
Таңғы ауаның салқындығы тарқамаған. Ақсарай үнемі таңда жарықтан бұрын оянатын. Үй ішінен ешкімді оятпай, ақырын ғана есікті жауып, аулаға шықты. Жүзі салқыңқы, бойына үйренген әдеті бойынша ескіден таныс – таңғы салқынды шіміркенбестен қабылдады. Аяғындағы қиыршық тас дыбыс шығармауы үшін әр қадамын өлшеп басты. Бұл бойындағы әдет емес, ұзақ уақыттан бергі болмысына сіңіп кеткен қимыл еді. Ауыл шетінде соқпақ жолдағы топырақ бірде қатты, бірде жұмсақ – кешегі жауған жаңбырдың кеппеген ізін айғақтайды. Арқасындағы сөмкенің ілгіші алақанына батқан соң, кезек-кезек екі иығына алмастырады. Салмақ теңдей бөлінуі тиіс, сондай-ақ ішіндегі құралдар біркелкі реттілікпен орналасуы қажет. Олай болмаса, сөмке босап қалатындай, әлдебір тәртіпсіздік орнайтындай. Ол бұл әрекетінен ешқашан танған емес.
Зауыт қақпасы ашық. Іштен темірдің суық иісі, май мен ескі шаңның араласқаны қолқаны атады. Жұмыс орнына енгенде, алдымен жарықты жақпады. Терезеге жақындап, сырттан түскен көмескі сәулеге көзін үйретті. Ғимараттың іші үнсіз. Бұл үнсіздікке ол бірден араласпайды. Әуелі тыңдайды. Қабырғада жасырын дыбыс бар ма, төбеде артық қозғалыс сезіле ме бәрін байқайтын. Кейде осы үнсіздіктің тым ұзаққа созылатыны соншалық, тек қақпа жақтан қадам басқан аяқ дыбыстарынан ғана бұзылатын. Сосын ғана жарықты жақты. Құралдар тұрған сөре ретімен тізілген. Балғаның сабы ешқашан төмен қарамайды. Бұрауыштар өлшеміне қарай қойылған. Біреуінің ұшы мүжілген, оны бөлек шетке орналастырған. Станоктың жанында бір сәтке тоқтап, темірдің бетін саусағымен сипап өтті – үйреншікті қимыл, бірақ бұл сипау тек тексеріс емес, әлдебір тыныштықты іздегендей еді. Қолғапты киер алдында саусақтарын ашып-жұмып алады. Саусақтары икемге келгенше асықпайды. Күні бойы тек өз шаруасын тындырумен болды. Бір болт босап қалса, қатайтты, бір механизм ырғақтан шықса, орнына түсірді. Үзіліс кезінде басқалары секілді сыртқа шықты, темекісін тұтатты, шашын қайырды. Терезенің жақтауына тұрып термосынан ыстық шай құйып алды. Шайды бірден ішпей, буы тарқалғанша күтті. Алдымен оны танауының астына апарды. Асықпай үрледі. Сораптап ішті.
Кешке қарай ол зауыттан шыққанда балалардың жүгірген аяқ дыбысын естіді. Мектеп ғимараты алыстан-ақ көзге түседі: қабырғасы сарғайған, шатырдың бір ернеуі төмендеп кеткен. Ақсарай сәл бөгеліп тұрды да оқыс бұрылып, жанарын тайдырып әкетті. Ол үйге әдеттегіден кешірек қайтты. Үстел үстінде кешкі ас дайын тұр. Әйелі ештеңе демеді. Тек терезені ашты. Бөлменің ішіне суық ауа кірді. Қызы диванда отыр. Аяғын құшақтай алған. Ыстық асты алдына алып жатып, қызының аяғындағы таңғышты көрді. Түсі аппақ. Тым жаңа. Ол сұрамады. Тек түнде бәрі ұйқыға кеткенде, сөмкесіне керек құралдарды реттестіріп салды. Ертең ол үшін жұмыс күні болған жоқ. Сөмке бұрынғыдан ауыр болды.
