Ақерке Әбдікәрімова. Құдайға айтып қойғам...

ҚҰДАЙ... СОСЫН СІЗ

 

Еніпті бақытымның кейпіне мұң,

Оны енді тазалаймын қайтіп бойдан?

Сіз менің жалғызымсыз дейтін едім,

Құдайға айтып қойғам...

 

Бермепті маған өмір ызғар, у-сыз,

Сүйгенін Тәңір өзі сынайды ерек.

Бақытты болуыма сіз зәрусіз,

Бірінші Құдай керек.

 

Ұнаттық бақ тілеген кісіні біз,

Мүлде енді аяқталып қалмағай ән.

Сағындым, шынымен де түсініңіз,

Мен және Аллаға аян.

 

Сұм тағдыр екеумізді қинады-ай,ә?

Кейінге қалдырайық бір аңыз шын.

Сүйсеңіз, раушан гүлді сыйламай-ақ,

Құдайдан сұраңызшы...

                                                 2018

СІЗ


Ең соңғы рет сізді көрсем деп едім...
Мүмкін, енді тоғыспас та жолымыз.
Мен өзіме тауып алам керегін,
Сіз бақытты болыңыз.

Өткен күндер оралмайды қайтадан,
Мені ойлаумен өтпесінші түніңіз.
Мұңаймаймын деп өзімді айта алам,
Сіз күлімдеп жүріңіз.

Кетсемдағы көзден, қалам көңілде,
Батар кезім жетті-ау болсам "Күніңіз"
Мен өтсем де күліп өтем өмірден,
Ұзақ өмір сүріңіз,
Сіз...

 

 

***


Тереземнен қарайыншы жолға мың,
Көңіліме көктен түскен жырлар тән.
Сәтсіздігім сәттіліктен болғанын
Өлең айтып тұр, қалқам!

Түсім шындық сәл өтірік өңімнен,
Өліарада туған жырды жаттап қал.
Өлең жазып алғанымша,
төгілген
ерімеші, аппақ қар...

Көздерімнен құлап түсіп тамшылар,
Ақ қыс аппақ маңдайымнан өпсін кеп.
Мүмкін мені түсінетін қар шығар,
Кінә артпаймын көпсің деп.

Тылсымыңа, табиғат, не тең келер...
Аппақ әлем, ақ қағазда ғажап мөр.
Қыс қадірін түсінбейтін пенделер,
Тереземнен қарап көр!

КӨКТЕМ БИЫЛ КЕШ КЕЛЕДІ

 

Көктем мені шақыруда,

Жылайықшы бірге деп.

Еш себепсіз аһ ұруға

Мұң керек не түн керек.

 

Жан құрбыма ере алмадым,

Ойды електен өткеріп.

Бақытымды көре алмады,

Кетті бәлкім жек көріп.

 

Көзге елестеп отты майдан,

Найзағай кеп бетпе-бет.

Бір кездері көп мұңайғам,

Көктем жеткен ертерек.

 

Алмаңдаршы еске мені,

Бұлт билесе төбені.

Көктем биыл кеш келеді

Жыламаймын себебі.

 

Биыл көктем кеш келеді...

 

***

Сезімді айтсам болмас,сірә, ұятты,
Рас, өзімді бір тәкаппар, өр дер ем.
Мендік жүрек Антарктида сияқты,
Жан баласы әлі зерттеп көрмеген.

Тәңір өзі қойса егер таныс қып,
Менің ішкі сарайымды кезер ең.
Ал, сезім Африкадан да ыстық,
Жақындасаң күйгеніңді сезер ең.

Ешкім қатсын деп мұз әкеп қоймаған,
Лауласын деп отын ешкім жақпаған.
Бірде еріп тасысам деп ойланам,
Бірден мұздап кетуге де шақ қалам.

Құрлықтардың арасынан шығып ап,
Мұхит болып төгілмесем жарар ед(і)
Әй,ақ бұлттар, жүрегімді жұлып ап,
Жан көрмейтін мекендерге ала кет!
                                              

 

***

Сүйген көңіл күйсін де,
Лауласын да қаласа
"Халің қалай" дейсің бе?
Менде бәрі тамаша.

Қара жерді тепкілеп,
Құйып кетті сел кеше,
Дала гүлін екті кеп,
Менде көктем, сенде ше?


                             

 

***

Аспанның әлеміне барып қалғам,
Жұлдыздар шашып тұрды жарықты алдан.
Адасып :"Мен кіммін?" деп сұрай бердім,
Ақ бұлттар жаныма кеп былай деді:
"Сен қарсың, ақ қыс жерге алып қалған".

Мекенім мінезіме көніп пе екен?
Көніп пе ?
Көру үшін келіп - кетем.
Бұлттар кеп аққа Жерді бояғанда,
Адамдар, ақ ұлпаны аялаңдар,
Армансыз алақанда еріп кетем.

 

 

***

Көктемменен ақылдасып қойғандай,

Жаңбырменен құлай берді жас қатар,

Сәукелемді киер едім ойланбай,

Басқа тар.

 

Сағынышың бітті ме екен мезі қып?

Көзәйнектің ар жағынан өң қалса...

Құралайдың салқынында кезігіп,

тоңғанша...

 

Қызғалдақтар ұйқысынан оянсын,

Ергеу  өтсін , тағы күндер бірнеше...

Көктеміңе таныстырып қоярсың,

«Кім?» десе.

 

Бар мұңыңды таңғы шайға салып іш,

Айға мені тапсырмаң ба аңдыту?

Мүмкін сенің мамандығың сағыныш,

Һәм күту.

 

Сезімменен керек емес тағы ойнау,

Әлде тасып кетті ме екен құрметің...

Мені сүю тағдырың да,

ал ойлау –

міндетің.