***
қараша құстар,
қараша құстар,
біздің аймақтан әрі асасыңдар.
табыт көтеріп жаназа күні,
жоқтау айтумен тарасасыңдар.
терезе тұстан шым-шым үйіліп,
сәждесін жасап шымшық иіліп.
қараша құстар тізбектеп ұшты,
қараша бұлттан ұршық иіріп.
қараша құстар, құжынап бәрің,
құмарсыңдар, ә, жылы жаққа тым?
мен білсем жерден жылылық кеткен,
тұрғынысыңдар-ау
ұжұмақ жақтың…
***
Бір
екі
үш
«Біз» десе, алай-дүлей сұм еді күш.
бір, екі қауырсынын мұңға малып,
Тор ішінде торығып жүр еді құс.
Қарайды кең далаға, көлден ада,
Көл алыс, алшақтады енді екі ара.
Құсбегі тор есігін ашты кейін:
«Жүр» деді қарындас құс,
ермеді аға.
Қанатын самал тербеп, сай аралап,
Ұшады қарындас құс "ой, ағалап!"
Шалшығы шақырады шұбал-шұбал,
Жарқабақ, шәлкес-шәлкес
жол алалап.
Бір
екі
үш
Жаралы жүрегіңді түлетіп ұш!
Ал менің аққу құсым "сәруәрлап"
сызылтып ән салып тұр
- кім еді?
түш….
ЕҢ
сен - ең, ең, ең!
еңдердің зәузәті ме ең?
«сен» деп тұрып құстарды сайратып ем!
кербез басып жүріп кел маған қарай,
ала-қызыл алдыңа жай да кілем.
тақ-тұқ етіп өкшеңмен еден құшып,
дәлізбен кел,
мен
көктен келем түсіп.
батиқасын ап түсем төнеу жақтан,
Қалқаманмен, Мамырмен сәлемдесіп.
суыр сосын кеудемнен
жүрегімді ап!
тәнім
көзім
тек сендік,
түгелі жат!
содан кейін шәліңді шешіп ал да,
өлең қылып мойныма жібер орап!
сен - ең, ең, еңсің,
еңдердің ішіндегі!
жүрегімді қолыңа ұстатайын,
өзіңнің жүрегіңе ұшыр кері!
СЕН ДЕ КЕТІП БАРАСЫҢ ГОГОЛЬЯМЕН
Жаным, әлем,
Сен де кетіп барасың Гогольямен
Мен де өтіп барамын Гогольямен.
Дәл сол күні жолымда
жолығар ең,
Бірақ… бірақ…
(бірақ та сұрақтар көп)
Мейман, мейман
көшеге кінә артпа көп!
бұл көшені «тамұқ»
деп ойладың ба?
мен де қалам Гогольды
«жұмақ па» деп?!
Кербез-кербез
жолдармен кетті құсни,
дәл осы бір жолдарға жат кісідей.
Тізбек
тізбек
көліктер өтіп жатты,
Үнсіз тартқан молданың тәспісіндей.
Құлазыған көңілді кешіп сол маң,
Гоголья да жүрек көп, көшіп-қонған.
Жолымда жолығар ең
дәл сол күні,
«Абайдың даңғылымен» кетіп қалғам.
***
"Тұманбайды аяппын мен ақымақ"
(с) Есенғали Раушанов
Содан соң…
содан соң сен - мен болып
мен - сен болып,
Адасып бізбен бірге жол сенделіп.
Лалагүлден жасалған көйлегіңнің,
етегін ауық-ауық жел тербетіп.
Жел тербетіп
түрткілеп
биге сүйреп,
(Желменен жағаласып күй кешер ме ек?)
Түймедақ бәлсінеді әлсін-әлсін,
«сүйсем бе?» тағдырыңды
«сүймесем» деп?!
Мау бақтар
мешел екеу
ертегі үміт
Отырмыз Алатауды еңселі ғып.
Оқыдым Жазай жырын - «тамып түсті»
жұлдыздар ғаршы жақтан төңкеріліп.
«Қарағым, айналайын бүлдірген көз
Сені де сағынта ма бір жүрген кез?»
бұл менің - сезімімді білдірген сөз,
Дәл сенің - жүрегіңді тілдірген сөз!
Еріні дір-дір етіп гүл баяным,
«Оқыма, оқыма» деп тым баяу үн.
Жазай жыр қала берді өз ішім де,
Оқылмай қалған сонда жырды аядым.
Содан соң…
содан соң сен - сен болып,
мен - кем болып!
Тарқадық жұмбағы көп елден жеріп.
Табиғат оқиды кеп Жазай жырын,
Ұйып тұр ырғағына жел тербеліп.
КЕЛСАП
Күлгенім шат,
кигенім бүлде құсап.
Әуелден шадыман шақ,
сүрмедім хақ!
