Айжарық Сұлтанқожа: Жауап бере алмайсың...

***

Бұл шумақтар есігіңе соғылған толқындармен келген.

Бөлмеңнің жағасына тізген мұңдарыңды шайып,

Ескі күндердің самалын ертіп,

Естеліктерден терген күлкіні –

Алдыңдағы ақ жолақтарға  жайып,

Жұбатар мүмкін.

 

Күліп билер, қыз

 

Қарасы әсем

Күн нұры саулап

Сиқыры осында

Шарасызсың сен

Әуені жаулап

Жұмсақ қимыл

Биіне ырғалып

тербелістері

Балаша ұрланып

Сырын  бөліскен кеште

Жайдары көңіл кездерім...

Түскендей еске

 

Тығырық

 

Өзіңнің өзіңе не айтқың келетінін білмеген кезде,

Тексеріп қалса, тауып алатындай ішіңдегіні.

Менен өзіңді кейде жасыратыныңды,

Түсінген күні, 

Қаламайсың.

Мен деп кіргізген үйімде

Өзіңді

Ешқайда қоя алмайсың

 

Бәрін тастауға асығып

Сен кейде жалғыз аралайсың

бұтақтарын кесуді ұмытып кеткен бақтың ішін

Жапырақтарың шашылып

Бір кірпігіңе мұң

Екіншісіне бейқамдық асылып

 

Жауап бере алмайсың

Тайқып көздеріңді

Көліктің шамынан

Байқамай қағып кетемін сені

Өзге бір күн

Алып кетемін деймін кейде сені алыс

Бірақ

сен өзіңді тастай алмайсың

Мені де...

 

***

 

 

жүрегіңді қапсыра жапқан қабырғаларың

менің  құшағымда сынып кетердей

 

жақұт жанарыңды менен үздің де

басыңды мойнымнан төмендеу төседің

 

әлсіз қолдарыңды жауырыныма шырмағанда

кеудеңдегі

 дүрсілді үдеткен

тынысыңның тереңдігіне

 мен де

тұншықтым

 

Кездесу

Бес жыл – бес күзді тауыса бергенде.

Тағдыр – бір затты айта алмай,

қысылып жүргенде.

Олар қайта кездесті,

Бұл жолы тағы да байқамай.

 

Қыздың қолдары – бұрынғыдай, суық.

Тұрмысқа шықпапты,

Қысқарған бұрымын,

басқаша буып,

Үлкендеу қыздарға ұқсапты.

 

Ал жігіттің,  ендігі:

арманы жуық,

өзіне сенімді.

Ол қыз жайлы ойлардан жылдары,

санасын алғандай жуып.

 

Екеуінің,

Әңгімелері түйіліп қысқаша,

Жаңалықтары үйіліп тұрса да,

Жатырқай тосылып сөйлесті.

 

Қызығы, қиыны алайда.

Жанарлар – мұқият қарасаң,

Шыңғырып жатқандай.

Қарайды кідіре,

Айтқысы келгендей -

Батпандай сағыныш.

Әлі де сақтапты,

Жасырын жарылыс

Қашса да  үдере,

Махаббат таппапты

басқадан

 

Маужырау

 

таңның көздері қатал

бірақ

қолдары жұмсақ

балқыған сүйектеріңді

көндіре алмай жатқанда

күн де атар

шыраққа ұқсап

 

қуып жіберген көрермендердей

түстерден шықсақ

 

өңімізге бекер келгендей

қиялдан тыс қап

 

 

Төз

Өмір

(Жолымнан)  Қуаныш  алыстап

Тағатсыз таң атар

Табылмас жұбаныш. (Соңынан)

Жалғыздық жаныштап

Шерімді тарқатар

Қай жақта?

Жан құштар

 

Дерсің де, кетерсің

Мұңға құлап

Құрсаған суықтан

Сауға сұрап,

Алайда

 

Мейлі - ні  айтуды үйретер

Айырылу, кісікиіктік .

Кей күні  алайда шыдасаң

Қарымта сый жетер

Өзіңе - қайырылу

-Биіктік

Алдымен жалынға күйіп біт

Соңынан салқын ой

Болады ұйытқы

Сабырға....

 

Алма-арасан

таулардың етегіне жантайып

жұлдыздарды көздегендей

деміңді босатып

айналаңды еркіндікке

ұқсатып

 

өмірді жібітіп аспанда

бұлақтың суы

үнсіз қалмауға

сөз бергендей

тастарға

сенің  де

сол кезде

құқың бар секілді

қайтадан бастауға

 

Сұраймын

Кеудемде қоңыр тартпа бар

Сол жағынан ашылар

Тартпаның жалғыз атқарар

мақсаты  жұрттан  жасырар

Көздерді қоңыр

Кездерді жалын

Айтуға қиын

Сөздердің барын

Білсемде бірақ

Көрейін сынап

 

Сұраймын тұнық,

жылы күндерді

Гүлдерді жұлып

сүйетіндерді -

бақытты қыла

білетіндердің

біз болғанын

 

Қызықты өмір

Сүретіндердің

Қиын болса да

Мойымай әсте

Күлетіндердің

Жылдардың Ұзақ

бойымен Бірге

жақындық сақтап

Жүретіндердің

Біз болғанын

Сұраймын

 

Сұраймын  тағы

Ана жүрегі соққанын ұзақ

Әкенің қолы демеу боп арқа

Қаққанын ұзақ

аралас бауыр

Жаға боп өсіп

Өмір оттарын

Сыйласып бірге

Жаққанын ұзақ

Сұраймын

 

Сұраймын

Және

Сүйетін көзден

Қарайтын біліп

Үш ауыз сөзбен

Алатын тіліп

Үйіндей болар

Қолдардан құшақ

Ғашық бір көзбен

Тұрса екен күліп

Бақытқа ұқсап

 

Ал соңында

Сұраймын

Тағы

Өртенбей

 Жанбай

Қатайып

Күйе білуді

Өмірді мына

Шаршамай

талмай

үмітпен ыстық 

Сүйе білуді

 

КЕҢСЕДЕ

 

Қамаудағы құстардың

 дұғаларымен үндес әуенге

тербеліп

Парақтардың арасына жасырған

қанаттарыңды жазуға ерініп

Жұмыс күніңді

күбірлеген кеңсенің

ырғағына табыстап

Ақшамға асыққан

сағаттарыңды тауысасың

 

Ескі уәделерің

Қалағаныңнан керісінше

орындалғандай кейде

 

Алайда

Алыс мекендердің желдері

тоңдырмағанына

ренжісең

жылдарыңды

еңбекпен толтырмағаныңды

мойындау керектей ме ?