***
Сұлу сазың – керең қылмас,
Ұмыттырмас наланы.
Сүйген бе едім, өлеңге ұқсас,
Долана иісті даланы?
Сарыарқаның жыры сынды
Сыры бекем ақ қурай.
Сыңсып тұрған тұрысыңды
Сүйген бе едім тап бұлай!
Бір күн сенім, бір күн үміт,
Арман әнім-мұратым
Ақ жусанды үлгі тұтып,
Өскен бе еді бір ақын?
Жапырағы аяды ма,
Жүрегімді ботадай.
Ақ қайыңның аяғына,
Құлай салдым оп-оңай.
Бәрі жақын, қымбат маған,
Ойым орман, санам қыр.
Терек - менің сымбатты ағам,
Қарындасым - қалампыр.
Сұлу сазды жидым да оңай,
Сала алмадым жат әнін.
Сені ессіз
Сүйдім солай,
Менің Дала Отаным!
***
Мен өскен өлкеде қыс қатал, жаз нәзік,
Даланың сазынан таба алмай өзге азық.
Жабығып жүргенде өлеңді үйрендім,
Бұлбұлдың әніне сөз жазып.
Теректей теңселіп, қайыңдай ырғалып,
Шөліркеп, шөлдеген жанымды жырға анық
Ақ жауын өлеңді іздедім өзіңнен,
тұмаға тұндырып, бұлаққа бір барып.
Таңқурай аңқыған таңдарда жиі ұқтым,
Самал жел ойнақшып, басын да иіп тым,
Иітіп алғандай даланың асауын,
Белінен сипайды киіктің.
Айтатын сыр барда өлкеде мен өскен,
Бидаймен бірге өсіп, бақтармен кеңескен,
Жаза алмай жүрген бір ақынды аяймын,
Өзіңмен тел өскен...
***
Таныс әуен естігенде құлағым,
Кеудеме орнап қалатындай бір ағын.
Сағындым мен қайтқан қаздың қаңқылын,
Тырналардың тырауын.
Сәулесіне шомылғанда сағым қыр,
Шуағына жылына алсам бағым бұл.
Таудан аққан тас бұлақтың, тәңірім,
Мөлдірлігін сағындыр.
Дала, дала көкірекгін көрік деп,
Жырларыңды,
Жұмбағыңды беріп кет.
Ақ селеуге ұқсаса екен өлеңім,
Ақ жусанға еліктеп.
Сұңғақ атты, сұлу қызды, сымбатты,
Сағым дала қаншама әнді тыңдатты.
Шешіле бір сыр ақтарсам деп едім,
Шиеге аунап күн батты...
***
Күн нұрына боялған қызыл алма,
Ілініп тұр бұтақта қызығарға.
Сен біреуді сағынсаң,
Сол алманы,
Сағынышпен сендегі үзіп ал да...
Ешкім көрмей тұрғанда, оңашада,
Бір тістеуге көңілің қаласа да,
Табиғаттың заңына қарсы шығып,
Үсіртпей-ақ ызғарлы қарашаға,
Жылы, жұмсақ шәліге орап алып,
Құс жастықтың астына ала, мамық,
Сол алманы сақтап қой көктем келе,
Сағынғанның алдына бара қалып;
Табылғандай жаңа бір жоғалғаны,
Орындалған секілді бар арманы,
Сенің нәзік,
ып-ыстық
жүрегіндей
Сүйгеніңе сыйлап бер сол алманы...
***
Қарақаттай қара манат,
Алтындаған ақ моншақ.
Саусағыңмен санамалап,
Сүйгеніңді тапқан шақ.
Жаратқанның сыйын ұға,
Сен өзің де сый едің.
Жұмсақ кештің иығына,
Басыңды әсем сүйедің.
Қоңыр мұңның жыры кейде,
Қаламымның ұшында.
Жылы киін, жылы сөйле,
Жақсылыққа қысылма.
Сонда сенің жолың болар,
Сонда сені бақ табар.
Тілегің де орындалар,
Жүрегің де шаттанар.
Мені ойлама, менің мұңым -
Мұз қарыған сөз еді.
Сеніміңе сенімдімін,
Сезіміңді сеземін.
