
Жазда білім алушылардың бәрі заңды демалысына шығып, оқуды тоқтатып қоятыны белгілі. Біздің үйде ондай үрдіс жоқ. Жасынан кәрісіне дейін бәрі кітапқұмар. Үйдегі сөрені тауысқанбыз. Оқып болған соң алмасып жатамыз. Менің бала күнімнен бергі достарым кітап пен күнделікке айналған. Кейде жаныңды түсінетін де, ойыңдағыны дөп басатын да солар ғана ма дейсің.
Шілденің ыстығында кішкентайларды ертіп орталық кітапханаға бардым. Өзіме де, оларға да кітап алмақ ойым бар. Қазір екі айда бір барып өзіміздің аға буын қаламгерлердің жыр жинақтарын қолтықтап қайтатын болғам. Олардың жазу стилі, қолданған сөз орамдары қызық. Бір ақын екіншісіне ұқсамайды. Оқыған сайын өзім де машықтана түсетіндеймін. Бұл жолы әпкемнің ақылына сүйеніп Есенғалидың жинағын алуға келдім.
Кітапханаға кіргендегі дағдылы әдетім - жаңа басылымдарды іздеу. Қай жерде не тұрғанын жазбай танитын болған соң, сөрелерде өзгеше бірдеңе пайда болса бірден көзіме түседі. Бүгін Мағауиннің “Қасым” баспасынан шыққан 26 томдығы алыстан менмұндалап тұрды. Қап-қара жылтыр кітаптар тамаша жайғасыпты. Біздің үйде дәл осылай тұрғанын елестетіп назарымды сәл төмен тастап едім, ішім жылып сала берді. Астынғы орынға панораманың 20 томын тізіп қойыпты. Ішінде әпкем бар. Иә, мен көктемде қолын алып, кеңес сұрап, Астананың көшесін бірге аралаған әпкем - Ділда Уәлибек. Өзі оқы деген Есенғалидың қасына «Дегелеңді» қосып ап есіктен мәз-мейрам күйде шықтым.
Үйге келе сап тапқан қазынамды апама көрсетіп жатырмын. Міне маған кофе әперген ақын деп кітаптың алғашқы бетіндегі суретін нұсқадым. Апам көз жүгіртіп шыққан соң «Ділда десе Ділда екен, ә!» деді күлімдеп.
«Дегелең» - Абай облысының өткені мен бүгінін түгендеген ғажап туынды. Өзім де сол топырақта өскеннен болар, оның әр тасы жаныма ыстық. Біраз жылдар назардан тыс қалған Семейдің болашағы көңілімді алаңдатушы еді. Кітапты оқыған соң осынша тарихқа ие мекеннің жұлдызы сөнбейтініне сенімім молайды.
«Дегелең» уақытша сөреме жайғасты. Басқа кітаптарым оның қасында ұялып қалғандай. Жап-жас ақынның қаламынан шыққан поэмалардың мысы көршілерін басып тұр. Ішінен Семейдің қасіретіне тең келетін кітап көріне қоймады.
Келесі күні біз Алтайға жол жүрдік. Мұзтаудың баурайында ұлы той өтті! Ақтан Нұрбаевқа арнап ас беріліп, ақшам уағында поэзия фестивалі басталды. Халықтың қарасы көп. Мен әпкемнің Астананың атынан кеште өлең оқитынын естідім. Содан болар, тағатсыздана күттім. Екі өлеңі де озық шықты. Іле-шала сахнаның артындағы киіз үйге кіріп бардым. Әпке деген қандай аяулы ұғым! Көп ақынның ішінде жүзі нұрланып тұрған жалғыз сол сияқты. Күннің суығына қарамастан құшағы ыстық. Қал сұрасып, азды-көп әңгіме айттық. Айым оңынан туып, әпке Катондағы қонақтарға арнап бекітілген жоспарға бізді өзімен ілестіріп әкетті.
