Ақжан Аманжол. Өткеніме сағынышпен қарадым

ДИАЛОГ

 

Мен әлеммен ӨЛЕҢ болып сөйлестім,

Әлем жауап қатпады.

 

Мен әлеммен ЖҮРЕК болып сөйлестім,

Жүрегімді таптады.

 

Мен әлеммен ӨЗІМ болып сөйлестім,

Өзімді іздеп таппадым;

Тапқанымда бұл әлемге жақпадым...

 

Әлем менің не теңім?

 

ӘЛЕМ –

менің оқып жатқан ертегім,

ӘЛЕМ –

менің жазып алған ертегім.

Ертегіден таңдап алып сырларды,

Ертелі-кеш

шертемін...

 

Әлем маған ӨЛЕҢ болып сөйледі -

Жүрегімде сақтадым.

 

Әлем маған ЖҮРЕК болып сөйледі -

Жүрегімді сақтадым.

 

ӨЗІМ болып сөйлеуді тек білмедім.

(Тағы өзімді ақтадым...)

 

Білсем егер,

тастай салып бақтарын,

Жүрегімнің бар сырларын ақтарып,

Әлемді де табар едім,

Таппадым...

 

Ал, сен ше?

 

***

Аурухана терезесі.

Сыртта қар

Шақырады...

Күт мені!

Болса-дағы бұл сəттерім - уақытша,

Сезімдерім - өтпелі.

Бұл - өзіміз сызып алған терезе,

Қабырғалар - жасанды.

Ауаға емес,

Шаң-тозаңға толтырады өкпені.

 

Терезеңді аш!

 

Аурухана терезесі

сыбырлап,

Айтып жатыр

"Кеше, ертең, бүгінді".

Тағы ақырын жүрегіңнен сыр ұрлап,

Жүрегіңе тағы құлып ілінді.

Сен тыңдадың.

Бірақ, сенің шығармайды үніңді;

Бірақ, сенің естілмейді дауысың.

Тыңда,

сенің кеудеңдегі жан үшін

Терезеңе жақындарың үңілді.

 

Терезеңді аш!

 

Аурухана терезесі.

Сыртта қар.

Шығар есік таппадым...

"Кімге керек, - дедім, -

оны тапқаным?

Кімге керек

үміт отын жаққаным,

Жүрегімде

сақтағаным өмірдің ақ шақтарын?"

 

"Кімге керек?" -

дедім, бірақ

Тереземді ашқанда,

Өзім едім - тапқаным.

Маған керек.

Күтші мені, ақ қарым!

 

 

АҚШЫЛ КӨК

 (Темір көрсеткен жолдармен)

 

Түс көргім келеді менің!..

Түсімде –

Жолдарға еріп

көрсетер қысты қырдағы,

Отырсам деймін

бейтаныс көлік ішінде

Тым таныс əннің жанымды тербеп ырғағы.

 

Келеді көргім

түсімде дала қыранын

Қалықтап ұшқан

ақшыл көк түсті аспанда.

Келеді тағы

өңімдей үнсіз жылағым

Жер бетін ақ қар басқанда.

 

Келеді көргім

теңіз толқынын түсімде

Ақшыл көк түсті аспан реңіне бөленген.

Жазылар сосын

Жүрегім ғана түсінген

Ақшыл көк түсті өлеңдер!

 

Даланың ұлы жанында мəңгі сақтаған

Жусанды дала кеңдігін көргім келеді!

Түсімде көргім келгеннің бəрі -

жат маған

Көк пен ақ түстің тоғысқан сəтте жүрегі.

 

Түсте де жүрек болады екен,

байқадым.

"Жүректің түсі - түстің жүрегі" -

айтарым.

Байқадым тағы

Түсімде мен тек -

Жолаушы,

Белгілі қашан қайтарым...

 

***

Жүректер,

Адамдар,

Сезімдер,

Жүрекке бастайтын қадамдар,

Сəттерім "бақытты кезім" - дер -

Жүректе...

 

Жүректе -

Кіршіксіз, шынайы тілектер.

Ауада қалқыған ойларым

Тереңге бойлады.

Мен-дағы іздеуді қоймадым.

 

Тыңдашы...

Сəттерге болар ма тым ғашық

Жүрегім?

