жеткенше құлап, шыдап.
Толғағы
қысқан кезде, буаз жырдың
Толғауы
н түйіндедім бір-ақ шумақ:

Алмалы
бақ, Алатау мүсін керім.
Таласым
жоқ, сені егер жұмақ десе.
Алматы, сенен
алғаш түсінгенім
Аспан мен жер
арасы бір-ақ көше!...

Павлодар облысы.

(«Naizatas» журналы)