ТӘҢІРТАУ
Көңілім бүгін жабырқау,
дерт сыйлаған ішіме.
Ғазиз анам Тәңіртау,
Тағы кірдің түсіме.
Көз салушы ем шыңыңа,
Кінәлісің деп айт мені.
Қалжыңы ма шыны ма?
Бұл тағдырдың қайткені.
Баурайыңнан күлімдеп,
Сылық-сылық аққан Ілені.
Сенің жалғыз ұлың деп,
Барша ғалам біледі.
Бәрі-бәрі ертегі.
Жүректі әттең тілгілер.
Сол жалғыздың ертеңі,
Не боларын кім білер.
Өткенді сап есіме,
Есіркесін құдайым.
Кеудемді басып төсіңе,
Өксіп-өасіп жылайын.
Тәңіртауым ұлы анам.
Тәңірім өзі сыйлаған.
Енді қайтып жыламан,
Қимаймын тағы қиналам.
ҚҰЛЖА
Елімнің қайыспас қалқаны.
Жүрегім сен жаққа тартады.
Мен саған оралам бір күні
Шығыстың жайнаған жауһары.
Көңілім көктемдей елжіреп.
Сенімен қоштасып соңғы рет.
Кеткенде қимадың білемін,
Іленің суындай мөлдіреп.
Жырымыды ең алғаш тыңдаған.
О, менің аяулы гүл қалам.
Сенімен көрікті сол ару,
Сенімен әдемі бұл ғалам.
Еске алып ғажайып көктемді.
Есіме түсірсем өткенді.
Даңғаза шулаған көшеңнен,
Қалмапты әттең-ай еш белгі.
Ағылған көліктер мазалы.
Өзгерген пенделер жамалы.
Не үшін мұңдана қарады,
Анау бір адамның жанары.
Көзінде үміттің ұшқыны.
Сүйегі өзгеден тіпті ірі.
Басынан өткен бе дәурені,
Әлсіздер жеңеме күштіні.
Әлде бір ерлікті жасардай.
Жұртынан ежелгі қаша алмай.
Қарайды тыпыршып алысқа,
Бас бермес баяғы асаудай.
О менің мерейлі жұлдызым.
Көгіңнен естілер бұлбұл үн.
Үйірден ажырап бір құлын.
Кісінеп алыста жүр бүгін.
Мұңайып қарайма батқан күн.
Келеді сырымды ақтарғым.
Айбаты ежелгі түркінің,
Мекені ғұндардың сақтардың.
Сырлысың сен тағы жұмбақсың.
Сол үшін бәрінен қымбатсың.
Даламның ерлігі оянып,
Бабамның рухы да тіл қатсын.
Алысқа тараған атағы
Арыдан басталған сапары.
Мен саған оралам бір күні,
Шығыстың жайнаған шаһары.
АҚЫН СӨЗІ
Қара жолда қарайып,
Қарап тұрды бір ақын.
Қасіреті молайып,
Жанарында мұң тұнатын.
Өтеді екен бес күнде,
Оған куә қара жол.
Кінә тақпай ешкімде,
Үнсіз кетіп барады ол.
Оралмайтын сапардан,
Бітпейтұғын жолдардай.
Ақын деген қаһарман.
Емес әсте сормаңдай.
Әділ сөздің басын аш,
Бабам салған бұл соқпақ.
Қаның қалай тасымас,
Балақтағы бит тұрса оттап.
Кер заманның бораны,
Тілгілейді бетімді.
Алатаудың жанары,
Ағып түскен секілді.
Мұңаймасын тауларым,
Жыламасын енді ақын.
Менің ғазиз жандарым,
Сырласайық кел жақын.
ӘКЕ
Өлім-жітім, той-томалақ думанда.
Өтіп жатыр, боглып жатыр бұл маңда.
Тербеткелі қара жердің бесігін,
Сен кеткелі асыпты ғой жылдан да.
Аштың ба әке о дүниенің есігін.
Бір алладан түскен шығар кешірім.
Қара көзге жас келеді ойласам,
Қара жерге қалай сыйдың есілім.
Күннің дағы бұл қабағы тым суық.
Шыдауға да көрдім талай құлшынып.
Қабырыңа анда-санда барамын,
Ойға қалып отырамын күрсініп,
Өтер-кетер десем де бдұл азап күн.
Кімнен барып мен сізді сұрамақпын.
Жүрегімнің жылуын елге беріп,
Жұлдыз болып аспанда жылап ақтым.
Қайран әке айналайын өр теңіз.
Мен едім ғой тентегіңіз, еркеңіз.
Сізге суық көрінетін бұл өмір,
Маған ыстық сезілмейді сенсеңіз.
ҚАРЫНДАСТАРЫМ
Дей алман сендер бағымды ашпадың,
Шексе де бүгін жаным басқа мұң.
Қайырылып бір қарасаңдар нетті,
Қара көз менің қарындастарым.
Алыстап кетті сағымдап арман,
Қасірет тағы қалыңдап алған,
Қарашадағы сезетін халымды шексіз,
Бірің де жоқсың жанымда қалған.
Болсаңдар қаста күлімдей аз күн,
Қайғымда өшер үніндей қаздың.
Табалап ешкім кетпес те еді,
Тұрсаңдар құлпырып гүліндей жаздың.
Өтті де кетті білемін бірақ,
Тәңірден қайтем бір емін сұрап.
Өмірдің қайқаң ызғары батып,
Желтоқсанда жүдеді жүрегім жылап.
Қызғалдақтарым болмады дара кеткенің,
Жүруші еңдер қаумалап аға деп мені.
Ессыз-түссіз күй кештім бұл күндері,
Өмірімнің бастамай жаңа көктемін.