ҒАЙНИКЕН МАРАЛТАЙҚЫЗЫ. Мен сені қалай қиып кетер екем?..

 

ҚЫЗ.ҚЫС

Естіп тұрып

Жүрегіңнің қағысын.

Көріп жүріп

Өміріңнің ағысын.

 

Саған қарай

Саған қарай асықпын.

Тағдыр-талай

Тағдырыңа қанықпын.

 

Сені біліп

Білген сайын тартылдым.

Сені сүйіп

Мұң мен жасқа малшындым.

 

Жортып келіп

Саған түбі жолықтым.

Қорқып едім

Сағынудан, торықтым.

 

Желтоқсан ол

Сені қайта тапқан қыс.

Сені тосқан

Суығына тоңған қыз.

 

Бездіретін

Мінезіңе көнген қыз.

Сездіретін

Сезіміңе сенген қыз.

 

Сені үмітпен

Келеді деп күткен қыз.

Тең күдікпен

Арпалысып өткен қыз.

 

Ел сөйлесе

Елемеген ессіз қыз.

Сен кел десең

Табылатын сөзсіз қыз.

Қыз

Қыс

Соңғы қыс.

 

БЕУ, ПЕРІШТЕМНІҢ ЖАУЫ

 

Беу, періштемнің жауы!

Тарамдағын шаштарымды аялап.

Тарамдалған тағдырымды аяп ақ,

"Саған да бір кезігер" деп арай бақ.

 

Беу, періштемнің жауы!

Шын сүйіп те көрмеген бір сорлысың.

Ғашықтықты сезінбеген – сорлы шын,

Махаббатты менсінбей ме болмысың?!

 

Беу, періштемнің жауы!

Жаңылыстың бақыт іздеп жүріп сен.

Шалынысқан пенделерге күліп пе ең,

Ит тірліктен шығып жүріп сілікпең.

 

Беу, періштемнің жауы!

Ібілісіммен достасып та үлгерген.

Періштеммен қастасып та үлгер сен,

Жүрегіме еніп кеткін үлгерсең!

 

 ОДА

 

Сүюден ада қалғыр-ай,

Түн түріп түндігін, төбемде қалқыды ай.

(Күн асты, жер үсті),

Екеуміз ғана тек қалғандай.

 

Сезіндім өзімді,

Кезігіп сезімге ғаламат.

Кешірдім өзіңді,

Алысып жүрекпен алапат.

 

Ал, ұста,

Жүрегім өзіңе аманат.

Бұл тұста,

Сүюдің өзі де ғадауат.

 

Жалғыздық,

Жалғыздық Тәңірі тек саған жарасқан

Бейбақпыз,

Бейбақпыз бақытты болуға таласқан

 

Ұмытып өткенді,

Зымырап барады бұл уақыт

Тек қонды,

Кеш қонды біздерге бір бақыт

 

Құс келді,

Бүр жардық көктемгі гүлдердей

Құс кетті,

Аққанат арманын құшақтап біздердей

 

ЖАМБЫЛ ЖЕРІ

 

Мас болып жұпарыңа мұнарлы әлем,

Шыдайды ширатылып шынар да әрең.

Мен сені қалай қиып кетер екем,

Кеудемнен ақырғы рет шығарда дем.

 

Тоғайың таптырмас ем – толғануға,

Саф ауаң шипа жанда толған уға.

От берген сенің тұма табиғатың,

От ауыз, орақ тілді оғлан ұлға.

 

Өрнектей анам сызған кілемдегі,

Жайнайды жазғытұры гүл өңдері.

Сұлулықты сұқ көзден қорғап жатыр,

Қатпарлы қарт Қаратау сілемдері.

 

Тереңнен тіл қатпайды-ау тарих әттең,

Қырқаңнан Қарахан да басып өткен.

Асаға ат шалдырып Айша бибі,

Еңсесін тіктеген-ді қасіреттен.

 

Ақ жүзін самал сүйіп аманында,

Нұр ойнап ғашық жардың жамалында.

Тараз жері сурет боп қалған шығар,

Айша арудың аялы жанарында.

 

Өзгелер сезінбей ме, сезіне ме,

Шаһарым тұнған мекен шежіреге.

Дәл сендей жанға жайлы жұмақ мекен,

Жер шарын жеті айналсам кезіге ме?!

 

Тау-тасы тап бір адам пішіндегі,

Сенбісің ұжмақ қала түсімдегі.

Еркелеп,өркендей бер, жәннат жерім,

Арудай он төрт ұлдың ішіндегі.