* * *
Қандай баққа бал ашты екен бақсы күз?
Қай көктемнің құрсағында шаттық үн?
Өлең оқып беріңізші, Жақсы қыз!
Мына әлемнің әуелетіп ақтығын...
Қай көшенің жанып-өшті жарығы?
Қайда бағыт сызып берді бағдаршам?
Айтыңызшы, кімге бақыт дарыды?
Жүрейікші уайымы жоқ жандарша...
Қалай қарай төбемізден көшті бұлт?
Тамшы жиі аймалайды жер бетін.
Каппучино ішейікші кешкілік,
Сағынғанда аспан айдың келбетін.
Сәуле жұтып, кімді іздейді түн мырза?
Сездіреді сәуір айы күз лебін.
Алматы отыр аңыз етіп бір қызға,
Трамвайлардың жүріп өткен іздерін.
Алатау да күрсінеді кейде үнсіз,
Тамып түссе бұлтқа сүртіп көз жасын.
Өлең деген ғажап әлем дейтінсіз,
Оны нақты ұға алдым ба өз басым?!
Қандай баққа бал ашты екен, бақсы күз?
Қай көктемнің құшағында ән қалды?
Өлең оқып беріңізші, Жақсы қыз?
Тек өлеңде мән қалды...
* * *
Айтыңызшы, Әпке, мен ақынмын ба?
Неге сонша жүрегім жақын мұңға?
Елін сүйгіш жан ғой деп бәрі танып,
Жария да емес қой атым мыңға.
Жанға сызат түседі әр уайымнан,
Сөздер де аса шықпайды таңдайымнан.
Мен ең момын ұлтпын ғой көпті көрген,
Кім сүйеді қазақи маңдайымнан?
Қиянатым жоқ еді тегі менің,
Шөл даламдай шөлдеймін, егілемін.
Өз тілімде жарытып сөйлемесем,
Анам жайлы өмірде не білемін?
Өз жерімде өзді-өзім жасқанамын,
Періште боп сан отқа тасталамын.
Маңдай термен үй болып салынам да,
Өзіме-өзім сатылар баспанамын.
Бұрымды боп жүретін ажар қане?
Еркін емес кейде ойым жазардағы.
Мен кедейдің қалтасын қағып түсер,
Аспандаған бағамын базардағы.
Тіршілікпін, әйтеуір сабылысқан,
Тек қиялда арман көп алып ұшқан.
Жүрегі жоқ тәндер жүр көше кезіп,
Жандар аз ғой шын іздеп сағынысқан.
Жырлай-жылай жарлының жыры бітті.
Жағымпаздың бірі бай, бірі мықты.
Ұсақталып барамын мақтан сүйіп,
Қашан көрем бойымнан ірілікті?
Атақ емес шығарар көкке мені,
Шын қуаныш елімнің көктегені!
Мен қазақтың мұңы мен шаттығымын,
Ақын емес деңізші көпке мені!
* * *
Сіз мені іздеген шақтарда,
Шұғыла таң болып көрінсем.
Жүрегім жазатын хаттарда,
Жыр болып, сыр болып төгілсем.
Сіз жүрген жолдармен аяңдап,
Ғашықтар бағына беттесем.
Махаббат аңызын баяндап,
Сезімнің гүлі боп көктесем.
Сізді іздеп сабылу сынақтай.
Сіз үшін қыр кезіп, тауды асам.
Жанымды жылытар шуақ қай?
Жалынсыз күндерден жаурасам.
Мейірім мекені қайда деп? –
Үмітті жетелеп апарсам.
Ән шырқап берер ем айға кеп,
Сіздегі өмір боп аталсам.
Тағдырдың бар жүгін көтерем,
Сіз кешкен ғұмырға байлансам.
Мен өлең жазбай-ақ кетер ем,
Сіз жазған өлеңге айналсам.
* * *
Жылдарға күндер ілесті,
Көнеде кепкен кенезем.
Жыр есті бөлек сыры ескі,
Сарғайған сары терезем.
Үңілген талай түйме көз,
Сыртынан ғана бақылап.
Жұпыны үйге тимеңіз!
Сыйып тұр бүкіл атырап.
Сығалай сәуле тарайтын,
Қызықтап қоңыр бөлмені.
Әйнектен жиі қарайтын,
Тани ма сірә, ол мені?...
Өз үйім менің – киелім,
Сағыныш желі еседі-ей!
Жағалай көше жиегін
Жол тосқан кәрі шешедей.
Жақтауы ескі, сыз қалған,
Даладай ашық есігі.
Күтетін ылғи бізді алдан,
Балалық шақтың бесігі.
Аяңдап басқан адымдай,
Жеткізбей ізі шалғайдан.
Жәдігеріндей жадымда,
Терезем қалды сарғайған.
* * *
Вагон ішінде.
Өзім келемін,
Төзімге еремін ой бағып,
Тізгіндеп асау сезім дерегін,
Өршіген өртім бой қарып.
Жаныма желеу болмайды уақыт,
Жабырқауым да жат екен.