Ақсарай мектеп аумағына таңертең ерте кірді. Күн әлі төбеге көтеріліп болмаған. Қақпаның бір жақ ілмегі сықырлап тұр, жел әр соққанда қиқаңдаған дыбыс шығарады. Ақсарай қолымен ұстап қарады да ішке енді. Мектеп ауласында ешкім жоқ еді. Бүгін балалар оқитын күн емес. Ауыр темір есік өздігінен жай ашыла салмайтын. Оған күшті жел қосылғанда әжептеуір күшті қажет етеді. Ақсарай сол қолымен тұтқадан ұстап тартып көрді. Есік кішкентай саңылауын көрсетті де, дес бермей қайта жабылды. Ақсарай екі қолымен ашты. Желдің ықпалымен есік өзіне қарай тарс жабылғанда дүниедегі барлық шу сыртта қалғандай әсер қалдырды. Мектептің ішін меңіреу тыныштық әлдилеген. Ортада ұзыннан созылған дәлізге қарап, сыбырлауға ұмтылған тыныш дауысты естігендей болды – өзінің тынысы екен. Оң аяғымен алдыға қадам басты. Жалғыз болмады. Сол жақ бұрышта қуықтай тар бөлмеден басына мойынорағышын бүркеп алған қарауыл кемпірдің басы қылтиып тұр. Ақсарай үндеген жоқ. Дәл қасынан басын изеді де, сөмкесін алып өте шықты. Қарауыл кемпір де тіл қатпады. Кемпірдің оранғаны бекершілік емес, іште суық леп байқалады. Дәліздің ортасындағы шам өлімсірей жанып тұр. Ақсарай сөмкесін жерге қойып, ішінен жаңа шамды шығарды. Ескі шамды бұрап алған кезде, оның қолына қара күйе жұқты. Ол қолын шалбарына сүртпей сол күйі қалдырды. Сыныптардың бірінің есігі ашық. Ішке енгенде, терезе тұстағы партаның үстіне оқушылардың дәптер қалдырып кеткенін көрді. Ол оны алмады, тек партаны түзетіп қойды. Ортада жартылай суға толған шелек тұрды. Сосын сыныптың төбесіне қарады. Сылақтың бір бөлігі түсіп қалған, дымқылданып тұр. Ақсарай орындықты сүйреп әкеп, жоғарыға қолын созды. Сылақ тағы үгітілді. Кеш батып үлгергенше ол бір сыныптың төбесін уақытша бекітіп болды. Келесі сыныпқа кіргенде еден тақтайларының кейбірі сәл көтеріліп кеткен екен. Осы сәтте оған қызының аяғындағы таңғышы есіне түсті. Ол тақтайды орнына түсірмек болып, шегені суырып еді, астынан дымқыл иіс шықты. Жер асты ылғалды екені бірден сезілді. Ол еденге бір сәтке қозғалыссыз отырып қалды. Сол кезде дәліз басында отырған қарауыл кемпір алғаш рет тіл қатты.
– Кеш батып кетті, - деді жай ғана.
Ақсарай базын изеді. Бірақ кетуге асықпады. Сосын шегені қайта қақты. Мектепке сөмкесін қалдырып кетті.
Келесі күні ол мектепке ертерек келді. Ішке енгенде ол кешегідей емес, мектептің жанданып қалғанын сезді. Сыныптардың біріне кірді. Оқушылар оған тесіле қарап қалды. Терезе жақтағы қабырғада әк кеппей қалған. Кеше ғана жаққан. Саусағын тигізіп көрді – із қалды. Ол саусағын алып кетпеді. Саусағының ұшы аппақ болып қалды. Содан соң, қайтадан үстіне жұқа қабат жақты. Дәл осы мезетте есік жақтан дыбыс естілді. Аяқ дыбысы. Біреу кірді. Ақсарай бұрылмады.
