ҚАЙСАР БАУЫРЖАН. СЕНІҢ СОЛ БІР СӨЗДЕРІҢДЕЙ АЛДАМШЫ...

ЭЛЕГИЯ

 

Тұншыққан жапырақтай күзгі ауадан,

Кей-кейде өз-өзімнен сыздап алам.

Үнсіз, шуыл болатын мезі болдым,

Жұмбақ елес жасырған қыз – қаладан.

 

Күрең күз ғайып қылды гүл даланы,

Құмарымды құшақтап түн барады.

Мені есіне түсірді білем, білем,

Жапырақтар жайраған күзгі алаңы.

 

Сарсаң ойға өзін де, мені салып,

Баран өмір барады теріс ағып.

Қарашаның ұлиды қасқыр желі,

Еміс-еміс есіме сені салып.

 

Қаншама күз көрермін алда жалғыз,

Мұңымды да қалмапты-ау, аңғарар қыз.

Жер бетінен таппаған аруды іздеп,

Тәңірдің де алдына сан барармыз.

 

Ләззатыңның кетіп ем татып күшін,

Ұмытарсың мені де ғашық құсым.

Бізден көркем көрінген көлеңкеңе,

Күзден көркем көрінсең бақыттысың!

 

ҚҰЛАЗУ

 

Мендегі осы олақ салымды-ай,

Ойлар түбінде тозақ барындай.

Бала армандарды жоғалтып алдым,

Көк белге түскен көз оттарымдай.

 

Жүректің мұңға сиынған күні-

Сыршыл ойлардың бұйырған бірі.

Үзіліп кетті әжемнің демі,

Сәби тұлымым қиылған жылы!…

 

…Өмірдің өзі жылап қалыпты,

Балалығымды жыраққа жықты.

Үлкен үйдегі әжемнің еккен,

Жиде ағашы да құлап қалыпты.

 

Салады тағдыр маңдайға жара,

Баяғы бақыт қалмай бара ма?!

Қарайғанда да не қалды дейсің,

Жиденің дәмі таңдайда ғана…

 

Тағы да бір күз асыға келді,

Жанымды мұңға батыра берді.

Алыстап қанша кеткенімменен,

Қара шаңырақ шақыра берді.

 

Еңсерген сені ғасырым аман,

Балаңның қазір жасы бұлаған.

Құлазып қалған қу көңіліме,

Мен сені қалай шақырып алам?!

 

Сағынып ауыл жылады ма екен,

Халымды түннен сұрады ма екен?!

Балалығым да жасқаншақ еді,

Есею дегенқұлазу екен.

 

Салады тағдыр маңдайға жара,

Баяғы елес қалмай бара ма?!

Қарайғанда да не қалды дейсің,

Жиденің дәмі таңдайда ғана…

 

АЛМАТЫ

 

Аспаны жадырап, тазарған Алматы,

тауынан жаңғырған азанғы ән Алматы.

Ауылыма мың күндік сағыныш қозғағанда,

ештеңе сезбестен сазарған Алматы.

 

Мендегі армандайұшарың Алатау,

естіртші сен бізге құс әнін, Алатау.

Түн болып мен сені кеземін бір күні,

жұлдыз боп төбеңді құшамын, Алатау.

 

(Ақын боп мұңайдым жағанда Есентай),

Қырандай ылдилап ағар ма, Есентай?!

Қаласам арнаңады Ертіске құяр ем,

Бірақ та ол жаққа барар ма, Есентай?!

 

Махаббат қаласын нұсқаған Көктөбе,

кең аспанды айналып ұшқан ән Көктөбе.

Өзіңдей әдемі арудың қолынан,

өзіңде тұрып мен ұстағам,Көктөбе.

 

Көк аспан астында гүлденген Алматы,

таңдайыма ақ уыз жыр берген Алматы.

Аруымды іздеткен гүлдерден Алматы,

Ауылымды іздеткен түндерден Алматы...

 

Мен енді Ертісті кешпеймін, Алматы,

Ертісті кешпесем не істеймін, Алматы?

Мен енді ешқайда кетемін, Алматы,

мен енді ешқайда кетпеймін, Алматы!..