Көңілді мұң шалса, "күз" дедім.

Жұбатса күзде мұң,

Ең биік сезімді іздедім.

(Ең биік сезімді іздедім...)

 

Естіледі

Сағынысқан жүректердің дүрсілі.

Есті лебі

Бақыт тұнған кездердің.

Үнсіз сөздер ақтарады жүрегіңнің бар сырын,

Жүрек тілі - көздерің.

 

Кешегі сəттерім - бақыт па, елес пе?

Елес пе кешегі біз жеткен белестер,

Жүректің жеңісі, сананың күресі?

- Кеңістік?

- Белгісіз.

- Уақыт ше?

- Күтесің.

Көзіңмен тасыған хаттардың бəрі есте,

Ең биік сезімнің иесі.

 

***

Көңіліме жиып алып жүз үміт,

Өткеніме сағынышпен қарадым.

Күндер,

Айлар,

Жылдарменен үзіліп,

Жапырақша желмен ұшып барады...

Қайран уақыт!

 

Араға сап уақыт пенен қашықтық,

Жоғалтқанды іздедік.

Сары мұңды күз келіп,

Біздер тағы кездесуге,

Жүздесуге асықтық...

Эх, асықтық!

 

Сары мұңды күз келіп,

Сағыныштың сары əуенін тыңдатты.

Сол əуеннің жылуынан мұз еріп,

Ызғарынан естеліктер үн қатты.

 

Естеліктер сөйлейді,

Жан ұшыра айқайлайды ішімде.

"Жүректердің заңдылығы бұл" - дейді,

"Мағына бар естеліктің күшінде.

Өткен күннің парақтарын жұл, мейлі,

Жүректегі жазуларды өшірме!

Ол жазулар,

Ол жазулар өшпейді

Сен үшін де, бүкіл əлем үшін де."

 

Ұмытпашы тілекті,

Ұмытпашы,

есте сақта

заңдылығын жүректің.

"Мен келермін!" - деп үндеген құстардай,

Қоштасулар қауышуды уəде етті.

 

***

 

Мама...

Білесің бе,

Маған бояудың иісі ұнайды.

Бірақ, сол бояудың ішінен сені таппаған сайын

бала көңілім мұңайды.

 

Сені іздеп,

бейтаныс шеберханалардағы картиналарға үңілдім.

"Естелік - теңіз" - деп,

сүңгіп кеткім келді, бірақ,

жүзе алмайды екем...

(Құпиясы қандай көңілдің?)

Сені көремін деп,

Басқаны таптым.

Басқаның жанына

қаншалықты жақын болсам,

соншалықты жатпын.

 

Ұмыт бола бастаған дауысыңды

ескі кассеталардан іздедім.

Ұмытпау үшін

(əлде ұмыту үшін бе?)

жақын жандарға

"Көңілім - күз" - дедім.

Бірақ, үмітті үзбедім,

Мама...

 

Сенің кенеп бетіне жазғаның мен

менің қағаз бетіне жазғанымның арасында байланыс бар ма?

Бар болса,

(Сенгім келеді өзім)

Айды бекер жырламаппын, мама...

 

Кезекті қыстың ызғары

жаныма тағы батқанда,

Бақытты сəттер сыйласа тағы

нұрына бөлеп ақ таңдар,

Құшағыңда сенің келеді, ана,

сəби боп менің оянғым!

Сол кезде тағы əлеміне еніп

Өлеңнің, əлде бояудың,

"Тым болмаса,

түсіме кірсеңші!" - дермін де, қоярмын,

Мама.

 

P.S. Туған күніңмен!

 

 

ШЕКСІЗДІК

 

Сəт – шексіздік.

Көзіңді көкке көтеріп,

Адасқанда

Түнгі жұлдыз ішінде.

Жүрегіңмен жанасқанда

Табиғаттың жүрегі.

(Түсін.

Мейлі, түсінбе.)

 

Түсін.

Мейлі, түсінбе.

Сəтпен бірге

Мен - шексіздік,

Шексіз мендік ессіздік.

Бақыттымын!

...ессіздігім үшін бе?

 

Ессіздігім үшін бе?

Сан алуан сезімдерім əн салады ішімде,

Кейде үнсіз би билейді,

Өңім де - бір,

түсім де.

 

Сəт - шексіздік.

