ЖАРЫЛЫС ПЕН ЖАРАТЫЛЫС
Тозақта да ойнайтұғын от шашып,
Пендеміз ғой, (пенделерден жоқ пасық)
Ақиықша адақтадым көгімді,
Қарқылдадым қарғалармен топтасып.
Көз де ерді, сөз де ерді артымнан,
Көзелерді көп сімірдім “бал” тұнған.
Оңашада мүридтерше мүлгігем,
Шатханада шарап ішіп шалқығам.
Маған Шабыт ұстатса егер шоқтықтан,
Көп дәм таттым жомарттық һәм жоқтықтан.
Қашып кетіп қарсыласқан Біреуден,
Қырсыққанда топ бұзыққа соқтыққам.
Кейде-кейде қара қылды қақ тілгем,
Енді бірде қараулыққа батты іргем.
Менен өткен күнәһар да жоқ шығар,
Бір есептен періштедей пәкпін Мен.
Бірі сыйлап, кемсіткен де бір көкем,
Бірде артық күн кешемін бірде кем.
... Арасында жұмақ пенен тамұқтың
Алтыбақан ойнап әлде жүрме екем?...
БЕЙБІТ КҮН ҮШІН КҮРЕСІМ
Тек жүрсем оның несі мін,
«байлығым, барым – арым» деп.
«Абылай» десем есімім,
күлді жұрт «қайда «ханың?» деп.
Қайтемін елеп оспағын,
көксерім менің бөтен-ді.
Парқымды білген достарым,
Ханнан да биік көтерді.
Келмейтін уәжден ұтылғым,
Тұрса да дайын сөзім дөп
Мансаптан біздің тұқымның,
Мүйізі шыққан кезі жоқ.
Құлыным, - дейді: жүр аман,
Аузында әкем тобасы.
Хан бопты Шошай бір бабам,
Қайда екен соның моласы?
Бірлігім азған заманда,
Қазақтан бақыт тайған шақ
Өткен сол Шошай даламда,
Кейкіні қостап майдан сап.
Хан атанса да кемді күн,
Тағдыры оның азалы -
Шешілмей кеткен шер-мұңы,
Таусылмай кеткен азабы.
Қызықпан, мансап, дәулетке,
Несібем – қалам, қағазда.
Қару ап біздің әулетте,
Көмусіз кеткен жан аз ба?!
Көрмеді елім не сұмдық,
Бодандық жолы қатал-ды.
Әжемді жастай жесір қып,
Сұм соғыс жұтқан атамды.
Жасап бір тұрып жат үкім,
Байғұстарды зар илеткен.
Біртоға әкем бақытын,
іздепті сосын бейнеттен.
Жетімдік жанын қажатқан,
Өссе әкем басын шұлғумен.
Бұғалығым жоқ азат таң,
Бағаңды мендей кім білген?!
Қызықпай мансап даңқына,
Туғасын тұлға ұл болып.
Арман не туған халқыңа,
Қызмет етсең құл болып!
Ел жүгін артса нар көріп,
Көтерем рухым-жырыммен.
Шошайдан өткен хан болып,
Мың есе бақыттымын мен!
Хандықтан емен үміткер,
Бейбіт күн үшін күресім.
Бейнеттен ақса тұнық тер,
Сол менің елге үлесім!
Абылай - адам атым бар,
Жаратты Аллам қазақ қып!
Құдайға демен датым бар,
Сен үшін өлсем АЗАТТЫҚ!
КҮЗ СУРЕТТЕРІ
Сары шал-күз қайыңды тағы құшты,
Сұлу сүйген шалыңның бағы күшті.
Кеудемдегі сыңсытып сағынышты,
Айдынынан аққулар тағы да ұшты.
Қабағында сұр белдің бүгін кірбің,
Тобылғының түнерген сырын білгін.
Жылытуға әлемді әлі жетпей,
Сығырайып тұр әні, бұлыңғыр күн.
Ойлағаны-ау, береке тозғаны деп,
Маң далада қобыздай боздады үлек.
Сай-сүйекті зарлы үні сырқыратып,
Жүректегі мұң-шерді қозғады кеп.
Дайындалып бар әлем алда қысқа,
Еркеліктің ауылы қалды алыста.
Сарнап ала жөнелді ол да желмен
Жасыл құрақ айналған нар қамысқа.
Іздегендей паналар жылы шуақ,
Бозторғай тұр бұтақта бүрісіп ап.
Дүбір аңсап саяқтар елеңдейді,
Ашылғандай далада тынысы нақ.
Түссе екен деп қаңтарға төлім күйлі,
Қыр кезуден бақташы ерінбейді.
