* * *
Жолықпашы жол түспес жолда маған,
Кезікпеші түндерде Ай қолдамаған.
Ең жарық көшесінде қиялымның,
Ең нәзік гүлді сыйла сонда маған.
Селкеу түспес сезімнен кенде ме адам?
Сергелдең сәттеріңде сенбе маған!
Ғаламның ең ғажайып ертегісін,
Ақ адал қолдарыммен емдеп алам!
Саған әр қадамымды санай барам
Таң күтіп ғұмырымнан арайлаған.
Үнсіздік - бізге ортақ өзгеше сыр,
Үздігіп үзілердей қарай ма адам?
Бақтарды кешқұрым сәт біз аралар
Жаныма бір ерекше ән оралар!
Қиялды енді жалғыз кезсең егер,
Өзіңмен мен сүйетін гүл ала бар!
АСПАН ӘЛДИІ
Жер-дүние дем алуда
Тынымсыз тіршіліктен
Болмайды көп алуға,
Үлесті ескі үміттен!
Талықсып масаурайды
Батқан күн ұясында
Өлеңдер жасаурайды,
Қаламның сиясында!
Аспаны әлдилеген
Жерді де ұйқы қысып.
Ана отыр сәбиімен,
Тамсанып, сүйсінісіп!
Ай қалқып аспанында
Тіршілік түнермесін!
Жырыңмен жасқадың ба,
Іркіліп күлер несін?
Жұлдыздар жанарында
Жіберді емеурінтіп.
Көк ғарыш ғаламында,
Отырмын өлеңдетіп!
Ана отыр әлдиімен
Қысып ап құшағында!
Аспанның сәбиі ме ең?
Дүние ұшағында?!
* * *
Жанарыңда тұрады мың бір сұрақ,
Үлгермеймін оларды ылғи сұрап!
Ғарышты мен көремін дәл сол жерден,
Ғарышында көзіңнің бір күй тұрад!
Сол күйменен ұмытам бар күйбеңді
Жаным және сол күйден барды үйренді .
Кірпігімді әуенге малып қойып,
Орындықта отырам арғы үйдегі.!
Биіктік те осылай бола ма екен?
Жүректер де көктемде тоңады екен.
Жүрек болып тұрамын көзіңде ылғи
Нені сұрай аламын одан бөтен?
Жаныңыздан жырақтай аламын ба?
Қалай сізді саламын нала-мұңға?
Өтінемін, Анашым, рұқсат бер,
Шоқжұлдыз боп жанайын жанарыңда!..
* * *
Сен жайлы ойласам,
Әрі көлеңке әрі нұр!
Сайтанға біткен сағыныш,
Періштелерге бәрібір!
Сен жайлы ойласам,
Жап-жарық жұлдыз, тұнық Ай
Жаралы болған жүрек пен
Жартаста қалған жырым-ай!
Сен жайлы ойласам,
Жүректің тыншыр сәті кем!
Бақыттың балын татып ем,
Сағынышымның хатымен!
Сен жайлы ойласам,
Жалғандық және ақ-қара!
Өмірдің өзі қуаныш,
Оралмай кеткен бақ қана!
Сен жайлы ойлар,
Мазаламасын ешкімді
Жазалағасын сезімді,
Келмеске кеткен кескінді!
Сен жайында мен,
Сырға да қоспай ақ адал
Мұңға да қоспай мұнартқан,
Жырыма қостым оралар!
Жырыма қостым оралар!