294

Мұқан Абдуллаев. Секвойя

 

Жомарт Құдай адамзат нәсіліне ашуланып, өзі жаратқан түкке тұрғысыз пенделерін өзі топан суға батырды дейді. Жер бетіндегі жойдасыз адамзат жасаған көп күнәны сол топан сумен жуып-шайып алған соң, өзі ғана қалыпты. Көп ойланыпты. Осы жерден шыққан бәлекеттерді неге жараттым, жаратсам, неге құрттым деп. Ол ойланып жатқанда қара жердің бетін қанша ғасыр бойы телегей теңіз шайып жатыпты. Жер бетін жайпап, түгел тыншытқан соң, түгесе ойлап, тоқтамға келген соң, өзі жаратқан ой атаулының түбіне жеткен соң іші жылыған Жаратқан жерге екі құсты жіберіпті: әлгі екеуі ұжмақтан топырақ алып ұжып, жер бетіне төгіпті; екі құс жемсауымен мың мәртелеп тасыған болмашы топырақ әуелі аралға, кейін шағын құрлыққа айналыпты; риза болған Тәңірі сол құрлыққа бір түйір дән егіпті де, бата қылыпты: адамзат қауымы шүкіршіл, ынсапшыл болсын деп, осы жерде көктесін, өсіп-өнсін деп, он мың жыл осында тұрақ тапсын деп...

     Әлгі дән қаулап өсіп, биіктігі мың құлаш бәйтерекке айналды дейтін, соның діңінен шыққан, соны пана тұтқан, кейін көбейіп, осы бәйтеректің түбінде ұрпағын өсірген ата-жұртты — йокут жұрты дейтін, ал қара жер мен тәкаппар Тәңірінің арасындағы байланыс-жіптік боп, көкті тіреген бәйтеректі — секвойя дейтін... Дейтін, Сан Диего мен Сан Франсисконың аралығында өткен балалықтың ескі бір күндерінде, қала шетіндегі жекежайының бағындағы ағашқа орнаған әткеншекке көтеріп мінгізіп жатып атасы. Солай дейтін. Еміс-еміс, әлі есінде: дейтін де, айтатын, сенің ұлтың бар — йокутсың, өзін американбыз дейтін тек-түбі жоқ көп шуылдаққа, анау партияда жүрген әкеңе де ілесе көрме дейді, басынан сипайды. Йокут, секвойя, Тәңірі... Тәңірі, секвойя, йокут...

 

 *  *  *

 

     Есіне емістеп оралып, енді айқындала бергенде ойын телефонның шырылы бөліп кетті. Көмекшісі Грейс өкшесі тоқ-тоқ етіп жүгіре басып барды да, жауап берді. Осы бір жасы отызға келе қоймаған көк көзді сары келіншек өзіне ерекше ұнар еді. Бітімі, жібектей жұмсақ мінезі, ең аяғы төңкеріле қарайтын көзіне дейін. "Несін айтасың, сұлу-ақ..." Бірақ, қызғылықты бір ойдан айырылып қалғанына іші ашып отыр, ішіп-жеп қарайтын көзіне қайта іліккен Грейс жайы бұл олқының орнын баса алмас еді.

    — Хьюстон, сізді шақырады, — деді Грейс.

    Еріне орнынан көтерілген Ричард Хьюстон асықпай аяңдап, телефонға барды. Тұтқаны ұсына берген Грейске телміріп тұрып-тұрып, қолынан тұтқаны алды да, құлағына тосты.

    — Иә...

    — Ричард мырза, қайырлы күн... Алло?..

    — Бағдаттың күні қайырлы болмай-ақ, құрысын да... Алло, айт, не жай?

    — Сөйлесіңізші...

    Тұтқаның артындағы адам және біреуге ұсынды.

    — Алло, консул мырза... Мен Шевроннан хабарласып тұрмын. Сіздер сатқан жер бос емес, әлдебір қиранды үйлер, оны біреулер мекендеп алған... Босатпайды, полиция шақыртпай тұрып, сіздің алдыңыздан өтейін дедім. Бұл не?

    Ричардтың іші қып ете қалды.

    — Қазір, он минутта болам, — деді де, тұтқаны аңтарыла қарап қалған Грейске ұстатты.

    — Қазір келем. Мені іздеп біреу келсе, маңызды қағазбен отыр дей сал.

    Көнбіс Грейс басын изей сала, Ричард асыға басып дағарадай кабинетінен шығып кетті.

    Қолына қарап отырған Бағдаттағы АҚШ консулдығы жақында өкіметтен консул үйінің маңындағы бірнеше квартал жерді сатып алып еді. Желеу дайын — жойдасыз кеткен мұсылман жұртынан қорғану үшін, елшілік үйінің маңында "қауіпсіздік аймағын" құру. Соның жарым жерін арзанға жаздырып, сатып алған соң, өз атына аударған да, Шевронға сатқан. Қаланың қақ ортасындағы, Тигрдің жағалығындағы жерге кім қызықпас;  жалғыз міні — қиранды үйлер бар екен, ештеңе етпес, бұзып тастар деген, сөйтсе, сол үйінді дуалда арабтар тұратын болып шықты. Бұрын көлікпен тұсынан әрі-бері өтіп жүріп, қалай аңғармағанына таңданды, таңданды да жыны ұстады, өкіметі сатқан, әуелі елшіліктің, сосын Ричардтың, ақыры Ирактың бар мұнайын сорғылап, сатып отырғандықтан осыннан кеңсе салуға ниеттенген Шевронның теліміне айналған жерде әлі жұпыны жұрт тұрады! Іс насырға шауып кетпесе екен деп тұр.