Қарға біткен топтанып, татуласқан,
Ұшса-қонса іргесі бөлінбейді.
Қоңыр белден қоңыр мұң байқалады,
Қурай шерткен күйден жан жай табады.
Қара отқа шайлығып қарай алмай
Тана-кербез тоқтықтан найқалады.
Қоңыр саулық көзіне ешкіні ілмей,
Қырға беттеп барады кешті білмей.
Тон жамылған шопанға тобылғының,
Түбі жылы кәдімгі пеш түбіндей.
Шын ызғарын әлі де батыра алмай,
Тез ауды күн төбеден, жатып алмай.
...Қоңыр күз тұр момақан жарасымды,
Нілдей бұза салуға дәті бармай.
ҚАНАТЫНДА ҚАЗДАРДЫҢ ҚАЛҒИДЫ ӨЛЕҢ...
Тыраулады тырналар...
тізді нала,
Құбыланы бұлт жапты қызғыл ала.
Көрпе астында жылаған жетім қыздай,
Сібірлейді білдіртпей күзгі дала.
Іркес-тіркес, кір-кір бұлт іреңінен ап,
Сұры қашқан аспан тұр міне, жылап.
Бұлт астында барады ноқат көшіп,
Аспанның да екен-ау жүрегі дақ.
Сұр тұманмен тұншыққан төңірегі,
Иен даланың күрт тынып, долы желі
Ажал күткен жаралы жауынгердей,
Аспан ғана болымсыз демігеді.
Мұнар-патша маңайды паң билеген,
Күй тұншыққан, әрине, ән күйреген.
...Қаламынан ақынның үркіп қашып,
«Қанатында қаздардың қалғиды өлең».
ҚАРСАҚТЫҢ ҚҰЛҚЫНЫ
Бозамық ай. Қыр. Аппақ түн.
Мергендей мылтық оқтап тұр.
Қораны торып қарсақ жүр,
Қасында суат, соқпақтың.
«Хат» болып жымы жазылар,
Сол «хатқа» құмар тазылар.
Үнімен дүлей төбеттің
Түн мен таң жігі ажырар.
Ақ таңы атты ақпанның,
Сыбаға бұған сақтар кім?!
Қасына қарсақ тап келді,
Қасқырға құрған қақпанның.
Тегін «дәм» тосар қай міскін,
Байқа, туу, қарсақ,
әй, түстің!!!
Дегенше қақпан сарт етті,
Тізесін тістеп байғұстың.
Кетуге үзіп күш керек,
Қап, қандай айла істемек?
Аласұрады ақ қарсақ,
Аяғын қатты тістелеп.
Қазір-ақ ажал таянбақ,
Уақыт жоқ тұрар аялдап.
Тақымға тығып қақ сойыл,
Келеді аңшы аяңдап.
Құлқынның бәрі қырсығы.
Көзінен жасы ыршыды.
... бояған ернін бикештей,
Боялды қанға тұмсығы.
P.S
... Бестісі борт-борт желеді,
Тазысы қалмай ереді.
Ыржиып «сойған қарсақтай»...
Ырза боп аңшы келеді.
Өмір-ай, өмір, қапалы,
Өзгермес осы мақамы.
Қасқырға құрған қақпанда,
Құрбан боп қарсақ жатады...
МЕНІҢ КЕУДЕМ МАХАББАТТЫҢ МОЛАСЫ
Менің кеудем махаббаттың моласы,
Молаларда түнде жанар шырақ бар.
Ізгілікке сусап жүрсең жол ашық,
Іздеп кел де, ағыл-тегіл сыр ақтар.
Айып емес сиынсаң да пір көріп,
Күмбез кеудем – мың айшықты кесене.
Шырақ-жырым жылытады нұр болып,
Шарап-шабыт шүпілдесе кесеме.
Сезім жайлы сарнайды ол сіңімді ой,
Шын құдірет сезем десе кім де-кім.
Мәңгі өмірді насихаттап тұру ғой,
Молалардың мойнына алған міндеті.
p.s
Махаббат жоқ! (бірақ оған саспаңдар,
Байғұс пенде жоқты ғана ұлықтар.)
Жеті ғашық жайлы шерткен дастандар,
Молаларда жанған шырақ-рухтар.
ҚҰЛПЫТАС ҮШІН ҚАЙҒЫРМАН
Сезімім жайып сыйқырлы гүлін,
Елесің бұзды ұйқымды бүгін,
Қаратпай тіпті қарсылығыма,
Құндақтап алды-ау сүйкімділігің.
