АЛПАМЫС ФАЙЗОЛЛА. ТҮС-ПАТШАЛЫҚ

(Арыстанбаб пен Отырар әміршісі туралы баллада)

 

Жамандап, жан баласын даттамаған,

Жүрегін қарайтып, кек сақтамаған.

Тақуа адам еді Арыстанбаб,

Алланың ақ жолынан аттамаған.

 

Еске алсам, тарихтағы өрт-құйынды,

Өзекке қорғасындай дерт құйылды...

Сопыны Отырардың әміршісі,

«Алдыма әкеліңдер!» деп бұйырды.

 

Дүние тақуаға тар ма мүлде?

Діндардың көзін алдар бар ма бүлде?!

Бақиды еске салар көр қазып ап,

Ұйықтап жатыр еді сол қабірде.

 

Сопының түгі де жоқ, жұрты – бағы,

Ісінде бір ғажайып сыр тұнады.

Нөкерлер аш бөрідей жалаңдаған,

Оятты найзасымен түртіп оны.

 

«Не үшін ояттыңдар?!» деп сұрады,

Әулие жоқ байлығы, жоқ тұрағы.

Тып-тыныш жатыр еді айдын сынды,

Неліктен тентек дауыл соқтығады?!

 

Жауапсыз қалдырды ғой сауалды да,

Данасын сыйламаған надан мына.

Сарбаздар сирек туар інжу-жанды,

Сүйрелеп алып келді хан алдына.

 

Сопыны шығу оңай асу көріп,

Жібітпек болған еді шашу беріп.

Мәнісін сұрады хан,

Арыстанбабтың

Жүзінен жауар бұлттай ашу көріп:

 

«Алтын мен күміс өңшең маңайыңда,

Тұмар қып бір асыл тас тағайын ба?

Аспандай

Күзгі

Неге

Түнересің –

Тұрсаң да, билеушінің сарайында?».

 

Жүрегі әсем, құдды – гүл, көбелек,

Сөйледі сопы сонда нұр себелеп:

«Ұқпаймын, неге оятты нөкерлерің?!

Түс көріп жатыр едім бір керемет».

 

«Түсімде патша екенмін,

Бақ – ескегім,

Кемеде өмір дейтін жарасты елім.

Бәрі де ғайып болды оянған соң –

Сарайым, патшалығым һәм әскерім!».

 

Астарын хан сопының түсінбеді,

Ақтарды келекесін ішіндегі.

Әмірші қарқ-қарқ күліп, былай деді:

«Патшалық – елес қой жай түсіңдегі».

 

«Жоғалар түсім елес – оянған соң,

«Түс пен өң, – деді сопы, – сай аңғарсаң.

Сенің де патшалығың түс емес пе,

Жоғалар ажал сәті таянған соң?!».

 

«Сарайдан тәкаппарлық желі еседі,

Адамның беймәлім ғой келешегі.

Әмірші, олай болса, түс-патшалық

Мұншалық мастандырды неге сені?!».

 

*  *  *

Егіндей қаулап өсіп, нақыл бітік,

Арыстанбаб хикметінен татырды құт.

Бұл өмір өзен болса, тәуліктерді –

Тоқтаусыз иірім-уақыт жатыр жұтып.

 

Алдамшы сағымындай сары адырдың,

Елесін көрем кейде бала күннің...

Бұл ғұмыр ғарыш болса, тәуліктерді,

Жұтуда уақыт дейтін қара құрдым.

 

Елімнің арқау етіп арман-мұңын,

Ақынмын бұрынғының жалғар жырын.

Туар ма Арыстанбабтай бір әулие,

Ұқтырар бұл ғұмырдың жалғандығын.