            Бағдаттағы әкімшілік түк демес, дей алмас, Америкадағы әріптестері мен шенді-шекпенді таныстарының құлағына жетсе, абыройына өлшеусіз нұқсан келмек. Халықтың ұлтарақтай-ақ жерін Шевронға сатып тапқан 9 миллион долларын желкесінен шығаруы да ықтимал. Өздерін әділеттің жағында деп түсінетін Америкадағы кей таныстың сотқа беруі де кісі таңданарлық іс емес — ондай кермарларға не рауа.

    Көлігі оталды да, бұның газ басуын күтпей-ақ, жұлқа тартып кетті. Шіркіндікі, көлік-ақ. Консулдық шегінен шыға бере, қарапайым кварталдар арасындағы жолмен тартып отырды. Қиранды үйлер, сорайған қабырғалар, соның біріне сүйеніп, күркеге айналған шатырлар... Жол жиегінде бұның көлігіне саусағын шошайтып, таңғалып тұрған, алақайлап тұрған араб балаларына дейін жүдеу, жадау. Дегенмен, көрсін кімнің қожа екенін, көрсін әлемнің кімнің табанында екенін, көрсін теңдіктің ешқашан орнамасын...

    Межелі квартал екі гектардай жер екен. Кілең қиранды, күл-қоқыс. Баяғыда бір қырғында америкалық авиацияның бомбасы түскен соң қайта көтерілмеген мекен-тұрақ. Арзан матадан киім киген, пәрәнжі оранған, шашын тақырлаған ондаған бейбақ бала-шағасын алдына алып, кәстөм киінген бір өкілмен кергілесіп тұр екен. Дәу де болсаң, Шевроннан боларсың деді.

    Саяқ жүрген — Ричард қана екен. Шевронның өкілдері үш адам; екеуі бұл топқа жақындай бере көрінді.

    — Қайырлы күн, мырзалар!

    — Ричард мырза!  — деді әлгі бас өкіл Құдайдан күткен көмегі қара жерді басып өзі келгенін көріп, қуанып кетіп, — қайда жүрсіз? Не дейді мыналар, бір сөзін түсінгем жоқ. Кет деп ымдап жатырмыз, ұқпайды.

    — Уақа емес, уақа емес. Өзім шешіп берейін. Бұлар жөнді түсінбеген ғой.

    — Сөйтіңіз, — деді өкіл де.

    — Сөйтелік.

    Ересегінің жиыны он екі адам екен, санап шықты. Бәрі арық-тұрық, тұрпаттарынан кісі қорқардай. Бұйралау біткен қара шашты еркегі де, тасалай тығылған балалары да, әйелдерінің жүзін көре алмайды, бірақ, тозғын матадан киген пәрәнжінің өзі тұрмыстың ауырлығын ғана көрсетіп қоймайтын болар, осы тұрмысқа төселген ай жүзді әйелдің өзі бір кезде көрікті болыпты дейтін атты ғана арқалап кететіні белгілі ғой. Хьюстон енді шеткерілеу тұрған бір әйелдің дене-тұрқына ішіп-жеп қарады, тұрмыстың консулдың ойына кіріп те шықпас тауқыметін тартып жүрген әйелдің бойынан бірақ көз тоқтатар жер тапқан жоқ. Грейс қайтадан ойына оралған. Шіркіндікі, мына бейбақтармен салыстыруға келмейді ғой деп ойлады. Ең аяғы мыналардай үрке қарамас еді, еліктіріп әкетер еді, көзіне арбалып қалар ең. Сыптай беліне жалғас мықынынан, талдырмаш бойынан көз ала алмай қалушы ең. Грейс, Грейс...

    — Араларыңда ағылшынша түсінетін біреу бар ма? — деді Шеврондық. Грейстің мүсіні көз алдынан бұлбұл ұшты да, Ричард та топқа сүзілді.

    — Бар, — деді біреу.

    — Бері шық.

    Жап-жас жігіт екен. Қой көзді, бұйралау шашты. Қасы қалың екен, мұрт енді тебіндепті.

    — Бұларда да адам сияқты сөйлесе алатын біреу-жарым бар екен, — деді де, Ричард кеңк-кеңк күлді. Өкілдер де қосыла күліскен, бозбала ғана әрі-сәрі тұрып қалған.

    — Кімсіңдер, — деді Ричард.

    — Біз...

    — Жә, білем кім екендеріңді. Не бітіріп жүрсіңдер мыналардың жерінде?

    — Мыналардың?

    — Иә, жоқ, тоқта. Табаныңның астындағы жер — мыналардікі.

    — Қалай бұлардікі?

    — Жөніңді біл, сұрақты мен қойып тұрмын. Не істеп жүрсіңдер мұнда?

    — Өз үйімізде жүрміз.

    — Үй? — Ричард Хьюстон күлген.

    — Үй.

    — Онда, бос жатқан "үй" көп. Кез-келген күл-қоңсыға барып жайғасыңдар. Өкіметтерің мына жерді Шевронға сатып жіберген.

    Өзін әдейі бүгіп қалды. Өкімет жүз мыңға ғана елшілікке сатқан жерді жүз жиырма мың төлеп, өзіне аударып алғанын, сол жердің жартысын Шевронға тоғыз миллионға өзі саудалап жібергенін, әрине, айтпас еді.

    — Кетпейді ешкім, — деді жігіт. Тіпті, ешкім бұған кетпейміз деп айтпаған сияқты, өзінің кекірттігі.

— Әй, — деді Ричард, — не, заңға қарсы шығайын деп пе едіңдер? Әділетке шариғаттарың қатты қараушы еді ғой. Патшаға, хүкіметке адал болуға, бұйрығын екі етпеуге бұйырушы еді сол шариғат. Хүкіметтенің осыған бұйырыпты, не, шариғаттан безейін деп пе едіңдер?

    Америка мені Иракқа кездейсоқ жіберген жоқ деп білуші еді Хьюстон. Қырыққа толар-толмас іскер азамат студент кезінен-ақ Таяу Шығыс мәселесін етене зерттеген. Халқы, тарихы, діні, дәстүрі, не көрді, не көріп жатыр, не көрмек, бәрі-бәріне қанық болған. Сонысы бекерге шықпапты.