Пәктіктің сенен нышанын көрсем,
Құстан да биік ұшамын, ерсең...
Құлпытас үшін қайғырмас едім,
Қас сұлулықтың құшағында өлсем.
Серігім болсаң, сенісер менің,
Сенісер де едің, тебісер де едің.
Оттай болып келіп орасам бір күн,
Күлге айналуға келісер ме едің?...
ЖАН АЗАБЫ БІТЕ МЕ ЖАНАЗАМЕН?
Тотыдайын,
Бір сөйлемді қайталап отырайын:
Түнек басқан жүректі серпілдірсін,
Түсір күннің сәулесін О, Құдайым!
Күнсің маған!
Күнім барын менің де білсін ғалам,
Жан азабы біте ме жаназамен,
Нұрын аңсап бір жүрек жүрсін аман.
Шоқы, жарға,
Адасыппын! (Алланың соты бар ма?!)
Тоты байғұс адамға, ал пенделер -
Еліктесе несі мін, тотыларға?!
О, Құдайым!
Сағыныштың сөнбесін оты дәйім!
Сүйгенімнің қамашы кеудесіне,
Тотыдайын еш мұңсыз отырайын!
ЖЕТЕР ЕМ ЖҮЙРІК МІНІП...
Арманға қол созуға,
Жастармыз мұраты көп.
Ел жатса көрші ауылға
Елеңдеп тұратын ек.
Қылтиса ай құлағы,
бұлттардан алашабыр.
Қыдыңдап тай-құнаны,
артта қап қараша ауыл
Бу атып танаулаған,
аттары бурылданған
Шаттықтан алаулаған,
беттері гүл-гүл жанған,
Бес-алты бозбаланы
алатын қойнына түн.
Ал, олар боз даланы
әнімен тойдыратын.
Ат – баран, далада ақ қар,
сүттей боз сұлба біткен
Пәктігін аманаттар,
Біздерге мырзалықпен.
Жүректер күдікті ұдай,
көрмеген «жану» мұндай.
Қылмиған қылықты ай,
көрші ауыл аруындай.
Бір сезім өрекпитін,
бұралған бұрымды аңсап,
Қарсы алар төбет-иті,
біздерді «ұрын» барсақ.
Тулатқан уақыт қанын,
өр кеуде, өр шағымда
Үр-арман, бақыт бәрі,
Сияқты ед, көрші ауылда.
Уақытқа «билік құрдық»,
Жастықтың байрағын ап.
Жетер ем жүйрік мініп,
«Көрші ауыл» қайда бірақ?...
ҚҰДІРЕТІМ – ҚАНЫМДА ЕКЕН БІР ТАМШЫ!
Кейде асығым түсе қалса күрт алшы,
Несібеме тұра алады кім қарсы?
Қолқа тамыр қатпарында жүгірген,
Құдіретім қаным екен - бір тамшы!
Қамыт-тірлік...
мойным жүрсе қажалып
Құдайға да жалынбап ем... сазарып.
Үзілсем де лайбанбашы, өтінем,
Қанымдағы жалқы тамшы тазалық!
(Жалғыз жайпап тастардай көп жасақты,
Саған сеніп, таудан мүсін қашаппын)
Сөндіре алмай қуатыңды күндеген,
Селін төкті,
тау құлатты,
тас атты.
Жалқы тамшым – Мендігімнің мөріндей,
Қастерлісің қасиетті өлімдей!
Сенсіз жерде сырым менің сұр-түнек,
Сенсіз жерде жырым қалар өрілмей.
Бабам қаны ол басы қалған Қап тауда,
Анам қаны ол, бармас дәтің даттауға!
Түйір-тамшы тазалығым мен СЕНІ,
Ғұмырымды сарп етермін сақтауға!
МИЛЛИОНДАРДЫҢ МИЫ ЖЕТПЕС БІР ЖҰМБАҚ
Миллиондардың миы жетпес бір жұмбақ,
Жұлдыздар да жоғалады мың-мыңдап.
Жердегінің жанын мүжіп, сыңғырлап,
Жұлдыз болып жымыңдай ма, құрғыр, бақ?
Биіктерден биікті аңсар құстар да,
Көкте сіңіп жоғалуға құштар ма?
Сылқ-сылқ күліп, көздерді арбап жанатын,
Жұлдыздардың бар тілегі қара түн.
Мейлі, мейлі, қолы ешкімнің жетпесін,
Мәңгі жайнап тұрмайды олар көк те шын.
... Белгілі ғой, баратұғын мекенім,
Мен де бәлкім, “жұлдыз” болып кетермін...
