
***
Әпке…
Біз ақын емес,
Біз фәни өмірдің сорлысы,
Өлік өксіктің ақылымыздан зор күші.
Шырылдап жатыр, жыбырлап жатыр кеудемде,
Жайыққа ғашық, айыпқа қашық тор құсы.
Аспанға қара, “Мәңгілік” көріп тұрсың ба?
Жұтылуды да, құтылуды да ұмсынба.
Тәңіріміз де, қабіріміз де – Мәңгілік,
Пешенеміздің пәрмені осы қыршыннан.
Әпке… Біз…
Алатау сүйдік, ақынды сүйдік ақылсыз,
Содан ба менің жас жүрегімде жатыр сыз.
Өміршең өлең жазалық, Өмір болалық,
Мен адам көрмедім өлмеген,
Мен тағдыр көрмедім ақырсыз.
Қытымыр тағдыр қытықтағанда мойнымнан,
Жүрегімді ап, “иттерге” турап, қойдым дәм.
Тіл қатпай келем шықпасыншы деп жан дауыс,
Адал қан аққан, арамдар жұлған қойнымнан.
Кетіп барамын кәрі тауларды бетке алып,
Көңілімдегі үміт те алып, кек те алып!
Әр түнім енді естеліктерді құшамын,
Ұмытылмасты ұмытамын деп оқталып.
Әпке, сен…
Ылғи да мені күнәмнен аршып аласың.
Табалдырығын аттамайтын үйді,
Сәжде қылуды арман еткенім –
менің жанымның жарасы,
сенің жаныңның наласы.
Тентегіңе сағыныш тұнса,
Аспанға бір сәт қарашы…
Аспанға қара, “Мәңгілік” көріп тұрсың ба?
Жұтылуды да, құтылуды да ұмсынба.
Тәңіріміз де, қабіріміз де – Мәңгілік,
Пешенеміздің пәрмені осы қыршыннан.
Көкейімізге көлденең түскен жыр сұм ба?
Әлде?..
Ана
Ақ көңілге салғанда өмір қаяу-мұң,
Сенсіз өткен күндерімді санаймын.
Ана, сен бар сол он жылдық өмірім
Сенсіз өтер жүз жылымнан аяулы.
Сол күн інім жылап жатты қойнымда,
Дәл сол күні ойыншықты қойдым да,
Шыдамайтын дүниенің жездері,
Аналықтың жүгін сездім мойнымда.
Дәл сол күні асқар тауым шағылды,
Дәл сол күні аспан қара жамылды.
Мәңгі емес біздің байғұс тағдырға,
Мәңгі қайғы, мәңгі нала табылды.
Фатихаға мың адам қол жайған күн,
Мен өзіңді оралар деп ойладым.
Пендеден сен періштеге айналдың,
Балапаннан мен әйелге айналдым.
Болмады ғой басқа шара, амалым,
Құлағанда менің алып қамалым.
Жанарыңды жапқан кіші қолыммен,
Сол қамалды ұстап қала алмадым.
Кешіктім мен, еске түсіп ескі мұң,
Әйелдердің сыбырларын естідім.
“Қиын бопты қаршадай бұл қызына”,
Жаназаңда осы сөзге өксідім.
Бүгін тағы өз-өзіммен жолықтым,
Ішімде бар жойылмайтын өлік мұң.
Бар күнімде сен келер деп, әйтеуір,
Мен өзіңді өлі деуге қорықтым.
Өмір бірақ бізді тұрған жоқ күтіп,
Әр нәрсеге уақыт – емші, сот, үкім.
Үлгермедім мен өзіңді танып та,
Үлгермедім өлеңімді оқытып.
Ақыл бермей маған ешкім толымды,
Нұсқамады менің нәзік жолымды.
Пісірем деп ең дәмдіні ініме,
Мен талай рет кесіп алдым қолымды.
Естімесін ел-жұрттың деп өсегін,
Болмасын деп қайғы-мұңы бес елі.