    — Кетпейді, сәр.

    — Тыңда, — деді Ричард енді даусын бәсеңдетіп, есесіне зілдене сөйлеп, — полициямен қорқытпай-ақ қояйын, Америкалық арнайы жасақтың Бағдатты кезіп жүргенін білесің ғой.

    — Білем, сәр.

    — Қырады да тастайды, бітті. Мына жер — елшілікті бұзық пейілді мұсылман террористерінен қорғау үшін қорғаныс аймағына деп алынған жер. Атады, болды. Сұрауларың жоқ. Себебі, арнайы шептен асып кетіп тұрсыңдар.

    Жігіт үндемей қалды. Ал Ричардтың көңілін бір масат тербеп шыққан. "Сәр-сәрлеп" тұрғаны өз алдына, ұстын-тірегі жоғына қарамай кеуде керіп тұрған мына көкөрімді ықтырып тастағандай болып еді.

    — Сәр, — деді жігіт үні қатқыл шықса да, сөздің әуелгі әдебін бұзбау үшін ғана, — бірақ, қырғандарыңыз кеше-бүгін ғана ма? Мен білетін бір-ақ хүкімет бар — Ирак халқы, бір ғана шариғат бар — Ирак халқының қалауы, көпе-көрнеу зорлықты діннің екінші бір ұштығымен ақтап шығам деп ойлаймысыз?

    Мына жігіт басында өзі шырамытқандай құдай десе құлай кететін қаса надан болмады. Сөзбұйдаға сала берсе, желігем деп жеңілерін алдын-ала сезген Ричард енді ыза буған адамның кейпіне түсе қалды.

    — Әй, жүгермек! Мен сендердің діндеріңді түсінбей өтем-ау, бұлай деген сөздеріңді алай деген бір сөздеріңмен жуып-шая қоясыңдар. Одан да айт, "кетіңдер,"  деген арабша қалай?

    — Ухруджу.

    — Әй, ухруджу! — деді Ричард арабтарға қарап. Сонсоң түйіліп кеткен бозбалаға қайта бұрылды. — "Оқ атам" — деген ше?

    Жігіт сазарған күйі оны да айтты, бірақ Ричард түгел естіген жоқ.

    — Тағы, тағы айтшы. — Жігіт енді ежіктеп, бірінші сөзін айтып шықты.

    — Са-ұтлиқу! — деді Ричард қайтадан көпке бұрылып.

    — Ән-нәр, — деп қосты жігіт. Сонсоң, тозғын жұртқа қарап арабшалап бір-екі ауыз сөз айтты да, қолымен әріге, қаланың шығыс жағына нұсқады.

    Абдыраған жұрт күңкілдесіп жүріп, жігіт нұсқаған жерге қарай беттеп бара жатты. Буыншақ-түйіншектерін арқалағандары, үй-үйіндіден мүлік-мүкәмал, ала дорба асынып шығып жатқандары бар.

    Жаңағы жас жігіт те ілесіп барады екен.

    — Әй, — деді Хьюстон. Жігіт жалт қарады, — тоқта, бері кел.

    Жігіт тосырқап аз тұрды да, Хьюстонға беттеді.

 

*  *  *

            Бақайшағына дейін қаруланған сарбаз шлагбаумды ашқызды да, су жаңа крузер елшілік үйінің кең ауласына енді. Көлік арындап кіре бергенде, рөлдегі Ричардтың оң жағында қымтырылып отырған жас жігіт енді өзін мүлде зынданға түскендей сезінді. Қашса да, құтылмақ емес, сапта тұрғаны, күзете жүргені бар, кем қойса автоматты елу сарбаз құтқармайды. Манағы бірбеттігі үшін мына консул енді мұны аттырып жіберсе де, түрмеге жаптырып жіберсе де, құныкері жоқ қой.

            Өмірім осылай тым сүреңсіз аяқталар деп ойламапты. Көзін ашқалы жоқшылық пен жүдеу-жадау тірліктен өзгені көріп өспеп еді, бір өзінің емес, бүтін елдің басындағы хал-тұғын, жұрттың арқасына батып отырған Американың тырнағы екенін (қалай дөп тапты, олардың гербінде де тырнағына бір уыс жебе бүрген қыран тұрған жоқ па), еңсе тіктер адамның әуелі үстіндегі езгіден құтылуы парыз болса, мұның мойнына сол қарыз екенін тым ерте — он алты-ақ жасынан жасынан түсініп өсуі өз ғұмырын он сегіз жасында қырқар іскек темірге айналарын, әрине, білмеген. Қызық-ау, адам ажалы жайлы неше мәрте ойлап өтеді және көбінде одан жасқанбайды да, осындай құрбандық жолымен жеткен ажалды мәртебеге де балайды, ал, жетті — қане мәртебең, қане тапқаның? Тек құрбандық. Және қорқыныш. Қорқынышты, мәнсіз құрбандық.

            — Есімің кім? — деді Ричард.

            — Ю... Юсуф...

            — Йо-... суф...  Джозеф. Түсінікті, Джозеф.

            Есімінің еуропаша құбылып кеткеніне Юсуфтың іші жылынып қалды, қалай болғанда да, консул жақын тартқанын жамандыққа қия қоймас деген есек дәме екені анық еді. Бірақ, тіпті еуропалық асыл нәсіл — ақ расаның өзіне айналып кеткен күннің өзінде, Кастроға қастық жасап, Кеннеди мен Трухильоны көлігінде оққа байлаған Америка үшін бір араб түкке тұрғысыз еді, әйтпесе, сол үшеуі де, мәртебе-лауазымдарымен қатар, ақ нәсілділер еді ғой.