КӨСЕМСИДІ КӨКЕШІМ
“Бас имейміз ешкімге, азат елміз”, - дейді ағам.
Ақкөңілдеу ағама, илана алмай қиналам.
- Тәуелсізбіз біз бүгін, алыс енді қайғы-мұң, -
Тұр тағы да лепіріп, өскен шығар айлығы
-Тұлпар болып құлыным, асады әлі-ақ айбыным
(Қайдан тұлпар боласың, қамытта өссе тай күнің)
- Азат күннің арқасы, қатар туды ай, күнім.
- Батпай ма, шіркін, арқаңа, бұйырмаған байлығың?
Көсемсиді көкешім, көмекейі бүлкілдеп.
Қылығына ұялып, мен тұрамын күлкім кеп.
- Бас имеймін, ешкімге, дейді көзі ақшиып.
Аңқау елдің алдында, рас тұр, басы қақшиып.
Қой енді, аға, қоя ғой, құр лепіріп кеулеме.
Қақиған бас не керек, от болмаса кеудеде.
«ҚҰС ҚАЙТАРУ»...
Қоса алмай қос ішекті жан даусыма,
Мәңгілік мұңы иектеп алды-ау сірә.
Тартылса «Құс қайтару» қан жылайды,
Көңілім, құсың қайтпай қалды-ау, сірә?
Содан да өткеніме кектенемін,
Өзімді өзім іштен жеп келемін.
Қайрылмай «қайт-қайттаған» Көкалатқа,
Жел қуып мен де «адасып» кеткен едім.
Жалғауға дүниенің шолақтығын,
Қауқарсыз «ойды орған орақ-тілің».
«Жоқ іздеп» Көкалаттан кетіп қалған,
Өмірде бір көлденең көк аттымын.
Пәк мұңым кімге қажет ғазалдатқан,
Болармын бір күн мүрде мазар жапқан.
Көз сатып әр бұйымға өмірі өткен,
Ақшасыз жолаушы екем базарлатқан.
Ием хақ болғаннан соң, жазам - Хақтан,
Алады азан болып мазамды ақ таң.
Құранның құдіретін сезе тұрып,
Іздеппін жан дауасын Қазанғаптан.
(Дүние домбыра екен күй тулайтын)
Қаз-қызық лашын боп сәт «қиқулайтын».
... осылай «қаз қуумен» өтеміз біз,
Бірақ та. кім бар бізге «қитулайтын»...
ҚАРА ҚАЗАН МЕН ҚАРА ҚАЗАҚ ЖЫРЫ
Ершік салынып - ажырық кетсе,
Даладан босып, қалаға зармын,
Атақоныстан ажырап кетсем
Қамы емес пе еді қара қазанның?!
Ғасыр ма мынау ғазалды ойлатар,
Топшыңды тұрмыс қайырған.
«Қатын кәрленсе қазан қайнатар»,
Қатыннан бар ма айырмам?
«Аға» дер ердің таласта басы,
Бас келімсекте, бата бөтенде,
Не жазып еді Алаш баласы,
Арып-ашатын атамекенде.
Қызыл тіл құр бос сайрағанымен,
Қыжылды сөзден күңкіл көп.
Қазандай ішің қайнағанымен,
Қарасаң ашып «бүлкіл» жоқ.
Уәде деген «айран жалаппын»,
Қара қазанда асым жоқ.
«Тобаға» «тойған» қайран қазақтың,
Жазмыштан солай басы-доп.
Тентіреп тағы тау асамын ба,
Таутекелермен таласып.
Қаудырап біткен қауашағымда,
Бір «бақсы» отыр «бал ашып»...
Ертеңгі күнге...
ТОРЫҒУ
Дертімнің өзім білмесем емін,
Бағымды біреу күндесе менің
Ашынып қайта арыз айтамын,
Алладан басқа кімге сенемін?..
Сортаңға біткен соры мықты емен,
Өзімнен өзім қорынып келем.
Қайғымды іште қамаумен жүрмін,
Періште пейіл, зор үмітпенен.
Өмірде таптым талайын достың,
Жаныма сөйтіп ағайын қостым.
Көрсеткен жоқпын жылағанымды,
Жанымның шуақ, арайын тостым.
Тәңірден дарып тамырға сіңді,
Жырға байладым жалын жасымды.
Шыдамым да жүр шырт үзілердей,
Алпамыс тартқан адырна сынды.
Білдірмеймін деп елге кемімді,
Жаншумен келем пенде-кегімді.
Түсінсеңдерші, менің де достар,
Өзегі қуыс пенде екенімді.
Мейірімге мен де кенде екенімді.