Абылайхан ӘШІМХАН. СӨЗІМ КӨПКЕ ЖЕТПЕДІ, ҚОЛЫМ КӨККЕ…

***


Білмедім, дауыл барын, жауын барын,
Ол кезде аңғал едім...
Ауылдамын.
Танымай Есенғали, Маралтайды,
Ол күнде бұл өлеңмен ауырмадым.

Ол күнде сенде барсың Еңілігім,
Жоғалтым сені бүгін.
Ол кезде өмір басқа болды ма екен,
Жыртығы жоқ еді ғой көңілімнің.

Ол — дәурен: өмір біздің қолымызда,
гүл өніп оңымызға, солымызға,
Бақыт боп төселетін еді, шіркін,
Құс жолы біздің іңкәр жолымызға.

Сезіліп тұрғанымен түн ызғары,
Той еді күндіз бәрі.
Аспанға шашқан гәуһар, ақық тастай,
Көп еді жұлдыздары.

Аңырап қобыз — кеуде зарға толып,
Жылжимыз алға тоңып.
Мына жол мені қайда алып келді
Жетпедім.
Жете алмады арман қолы.

Түсіндім дауыл барын, жауын барын,
Мен бүгін қаладамын.
Жанымда — мұң.
Шарқ ұрған көбелектей отқа ұмтылған,
Көрсең ғой жүрегімнің ауырғанын.

Сезіліп бұрынғыдай түн ызғары,
Көзіңе көрінбейді күндіз бәрі.
Көңілдің жоқ еді ғой жамаулары,
Аспаның көп еді ғой жұлдыздары.

Білмедім, дауыл барын, жауын барын,
Ол кезде аңғал едім...
Ауылдамын.



***


Ауылдан адам көшкенмен,
Адамнан ауыл көшпейді.
(әнің сөзінен)


Біз ауылдан көштік, әке,
Ауыл бізден көшпеді.
Біз ер жеттік, өстік, әке,
Тек, сағыныш өшпеді.

Сеніменен сезім қалды,
Қалай төзем, ал, бұған?
Саған айттар сөзім бар-ды,
Жүрегімде қалғыған.

Көштік екен мұнда нағып,
Мұңға малып жүректі.
Жылға болып жылдар ағып,
Дөңбекшіген түн өтті.

Қала деген:
Көше.
Шамдар.
Ғимараттар.
Бағдаршам.
Туыс еді кеше адамдар,
Бәрі бөтен аңғарсам.

Өмір деген осы екен ғой,
Таңғалатын түкте жоқ.
Ажал деген дос екен ғой,
Қорым қалар нүкте боп.

Біздің үйдің жұрты қапты,
Сені күтіп, қадірлім.
... Құлпытасы шытынапты,
Жетім қалған қабірдің...



***


Буландырған әйнегін көңілімнің,
Қош қылып еді көңілін, өмір кімнің?
Балалығым қайда деп көп адастым,
Торлаған соң тым ерте көгімді мұң.

Бұйырған соң, ақ ажал, өлім xақтан,
Жүріп кеттім күтердей мені де ақ таң.
Төмпешік боп артымда әкем қалды,
Күндер қалды қапыда көлік қаққан.

Содан кейн іздедім таңдарымнан,
Сенделемін, жете алмай соңдарынан.
Сайрап жатқан көп ізі, көп баланың,
Мен сұрадым туған жер жолдарынан.

Алақайлы, алаңсыз таң атырған
Кешіккендей асығып сағатынан.
Балғын қүнің кіршіксіз бояуы бар,
Мен сұрадым көбелек қанатынан.

Оятатын таң сайын нәзік үнмен,
Жүйткіп өткен белгідей тазы — күннен.
Мен сұрауға батпағам жалғыз ғана,
Жылдар салған анамның әжімінен.

Іздегенмен болмады өліп талып,
Өзге бақтан жүргенмен көрік тауып.
Таба алмаған, таппаған балалықты,
Кетті ма екен қапыда көлік қағып?


***


Сөзім көпке жетпеді, қолым көкке,
Қабылдадым барлығын өмір деп мен.
Шуламайды сағыныш шағаладай,
Туламайды теңіздей көңіл көптен.

Өмір екен өткенім, келешегім,
Өмір екен аласым, берешегім.
Бүгін менің жүрегім ауырмады,
Ауырады жүрегің неге сенің?

Сағындырды демеймін өскен аула,
Өткен күндер: көңілде, есте бар ма?
Өзім екем асыққан, ерте келген,
Көктем екен кешіккен Көкшетауға.

Сен сенбедің сөзіме, елде сенбей,
Қолың созған жоқсың сен көкке мендей.
Жұлдыз болып аспанға шашылды бақ,
Күл боп сынған шынының бөлшегіндей.

Қандай ауыр, досым...



***


Бұрын қалай мен байқамай жүргенмін:
Мөлдірлігін аспанның,
Жұпарлығын гүлдердің,
Жұмсақтығын тастардың.

Бәрін, бәрін мен неліктен көрмедім,
Сонда неге көп желпіндім, еліттім?
Өлеңіме айналмады ол менің,
Ал, өмірден нені ұқтым?

Қиялымда болмасада ауыздық,
Неге сонда, көп күйредік, өртендік?
Жоқ екен ғой, қатыгездік, жауыздық,
Бар екен ғой көркемдік!

Бар екен ғой, мейірімі Құдайдың,
Жарық екен, жарық екен көрер күн.
Мен барлығын кеш түсініп мұңайдым,
Шумағына сыйдыра алмай өлеңнің.

Жанарыма жүрген соң ба мұң құйып,
Менің әлі айтылмапты айтарым.
Мұның бәрін сенің ботам тұңғиық,
Жанарыңнан байқадым.

Жанарыңда бүкіл әлем мөп-мөлдір,
Бұған сөзсіз жоқ ешкімнің таласы.
... Жанарыңда аспан сыйған көк теңбіл,
Мен бармын ба, қарашы?!.


***


Қаршадай саған неліктен құладым екен,
Содан ба қалқам мына күн, мына түн бөтен.
Қандай үмітті мен енді шырағым етіп,
Қандай сенімді бойыма тұмарым етем?

Көңілім осы сен десе тасынып толар,
Несі бар екен, ей, оның жасырып, жабар?
Өзіңді ойлауға ерікті санамның мына
Жұлдыз — ойлары күн батса шашылып қалар.

Өлеңде осы өмірді қайталайды екен,
Мен айтпас сырды түбінде айтардай өлең.
Өңімде сені аздай боп ойлағандығым,
Түсімде неге атыңды қайталай берем?

Қонбай жүр көптен басыма құсым білемін,
Мен енді қалай барлығын түсіндіремін?
Мен бүгін неге түсімде толған ай көрдім,
Жорып беретін кімің бар түсімді менің?

Дәуірдей өлең толғатса ғасырдай өлең,
Барлығын сенің қоп-қоңыр шашыңдай өрем.
Мен сені, күнім, білмеген, көрмеген болсам,
Жазылмас па еді кім білсін осындай өлең?!