АЙСҰЛУ РҮСТЕМОВА. ЖАЗБАУҒА ДӘТІМ ЖОҚ МЕНІҢ...

  

*  *  *

Үзіліп кетті шектерің,
Күңіреніп күйің төкпедің.
Өзіңе қарап өртендім
Жазбауға дәтім жоқ менің!


Жоқ менің бүгін дәрменім,
Ән бе едің өзің, әл ме едің?
Сопылық несін алған дер
Қадірін білмес сәлденің.


Жау жоқта біреу батыр ма,
Отырғызады ол тақырға.
Төзімім, сені түгесті,
Жүрегім бірақ, шатылма!


Шыдамас жерде шыдадым.
Тастамас мені мына мұң.
Өзгенің қайтем мейірін
Өзің барда да жыладым...

 

СЕЛ БОЛЫП КЕЙДЕ...

 

Мен - теңіз едім. Мұңымды шағала білді.
Ақ жал толқынмен бұзасың жағалауымды.


Аспан тектім-ау, ашулы төніп келесің,
Алаңдай берем, жер болып жерітпегесін.


Мөп-мөлдір тамшы-ем, қызығып, шашып ойнадың.
Тірліктің белден бастың да жасыл аймағын.


Нәзік пе деуші ем, осынша бұзық та ма едің?
Қыз деген қызыл гүл ғана, қызықпа дедім.


...Сел болып кейде ағамын, егіліп бөтен.
Мазаламағын, көз жаспын... төгіліп кетем!

 

САМАЛА КЕШТІҢ СӘУЛЕСІ

 

Күйзеліп кеткенің бе шын? Күрсінгенің не?
Білемін.Несін күрсіндің, білсін дедің бе?


Өпкенде нәзік, әдемі сырың кеп беттен
Жүрек те сорлы, өрекпіп, дірілдеп кеткен.


Албырап өңім алдыңда қысылғанымда,
Қиял көгіңнен көгершін ұшырмадым ба?


Жаныңды тербер өлеңім - жан дауа ма еді,
Ішкі дауысым тынбайды - «Баурама мені!»


...Самала кештің сәулесі. Абай атаның
Жанында ылғи сені ойлап бара жатамын...

 

*  *  *

 

Дауды бүгін дауламаймын өнбейтін.
Ақша бұлтқа айналғанмын көлбейтін.
Киімімді киіп Жерде жүр біреу
Баяғыдай сені жақсы көрмейтін.


Ақша бұлттың арасынан кешқұрым
Көзің шалса бар қатемді кеш, күнім.
Ескі таныс көріп еді бір күні
«Ол емеспін!»- деді жүрек, естідім.


Естігін де, дәл осыны ескергін.
Өртенумен, өксуменен өшкенмін.
Киімімді киіп Жерде жүр біреу-
Сол адамнан, сол адамнан сескендім...

 

У ДЕГЕНІҢ УЫСЫМДА

 

Арсыздықтың бәрі жүр ме тамұқта,
Анықтап ал, ей, пысығым, анықта!
У дегенім уысымда. Толған Ай
Толқып тұрды нұр төгерде ғарыпқа.


Желге қарап ық күледі. Не дейді?
Кері кетерде көбік ауыз көбейді.
Үйіндінің арасынан үйлесім -
Сені ешкім дұрыс адам демейді...

*  *  *

 

Ең соңғы рет көрдім сені, ал тыңда:
Тек екеуміз жолығатын жағалау.
Өзен ақты өрекпіген қалпында,
Су тасыр деп тұнып тұрған қала - дау.

...Жаз туралы айтып сонда жаз шыға,
Ақын-әйел дегенді түк ұға алмай.
Есімде әлі - патша үйі қарсыда,
Петропавл қорған тұрды шығандай.

Ауа да ортақ еместей-ді біздерге,
Тұрды аспанда нұрдың жүзі-белгісі.
Сол сағатта маған келді іздеуге
Барлық ессіз... әуендердің соңғысы.

*  *  *

 

Ақ қарды көріп – ақ екен дегем, алданғам. 

Жүгіре шықтым-жолығар деумен таңда алдан.

Күннің де жаным, сәулесін сен деп қабылдап,

Көңілімде менің жүретін кірсіз, сәнді арман.

 

Бір тылсым барын байқадым сонда түн атты.

Не білдің, неге жұлдыздар төмен жиі ақты?

Тығылып қалып, қайтадан жанаған жұмбақ от

Аспанда жүрген періште қыздар сияқты.

 

Аппақ ұлпалар асықты Жерге құлшынып.

Жалғасы болар ақ ғұмырлардың -тіршілік?

Уақыт осы, ұмытылады. Ал ертең

Басталып кетер басқа бір қызық Күн шығып.

 

Қашты ма алып біздерді алыс жүрдек Күн?

Махаббат деген қар жауған ғана түн деппін.

Алақанымда сәл суық, мамық ұлпаның

Түбінде еріп кететінін де білмеппін...

 

БАР БОЯУЫМ

 

Алатаудың етегін мекендедім,

Қаңтар туса еліме кетем дедім.

Құзар шыңға шығып-ап дауыстаса

Балапанды алып-ақ кетер ме едің?

 

Құбыласы түгелдей күндіз күлем,

Жасандырам түнімен жыр қызды мен.

Ай әкелем, жанына күн әкелем,

Маңдайына Шолпандай жұлдыз тігем.

 

...Өштің деймін кей сәтте, өштің деймін.

Сағыныштан сарғайды кескін-кейпім.

Сап-сары боп ішімде қалып қоймай

Бар бояуым өлеңге көшкін деймін...