Тағдырдан қыз боп еншілеп алған,
Бұйымым басқа жасауым бөлек...
Айтар ару кімдерге сырын сеніп?
Біраз болды еткелі мұңын серік.
Жігіт болып тумады, тым құрыса,
Толғақ ойды тарқатар шылым шегіп.
Жат қылыққа мен едім жаны қастың,
Кейпінде жүр өлеңде бәрі мастың.
Бір жүйріктің жалынан тартып мініп,
Келеді де тұрады тағы қашқым.
Дала кезіп кетсең ғой, ми даланы,
Көрмей бетін көшенің, үй, қаланы.
АҚЫНСЫҢ ғой деп емес таныған жұрт,
АДАМСЫҢ деп керек қой сыйлағаны.
Өлең, бірақ, сен ғана ақ-адалым,
Шабыттың кезіп өтіп жағалауын.
Жазбауға уақыт таппай кетер едім,
Алайда,жоқ амалым.
Ораламын!
АПА, ҚЫЗЫҢ ӨЗГЕГЕ ҰҚСАМАЙДЫ
Апа, қызың өзгеге ұқсамайды,
Жеңілді деп санама жықса қайғы.
Атыңа кір келтірсе оңбағаны,
Ол ұятты өлімнен құп санайды.
Қам жейсің қыз баланың жолы ауыр деп,
Білсең ғой дәл өлеңдей жоқ ауыр дерт.
Ұмытсаң өз сөзіңді қайталайын,
Жақсыға маңайында қарауыл көп.
Тілесең тілеуімді қабыл дұғаң,
Мен сендей жаратылдым сабырлыдан.
Жаулығыңды сен қалай қадірлесең,
Өлеңімнен ғұмырлық табылды мән.
Апа, менің тыныстар бол тынысым,
Ұғынуға тырысам оң-бұрысын.
Өз теріме әзірше сыйып жүрмін,
Көкрегіме сыймайды толқынысым.
Өмір өзі үйретті батыл сабақ,
Қорықпа күн кешер деп бақыр санап.
Көбейіп Фаризалар қазағымда,
Жаман ба ел-жұрт жүрсе ақын санап?!
* * *
Аға тұтқаным – жақын көргенiм,
Қалағаным ғой ақыл бергенiн.
Сәлемiм түзу болмаса сiзге,
Таныс болуға мақұл дер ме едiм?!
Көңiл бөлсеңiз қуанып қалам,
Қалғандай күйсiз бұл алып ғалам,
Оңай емес қой жүрек болған соң,
Медет күтемiн, қуарып барам.
Жан едiм жоққа жалынбас келiп,
Жалған нәрсенiң бәрiн бос дедiк.
Халiмдi сұрап қойсаңыз еттi,
Жүргесiн түбi қарындас көрiп,
..аға...
* * *
Əлі-ақ іздеп келесің шын сол қызды:
Жадыңа өшпестей көшіп алған,
Армандарыңның досы болған.
Сен ессіз ғашықсың,себебі,
Жасандылық біткен қашық одан.
Ұқсамайды болмысына басқа ешкім.
Тəңірне табыстаған ғұмырын,
Тағдырында орнаса да тас көшкін.
Кісілікке кісен салса лас пиғыл,
Кісінейді көкректе құлын жыр.
Сеніп қалар,сүйіп қалар қапысыз,
Жүрек неткен жаратылыс ұрынғыр?!
Көңілінде болсадағы мұнша өкпе,
Біледі ол,
"Шыңғысханның ақша бұлты" секілді,
Тұғырдан бақ таятынын бір сəтте..
* * *
Бәрі де өте шықты түстей көрген,
Боларға,болмасқа да,
Өзімді күштей бергем.
Бір жанып,бір өшті де,
Жыраққа жоғалды үміт,
Ақымақпын,кеудеммен кек бүрлеген,
Басым ауған жағыма кеткім келген,
Таудан да биік екен табалдырық!
Түбіме сүйкімсіздің сөзі-ай жеткен,
Сығалап боз Ай көктен,
Түнімен жылағаным,
Білініп тұр ма шыны көзәйнектен?
Көлеңкеммен қыдырып жарық күнде,
Келеді ол талып бірге,жанып бірге.
Жанар көргім келеді,жүрек көргім,
Көрмеген тіршілікке налып мүлде.
Көбіне көрінсе де түн қараңғы,
Түн ғана еш жалықпай тыңдар әнді.
Ей,дүние сен қалай байқамайсың?
Айналшақтап жүргенін мұң балаңды.
Бірде көл,бірде шөлмін,
Уын ішіп алғанмын мың кеселдің.
Астында жүрген жалғыз мен емеспін,
Қолшатырсыз адасып жыр-нөсердің.
Шаш та сол өрілмеген,
Қас та сол терілмеген.
Қыз деген болсадағы атым ізгі,
Оқып берер секілді хатымызды.
Әйтеуір ілік таппай сөйлесуге,
Жасқанады алдыма көп ұл менен!
* * *
Тағдырдың жойқын соққыларының,
Көңлімнің гүлін жоқ қылары мұң.
Қасыңнан əркез табылмағаныма,
Алдыңда,мама,көп кінəлімін.
Мен сол баяғы қара қызыңмын,
Айналып жүрмін нала құзын мың
Өне бойыма дарытқан нəрін,
Бастауы сенсің жан азығымның.