            Крузер қоңырмен сырланған еңселі сарайдың алдына тоқтады. Есіктер ашылып, екеу кезекпе-кезек түскен соң тарс-тарс жабылды.

            Ричард әуелі сарай алдындағы биік бағанда желбіреп тұрған Америка туына, сонсоң салтанат сарайының өзіне үңілген. Әр көрген сайын алғаш көргендей таңырқаушы еді. Елу жұлдызды алағат туға да, қара әйнек пен қоңыр қабырғадан қиюласа қалған еңселі елшілік сарайына да — ұлы, қандай ұлы деуші еді. Америка қандай ұлы!

            — Америка қандай ұлы! — деді Ричард.

            Жігіт бас иземеді де, бас шайқамады да.

        Неге үндемейсің?..

            — Бұл сұрақ емес еді, — деді ендігі Джозеф консулдың көзіне тік қарап. — Америка ұлы деген — сіздің ойыңыз ғана, менікі — басқа.

            — Сенің ойыңша, Ирак ұлы шығар бәлкім? — деді консул күлімдеп. Сосын бойы тітіркеніп кетті де, тез жыйып ала қойды. Мына бала адамға сөйлегенде де, тыңдағанда да көзіне тік қарайды екен. Және сүзіліп, тесіліп қарайды. Сонысымен-ақ ықтырып тастайтынын қайтерсің. Өзінен дәрежесі бір сатыға болсын жоғары кісінің көзіне тесіліп қарап көрмеген америкалық саясаткер үшін мынау шынымен кісі тосыларлық жағдаят еді, жер-жиһанның сүйеніш-тірегі болып отырған мәшһүр Америка президенті тағайындаған Ирак консулы қайдағы-жайдағы он сегіз жасар араб жігітінің алдында тұқырып қалды да, ағылшыншаны кеше үйренген мына неменің әруағы асып шықты; құдды оның емес, Ирактың әруағы аспандап, бұның емес, Американың абыройы төменшіктеп қалғандай.

            — Жүр, — деді Ричард салтанатты сарайдың қақпасына өзі бастап. — Кір, кіріп сөйлесейік.

            Қаумалаған күзеттен де өзі алып өтіп, үшінші қабатқа бастап шықты. Консулдың жұмыс орны — дәліздің соңындағы кабинет екен. Тұтқаға қолын қоя бере бастықтың бас бармағыни таныды да, ауыр есік өзі ашылды.

            — Жайғас, — деді сосын кіріп бара жатып.

            Төрде — Америка байрағы мен гербі. Содан сәл беріге жайғасып отырған, бұған мезірет көрсетіп, орындыққа нұсқап жатқан консул... Бәрі сапырылысып кетті, қиранды, елшілік сарайы, сіңірі шыққан, жүдеп-жадаған балалар, әлде мылтық асынған арнайы жасақ шеріктері, Бағдат, байтақ Америка... Орындыққа шалқалай жайғасыпты.

            — Сен шынымен де Америкаға өшігемісің? — деді Хьюстон төтесінен. Джозеф үндеген жоқ.

            — Осы жерде тірі отырғаныңның өзі Американың арқасы екенін білемісің әуелі, күллі Таяу Шығысты мұсылман сепарларынан қорғап, тыныштықта ұстап отырған кім?

            — Америка, — деді Джозеф.

            — Міне, мәселе қайд...

            — Америка, дұрыс айттыңыз, — деді Юсуф бірден басқа мәнерге ауып, — содыр-сотқарды тығып отырсың деп, Бағдатты бомбалап өткен — Америка, есімде бар, үштемін, үйге баса-көктеп кірген солдаттардың да иығында Американың алабажақ туының кестеленгені есімде, алдарынан жүгіріп шыға берген әкемнен секем алып, солардың атып салғаны да есімде... Кейін, бас сауғалап келген хусейншіл гвардия қара халықты апай-топай етіп жатқанда, шеттегі мұнай зауытын күзетіп тұрған да америкалық жасақ еді ғой... Есімде, қалай ұмытамын мен Американың осы жақсылығын?

            Хьюстон түтігіп кетті. Сосын тартпасынан сигаретін алды да, оттығымен тұтатып, асықпай сораптай бастады.

            — Өз болашағыңа балта шауып отырсың, — деді сосын аузынан сөзбен қоса ақ түтін будақтап, — өте дарынды, өте керек жігітсің, өз жолыңды кесіп отырсың.

            Бұл жолы тесіле қарайтын жанардан ыққан жоқ.

            — Жарар, — деді содан соң. Есінеп бір отырды да, әуелгі елесін қайта тапты. Құдай, топан су, секвойя, йокуттар...

 

 *  *  *

 

            — Әуелі тек топан су бар екен. Жердің беті де, көктің жүзі де болмапты... Сонсоң жомарт құдай Әнлил көкті аршыпты, жерді құрғатыпты. Көк пен топанның арасындағы жерұйыққа сол Әнлилдің рақымы түсіпті: мейірленсе керек, өзі құтқарған тақыр топырақтың бетіне осынша ғажап орнарын білгенде толқыса керек... Құдайдың бәтесі дарыған жер болғасын ба, ғайыптан әуелі Тигр — Доғлат пен Евфрат — Фұрат дариялары осы жерұйықтың кеудесін тілгілей ағыпты. Жаңа туған нәрестені құндаққа орап, бесікке салатыны секілді, алғаш рет адам баласының аяғы осы ғажайып Қосөзенге тиіпті...

            Кісі ұрқы өсіпті, өніпті, Қосөзеннің бойы дулы шаһарға, нулы егіске, дабыралы базарға, қазыналы қонысқа толыпты... Жерде — көктегі жомарт құдайдың көлеңкесі боп аккад падишаһы отырғанда, Еуропада... тайпалар бір-бірімен қырқысып, мал өсіріп, аң аулап, кепе соғып, балық ұстап күнелтіпті жұрт.