Жалғызым ғой деп інімнің жолына,
Жыртық-жамау кеудемді мен төседім.
Естідім бе әлдекімнің қарғысын,
Қиын ба әлде тағдырымның жарғысы.
Өз қайғысын дұрыс кеше алмаған,
Мен болармын сорлылардың сорлысы.
Кешіп өмір толқындарын белгісіз,
Сен білмейсің, айтпадым ғой, енді шын.
Ғашықпын мен алғаш рет, Анашым!
Алғаш рет…
Адам айтса сенгісіз.
Жас кеудемді жалындатқан сезімді,
Ұмытып не екендігін төзімнің.
Өксіп-өксіп жылап алғым келеді,
Тығылып ап қойныңа мен өзіңнің.
Ду-ду жұртты күнде көзім көреді,
Анасымен сөйлесіп-ақ жүреді.
Мен де өмірден сәл қиындық көргенде,
Дереу саған хабарласқым келеді.
Сеңсіз ойым, сен бар өмір – кең дала,
Кең даласыз өскен ұл ғой – кем бала.
Менің алғаш ғазалымсың сен, Ана,
Сенің алғаш жазарыңмын мен, Ана!
Тілекте де, жүректе де сары күз,
Анасыздар, мықты жанбыз бәріміз.
Жырлауменен анасыз сұм өмірін,
Ақын болып бара жатыр сары қыз.
Күнәһар
Құбылмалы Алматының түндері
Кім ойлаған мұндай суық боларын.
Сағындырды ойға келіп күнде мың,
Саған тастап, қашып кеткен Оралым.
Сол бір көше қалай екен дәл қазір?
Сол бір кездер жанар үшін әсте мұң.
Сен де мені ұмыттың-ау шамасы,
Хабарласпай кеттің мүлде кешқұрым.
Жаза білген жан дауысты қалам – ер,
Өзің үшін сағыныш та – бала мұң…
Оралыңда мәңгі-бақи қала бер,
Алматыда шыдап мен де қаламын.
Сен осылай басқа жанға ұнап па ең?
Тың ұғатын тағдырыңның “жаңбырын”.
Жауын асты,тұрдым ұзақ жылап мен,
Оған куә Әл-Фараби даңғылы.
О, мен неге сүйем әлі, құдайым?
Тағдырымның уайым бүгін, кешесі…
Жаңбырлы тым және зұлым ұдайы,
Өмірімнің “Сезім” атты көшесі.
Таласпаймын енді мына өмірмен,
Жеңілерім айдан анық, белгілі.
Жалған сені сүю таза көңілмен,
Менің жамау жүрегімнің кеңдігі.
Алматының суық кеші тоңдырды,
Жүрмін әлі боздап бала ботадай.
Ұмытамын деймін күнде өзіме,
Ұмытамын сол сөзімді оп-оңай.
Менің саған айтпай кеткен сөздерім –
Менің сулы көздерімде жаңғырық.
Менің саған сезімдерім бір сәттік,
Менің сені жек көруім… Мәңгілік.
Міне, бүгін Алматыда Ақжауын,
Қонды бүгін жирен шашқа бұла қар,
Оралымнан жұлып мені әкеткен
Алматы мен сенің жаның күнәһар!
***
Шабыт қонар шалқарларды қарып мұз,
Біздер, біздер ең бақытты ғаріппіз.
Сағым қуып сандырақтап жүргенде,
Сағынуды ұмытып та қалыппыз.
Жанарыма жабырқаудан жас келмей,
Өкініштен өкіріп тұр жас кеудем.
Топырақта мендей өлік жоқ, сірә,
Аспан, мендей ессіз емес еш пендең.
Меңіреу мұң менменсіген сыр – абақ,
Шытынайды Біздер тіккен шұға бақ.
Ал мына мен әлі жүрмін дәрменсіз,
Сағыныштың терезесін сығалап.
(Сары мұңның сәукелесін жастана,
Жар боламын бір күн мүлде басқаға.