Жырақтау кетіп арбайды бақыт
Сағымдай ғана сәт екен.
Тірлікке сонша табынғанымды,
бағынғанымды қайтемін?
Білсең ғой қалай сағынғанымды,
Сағынышымның айт емін...
Сағаттарымды минуттар көмді,
Шыдамға көңіл толмайды.
Біздегі шағын бақытты рөлді
Біз емес жандар сомдайды.
Жолдарға ұзақ ілескен кез бұл,
Жеткізер ме екен хат-хабар?
Сағынғаныңды жүрекпен сездір,
Әйтпесе, сезім тапталар...
Көрісу күнін аңсап келемін,
Табысулардың құты – бал.
Кешігулерден шаршап келемін,
Вокзалдан мені күтіп ал!
* * *
Екі ақын.
Қос тағдыр...
Кофеге қызып ап.
Жырларын оқыды,
Жүректен үзіп ап.
Біз жүріп көрмеген ең жарық көше деп,
Қаланы айналды көлікпен неше рет?!
Екі ақын.
Екі қыз.
Сенетін бақытқа.
Бағынбай өлшемге, шеңберге, уақытқа.
Естелік қалдырды ертеңге өткеннен,
Ақпанда табысып кешегі көктеммен.
Көз салып, сөз етті Алатау шыңдарын,
Жасырып қалды ма кей сәтте мұң барын?!
Бақылап тұрғандай бағдаршам оттары,
Жасылға қозғалып, қызылға тоқтады.
Екі ақын.
Ескі әуен.
Күй шертті ырғалып.
Көліктің соңында барады жыр қалып.
Екеуі екі әлем, өзгеше әні бар,
Латтенің түбінде өлеңнің дәмі бар.
* * *
Мен, Есенғали мен Есенқұлды сағындым.
Ішінде отырып дүрмек пен дабылдың.
Поэзияның билейді деп төрі мен тағын кім?
Шыныдай шытынап, әйнектей шағылдым.
Жанымды ұқпайсыз әрине, Сіз менің,
Мен бүгін жабығып, Жәркенді іздедім.
Көргім кеп тұрады ол жүрген көшеден,
Қалдырған көгілдір бояулы іздерін.
Өлеңді дәріпте, құшақта, сүй демін –
дейтіндей ұққаным, білгенім, түйгенім.
Жапанда қорғансыз қалғандай күйдемін,
Мен бірақ үйдемін...
Көнетоз көңілшек өмірдің сезімі,
Тоңдырып барады жанымды, өзімді.
Ақ бұлтпен достасып аспанға көшті Олар
Келместің кемесін мінді де, көз ілді...
Көз ілді...
Қалайша жадырап күн күлмек?
Сирейді осылай жұлдыздар біртіндеп.
Сөнбейтін Олимптің алауы тәрізді,
Олардан қалды "Өлең" жүрегі бүлкілдеп...
* * *
Пойыз тірліктер бір сәтке тоқтап,
Вагоннан түсті жолаушы.
Ол жүрген жолдың бәрі де соқпақ!
Уақыт па? Уақыт тонаушы!
Кідіріп тұрды бағытын іздеп,
Мақсаты қандай жүктеген?!
Алдынан шығып, " Қош келіпсіз! " – деп,
Перронда ешкім күтпеген...
Вокзалға кірді, Өмір вокзалы!
Ішінде не бір сұмдық бар!
Арбасын сүйреп төзім тозғалы,
Шырылдап жүрген шындықтар...
Қонақ үй бар ғой тұрақсыздарға?! –
Деп іштей кейіп сөйледі.
Түлкі заманнан құлақшын ғана,
Қызыл да, жасыл көйлегі.
Қымбаттау шығар бұл жерде бірақ,
Өлшенбес құны күндердің.
Жол үстіндегі маңызды сұрақ,
Не жиып жанға үлгердім?!
Ойлардың үнсіз шылымын шегіп,
Өлшенбес деді теңгемен!
Кей-кезде мен де жол жүріп келіп,
Жолаушы болып сенделем.
* * *
Театрдан бір қыз көрдім...
Рөл сомдайды...
Жалғыздың...
Күйімізді дәл толғайды шырқап жатқан ән біздің.
Қойылымнан өзімді-өзім жазбай танып, ой кештім,
Айна алдында отырғандай,
Сен бе?
Мен бе?
Жалғыз кім?...
Театрдан бір қыз көрдім...
Бар наласы тағдыр ма?
Аласұрған армандары атыратын таңды ұрлап.
Шымылдықта ашылатын шындығы бар өмірдің,
Қайда екенсің мен іздеген,
Мені күткен жалғыз бақ?
Бір қыз көрдім...
Би билейді, орындайды әнді үздік.
Сезім жайлы жыр жазады кетпесін деп жан мызғып.
Өмір деген – театр ғой,
Сомдалады сан-мың рөл,
Ал, бүгінгі сахнада
Бір қыз, сосын,
Жалғыздық...