ҚОҢЫР ҚАЗ
Мақпал көліме мұнар қонды ма?
Киіз құлағым құмар болды ма?
Күмбірлетші бір «Қоңыр қазыңды»,
Тәбәрік болған, тұмар домбыра.
Иіп айналған бие құлынын,
Секілді, қоңыр сүйемін үнін.
Киелім менің, күй еді мұңым,
Сөйлесін сүйрік тиегі бүгін.
Сұңқылдап құсым, сабалап қанат,
Жалғанға мынау жағалап қарап.
Ұғынса біреу сен ұғасың деп,
Сұмдық бір сырын маған ақтарад.
Кербезім, топтан жарылып ұшқан,
Содан да шығар, жаным ұғысқан.
Жағада тұрып «жар болсын» айтам,
Жан таппағандай қалың ұлыстан.
Қаңқылдап, көкте мамырласын көп,
Қиялап қалай, қалыңға сіңбек?
Көзіме, шіркін, елестейді ылғи,
Қоңыр қаз – менің қарындасым боп.
Шығын қылайын сөзімді несін?
Көкейге қонса, көзіңді ілесің.
Сол күйді шертші, содан соң мейлі,
Қаңтарасың ба, өзің білесің.
АТАМНЫҢ ТҮЙЕ АРБАСЫ МУЗЕЙГЕ ӨТКЕН КҮН
Шуда жүні желкілдеп,
Азу тісі сақылдап,
Қара Бура күркірейді шатырлап.
Үй жығардай екпінімен, жануар
Қозғайды екен қара арбаны сәл ырғап.
Қайран арба, жетім қалған жәдігер,
Көрген адам керуеннің сәні дер.
Көне бұйым, көзіндей боп бабамның,
Бала күннен ыстық еді жаныма ол.
Қай жері кем, хан отырар күймеден?
Омыраулап ойсылқара сүйреген.
Бура мінез бабалардың алдында,
Қайратымды көрсете алмай именем.
Тарихымды көтеріп ап батпандай,
Экспонат болды бүгін, сәт қандай!
Қабір жақтан бабаларым қайтып кеп,
Музей жаққа бірге бара жатқандай.
Арасына сіңіп кетпей мұнардың,
Құбылған күн қайта туса құп алдым.
Қара Бура түске кіріп, жарықтық,
Бүгін түнде жақсы ұйықтайтын шығармын.
* * *
Түн құшағын жайғанда,
Мұң құшағын,
Өлең еді жанымның тұңғыш әні.
Көктемдегі керімсал көшке ерген ұл,
Құлазудың көзіңде тұр нышаны.
Тұғырына тағы да түн қонады,
Сен білмейтін сәулем-ай, сыр көп әлі.
Кімге обалы жазбаған өлеңдердің?
Жазып қойған өлеңнің кімге обалы?
Жүрегіңді тыңдап қой, тірісің бе?
Алдамайды ол, қалғаны құрысын де.
Отырамыз балконда Ай екеуміз,
Өлең жайлы сырласып түн ішінде.
ОҢТҮСТІК САПАРЫНАН
Аулақ тұрып, күй кешсең әрі-сәрі,
Ол әуелі өзі кеп танысады.
Мәйін мінез, меймандос, кісі көрсе,
Қауынқақтың сөліндей жабысады.
Оңтүстікке барсаңыз тұңғыш рет,
Қалбалақтап қарсы алар жыл құсы деп.
Қала жақтан қар күреп шықтым десең,
Шашалады көк шайға күлкісі кеп.
Таба нанды түсіріп оттан ыстық,
Әңгіменің бастауы мақта, егістік.
Құмырсқамен достығы бар екенін,
Сырдария өзенін мақтаныш қып.
Бақшасында құс сайрап күні, таңы,
Жеміс қойып, жаныңды жылытады.
Көңіл өрін көк бояп, жыр оқыса,
Төңірегін түгелдей ұмытады.
