Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ ...ОТАНЫМДЫ ӨЛЕРДЕЙ СҮЙЕМІН!

 

ЖАННА Д, АРКШЕ

 

Арыларда кекті ойдан,

Ағарады қиық Ай...

«...Өртке қарсы өрт қойған,

Өреңіздің биігі-ай!

 

Өмір мәні – Өмірде!

Өңге одан сый күтпе.

Сыймай қалған Сенімге,

Серт пе, сынық Түйсік пе?

 

Соның және құны осы-ақ –

Сүю! ( ...емес сүйісу!).

Кімге сыйлар ләззат,

Күйген шаштың иісі?..

 

Күлер, күлер қосылып,

Күрсінер де, мұңданар...

Алаңқайда шашылып,

Алақандай күл қалар.

 

Шыдап, шыдап, шыдар Ар,

Шыңғырғанда шын, нағыз:

Кірпігіңіз шыланар,

Көзіңізді жұмбаңыз!!! »

 

Айта алмады ол күбірлеп,

Ақырғы ақыл Адамға:

– Алаңқайлар түбінде,

Айналады алаңға... 

 

АЗА ТҰТУ

 

Күн кешуде қоғамда:

Арызы бар айтпаған,

Қарызы бар қайтпаған,

Һәм ізі бар АДАМДАР!

 

Екі иықты жұлып жеп,

Мұң арқалап біріміз,

Құн арқалап біріміз,

Бір ортақ ән күбірлеп...

 

Бір атаның баласы,

Қиыспайтын ғұмырда,

Сыйыспайтын ұғым бар,

Жиі ұстайтын жағасын!

 

Ғаламшарлық ендікте,

Таңданумен түр азса,

Қамданумен күн озса,

Алданумен келдік пе?

 

Сұқтанумен жұлдызға,

Асыл Айдың әріне...

Осы ойдың бәріне,

Басыбайлы құлмыз ба?!

 

Сары өріктей көгеріп,

Сарыуайым, күдік пен

жолы... қайым үміттен,

Арылайық деп едік!

 

Шешілердей түйіншек:

Үркіп кейін жаманат,

Іркіттейін аға ма,

Бүркіттейін шүйілсек?!

 

Сілкініс керек, сен, сен бе...

Ағарту үшін санаңды,

Оңалту үшін қоғамды,

Қол арту үшін ертеңге!

 

Хабарламадан оқыдық:

(Мен де сілкіне алмадым...

Сен де сілкіне алмадың...)

Жер сілкініпті... ақыры!

 

ҰЛДАРЫМА

 

1.

 

Ерке өссін деп едім,

Еркін өссін деп едім!

Екеуіңнен өтінемін кешірім,

Ертең айтам себебін...

 

Елім десін дейтін ем,

Еміренсін дейтін ем!

Екеуіңнен өтінемін кешірім,

Ертекшінің кейпімен...

 

Екшеленіп біліммен,

Ер болса деп жүгінгем.

Екеуіңнен өтінемін кешірім,

Екіжүзді түріммен!

 

...Еңселенген жатырда,

Ертоқымы тақымда.

«Ертеңіміз сондай нұрлы» деп едім,

Егемендік қақында!

 

Егеулі үшкір найзасы,

Ет пен қымыз майлы асы...

Елдік жайлы, бірлік жайлы айтқанда,

Екеуіңе тисін дедім пайдасы!

 

Екіленіп отырып,

Екі езуім көпіріп,

Ең тәтті бір арман жайлы сырым да,

Екен... екен өтірік!

 

Ерке өспеген Мен едім,

Ерте өшкен де Мен едім...

Екеуіңнен өтінемін кешірім,

Ертең айтам себебін!

 

...Енді қайттім, өлем бе?

Ел қатарлы көнем де...

Екі басты самұрықтың шеңгелі,

Екеуіңнің төбеңде!

 

2.

Сол сертім – өлгенше мойында,

Сендерді жеткеру – парызым!