            Ричард мырс етті.

            — Сендерде басқаша айтатын еді ғой, Адам қайда, қабырғасынан жаралған Хауа ше, оларды жұмақтан қуатын Құдай Тағала қайда?

            — Мен дінге дейінгі аңызды айтып отырмын. Сіздердің "Дарвин теориясына" дейін Құдай жерді алты күнде жаратып, жетінші күні демалған деп жүргендеріңіздей.

            Хьюстон бұның жан-жақты екенін әуелден-ақ біліп еді, көзі жетіп отыр енді. Өзінің адам танығыш қасиетіне тағы бір марқайып қалды ма, қалай жымиғанын аңдамай қалды, сосын екінші бір ой қылаң берді: дүние қалай бүлінсе де, Құдай дарынды адамды жаратып, оны оң жолға түсіріп, білімдар да мықты кісі етудің есебін табады екен ғой. Осылардың күнін Американың басына қайта тудырса, баяғы Адамс, Генри, Вашиңтондарды, Джефферсондарды қойшы, осы Джозеф секілді бір бенде қарасын қайта қалқайтар ма екен?

            Осыны ойлай бере-ақ үрейлі бір хәлге түсті. Құдды байтақ Америка азып-тозып, пәстеп, мына арабтардан да құлдырап кеткендей еді. Кеткендей емес, кетті, енді бір ойласа — заман өз орнында, байтақ отан — Американың бағы басында, тозған да, азған да араб болып шығады.

            — Тастап неге кетпейсің? — деді Ричард ақыры Джозфке бұрылып. — Сендейлер Иракқа емес, Америкаға керек. Жолым ашық болсын десең, әуелі Америка саған керек.

            Юсуф ұзақ уақыт үндемей отырды. Ричард одан, әрине, "жоқ" деген жауап күткен. Еліне деген іңкәрлігі отқа да, суға да салатын аңқау, балаң жігіт тіпті Америка сапары туралы ойланып та жатпаса керек, бірден бас тартар деген. Әрі өркеуде, әрі ұлтшыл, тастап қайда кетсін.

            — Иә, — деді Джозеф.

            — Не иә?

            — Дұрыс айтып отырсыз. Америка маған керек.

            Ричард бұл жолы жігіттің жүзіне таңырқай қарады.

            — Шүбәңіз болмасын, рас айтып отырмын. Америка маған керек. Ертең ұшсам да разымын.

 

  *  *  *

 

Бағдаттың аспанына ай қалықтап шығыпты-ау. Жаңа байқады. Тіпті толықсып туыпты, қолын созғанға жеткізердей.

Юсуф үйінді астында қалған әкесінің, сосын осыдан бес  жыл бұрын бақиға аттанып кете барған шешесінің басына барып, ыңыранып ұзақ созып, құранын бағыштап, қоштасқан болып еді. Түн баласында әулие жағалап жүргенін біреу көрсе, жынды екен дер мүмкін.

            Жүйкем берік дейтін. Қайдағы. Келген бетте иегі кемсеңдеп, жанарынан жас ытқып шыға берген. Ирак қалады, ата-мекен байтағы, жұпыны жұрты, бастарына белгі де қойылмаған әке-шеше мазары состиып қала береді. Бауырдан ада жалғыз енді жұртынан да саяқтанып, мұхиттың арғы бетіндегі Америкаға жөнелмекші. Не табам деп барады, өзі де анық білмейді, — маңдайына бір жазғаны бар шығар, көріп алады да. Көрмесе, таппаса... Жоғалтар да ештеңесі жоқ.

            Солығын ұзақ отырып қана басты.

            Бағдаттың түнін соңғы мәрте көріп отырғанын, енді көру-көрмеуі неғайбыл екенін, ол түгіл тірі қалу-қалмауы да тағдырдың ендігі талқысында тұрғанын Юсуф айқын түйсінді.

            Юсуф Хусейн сонда қалды. Әуежайға таң атпай жаяу артып кеткен жалғыз — Джозеф еді.

 

 *  *  *

          Джозеф көзін ашып алды. Борттың іші қараңғы екен. Кеше түс ауа, екілерде Бағдаттан ұшып шыққан ұшақ кеш түспей Стамбұлға аял қылғанда көзі ілініп еді.

        Консул соңғы жылдары Бағдат шенеуліктеріне арнап соғылған қымбат маркеттердің бірін аралатып жүріп әперген киімдері, қалтасына сап берген бірнеше мың доллары бар еді,  бәрі багажда, қолында қалғаны — швейцар сағаты ғана. Оны да бажайлап отырып, сағаттың неше екенін біле алмай-ақ қойды.

        Төбесіндегі темірлерді шұқып отырып, бір тетігін басқанда, соқыр шам жанды. "Жарық!", соқыр  сәуле де тас қараңғыда жалғыз жанса, самаладай болады екен-ау. Джозеф сағатын соған тосып, қайта қарады. Тоғыз. Кешкі емес, күндізгі тоғыз. Бағдатта таң бозынан шақырайған күн ендігі қара жерді құрғақтай қуыратын тоғыз. Ойық терезеге қайта үңілді, ештеңе көрінген жоқ. Көзімді алып тұр ма деп, соқыр шамды өшіріп, қайта қарап еді, жаңағы жоқтан өзгені таппады.

        Япыр-ау, күн қайда? Күн де, түн де, жарық та, тіршілік-тыныс та Иракта қалып кеткеннен сау ма?

        Сау. Сағаты сол Бағдаттың уақытын көрсетіп тұр. Яғни, онда қазір күндіз, бұлар батысқа батқан күнді қуа шыққасын, түн құшағында әлі келеді.

        Қайтадан ойланып кетті.

        Көңілі алабұртып, абдырап барады.