Екі күн бойы ақындардың жырын тыңдап, ақылын естіп, қалағанымның бәрін сұрадым. Олардың болмысын бақыладым. Әр айтқан сөздеріне тамсанып, сол сәттерді ұмытып қалмасам екен деп тілеумен болдым. Біз сияқты жастарға үлкендердің бір жылы сөзі мен «жаз!» деген пәрмені ханның нұсқауындай тиеді. Сондай мүмкіндікке ие болғанымды сезіп, ерекше күйде жүрдім. Әпкем өлеңдерін оқыса болды, жаным елжіреп, көзім мөлдірей береді. Алтай сапары менің оған деген ілтипатымды одан әрі арттыра түсті.
Қоштасар сәт келіп, той тарқап, ақындар үйлеріне тарады. Қимай-қимай қоштасып біз де қайттық. Жол ұзақ болған соң, көлік терезесінен қараған сайын есіме сол сәулелі сәттер орала берді. Әпкемнің болмысы теңізді еске салды. Кейде асау толқынды, кейде сондай жайлы. Бір көрген адамға ашыла бермейтін бойында ерекше сиқыры бар үні баурай береді. Үңіле білсең, түбіндегі маржандары мөп-мөлдір боп жарқырап, көзге шағылысады.
Таң ата үйге жеттім. Таңғы шай үстінде жолымның болғыштығын айтып үйдегілерді таң-тамаша қылып жатқан сәт. Фотосуреттерді көрсетіп отырмын. Әпкемнің келгенін айтып ем, апам сұрақтарын жаудыра түсті. Менің кітаптарымды мен жоқта тауысып қоятын әдеті бар. «Дегелеңді оқып қойдым, қызым тамаша жазыпты» деді. Оған ақынның өмірде қандай екені қызық. Менің кітаптағы қызбен бірге жүргеніме сенгісі жоқ.
Кешегі бақытты күйімді тағы сезінбек боп, кітапты қайтадан қолыма алдым. Ақын жанын түсінуге тырысып, басынан оқуға кірістім. Туған жердің кейіпі көз алдыма келді. Талайды көрген сары дала маған ғана сырын ашып, менімен ғана тілдесіп жатқандай. Аңыздарға жан бітіріп, тау-тасты сөйлете білген авторды елестетіп, марқайып қалдым. Жұдырықтай қыздың бойына осынша күш қайдан келген деп қайран болдым. Ұлылар жырлап өткен мекенді ол мүлде өзгеше сөйлете білген. Оқырманды өзіне елітіп әкетер жырлар оқыған сайын өзіне тарта түсті.
Кітаптың әр бөлімінің үні басқа. Маған «Делегең» ыстық. «Жарықты» оқыған адам енді ол қайғыны ешқашан ұмыта алмайды. Әр кейіпкердің өз даусы бар. «Жарық», «Тас», «Топырақ», «Дала», «Бұлт», «Найзағай», «Гүл», «Су», «Балық», «Ағаш», «Құс», «Күн», «Тау», «Құрсақ», «Ұрпақ» бәрінін көмейлерінде өксік тұр. Қайсысын тыңдасаң да, көзден жас ақпай оқу мүмкін емес. Әпкемнің суреттеу шеберлігіне ризамын. Оның нақты, дәл жеткізе білуі, шындықты жырлауы, оқырманға бәрін бүкпесіз ақтара салуы кітапты одан әрі оқуға ынтық қылады.
«Айтуынша,
бала мен сияқты болмауы керек екен,
жалпы,
адам мен сияқты болмауы керек екен»;
«Анамның кеудесінен шыққан дем
менің кеудемді таба алмай адасты,
жүрегім өмір үшін таласты.
Болмады.
Мен өмір сүрмедім де,
Бірақ өлдім.
Ең алғаш анамды емес,
Ажалды көрдім»;
«Иә, мен саған қызық емес күйік боп жабыстым,
бала емеспін,
азаппын
мен саған пәниде тап болған тозақпын».