Əрбір сəтке қуанып,

Жаңа күннің жазуларын сақтағанда жүректе.

Жаңа күнге қуанбаса,

Сендік жүрек - жүрек пе?

Ойлап көрші,

Жүрек пе?

 

 

ЖҮРЕГІМНІҢ ҚОНАҒЫ

 

Бүгін тағы

Сағынышым -

Жүрегімнің қонағы,

Бүгін тағы

Жүрек - оның тұрағы.

Ал, көңілім алып-ұшып,

жауап күтіп тұр əлі:

"Жүрегім бе кінəлі?"

 

Біреулерге - дархан дала,

біреулерге - тар мекен;

Кінəлі ме жүрегім?

Жүрегімде мен жоқ жүрек бар екен.

Қалай ғана сезбедім?

 

Қалай ғана

бір жүрекке

мың жүректі сыйғыздым,

Көңіліме жалғыз сəттен мың естелік жиғыздым?

Неге тағы

Сағынышты естеліктер қарсы алды?

"Міне осы - үй біздің!"

 

Бүгін тағы

Сағынышым -

Жүрегімнің қонағы,

Бүгін тағы

бір жүрегім -

мың жүректің тұрағы.

Көңілім де алып-ұшып,

жауап күтіп тұр əлі:

"Ал, мен қанша жүректемін?" - сұрағым.

 

 

БАЙЛАНЫС

 

1.

Ол Жақының.

Сен - жақыны Оның да.

Жақынменен бір - Жүрегің,

Тауың,

Тасың,

Жолың да.

Біреу емес, енді екі Жүрек сенің қолыңда.

Көлеңке бар соңыңда.

 

Сезесің бе,

Енді екі қанатың бар ұшатын,

Бар əлемді,

Бар адамды

Қос қанатпен құшатын.

Сезесің бе,

Жүрегің бар,

Сүйе алатын өзгені,

Өзге адамнан артығырақ емес енді

Өз демің.

 

Байқадың ба,

Сене аласың енді басқа адамға.

Қандай бақыт -

Өзге барда сене алатын саған да!

Қандай бақыт -

Көп адамнан

Бір кішкентай адамның

Жақыныңа айналғаны мына үлкен жаһанда!

 

Мына үлкен жаһанда

Қанша мықты болсаң-дағы, саған керек басқа адам.

Басқа адамға сен керексің

Жазда, қысқы қаһарда.

Осы жүрек байланысын үзетіннен жасқанам...

 

2.

Жіптерді үздік талай біз...

Мүмкін кейде сол жіптерді шешілмес деп санаймыз.

"Адамдардың бəрі бөлек, бəрі ерек" - дейміз де,

Неге бізге сай болғанын қалаймыз?

 

Неге кейде өзгертуді қалаймыз?

Неге жиі өзімізді ойлаймыз?

Шыдамын да, төзімін де шексіздікке балаймыз.

Неге солай

Жіптерді үздік талай біз?

 

Шекарасын кесіп өтіп өзгенің

Қайта шықтық, жан-жүрегін жаралап.

Сонда нені,

Сонда нені көздедің?

Ал, мен неге жүрдім жанын жағалап?

 

Ал, мен неге түсінбедім

Байланысты кешегі.

Уақыт өтіп, сағыныштың ызғар желі еседі.

Жақыныңның жүрегіне уақыт барда құлақ сал,

"Жіп үзілсе, қайта байлау өте қиын" - деседі.

 

Орын қалдыр жүрегінде жақыныңның, қаласа,

(Өз атыңмен толтырғаның қалмайды-ау жараса.)

Таңдауына Ол қуанса,

Сен де қуан балаша.

Ол үшін бол таудан биік,

Бірақ, шөптен аласа.

 

Сен – Жақыны.

Ол – жақының Сенің де.

Неге бұлай?

Түсінбессің сен мүлде.

Байланысты үзбегенің – жүлде емес,

Бағалауды үйренгенің – сол жүлде.

 

САПАР

 

Салқын самал бар ойымды алып кетті ұшырып,

Бар уайымды алып кетті желменен.

Осы сəтте біз - жолаушы, сапар - мəңгі, құс - үміт.

Сенетіндер кемде-кем.