        Юсуф. Джозеф. Хусейн. Хусейн емес, Хьюстон. Ричард менің тегіме жазылсаң, Америка азаматтығын алып беремін деген. Мейлі. Юсуф Хусейн емес, Джозеф Хьюстон бола қойсын. Кебін бүркенгеннен тегін бүркене тұрған артық қой сол жаттың.

        Ары қарай... Болар, Тәңіріге аманат. Түн түбіне жортқан бағдарсыз жолаушы — жас жігіт көзін қайта жұмды да, арқалыққа жантая берді.

        Ұшақ Вашиңтонға Бағдат уақытымен түске тақау ондарда келіп қонды. Мұнда өлшем өзге, түн әлеті екен. Үштердің уағы болса керек.

        Ричард Джозефті жігіттеріне аманат етті де, өзі жарты сағаттан соңғы рейспен Американың ар бетіне — сәулелі Сан-Франсискоға ұшып кетті.

 

 *  *  *

 

            Сәулелі Сан-Франсиско. Тынық мұхитының жағалыққа шығып қалған маржан рифтері іспетті қала. Әркелкі, әртекті үйлері де, аяқ астынан биікке өрлеп кететін көшелері де, қытайы кварталдары мен Алтын көпір де тым әсем екен. Көңілі көптен алабұртып жүрген Ричард тың тыныс тауып еді.

        Күн — жексенбі. Қонақүй жалдады да, орнықты. Демалу үшін, сосын одан да маңызды бірдеңенің басын ашу үшін келген беті. Іссапар жөнімен Вашиңтонда тұралап қалмағаны да сондықтан.

        Қонақүй жайлы да кең екен. Тыныш. Шаруа жайымен босатып, Бағдаттан Грейсті де ерте келуім керек пе еді деп те ойлады. Грейс, аяулы Грейс. Тәңірі қолын бір жеткізер ме еді...

        Телефон шыр ете түсті. Енді ғана ерітіп бара жатқан қиялынан қол үзіп қалған Ричард жеңіл күрсініп, тұтқаны алды.

        — Алло, тыңдап тұрмын.

        — Алло... Ричард мырза, есенбісіз?

        — Есенмін.

        — Сан-Франсискоға есен-сау жеттіңіз бе?

        — Жеттім, Эрих мырза. Өз хәліңіз қалай?

        — Жөнімен, тәубе. Жетсеңіз, төртке дейін демалыңыз. Жол соғып тастаған болар. Төртте Фрезноға жүріп кетейік.

        — Жолды білесіз ғой?

        — Білгенде қандай, өзім апарам.

        Ричард рақметін жаудырды да, тұтқаны қоя салды.

            Осы бір неміс текті тарихшының әулекі мінезіне іші жылымайтын. Амал не, тарихтан да, антропологиядан да бірдей. Мәшһүр ғалымдармен де байланысы жоқ емес. Бастысы, йокут жұртының түгел тарихын, тұқымы құруға айналған секвойялар жөнін жетік біледі. Бағдаттан шықпай жатып, соларды аралат деп өтінген де өзі.

        Есіне атасының "сен — йокутсың" дейтіні оралды. "Йокутсың..." Жабайы, жұтылып кеткен жұмбақ халық. Мәдениеттен жұрдай, өркениетке өрісі жетпеген жұрт. "Жоқ, америкалықпын...", — "ондай нәсіл, ондай халық бар ма еді?" — ішіндегі шамшыл үн солай деді, — "бар, заман өзгерді ғой. Мен де, Грейс те, тіпті ана Эрих те америкалық..." — сосын тағы үнді есітті, — Жөн, бірақ, Эрих — неміс емес пе, Грейстің испан нәсілінен шыққанын ұмыттың ба, ал сен — йокут емессің бе?"

        Ішкі дауыстың алдында күл-пәрше болған Ричард алағызып жатып, ұйықтап кетіпті.

        Қоңырау үнінен оянған. Эрих. Көтерді. "Ау, Ричард, бармысыз?" — дейді Эрих, Ричард жоқ болса, көтермесін алға тартып еді, Эрих қайыра дау айтты: сағаттың қанша болғанын қараңызшы деді, адам солай да кешіге ме екен деді. 16:26. "Кешіріңіз, Эрих мырза, көзім ілініп кетсе керек", — деген соң ғана жіпсіген Эрих әлі күтіп тұрғанын айтты.

        Күн жылы екен. Бағдатпен салыстырғанда, салқын, әрине. Эрих жылы шыраймен амандасып жатып-ақ білдірген өкпесінің жымы білінбей кетті, сірә, сылап-сипап сөйлейтін болғасын.

        — Фрезно қашық, — деді күмілжіп, — екі жарым сағатта жетеміз.

        — Уақа емес.

        Франсискодан Фрезноға дейінгі жолдың қос қапталы тұтасқан егіс екен. Жер үсті — жасыл кілем, көк жүзі — көгілдір орамал іспетті, тек осы кілемнің қақ бауырын тілгілеп қара жол өтеді. Әрі-бері өтіп жатқан көлік те сирек, бәлкім, демалыс болғасын шығар. Қалай дегенде де, кісі көзі тоярлықтай бір сұлулық, бір тыныштық бар. Адам есейген сайын өзін жаратқан табиғатына жақындай түседі деген бар ғой, сол бәлкім рас та шығар, өзін баяғыда-ақ ересектер қатарына қосатын Ричард осындай тыныштық үстінде қырық құбылады — әлі есеймеген, толықпаған шығармын дейді, кісінің санасы өмір бойы есейеді екен ғой, және шау тартып, ар дүниенің табалдырығына табан салып тұрып та өзін егде санамайды екен. Қырық құбылғанының ақыры осындай — ойдың бастапқы ұштығы ойына қайта оралмаса, манағы ойды қуалап отыра береді, қазір де солай, әуелгі ойынан көп ауытқып кетті.