Таңдайға езіп тамсайды кішіміш ап,
Жаймашуақ жайнайды түсі бұ сәт.
Сүйген қыздың есімін айтып қалып,
Өзі де байқамаған кісі құсап.
Радионың дауысын тыныш бұрап,
Көлеңкеге төсейді пүліш құрақ.
Қалаға шақырсаңыз естімейді,
Ауылдан кетпегені дұрыс бірақ.
СҰЛУ МЕН СУРЕТШІ
(Баллада)
Күбі-күбі қиял ойын сапыртып,
Аспандаған атағынан ат үркіп,
Мен суретші болам деді ең ұлы,
Ақтоғайлық Аманқұлдың шәкірті.
Қарай гөрші, көңілінің ояуын,
Көреді екен гүлдің қырық бояуын.
Маңайына маңдай көзбен қараса,
Сүрінеді өзі басып аяғын.
Шабыт іздеп жағалауға жүз барды,
Ұнатады су бетіне сызғанды.
Он үшінде жүрек көзі ашылып,
Салам деді өңкей сұлу қыздарды.
Көкірегін керіп сонда жаңа леп,
Жаңа леппен желпінетін бар әдет.
Қайран ұстаз, бұған бірақ, қарай ма,
Белі шықпай бесіктегі бала деп?
Сал деп берді құмыра мен алманы,
Кейін дейді, қыздың жайы, қалғаны.
Сөйткен шалың, өзі келіп өрімдей,
«Су ұсынған сұлу қызды» салғаны!
Ақылына құлақ салсын деді ме?
Жұмбақ қылып, жырақ барсын деді ме?
Сұлулықтың азабы мен ғажабын,
Көріп барып, бірақ салсын деді ме?
Құдай өзі дарын беріп елесе,
Құдай өзі жалын беріп елесе.
Сұлулықты сомдай білу үшін сол,
Аманқұл боп туу керек немесе.
Сол баладан түк суретші шықпады,
Ұлы өнерден аз екен ғой ұққаны.
Сұлулыққа ғашық еді бірақ ол,
Таңдайынан кетпей таңғы шық дәмі.
Кірлетпеді жан-жүрегін ғажап ақ,
Жаздың жылы жаңбырымен тазалап.
Өлең жазып жүр дейді енді, түсінде,
Су ұсынған сұлу қыздар мазалап.
* * *
Өмірімді өлеңмен өргенімде,
Шынымен, өлгенім бе?
Аманхан Әлімұлы
Ақпан демей, Алматы таңы арайлы,
Қорым жаққа келемін қарағайлы.
Қылқандардың ақ көбік қарын сілкіп,
Қарағайды сұр тиін аралайды.
Ақ көбік қар қонады тас қабірге,
Қорым жаққа қорықсаң, баспа, кірме.
Мен келдім ғой, ағатай, сырласуға,
Айтам оны өзіңнен басқа кімге?
Елегзиді көңілім құс келердей,
Сағынышқа саз қосып, үстегендей.
Көшіре алмай өлеңге жүрмін соны,
Көбелекке тас байлап, ұш дегендей.
Ырғағындай ырғалам «Қосбасардың»,
Өлеңге адал өзіңдей досқа зармын.
Мағынасыз әңгіме – елдің іші,
Маңайынан аспайды пеш-қазанның.
«Өмірден өткеннен соң елес пенде»
Қара таппай қиналам кеңескенге.
Айға қарап қоямын анда-санда,
Тұра қалып тыңдаймын жел ескенде.
Өттің, аға, өлеңді Ар деп сүрген!
...Боялады биязы таң көкшілмен.
Өзің сүйген табиғат, сол баяғы,
Қабіріңе қылаулап қар боп сіңген.
* * *
Ақтоғайдың арғы жағында,
Қызыларайдың бергі жағында.
Қара жусан жұпарымен жетіліп,
Қара өлең деп қақсап, көзде от-үміт.