Өзіме-өзім бойлағым кеп,
Өмір-жайды ойға алам.
Төзім жайлы ойлағым кеп,
Өзің жайлы ойланам.
Күңіреніп барады алап,
Бір бақытты қатты аңсап.
Қарақаттай қара манат,
Алтындаған ақ моншақ...
***
Ажарына сәуле төгіп, өң беріп,
көк майсаны көйлегімен көмкеріп.
келе жатты көктем түстес бір ару,
келе жатты періштелі пенделік.
қызыл-жасыл дүниенің түр-түсі,
қызық қуған балалардың күлкісі,
бәрі де оның сыр ақтарар сырласы,
бәрі де оның ажырамас құрбысы.
жаңа түскен аппақ қардай адал жан,
дидарына таңның нұры таралған.
оған салса, мынау жарты ғалам да,
жылулықтың шуағынан жаралған.
табиғатта талғам басқа, ерек үн,
біледі ол сұлулықтың керегін.
содан шығар, таңданады дүние,
содан шығар, ақын болған себебім...
***
Алма иісі. Гүл. Лимонад жүзімнен.
Тереземде – жапырақтар күз ілген.
Сенің мұңсыз дауысыңды естідім,
Телефонның тұтқасынан үзілген.
Сезімімнің жетегіне бағынбан,
Мұндай күйден он жетімде арылғам.
Саусағым ғой – шаштарыңды аңсады,
Жүрегім ғой – дауысыңды сағынған.
Сенің әрбір қимылыңды ән қылып,
Қиял-ойым мұң кешеді, жаңғырып.
Сен болмасаң, дүниеде сыймастан,
Кетер едім дәруіштей қаңғырып.
Жаз да кетті, тырналармен тізілген,
Радиодан – ескі әндер үзілген.
Бөлмемде тек қалып қойды қыркүйек.
Алма иісі. Гүл. Лимонад жүзімнен…
МЕҢТАЙ
Мең деген не,
Мең деген?
Хафиздің да жан-жүрегін емдеген.
Жүзіңдегі жүзімдей-ақ таңба ғой,
Жүз жігітке көнбеген.
Бір мең үшін – бір шаһарды сыйлаған,
Ақындарға қараймын да қиналам.
Қалай ғана беріп кетті қаланы
Өзге түгіл, өздері де сыймаған.
"Бір мең үшін ақын болу мұратым" -
Деген еді ойда-жоқта ұлы ақын.
Өлең саған бақ емес қой баянды,
өзгелерден бақыттылау қылатын.
Періштемді қатар қойма пендемен,
Біздің жақта ондай жандар кем де кем.
Жүз жігіттің қолға түспес арманы,
Жүзіңдегі мең деген.
***
Түннен жеткен тыныштықтан, тілектен
Сенің жұмыр жүрегің-ау дір еткен.
Қонып жүрді көбелектер алаңсыз,
Тоқылған көк көйлегіңе жібектен.
Әсем, сұлу келбетіңнен тым асқақ,
Қиял-ойым кеткен еді құлаштап.
Саған раушан құрбың болып көрінер,
Саған лала сырласың боп сыр ашпақ.
Сыймай жатып дүниеге күйіктен,
Сен дәл мендей,
Сен дәл мендей сүйіп пе ең?
Содан шығар махаббатқа, жан еркем,
Қарап тұрдым – өзің шыққан биіктен.
***
Күміс саусақ. Алтын кеуде. Ақ білек.
Жыр саулаған бұрымыңнан бақ тілеп.
Сенің көзің қарақаттан қап - қара,
Сенің ернің құлпынайдан тәттірек.
Сезімдердің аяулысы алғашқы-ай...
Төзім бітіп, сөздерім де жалғаспай.
Өміріңнің қиындығын білмеймін,
Көңіліңнің нәзіктігі рауғаштай.
Алақаның жылуы мол Күн шығар,
Еркелігің жібектейін түн шығар.
Көз қиығын тастап кетсең тасада,
Жігіт біткен жастығына тұншығар.
Теңей көрме періштеге, елеске,
Түсірмейді Ләйләні де ол еске.
Сұлулықта дарын жоқ деп кім айтты,
Сұлулықтың өзі дарын емес пе?