 

***

 

Ешкімге айтпашы, сен мендік күйлерді,

тәп-тәтті сағыныш, мен оны сүйгенмін.

 

Ешкімге айтпашы, сен мендік мұңдарды,

үйренген жайымды мұңлы әуен тыңдауды.

 

Тамаша түндерде нұр шашып жарық ай,

мен оны сүйгенмін өзімді танымай.

 

Мен оны сүйгенмін өзімнен қызғанып,

қосылмай кеткенбіз сонда да біз ғаріп.

 

Мен оны сағындым, жүректе – мың күбір,

барлығы әдемі солғанша гүл ғұмыр.

 

Мен оны сағындым, өзімді жек көріп,

тек қана қайғылы қоштаспай кеткенің.

 

Сендегі сағынышжаныма төккен нұр,

Мендегі сағынышқұлазу қоп-қоңыр.

 

Мен сені сүйгенмін өзімнен қызғанып,

қосылмай кеткенбіз сонда да біз ғаріп…

 

***

 

Кездеспейміз енді екеуміз кездейсоқ,

бақытымның бар ажарын тонар күз.

Біздер жайлы айтылатын сөз ғой көп,

ел аузында жолығысып қалармыз.

 

Енді бізді іздемейді ән-жырлар,

енді бізге шаттық – арман, көктем – мұң.

Сенің мөлдір көздеріңдей – тағдырлар,

Менің аңғал көңілімдей – өткен күн.

 

Менің аңғал көңілімдей өтті күн,

Сен қылықтым еркесі едің жанымның.

Сол күндердің ұмытпадым ешбірін,

ұмытпаған сол күндерді сағындым.

 

Енді біздер кездеспейміз, о, неге,

енді бізді іздемейді мол бақыт.

Тағдырымның сәуегейі сияқты,

Бәрін біліп, бәрін білмей жол жатыр...

 

Күліп жүрген көңіл сондай аңғалдау,

сүріп жүрген өмір сондай кәделі.

Сенің сол бір сөздеріңдей алдамшы,

сенің мөлдір көздеріңдей әдемі

Бұл өмір...

 

 

ОЛ.ДОМБЫРА

 

Көшкен ел, күпті көңіл, қалған мұра,

жол емес Алтай асу, армандыға.

Күйкентай көңілінің күйін ұғып,

шанағын балқытады сары домбыра.

 

Күмбір үн, күңіреу үн, құлақ жерік,

бермейді күй құдірет күмәнға ерік.

Алтайдың беткейінен жусан кешіп,

жеткен ол жебе асынып, құланға еріп.

 

Көктемі көңілінің дара шүйгін,

жар сүйді ол, балпанақтай бала сүйді.

Тамылжып сөйледі енді сары домбыра,

қағанағы қарық боп қараша үйдің.

 

Үкісі домбыраның бұлғақтаған,

құбылтты қоңыр әнді ырғақтаған.

Кім келіп, кімдер кетіп, беу, дүние,

Есігін бұл жалғаннның кім қақпаған?

 

Санады жылдар бейғам тәспілерін,

көрсетті бақыт күйі басқа реңін.

Сүйгенмен домбырасын жаннан артық,

өмірді ол үлгірмеді жақсы көріп...

 

Содан кейін, төрге ілдік сүгіретін,

жылайсың, егілесің, түңілесің.

Жанасып сүгіретке домбыра тұр,

иесін сағынғанда күмбір етіп...

 

***

 

Күңіреу түн, шым-шытырық күмәнді ой,

Сүю деген – сүйгеніңе ұнау ғой.

Қиялымыз құс жолында адасып,

Жұлдыздармен бал аштырған Құдай ғой.

 

Қиялымыз құс жолында адасып,

Ертеңіме жұлдыздармен бал ашып,

Көз жасымнан көрем мүмкін өзіңді,

Қарай-қарай талған кезде қарашық.

 

Көз жасымнан көрем мүмкін өзіңді,

Жұлдыздардан тамған нұрлы сезімді .

Жанарыңа кеттім солай сиғызып,

Ең бақытты, ең бақытысыз кезімді.