– Сен мұны рұқсатсыз істеп жүрсің ғой! - деді ер адамның дауысы.
Дауыста айқай жоқ, дегенмен жұмсақтық та жоқ. Бұл көбіне өктемдікке ұқсаңқырады. Ақсарай әк жаққанын тоқтатпады. Шпатель қабырғаға тиген сайын сәл сықыр етеді. Ол асықпады. Бір қабат. Тағы бір қабат, тағы да. Содан кейін сәл артқа шегінді. Қабырғаға қарады. Ер адам тағы сөйледі:
- Бұлай болмайды.
Ақсарай ештеңе демеді. Шпательді жуып орнына салды. Осы сәтте партада отырған оқушылардың біреуі төбеге жалт қарап, сұқ саусағын жоғарыға сумаңдатты.
- Алдында бұл жерден су тамшылап тұр еді, - деді шынымен тамсана.
Ақсарай сөмкесін алып, сыныптан шығып кетті. Дәлізде бір сәтке тоқтап, еденде сәл көтеріліп тұрған тақтайды аяғымен басып көрді. Тақтай сықырламады. Содан соң сыртқа шығып, мектеп артындағы су ағатын арықты тазалады. Арыққа жиналған жапырақ пен қоқыс судың жолын бөгеп тұр екен. Ол әуелі жапырақтарды бөлек қойды. Сосын қоқыстарды қапқа салды. Су ақырын жүре бастады.
Кешке қарай мектепке бөтен адамдар келді. Олардың үстінде жаңа костюм, қолдарында папка болды. Бұл уақытта Ақсарай шатырдың үстінде болған және олардың қалай келгенін аңдамады. Төменнен шыққан үн оның қимылын тежеді. Төменде ойнап жүрген балалар көрінеді. Олар оны көріп қалт тына қалған. Шатырдың ернеуі төмендеп кетіпті. Ол шатырдың шетіне қарай жылжыды да бір тақтайды ақырын ғана қозғады. Сол тақтай бұрыннан шіріген, тек әдейі ауыстырылмаған. Қол тисе бірден білінеді. Ол балғаны шатырдың үстіне қойып сәл бөгеліп отырды. Төменнен айтылып жатқан сөздердің мән-мағынасы ашылмайды, тек сұрақ пен жауаптың ырғағы байқалады.
– Мынау қауіпті! - деді төменнен дауыс.
Ол мән беріп тыңдаған жоқ.
– Мектепті толық қарап шықтық, ата-аналардан ғимараттың жағдайы тым ауыр деген хабар алдық. Жақын арада жөндеу жұмыстарын жасаймыз, әзірге байқасақ кішігірім өңдеу болған тәрізді. Сондықтан мектепті уақытша жаппаймыз, балалар оқуын жалғастыра берсін, - деп сөзін жалғастырды. Ақсарай тақтайды түгел жұлып алмады. Тек аз ғана босатты. Артынан дұрыстап бекітті. Шатырдағы жел сәл күшейе түсті. Қаңылтыры әлсін дыбыс шығарды. Бірақ сынбады.
Кеш батқанда мектеп іші бос қалды. Ақсарай бұл жолы сөмкесін мектепке қалдырмай иығына асып шығып кетті. Түнде тағы жаңбыр жауды. Бірақ бұл жолы су мектепке жиналмады. Арық өз жолымен кетті.
Таңертең балалар келді. Олар әдеттегідей емес, баяу жүрді. Біреуі дәліздегі шамға қарап қалды. Біреуі партасын түзеді. Мұғалімдердің бірі қабырғаға сүйеніп тұрды да, біраздан соң кейін шегінді.
Ақсарай сол күні мектепке келмеді. Бірақ кешке қарай, күн батқан соң, дәліздегі жалғыз шам әдеттегідей жанды. Ешкім оны жаққан жоқ…