...Миллиардтан асқаны – уайым ба,

Мемлекетіміздің қарызы?!. 

 

( ......................................................... ,

............................................................ .

............................................................ ,

...................................... !!!

 

Қоғамдық-саяси сана да,

Құлқыннан жеңілсе ұятым..!)

...Амандықтарыңнан садаға,

Алмаған сыйақым!!!

 

Байлықты, қызықты көрмеген,

Барлығын Сендерге сыйладым!

Картаға сыймайтын Жер менен

Каркасты үй де, әні...

 

Еңсемді түсірмей сонда да,

Ертеңге емексіп ес, ием.

Атаңнан қалғаны – кең дала,

Ал, менен... несие!

 

Үлкенің қарайлап кішіңе,

Үлгілі, өнерлі болыңдар!

Дымданған көзімнің іші де...

...Домбыра саңырау!!!

 

3.

Мемлекет жайлы күмәнді ойлардан,

Менің де арылғым келеді.

Шыбық шаншыса шынарға айналған,

Шымдауытты бұл ЖЕР еді!

 

Шенеуніктердің қиналған қалпын,

Шынымен болдық көретін.

ЖЕР еді көмген бидайдан жарты,

Жайқалып егін өнетін!

 

Жаһанға жайылған даңқымыз жайлы,

«24.kz» бөседі...

Армия аталарың алты жүз қойды,

Айдаған ЖЕР де осы еді!

 

...Шолжаңдау осы әдеттерің не?

(Шешелерің айтты, мен көндім...)

Сындырған ЖЕРГЕ дәреттерің де,

Сатылып кететін болды енді...

 

4.

Аталарың мал баққан дала еді,

Апаларың нан жапқан ошақ-ты...

Маған ешкім мемлекетшіл бол демеді...

...мөлтілдеп көзімнен жас ақты.

 

Оқығанымыз орыстың тарихы еді,

Орта мектептегі соңғы комсомол - Менмін!

...Ел патриот деп таниды мені,

Екіжүзділікке де көндім!

 

Ұлдарым, ұран болады далбаса,

Ұғым болады киелі!

...Отарсызданбағанына өкпелейтінім болмаса,

Отанымды өлердей сүйемін!

 

Ех, шіркін, этатизмнен күй кетті,

Енді бәрі толерантты, төзімді...

Екеуіңе Әлемді сүюді үйреттім,

Егделеу космополиттің сөзі - бұл!

 

...Сендер мен сияқты болмаңдар,

Санасы Азат ұрпақсыңдар, құлыным:

Тудағы Қыран сияқты самғаңдар,

Тәуелсіздіктің биік болсын тұғыры!

 

***

Ақымақтың кесірі,

Арқанның ұшын бос түйдім.

Есіңде бар ма есігі,

Екеуміз өскен ескі үйдің.

 

Кеудеңе толса күй ізгі ең,

Көзіңнің жасын сүртпе әлі...

Құрт жеген құрым киізбен,

Қаптаулы тұғын сырт жағы.

 

Қалдырып көлде қайық із,

Қарсы бетке озып шықты о да.

Жетпейтін еді бойымыз,

Жоғарыдағы тұтқаға.

 

Жүрекке ине сұққандай,

Жыладық кейде қуансақ.

Топсасы тозғандықтан ғой,

Тұратын ылғи бір ән сап.

 

Сыңситын күндіз-түнде де,

Сол мұңның осы жалғасы.

Бірақ, ол есіктің неге,

Болмады құлыпсалмасы?..

 

Еһ, секілді енді жас дәурен,

Есіктің көне көк түсі,

Жел ғана жұлқып ашқанмен,

Жапты оны қатты көп кісі.

 

Өткіздім күндер тасада,

Өзгерді сенің бет-өңің.

Бәрібір біздің босаға,

Білмеді кілттің не екенін!

 

Күршекті мен де ілмедім,

Күттің сен жоқты қайдағы, әй...

Басымнан шықпай жүр менің,

Басынып кірген бейбақ ой!