Қазақстанға алаңдайды жас ақын,
Қойшылардың қыстағында отырып.
Қыр соңынан қалмаса да небір ой,
Еті үйреніп кетпесе екен, тегі бой.
Отаным деп опынады біртүрлі,
Кеше ғана бәрі жақсы еді ғой.
Қорасында қой-қошқары тойып тұр.
Неге мұңлы, қайда әкетті ой ұтқыр?
Бабаларын есіне алып найқалды,
Жер үстелді жұдырықпен қойып бір.
Тобылғының бұтағындай бекініп,
Осыған да шүкір десе, шетін ұқ.
Күллі әлемге алаңдайды ол енді,
Қойшылардың қыстағында отырып.
ШӨЛ
Тамыздың ыстығы ма?
Елестейді су толы қыш құмыра.
Шөлдеп келем, аяулым, шөлдеп келем,
Қарасаңшы ұйпалаң ұсқыныма!
Тұмасын тостағандап еміп қырдың,
Тоқырауынды тауыстым!
Еріп тұр күн.
Балқашты балығымен қоса жұттым,
Сонда да шөлім қанбай келіп тұрмын!
Сыраға да мен, байғұс, үйір емен,
Қазанның тұтқышындай күйіп өлем!
Ботам-ай, бал тіліңнен татпасам бір,
Басқа түк те таппадым дүниеден!
* * *
Спит вода...
К.Паустовский
Толқын ұрмай, жартасты тепкілемей,
Қабарасың қара айдын, екпін емей.
Жағаңа кеп жоғалған ізді көрдім,
Суыңа кеп суынған, көп түнемей.
Не сұмдықты жасырдың, бұзбас қалып?
Көп ұзамай мүлгисің мұз жастанып.
Жағалаудан іздеймін жаз-аруды,
Суға сіңіп жоғалған күз басталып.
Салқын ұрып суалған ізгі нұрдай,
Қатыгездеу деді ме бізді мұндай?
Қашып келіп сүймейтін адамынан,
Жардан суға секірген қыз-ғұмырдай.
Толқын ұрмай, жартасты тепкілемей,
Қабарасың қара айдын, екпін емей.
Тілін жұтқан,
Безерген,
Бетпақ,
Сайқал,
Мына күзге өзімді еттім өгей.
Қара желмен қалың бұлт көше берді,
Жаздың соңғы деміндей еседі енді.
...Қайдан бара қалып ем жағалауға?
Қайдан жаза қойып ем осы өлеңді?..
КӨКШЕ КӨЛ. КӨКТЕМ
Еріді ме төсінен мұз Көк көлдің?
Тырналары тыраулап түз-бөктердің.
Өмір әні елітіп естілгендей
Қоңырауы сыңғырлап қыз-көктемнің.
Көкше көлге көктемді іздеп келдім!
Көпір тұстан қарсы алып тұр босағам,
Жетті ме деп найқалып жыр-көші аман.
Көк бояуын жырлай ма көктеменің
Қоңыр өлең жазатын Нұрдос ағам.
Көк толқыным құшқанда құм жағаны,
Көкорайым, көктерек бүр жарады.
Көктемеге жараспай бір жаманы,
Атышулы Балқаштың мұржалары!
Көктенсаулапжатқандаймың сан үміт,
Күлімдейді көзіме Күн шағылып!
Көктем-құшақ анама асығайын,
Қарсы алады анамдай кім сағынып!
Сағыныштың оранып от деміне,
Көктем іздеп мен келдім Көк көліме!
Өмір дейді көктемді балауса әлі,
Көрінбейді көк қызым... өкпелі ме?!
Еріді ме төсінен мұз Көк көлдің?
Тырналары тыраулап түз-бөктердің.
Тұнығымның тереңі толқымай бір,
Ғұмырымның ғазалын тізбектер кім?!
Көкше көлге көктемді іздеп келдім!