Қазір сауық көргенмен,
зіл келсап,
Мен сені ұмытпадым, мүлде бір-ақ.
Бір келсап бұрын да болды ауылда,
Сол келсап жететін жан бағуға.
Қайран шешем түйгілеп отыратын,
«Шаршадым» деп айтпайтын, алдады ма?
Зырылдап шешем сонда жаны дарқан,
Жасайды таң азанмен тары-талқан.
Қаумалап ауламызға тары сұрап,
Сорғалап шай ішеді кәрі-қартаң.
Күн сүйсініп шешемнің жамалына,
Көзін қадап тұрады ала-бұла.
Зіл келсап түйгілеп отыратын,
Тағдырдың бізге түйген қабағы ма?
Қабағы емес, тағдырдың жауы бөтен,
Бұл тағдыр - мұқым елге бәріне тең.
Ол келсап шешемнің түйгілеген,
Шүберекке түйілген жаны екен.
***
Маған қиын болады жалғыз қалу,
Қалшы осында, қала ғой, өтінемін
(с) Есенғали Раушанов
Бір қарады
артына - екі кейін.
Жібермей тұр өткенді, несі қиын?
«Раушан жырлар»
біз жақта оқылмайды,
Қайтшы үйіңе, қайта ғой, өтінейін.
Бар, бара ғой, мінсізім, мүсінді елік,
Біздер тек бұл өмірден «үзінді» едік.
Ас үйде мен қалайын аңтарылып,
Піспеген тағамыңның тұзын сеуіп.
Рабайсыз ғұмырлар, рақым етің,
Тастап кет төрде қалсын портретің!
Жарты жолдан үзілген сезім сынды,
Салынбай қала берсін жарты бетім.
Қыл арқанды осылай үзді бейбақ
Нем бар ед(і) күзді қинап,
қызды қинап?
Жетпіс екі хор қызын дұға еткен,
Жетімсіреп қалмайды біздің үй жақ.
Көкжиек көрінбейді теріскейден,
Жоғалып кетсін солай көміс бейнең!
Сол қаңтардың ішінен «күтем» дейсің,
Мен саған Шекспир ме ем,
Гетсби ме ем?
Шарайнаның кетпей тұр айғыздары,
Он ойланып кетпей тұр байғұс жаны.
Тезірек бұл ғаламнан шықшы Қалқам,
Келіп қалып жүрмесін хор қыздары
Көріп қалып жүрмесін хор қыздары.
ҚАРА РАДИО
Ауыл, ымырт
Дөңге қарай құлайды теңселіп күн,
Анам қатық ұйытып тентегі үшін.
Босаға да ілінген қара радио,
«Ерте де» деп бастайды ертегісін.
Ерте, ерте, ерте де - қай кез еді?
Жұмыр жердің ашылып желбезегі
Көрші шалдың бітпеген қой кезегі,
Ерте дейтін меніңше сол кез еді?!
Ырду-дырду әлемнен беймағұлым,
Теледидар, жиһаздан үй мақұрым.
Күннің көзі ертегі айтып тұрған,
Кешті күтіп алыстан кейде ақырын.
«Басталды!»
дегенді естіп анау қырдан,
Жүгіріп босағаға қарай жылдам.
Отырам,
сұраққа алып айналамды
«Радиоға қалайша адам сыйған?»
Балғын шақта бәрі де таңсық әлі,
Баланың таусылмаған сан сұрағы.
Ал қазір - көп сауалдың шешілмеген
Жауабы көктен жауып, тамшылады.
Ертегідей ғұмырдан үзілсеңіз,
Өткен шақты көз көрген «түсім» деңіз.
Бүгін де Мыстан кемпір, Алдар көсе,,
Бәріміз қара радио ішіндеміз!
Ерте, ерте, ерте де - қай кез еді?
***
Мұңыңа тұзын сеуіп, меңіреу күз,
Өткенге орала алмай, еңірерсіз.
Шашыңды сабалақтап, тысқа шықсаң,
Желді де қарғап-сілеп, «долы» дерсіз.
Толықсып, одан сайын көмпіс келбет,
Үстіңе сыймай қалып әртіс көйлек.
Кештерден қалып қойып, мата таппай,
Тағдырды боқтап алып, қарғыс тілеп.
Миуан күз сыймай кетіп мишығыңа,
Өкініп, жұртқа жайған кей сырыңа.
Төбеңнен күн зілімен буырқанса,
Ішіңнен отырмысың күрсініп, ә?
Аспаннан жаңбыр төгіп, мезені алса,
Жуынып сол жауынмен көше болса.
Етегіңе ұстатып көше суын,
Көліктер мазақ қылып кете барса,
Жынданасың.
сұп-сұр боп күнгеш өңің,
Жолдарында жақтырмай бұл көшенің.
Осындай сәтсіздіктің барлығына,
Кінәлі мені қылып жүр ме екенсің?