        — Америка көркейіп тұр екен-ау, — деді Эрихті де сөйлетпек боп.

        — Қане, нені айтасың?

        Ричард қос қапталды меңзеген.

        — Ә-ә, мынаны ма... Бәрін қолмен еккен, егіс қой. Осымен тіке тартып отырып, төменгі Калифорнияға, жоқ, онда сабылмай-ақ, Мексикамен арамыздағы шекараға барып көрші. Айтақыр. Күн қуырған қу дала. Адам суарып отырмаса, мына далаң да соның кебін құшар еді.

        Эрихтің сөзінен түңілген Ричард қайтадан терезенің ар жағындағы мәуелі алқапқа сұғынып, өзімен-өзі болып кетті.

        Тәңірі топанның ортасынан жердің жотасын шығарып, секвойя еккен дейді, соның саясынан йокут жұрты өніп шыққан дейді...

        Фрезноға жақындаған сайын әлгі жотаның та төбесі көрінді. Жота емес, тұтасқан тау.

        — Анау — Сиәрра-Невада, — деді Эрих.

        — Тәңіртау, — деді Ричард. Ішінен айтты. Тәңірі әуелі қалқайтып, тіршілік дәнегін еккен үймек, йокуттардың атамекені... Атамекен...

           

 *  *  *

 

        Фрезнодан Портәрвилл, одан Түле өзенінің шатқалына асқанша күн еңкейіп еді.

        Қасиетті Невада — "Қарлытау" қызыл нұрға малынып, шыңы мұнартып қана тұрды.

        Секвойя орманы да, йокуттардың ата жұрты да осы жер дейді.

        Көріп тұрып көз сенбес, жетіп тұрып ақыл сенбес ағаштар екен.

        Биіктіктері — жүз метрден ары кетеді, діңдерінің неше құлаш екенін есептей алған жоқ, жастары мыңның үстінде — мың, мың үш жүз, бәлкім, екі мың жасағандары қаз-қалпында жайқалып тұр. Демек, бұлар шыбық кезде Рим әлі құламады, Қытай беске бөлініп жатты, Сасанидтер тежеусіз соғыс үстінде еді, мұхиттың мына, бергі бетінде Мая халықтары шалқып-толқып отырды. Олар — жоқ, ізі де, түсі де жоқ, секвойя — бар.

        — Мұндағы ең ежелгі дарақтың жасы — үш мыңға жетіп қалар, — деді Эрих.

        — Ол кезде...

        Ол кезде Ассирия мен Вавилон өркен жайып тұрған, әлгі Джозефтің айтатынындай, атап айтпаса да, соған тиістіргеніндей, Еуропа қараңғы түнек ішінде отырған, Македонский де, Күң-фұдзы да өмірге келмеген.

        — Ол кезде... тоқтаңыз, — деді Ричард. — Биіктігі мың құлаш шығатын секвойя бар ма?

        — Ол қандай ғаламат?

        — Кәдімгі, Тәңірі еккен секвойя.

        Эрих мырс етті.

        — Мың құлашың ақылға сыймайды ғой, Ричард мырза.

        — Неге... сияды...

        — Сыймайды. Мың құлашың — бір жарым мың метр. Діңінің диаметрі он екі метр шығатын мыналарыңнан он есе үлкен. Сонда, мың құлаш секвойяның диаметрі жүз жиырма метрлік діңі болуы керек пе? Мүмкін емес, мүмкін емес, Хьюстон мырза.

        Ричард аңыздың айтқанын растап шыға алмасын білді. Сосын санасына өзге сұрақтар лықып келген:

        — Йокуттар бар ма қазір?

        — Бар. Қалған шығар.

        — Қанша?

        — Әрі кетсе, бес-алты мың.

        — Осында тұра ма?

        Эрих таңырқай қарады.

        — Үндістер әлі күрке тігіп, тайпа-тайпасымен өмір сүреді деп пе едіңіз? Оларға да өркениеттің шапағаты тиді ғой, шүкір делік, бәрі жұртпен қатар өмір сүріп жатыр. Көбісі қалада, Фрезноны айтам, сосын Портәрвилде.

        — Йокутша сөйлей ме? — деді Ричард соңғы сауалын да бүкпей.

        — Қайдағы. Баяғыда-ақ ұмытылған. "Өлген тіл" деп жүреді ғой ғылымда... Қазір йокуттар ағылшынша сөйлейді, испанша білетіндері де бірқауым шығар.

        Ричард соңғы сауалына алар жауабы бар үмітін үзіп кетерін әуелден сезіп еді.

        — Жоғалып кетті деңіз, жұтылып кетті деңіз, қалай болғанда да бәрі отаршылдардың залалы ғой, — деді Эрих. — Мына секвойялар да сол йокуттар секілді жоғалып барады.

        — Секвойя қалыпты, — деді Ричард Хьюстон. — Секвойядан соң жаралған йокуттар қалмапты. — Тәңірі, ата жұрты, секвойя, йокуттар...

        Ата-жұрт орны — міне. Түпкі қоныс. Түпкі жұрты жоқ. Тәңірі тіршіліктің бастауында өзі сүйіп жаратқан қауым заманақырға жетпепті.

            — Бәлкім, секвойя мен йокут жұртының мінезі ұқсас болар, түбіне жететін сол мінез ғой. Халықтың өзін жаратқан табиғатына тартып кететініне талай көз жеткізгенбіз. Енді осы бетімен мың жылға жетпей, йокуттар сияқты жойылып кетеді бұлар да.

            — Сонда, ол да мүмкін бе?

            — Әлбетте. Өздері де... қызық бұлардың, жастары екі жүзге шыққасын ғана тұқым шашып бастайды, онысы тағы қара жерде он бес-жиырма жыл жатады, маңы өртеніп, күл болып қалса ғана өнеді.

            — Не өрт?