Аштым өмірдің есігін жаңа,
Осы сəт,шақ,осы күн дара.
Алдыңда сенің иіліп басым,
Сұрайтыным тек кешірім ғана.
Ақталар ма екен сенімің артқан,
Сенімділердің серігі Хақтан.
Бақа бақытқа ұмтылмаған соң,
Сұңқардың содан сорын ұнатқам.
Өмірімді сенсің гүл еткен көрік,
Бөлек кеудені бір еткен келіп.
Жанымыз біздің дұғамыз барда,
Жүрекпен жақын, тілекпен берік.
* * *
Жерге салып жатса да, жерден алып,
Жер болдым деп қалмадым желге налып.
Жер құшақтап қалады қаншамасы,
Жігерленсем сол жерден жəрдем алып.
Құласам да бір өзі көтерген нақ,
Бар ризығым жинаған бөтенге қап.
Тамағында тағдырдың мың тығылып,
Ауызында ажалдың жөтелген бақ.
Жердің маған жоқ мүлде алыстығы,
Бойға тарап табаннан бар ыстығы.
Тарқағанда базарым мезет жетіп,
Жер бесіктің əуені таныс түбі.
Жаралмадық тегінде топырақтан,
Жылатқанның жанымды соты Хақтан.
Жер еңсемен жүрмін ғой жұмыр басым,
Ауырлықты көтеріп жеті батпан.
* * *
Сəттерде тынымсыз ой кезген,
Сенімім көбіне күйреді.
Сүйектен өтетін кей сөздер,
Сүйел боп шықпаса игі еді.
Боп барам ызақор ,өкпешіл,
Жүрегім,жарамас бұл ісің.
Бұл өмір болғанда –от кешу,
Тарылмау мүмкін бе тынысың?
Өзімді өзім боп демедім,
Тұрсам да күлемін жылап іш.
Құрсақта таныған өлеңім,
Бұл шақта жаныма жұбаныш.
Жарамас болмасқа таласу,
Жаныма тыныштық керегі.
Екеуміз аспайтын жоқ асу.
Өзімде өзім бар, себебі!
* * *
Мұңымды қайтсін менің қаңтар ұғып,
Армандарым жатса да қантарылып.
Әдемі күлудің де жолын таптым,
Көрген соң ба тірліктен сан тарығып.
Қаңтар соңы бітеді ақпанға ауып,
Көк мұз сынды көңілде жатқан қауіп.
Тайғанақтап тағдырым тұрса дайім,
Тас болудан жүрегім сақтан барып.
Мәңгі бұлай қалмаспын, өрлер ісім,
Қанат жайып ұшады кеңге құсым.
Мен көктемді күтемін бар қайғымды,
Қара жердің астына жерлеу үшін.
Бәйшешекке айналар сонда шерім,
Бүр ашады қосыла онда сенім.
Мұңның гүлге айналған сәтін көріп,
Сен де бей жай қалмас едің...
Сезем...
СЕН ҚАЙДА ЖҮРДІҢ?
Сен қайда жүрдің?
Көп қызықтың ысырып тысқа бәрін,
Лебізіңе шөлдеген тұста жаным.
Тіл ұшында күрмеліп сөзім небір,
Усымда қалмады ұстағаным.
Мен қайда жүрдім?
Тағдыр тағы төбеңнен жай түсіріп,
Жұбатуға жарымай сай кісілік.
Мезгілдерді өткердік текке қалай,
Бізді ақтап алады қай түсінік?!
Сен қайда жүрдің
бұрымымдай кесілген шақта бағым?
Мен қайда жүрдім
тіршіліктің кезгенде «Ақтабанын»?
Біз қайда жүрдік?
Бірге бармай киноға, ән кешіне,
Кепіл қайсы сезімнің сөнбесіне?
Нөміріңе қоңырау шалғым келген,
Соңы түспей тұрғаны жөнді есіме.
Қоңырау шаларсың өзің...
***
Күткенім таңда осы ма менің?
Жарамас енді мұңайған.
Кешірмейтіндей несі бар оның,
Құдіреттімін бе Құдайдан?
Сырқаттай бойын дендеген өлім,
Тартады әлсін күз демін.
Сын сағаттарда сен деген едім,
Сенделіп сонда іздедім.
Іңкәр көңілден, ыстық пейілден,
Барады түгел мән қалмай.
Сезімді бір кез құштық мейірмен,
Бақытты нағыз жандардай.
Көрмеген көздер кінәлі дерсің,
Бұрады дерсің өкпеге.
Жанымның өлең тұрағы болсын,
Тек ұмыт мені, сөкпе де.
Басқанмен зілдей кесір еңсені,
Келеді мықты болғысы.
Жек көргенімше кешірем сені,
Жырымның бұд да соңғысы.
***
Мәңгүрттік жетті махаббатқа да,
Даналық күтіп даурыққан екем.
Жанғымыз келіп қатар отқа да,
Адасып біз де қалдық па көкем?
Өзіңе қарай қадам баспадым,
Әлсіздігімнен кейде морт сынам.
Содан да шығар хабарласпадың,
Мықтылығыңа жоқ шүбәм.
Батыруын-ай тереңге мұңның,
Демеймін сол күн өкініп қайттым.
Барлығы шындық өлеңдерімнің,
Ал саған өтірік айттым...