ЕШТЕҢЕ ДЕ СҰРАМАЙМЫН МЕН СЕНЕН...
Бірге жүрсек, ажырамай арамыз,
Батпан баққа батып жүрсек белшеден,
Көп белеске бірге жетіп аламыз,
Ештеңе де сұрамаймын мен сенен.
Кеш шығатын күндер туар кеңседен,
Бір ауырлық кетпей жүрсе еңседен.
Сондай сәтте қабақ шытпа сен маған,
Басқа ештеңе сұрамаймын мен сенен.
Адам болып кетіп жатсақ ел сенер,
Саған ғана еркелегім келсе егер.
Жылуыңа бөлеп қойсаң болғаны
Бөгде бақыт сұрамаймын мен сенен.
Мен межеге жеткен жоқпын, жолдамын...
Өзіме шақ шыңды өзім-ақ еңсерем.
Біз бақытты ғұмыр кешсек болғаны,
Ештеңе де дәметпеймін мен сенен.
Айды әперме, тұрсын жұлдыз көгінде,
Басқа уәдең орындалар, мен сенем.
Берекеміз болып тұрса өмірде,
Ештеңе де сұрамаймын мен сенен.
Тіршілікте бәрі кейде теңселер,
Арқа сүйер қорғаным бол сен, сенер.
Сұрамай-ақ бола жатар барлығы,
Тәңір бізге бұйыртса бақ-енші егер..
* * *
Сәл адасып жүрсің-ау сен мендей-ақ,
Біз жол тауып кетерміз сенделмей-ақ.
Сен келмей-ақ жұлдызым жарық еді,
Аспаным да ашылар сен келмей-ақ .
Өкініштің өшірдім өткенде үнін,
Өзеуреген сенім де өктем бүгін.
Көктем бүрі көктейді сені күтпей,
Күліп шығар сенсіз-ақ көктен күнім.
Өшеді өзегімді өпкен мұңым
Өшірем, одан өзге көп пе ерлігім?!
Өзіме өзім – жаумын, өзім – емші,
Жұбатып, тыңдар дейсің өкпемді кім?
Өмір – ғажап! Несіне кектенемін?!
Байқасаң, мен өзіңсіз өзімшілмін,
Сен мені қоса тастап кеткен едің,
Биігін тастар сәтте сезім-шыңның.
Көңіл құсы, өзіңсіз ол да самғар,
Оқымаймын, одан хат жолдасаң да.
Тоң басар да арнамды...ол да ериді
Өмір бар...Сен жанымда болмасаң да.
Өмір бар. Мезгіл жылжып, күн өтер мың,
Осылай біткені абзал бір ертегім
Мен сені серт етемін сағынбауға
Көп болса еске түссең дір етермін...
Сен тек...
бақытты болшы!..
* * *
Қызыл арай аймалайды қыр басын,
Сұлу қылып тіршіліктің сұлбасын.
Тағы бір күн толықтырды тарихты,
Тағы бір күн қосып кетті сырға сыр.
Асықпашы, құстар үнін тыңдашы,
Қызыл шұға шырмап апты шың басын.
Біздер үшін басталғандай бұл өмір,
Біздер үшін жалғасардай бұл ғасыр.
Жаратылыс бәрімізге жанашыр,
Соны сезіп, қалай ерте көз ілем?!
Көргеніңнің бәрі көркем, бәрі асыл,
Қарай алсаң махаббаттың көзімен.
Кешіп өтіп қарасы мен аласын,
Бұйым көрмей шаласы мен жаласын.
Тіл қата алсаң махаббаттың сөзімен,
(Жауыңа да жауап таба аласың)
Жазмышқа да жарығыңды жағасың.
Қарашы өзің, бізге түсті күн нұры,
Өмірді кең деген жанның – өзі кең.
Босқа өтпейді, бес күндегі бір күнің,
Өмір сүрсең махаббаттың өзімен.
Қызыл арай аймалайды қыр басын,
Сұлу қылып тіршіліктің сұлбасын.
Жүрек соқсын махаббаттың күшімен,
Жырласа ақын, махаббатты жырласын…
* * *
Тауға қара, күйреуіктеу күйге енсең,
Тауға қара бір биіктеу сый көрсең.
Үндестікке жетер едің өзің-ақ,
Үндемеуді табиғаттан үйренсең.
Ар ағысын арам ойлар басынып,
Тауға қара, бара жатсаң тасынып.
Тауға ұқсайды армандары адамның
Қара таудың тасы - сынақ, басы - үміт.
Ниет сонда тазарады, самғап ар,
Жабырқаған жүрегің де жанданар.
Ұлы болсаң ұсақ болып қайтарсың,
Кең дүниеге сыймағанда тауға бар!
МЕНІ ОЙЛА...
Айдын қалай қия алады аққуын?
Жұтып жатыр ұяң ару тәтті уын.
Шарайнаңның шырқы кетсе, мені ойла,
Мені ойла, шалқығанда шаттығың.
Толқын қалай ажырайды теңізден?
Біздің сондай тартылыстан неміз кем?!
Жалғызсырап қалғанда емес жарқыным,
Жаның гүлдеп тұрған кезде мені ізде!
Дауыл болмас жылжымаса жел, сағым,
Дүрсілдерге айналады делсал үн.
Мен сағынсам көктемімде ең сұлу,
Ең сәруар сәттеріңде сен сағын!
О, сағыныш кейде сынды кәусар су,
Кәусарыңды қалай ғана таусарсың?
Асыл арнаң тарылғанда емес тек,
Азапты ойдан арылғанда аңсарсың.
Сағынышқа сүю ғана мұрат па?
Іздегенім табылғанда таптым құт.
Жарық барда сағыныш бар, бірақ та,
Жабыққанда ғана іздеу – сатқындық!