            — Бұлар тек орман өртінен соң ғана көбейеді екен ғой, — деді Эрих. — Былай, әуелі от бәрін тып-типыл етеді. Секвойяның діңі де, тұқымы да бірақ өртеле қоймайды. Керісінше, оттың ыстығымен тұқымның шашағы ашылып, өзегі сыртқа шығатын көрінеді. Содан соң ғана тақыр-таза қалған жерде өнеді. Міне, көрдің бе Құдайдың ғаламатын? Біз от тіршілікті жояды деп жүрсек, бұлардың тіршілігі сол орман өртіне байланған екен.

            Өрт, секвойя...

            Жоқ, секвойя... Өзі шексіз сүйетін Америка... Бәрі ұқсас...

            Секвойя да жер бетін жалмаған өртсіз тұқым шашып, көбейе алмайды екен.

            Америка да сөйтіпті. Сөйтіпті, одан зорын жасапты. Екінші әлем соғысынан соң-ақ, сексен жылдың ішінде Панаманы,  Сальвадорды, Гренаданы, Кубаны, Доминиканияны бомбалапты, күш көрсетіпті, теперіш көрсетіпті, Никарагуаны арандатыпты, Ливияға, Суданға, Сомалиге көктен соққы жасапты, Йемен, Сирия, Ливан, Ирак, соңғы жылы Иран да назардан тыс қалмаған — сайыпқыран АҚШ авиациясы ешбірін елеусіз қалдырмапты, Ауғанстанмен қанша жыл қаржысқаны белгілі, Пәкістанмен де әуе қақтығыстары болды, кезінде Вьетнамды, оған қоса Лаос пен Камбоджаны жиырма жыл толассыз бомбалады, Индонезияда соғыс өртін тұтата жаздады, коммунистік Кореяны терістікке шегіндірді, Сербия, Босния, Косово, Черногория — альянстің бастауымен, әрине, Американың толық қолдауымен соғыс отына шарпылды, соңғы жылдары Таяу Шығыста, Африкада, Шығыс Азияда, Шығыс Еуропада тағы да соғыс өртінің бықсығы сөнудің орнына лау етіп жануға әзір, қатерлі күйде еді, осының бәріне араласып, бықсықты — өртке, өрт болған жерді күлге айналдырып үйренген — Америка екен. Америка, кәдімгі байтақ Америка. Секвойя секілді. Өртсіз тамыр жайып, тұқым тарата алмайды екен. Өзі өрістеп шығуы үшін өзгелер өрт астында күлге алмасып кетуге тиіс екен. Екен, екен, солай екен, екендердің астында қалғанына Ричард таңғалды — осыны бұрын білуге, түйсінуге санасы жетпеді деймісің, әлде Тәңірі әдейі атамекеніне айдап келді ме екен, шындықтың жүзіне бетпе-бет қаратып қойды ма...

            Жоқ, Америка — жалғыз дарақ еді. Ақыры осы ойға тоқталды. Бұрын-соңды адамзат тарихында болған күллі жеміт басқыншы — колонияшыл державалар дәл сондай бір-бір дарақ еді: талай жұмбақ халықты жоқ еткен Португалия, күллі үндіс халқының қанын арқалаған Испания, оған ортақтаса отырып, жарты Африканы, күллі Үндістанды, Мұхитстанды табанына салған Британия, Африканың екінші бір жармағын билеп, Үндіқытайды еркін баураған Франция, тек Конгоға үлгерген Бельгия мен Индонезияны билеп-төстеген Голландия, қанша ұсақ патшалықтарды, бейбіт отырған жұрттарды шауып, иен даланы еркін жайлаған көшпенді жұртшылықты жойып жібере жаздаған Россия, екі ғаламат соғыстың басында тұрған империялық-рәйхтік Германия мен күні батқан Австрия, Османия империялары — осының әрбірі кем қойса, миллиондаған бейбіт халықтың обалына қалған, жазираны өртеген, өртеген де өз тұқымын тастап, өз зәузәтін көбейткен дарақ.

            Бәрі де адамзат алдында шексіз күнә арқалаған қылмыскер қауым екен. Алайда, ешбірі ешқашан сотқа тартылмас еді.

            Тежеусіз ақ раса Америкаға алғаш аяқ басқанда осы құрлықта барақат тіршілік сүріп отырған әлде қырық миллион, әлде сексен миллион үндістің, соның ішінде аты аңызда ғана сақталған йокуттың жоғалғаны үшін ешбірі де ешқашан сотқа тартылмас еді.

            Жыртқыш расаны Тәңірінің қаһарына балап, азаппен жетер өлімді күтпей, бір-бірін қырып тастаған алты жүз мың үндіс жайлы әңгіме де бір күні тек аңызға айналар еді.

            Ричард өзінің түп тегі — жұлын-тамыры үзіліп кеткенін сезді. Сол тамырдан шым-шымдап қан тамып тұрғандай екен.

            Күн батып кетіпті. Қызыл жалқын тек тау шыңдарына шағылады.

 

*  *  *

 

   Он бес жыл өткен соң, Америка президентінің төтенше жарлығы бойынша, Ирактың Бағдаттағы жаңа консулы тағайындалды да, қызметіне бекіді. Есім-сойы түгел ағылшынша — Джозеф, Джозеф Хьюстон. Алайда, Бағдаттағы жұрт арабшаға судай, халықпен оңай жұғыса кеткен, қара қалың қасты, бұйралау шашты осы жігітті біразға дейін араб екен деп те жүрді. Кім білсін, бәлкім, тағдырдың жай сәйкестіргені шығар, әлде, біздің кейіпкеріміз болуы да ықтимал — не де болса, Қосөзеннің бойынан жаңа өмір ағашы көктеп шыққаны анық еді. Мың жыл тұратын секвойя болмаса да, өзгеше сипатты, өзгеше бітімді дарақ еді бұл.

 

    07.10.2025. 03:23.