Құшағында жатып бөтен біреудің,
Сені ойлаудан, шынымен де, жасқанам.)
Жүрегімде жүдеп құсни хаттарым,
Ал жүрегім – менің мәңгі ақпаным.
Алып қашып өзің жайлы ойлардан,
Өлең жазу жалғыз ермек тапқаным.
Сезімімнен басқа, сірә, жоқ жауым,
Бекер шығар жабығуым, аңсауым.
Терезеңді тамшы қақса толассыз,
Бәлкім ол да жылап жатқан Ақжауын.
***
Оралым…
Саған барар жолдар тым қашық неге?
Сенен кеткен жүректер жасық неге?
Сенің сары қызыңды тоңдыратын,
Мына жалған дүние пасық неге?
Құдды бізді сынайтын секілді күз,
Жүрек жақтан келеді жетім дыбыс.
Сол шақтарды еске алсам елестейді,
Жайығына жүгірген кекілді қыз.
Махаббат пен сезімнің қаласында,
Тірі өліктер сондай көп нанасың ба?
Өліп кеткен жазылмай өлеңімдей,
Екінті мен ақшамның арасында.
Тас төбеңнен алып тау кеп төнеді,
Мен бұл жаққа келгенде көктем еді…
Мехнат мұңы ұрлаған жастығымды,
Бұл қалаға жүрегім кектенеді.
Адам болмай шайнаған бармағын көп,
Шайыр болмай жаттаған тармағын көп.
Жазығыңда, Оралым, бұлаң өскен,
Жусаныңа айналсам арманым жоқ.
***
Сен неге сонша қатал ең, тәңірім менің?
Жүрек дауасыз өршиді, әміре мұңым.
Жұрт неге мені ұмытшақ деп санайды, ә?
Ұмытпасымды сен де мен кәміл білемін.
Жазылмай қалған параққа жылайды өлең,
Тағы кездесу өзіңнен сұрай мен келем.
Жұмақ суындай мөп-мөлдір жас пен тағы бір,
Шағала үміт шарасыз құлайды менен.
Белгісіз жанды жылытқан қай мамық екен?
Жаурағаныма ол менің қаймыға ма екен?
Ұрлаған жалғыз сол түні жастығымды ол,
Құрығыр қуыстан жиреніп, айналып өтем.
Асығып келдім алыстан күтпеді ешкім,
Аймалап бәрін келеді: “Сағындым!” – дескім.
Бәрі де таныс, бәрі де бұл маңда жақын,
Мен ғана жаңа, көше де, қала да ескі.
Сезімді ұқпай ақтарып жүрек сөздігін,
Жайықтың үнсіз қалғаны – үмітсіздігім.
Үнсіздігі ол – Жайықтың мұз боп қатқаны,
Ал үнсіздігім менің – тым бақытсыздығым.
Біздің тағдырдың қысы сұм, көктемі керең,
Қимаймын сені өмірдің өктемдігіне.
Кетіп барамын, Жайыққа: “Қорға оны!” – деп,
Сен және мені қалдырып өткеніме мен.
Жапырақ сәттер жаз күнгі күздегі емші,
Ақ жауынды деп мезгілсіз күңдемеңдерші.
Жоқ болып кетем мәңгіге Ботпановтайын,
Содан соң…
Мені іздемеңдерші!
***
Тым аяулы өлеңді өшіріп мың,
Өзіңді мың айыптап, кешіріппін.
Бұл күндері шыдатпай өршіп жатыр,
Ерігі жоқ ешкімге есірік мұң.
Әкелер деп көңілге көктемді кім,
Күз де кетті,
Жоқ Жайық төккен мұңын.
Қыс. Алматы. Оралдан жырақ кеттім,
Содан болар өршіккен өктемдігім.
Екеуіміз еш уақыт жолықпаған,
Жолығудан ешқашан жалықпаған,
Сәттерді ойлап, бұл сұмның сен кеткелі
Қайғысынан, сызынан тоңып қалам.