 

Сапарға шықтым -

Жаныма сапар,

Жүрекке сапар,

Ойыма.

Сапарда жолдар тастармен қатар.

Жаныңа батар. Мойыма.

 

Дəл қазір менің өзімді жеңді

Өзімнің салған қамалым.

Өзімнің сызған шекарам жеңді,

Қоршауда қалып барамын.

 

Шеңберден шығар уақытым келді.

Желден бе тапсам амалын?

Құс болып ұшып, сезінсем желді,

Сезінсем лебін, самалын,

 

Табар ма, бәлкім, сапарым мәнін,

Қояр ма жүрек іздеуін?

Шекарасыз ой, өлшеусіз жалын,

Еркін жүректі іздедім.

 

 

ӘУЕН

 

Шексіз Жүрек теңізінде

жүземін,

Толқындарымен көңілдің.

Сарқылып демім,

Мен тағы

Естеліктерімде көмілдім.

 

Саксофонның сары əуенінен таптым

Жанымды ауыртқан Күз емін.

Ой түнегінде шырағын жақты

Іздерім.

 

Жүрегімнің дүрсілі

Жаңбыр тамшыларымен үйлесіп,

Гитара үніне қосылды.

Ал, сен ше? Нендей күйдесің?

Табар ма жолды, сезер ме жүрек осы үнді?

 

Мейлі, таппасын...

Іздеме сен де.

Скрипканың үні іздесін.

Жанарыңменен аппақ хат тасып,

Үндеме. Аспан сөйлесін.

 

Ал, мен ғашықпын, Көк Аспан!

Сəттерге

Күн нұры көлеңкемді ерткенде

Күйсандықпенен сырласқан.

Гүлдерге

Жаныңда сақтап жұпарын,

Ұмытпайтын, жұлмастан.

 

Кездерге

Ойыма түскен

Ағымы өмірдің немесе жүрек ырғағы,

Бағына күйдің малынып өскен

Дала еркесі қырдағы,

Сөз қадірін терең ұғынған жырдағы.

 

Сезімге...

(Айтамын несіне?!)

Бəріне куə - Джаз ием.

Сөзімді салсын есіңе

Жүрекке жылу сыйлайтын мəңгі

Мың əуен.

 

НҰР

 

...Білесің бе?

Күні кеше

Қар мен жаңбыр кездесті.

Екі бөлек уақыт дəмі

Бір-ақ сəтте үйлесті.

 

Ақ ұлпа қар

Һəм ақ жаңбыр -

Көктен жауған нұр дерсің.

Нұр жауады,

Тоқтайды уақыт,

Сезбесе де өзге ешкім.

 

...Есіңде ме?

Кеше ғана

Қар мен жаңбыр бір болды.

Қар - көбелек,

Жаны - бала,

Бір қалықтап, бір қонды.

 

Жақын көктем,

Нұры көктен

Бір-ақ сəтте төгілді.

Төгілді нұр,

Кенеттен бір

Əлсіз үміт көрінді.

 

Қамсыз жауын

Ойдың бəрін

Сумен шайып кетер ме?

Аппақ қарым

Жүрек барын

Еске салып өтер ме?..

 

 

ЖҮРЕК

 

Кезекті таңым. Күн суық тағы.

Тағы да күнді жыр еттің.

Күннің суығын айтасың-дағы,

Айтпайсың жайын жүректің.

 

Жүрекпен қыстың ерітіп қарын,

Жан жылуыменен гүл ектім.

Атқанда таңым, сақтадым ағын,

Көңілден қуып түнекті.

 

Бұл таңым - шексіз үміттің таңы.

Тудырар ойлар бұл екпін.

Айқара ашық өлең құшағы

Жолында ізгі тілектің.

 

Тілегім - жүрек. Жүрекке тірек -

Көңілдің өшпес жүз заңы.

Көңіл мұздарынан мың есе артық

Ызғарлы қыстың мұздары.

 

Күн райын ешкім "өзгертем" демес.

Тырысса - күнді бұзғаны.

Ал, көңіл мұзы - тағдырдың емес,

Адамның өзі сызғаны.

 

 

САҒЫНА БЕРЕМ

 

Сағыныш сазы тулатты тағы қанымды,

Түсірді тағы белгісіз, шексіз бір күйге.