Бұл - поэмадағы сәбидің айтқандарының ең аз бөлігі. Ал енді тұтас 56 бетті оқығандар не сезінетінін ойласақ, бәрі түсінікті болады.
«Біз мәз болып күлетінбіз,
үлкендер жылайтын,
Кеудемізге қасық жабысқан сайын» деген жолдарды оқып жүрегім қарс айырылды. Семейдегі сынақ полигоны - ұлттың жазылмас дерті, санасынан өшпейтін өкініші. «Жарық» оқырманға сол бір нәубетті жылдарды әртүрлі призмадан көрсеткен шығарма боп есте қалары анық.
«Біз жарыққа дейін де болғанбыз,
жарықтан кейін де бармыз,
Боламыз.
Бола береміз.
Біз жарықты жеңген жандармыз» деп ақын поэмасын түйіндеген екен. Қазіргі Абай облысына табаны тиген әр адам сол Жарықтың елесіне жолығары сөзсіз. Дала үнсіз боп көрінсе де, күбірлеп дұға етіп жатқандай. Бәрі келешек үшін уайым кешеді. Әпкем туған жерінің шер-наласын үздік нұсқада жеткізіпті. Абай атамыздың «теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» дегеніндей, Ділда Уәлибектің жазғандарын ықшамдылық пен үйлесімділікті байқадым.
Кітаптың соңғы 50 беті төртінші «Шеңбер» атты бөлімге сәйкес келеді. Менің сүйікті бөлімім. Ақынның түрлі тақырыптағы өлеңдері ұсынылған. Олардың ғылыммен ғажап байланысын көруге болады. Әсіресе
«екі айнымалысы бар теңдеу,
екі айнымалысы бар теңсіздік» деген жолдарды сүйем. Ол сандармен өлеңнің арасында желі құрған жан. Өзім математик болған соң ба, ойымда жүрген идеяны іске асырған ақынның бар болғанына шаттандым.
Математикада «пи» санына бүкіл өмірді сидыруға болады деген теория бар. Пи – шексіз ұзақ тізбектен тұрады. Сол тізбектен кез келген адамның туған күнін, телефон нөмірін, жасын және т.б. ғұмырлық өлшемдерін кездестіре аламыз. Кітаптың ең соңғы өлеңін оқығанда осы ой бірден орала кетті. Себебі, соңғы өлең - 3,1415926535.
Кітап таусылған соң кеудемді қимастық сезім билеп алды. Бірнеше күн тіліме «Біз жақта бір аспан болатын» деген жол ұшыраса берді. Уақыты жақындап кітапты кітапханаға қайтаратын сәт таяған сайын қаймыға түстім. Қайтармай өзіме алып қалсам қайтеді деп ойладым. Ондай қылық шын оқырманға жараспайтыны еске түсіп, ақынның өзінен сұрауға бекіндім. Бағыма орай бұйырып тұр екен.
Алтайдағы жиыннан бір апта өтер-өтпес уақытта Астанаға жол түсе қалды. Демалыс күнінің таңғы бөлігін қиып, әпкем кездесуге келді. Ол өзінің сырлы қаламы мен өткір ойлары арқылы мені өзіне баурап алғанын сезе ме екен? Жә, одан да бағымның бес елі екенін айтайын.
Жақында кітапханаға меншігін қайтарамын. Себебі, қолымда Ділда Уәлибектің өзі қолтаңбасын қойып берген «Дегелең» тұр. Үйдегі кітаптар сапқа тұрса, көшбасшы етіп осы жинақты қоямын. Өміріме жаңа леп дарытып, көңілімді жетімсіретпей құшағын ашқан Қарауылдың қызына алғыстан басқа айтарым жоқ.
Әдебиет жаны нәзік, ойы сергек қаламгермен толысты. Оның әлі-ақ халықтың сүйіктісіне айналатынына сенімдімін. Ақынға шалқар шабыт пен жүрек тыныштығын тілеймін.
Өлең маған әпке сыйлады.