Аяғымнан шалындым, құлап тұрдым,
Келмейді ескі әуенге құлақ түргім.
Сен менің тас төбемнен күліп тұрдың,
Мен сендей қаскүнемге жылап тұрдым…
Өмір бойы өткесін шоқты алаңмен,
Сүймеймін деп өзіме ақталам мен.
Әлемнің бар қайғысын жиып алып,
Құдай-ау, тым қатігез боп барам мен.
***
Ақынды сүю – өзіңнен жеріп, безіну,
Алып ғаламнан сұр жалғыздықты сезіну.
Ақынды сүю – үзіп сан лағыл моншақты,
Мыңдаған ойдан тұншығып барып көз ілу.
Ақынды сүю – озбыр болмысын жақтауың,
Имандай сеніп сан күнәсінен ақтауың.
Ақынды сүю – жаныңның жырын естімей,
Шимай өлеңін әнұраныңдай жаттауың.
Ақынды сүю – улы бақтарын торлауың,
Ұнатқан оны өзге аруларды қорлауың.
Шабыты шалқар кездерінде күн, көкке ұшып,
Шабытсыз шақта шарасыз қалып, сорлауың.
Ақынды сүю – ақылсыздыққа көз жұму,
Төзімсіз пенде жүрегіңді мың төздіру.
Шалыс басқанда: “Қай құшақта екен?”–деуменен,
Ұры ойыңды сан-саққа тағы кездіру.
Көбелек өмір, көп елең күндер өтеді,
Ақынның, сірә, әдемі сөз тек берері.
Онсыз да күнің, сағатың дағы санаулы,
Уақытша жанның, ақынның, не бар керегі?!
Адамның көркі әлпеті емес, жан – баға,
Ақындар жылтыр ажарға әр сәт таңданар.
Жылатар сені, тағдырың, жаным, онсызда,
Сондықтан сені жылатар жанды таңдама.
Ақынды сүю – ұмыту барлық қақыңды,
Ақыннан талай арулар сорлап жатырды.
Тыңдасаң мені, сіңілім, әпке ақылым –
Ақындар сүйсін, сүймеңдер бірақ ақынды.
***
Тұлға да таппай жаныма дағы жақындар,
Жүрегімде қыс аязы бүркіп сақылдар.
Жазылар әлі мына менсіз де талай жыр,
Табылар әлі менен де мықты ақындар.
Ал мына мен ше? Өмірден қалай өтермін?
Онсызда, өмір, талай жүгіңді көтердім!
Кітаптың бәлкім мұқабасынан табылам,
Бәлкім де тіптен жай пенде қалып, кетермін.
Өкінбен мүлде тағдыр жырына, өткенге,
Жылайды аспан, аяйды мені Көк пен Жер.
Мұңды өлеңім бітеді менің, Анажан,
Жұмақ үйінде бетімнен аңсап,өпкенде.
Өлеңсіз өмір – мәнсіз бір кітап, сор қайғы,
Бірталай жылым өлеңнен кетіп, ортайдым.
Ғазалымды мен он екі жаста танып ем,
Сол күні бірден мың жасқа тағы қартайдым.
Жайыққа төгіп бүгінгі дерттен айықтым,
Шүкірлік етіп, күпірлік бетін қайырдым.
Көбелек өмір, өлеңді алма енді сен,
Басқа жолыңа, басқа сыныңа дайынмын!
***
Құлағыма сыбырлайды бейуақ үн,
Тор-кеуденің ашып көне кей бағын.
Жайық іздеп тұра қашқан жетімін,
Тағдыр іздеп мұтылған бір мейманын.
Бағың менен сорында жоқ шатағы,
Уытты тіл дәрменсіз тіл қатады.
Жүрегімнен жас төгіліп жатады,
Жанарымнан жыр ағылып жатады.
Түн. Ойымен арпалысқан батыр сан,
Үміт деген сонда сөнер ақыр-шам.
Тұншықпай-ақ өз даусыма, арман жоқ,
Осы таңды аман-есен атырсам.