Қоярға таппай ешбір жер мына жанымды,

Жүгіріп келем естеліктердің елінде.

(Жүгірем әлі бірнеше сағат, кемінде...)

 

Алыста жүрген жақынды жиі сағынам,

Жанымда жүрген алыс та ылғи ойымда.

Еске алып жүрем, сағынышпенен салып ән,

Еске алып жүрем сәттерді мәні жойылған -

Әр естелікке ескерткіш бөлек қойылған.

 

Есімде бәрі - әрбір сәт, әр кез есімде,

Есімде мәңгі бейнелер, сөздер, есімдер.

Әр қадамымда жаңа естелік жазамын,

Сәбидей болып тұсауы жаңа кесілген.

Естеліктерім – кең далам еркін көсілген!

 

Сағынышыммен толтыра берем жанымды,

Сағынышыммен жеткізем барлық сөзімді.

Сағына берем, сағына берем бәріңді,

Ұмытпас үшін бақытты болған кезімді,

Жоғалтпас үшін осынау тәтті сезімді!

 

 

 

МЕН ЖАЗУҒА АЙНАЛСАМ, ОҚИСЫҢ БА?

(жүрегім сөйлеген сөзді жаздым, арнамадым.)

 

Дос пейілін ілмейсің көзге, міне.

Бұрынғыдай ермейсің сөзге, міне.

Жүрегімнен көше бер өз жеріңе,

Тек шыныңды айт, тік қарап көздеріме.

Мен жазуға айналсам оқисың ба

Шимай-шатпақ әрібі-сөздерімен?

 

Бейнең мәңгі жоғалды көздерімнен,

Дауысың да жоқ болды, күлгеніңмен.

Бәрі ұшып барады күз желімен

Бәрі кетіп барады күздеуіне.

Кеткен құстай қайтадан келесің бе

Көктемнің ең алғашқы гүлдерімен?

 

Бұрын мәлім болатын жоғың-барың,

Маған жұмбақ ендігі ой-сырларың.

Менен жырақ көңілің, ән-жырларың,

Маған бөтен гүлзарың, қызыл бағың.

Тағы бірер сапарға шығасың ба

Қайта кезіп жанымның қыр-қырларын?

 

Достық ізгі пейілді сезесің бе?

Мен ішімнен шақырсам, келесің бе?

Тағы сеніп, соңымнан ересің бе?

Үнсіз қалып немесе күлесің бе?

Мен жазуға айналсам, оқисың ба?

Шын жүректен жазғанға сенесің бе?

 

ӨЗГЕШЕ

 

Сен Оны өзгерткің келді, өзіңдей болсын деп едің.

Бойына Оның жұқтырғың келді қасиетін және Көп елдің.

Сен Оған ұқтырғың келді ақылын Көптің, кемелдің.

Ол енді Өзін жоғалтты - қайсыбір баққа кенелдің?

 

Ол енді Өзін жоғалтты, бойына жиып Көп сырын,

Ережесіне мойынсұнды Ол, шырқап та кетті Көп жырын.

Өз болмысын ұмытты-дағы, жоғалтты Жеке бақ-мұңын.

Өзгенің заңын қабылдап кетті, ұмытып Өздік шаттығын.

 

Сен Оны "ұмытсын" дедің, қамқорлық еткен шығарсың,

Шартқа сай қылып, өзгертіп бақтың, артық та кеткен шығарсың?

Бұл әрекетіңмен ет жақындарыңды орға да талай жығарсың.

Болмысын бұзып, Өзін жоғалтып, оңаша талай жыларсың...

 

Өзгертпе, тиме, болмысын бұзба! Сақтап қал жеке тұлғасын!

Еркіндік пенен ізгі пейілді көрсетсең - игі жолдасың!

Адам дегенің пішінін беріп, балқытар болмас - қорғасын.

Өзгерсе, Өзі бағытын тауып, Өзі кеп мінер жорғасын.

 

Бұғауларды бұз! Кісеннен құтыл! Шынжырлама да өзгені!

Әр адам - тұлға, әртүрлі әлем, әрқилы, тіпті, сөздері.

Барша адамды кітаптай көріп, ақ-қара деп біл көздегі.

Ләззат алғайсың өзгешеліктен, туғызған Әлем тізбегін.

 

Фото:the-steppe.com