
— Кешіріңіз. Отыруға бола ма? — деді қара торы қыз, ұяң дауыспен тіл қатып.
— Әрине, отырыңыз, — деп елбең қақты ебедейсіздеу келген ұзын бойлы, қайың денелі, ашаң жүзді жігіт.
Дала меңіреу қалыпта. Кешкі уақытта ауыл халқы тым-тырыс. Күз мезгілі болғасын ба, саябаққа ешкім келмейтін болған. Ішіндегі мәуелі бақтай көркем әрі көрікті ететін тал-теректер жалаңаштанып, мүсәпір хәлге түскен. Жаңбырда пана, шақырайған күннің көзінен көлеңке болатын ағаштардың жоқтығы көңіл құлазытады. Төсемтас бетіне төселген жапырақтар ғана «Ее, бәсе» дегізіп, жаздың жайдары сәттінен хабар беретіндей. Болаттың жан-жағындағы сүреңсіз бейнеден іші пысты ма, әлде жанына жайғасқан қызбен танысқысы келді ме?! Жөткірініп:
— Қарындас, — жұтынып алып, қарлығыңқы дауыспен, — есіміңіз кім?
Төмен қарап отырған қыз басын көтеріп, қарақаттай мөлдіреген көздерін жігітке бұрып «не дейсіз?» дегендей сұраулы жүзбен қарады.
— Есіміңіз? — жігіт қысқа ғана ернін сылп еткізді.
— Көркем!
— Әдемі есім. Мен Болатпын, — деп сүйектері ырсиған қолын ұсынды. Қыз нәп-нәзік саусақтарымен жігіт қолының ұшын ғана болар-болмас қысты. — Күзді ұнатасың-ау, деймін, — сізден сенге қалай ауысқаннын аңдамай қалған Болат көзінің астымен қызға қарады. Онысы тіксініп қалмады ма деген ойы-тын.
— Иә, маған күз ұнайды. Мезгілдердің ішінде ерекше әрі жұмбағы, сырлысы күз ғой. Ішкі толғаныстар, жаз дәуренге есеп беретін шақ... —Әрмен қарай Болат сөзді жалғап:
— Көңіл түкпірінде жасырынып жатқан кейбір ойларды, жүрекке қуаныш сыйлайтын сезімдерді күз ғана ашық айта алатындай. Әлемді күнәдан тазарту үшін келетін қыстың алдында жасалатын бір ырымға ұқсайды. Бәлкім, табиғат дәстүрі болар.
— Олда мүмкін. Ойларыңыз терең екен. Философ емессіз бе?
— Жоға, ондай бақыт қайдан бұйырсын. Жай ғана филологпын.
— Ғажап. Ол мамандық та осал мамандық емес. Білесіз бе? Мен де филолог болуды армандадым. Мектеп қабарғасында тіл маманы болу басты мақсатым еді, — сөз басында көңілденіп сөйлегенімен, соңына қарай салы суға кеткен адамдай, тұнжыраңқы күйге түсті.
— Неге олай дейсіз? Сіз әлі жассыз ғой. Өмір жетіп жатса филологта боласыз.
— Өмір жетіп жатса... — деп қайталады.
— Көркем, сіз қай факультетті бітірдіңіз?
— Тарих. Әкем тарихшы. Кішкентайымнан ата-бабамыздың жасаған ерліктері жайлы әңгіме шертетін. Әсіресе Тұмар (Томирис) ханымның әйел болса да ерге тән іс атқарғанын керемет суреттейтін. Мектепті аяқтағаннан кейін университетке тарихшы мамандығына түсірген әкем еді.
— Нағыз қоғамға қажет маман екенсіз. Сиыр бүйрегіндей бытырап жатқан тарихты сіз біріктірсеңіз, шындығынан жалғанын ажыратып жарыққа шығарсаңыз жақсы жаңалық болары сөзсіз.
— Рахмет. Менен де білімді адамдар бар. Сол кісілерге қалдырдым.
— Мен әдебиетші және шығармашылыққа жақын адам ретінде бір нәрсе байқадым. Сіздің мөлдір көздеріңізде бір мұң бар, — деді әңгіменің ауанын өзгертпек болып.
— Қандай мұң? — ештеңе түсінбеген кейіпте.
— Сіз әлемді басқаша көресіз және әлемге деген өкпеңіз бар.
Сәл езу тарта жымиып, ой теңізіне батып бара жатқандай қозғалыссыз отырып қалды. Болат болса «қате айтып қойдым ба, ай, осы менің ойланбай сөйлей салатын әдетім-ай» деп өз-өзін жазғыра бастады. Ашық ойын білдіріп, жатырқамай, жатсынбай сөйлесіп отырған қыздың көңілін түсіргеніне қатты қапаланды. Не деп жұбатарын білмей әлекке түсті. Қызда оның дегбірсізденгенін байқап.
— Дұрыс айтасыз, — деді. — Мен әлемнен өзімді іздеймін, өзімді таба алмағаным үшін қапаланамын. Әр адамның жеке арманы, ой-пікірі болады. Оған ешкімнің қол сұғуға, өз дегенін жасатуға хақысы жоқ. Менің әлемім қайғыға толы. Қасаң тірлікте бағытынан жаңылған көліктей, бұралаң жолға түскен...
— Бәрін басынан бастарсыз?
— Мүмкін емес.
— Барлығы да мүмкін. Тек оны көре білсеңіз, жаңа өміріңіздің ақ парағы ашылары айдан-анық. Өзіңізге мүмкіндік беріңіз. Сонда ғана бәрі жақсы болады.
— Түн болып қалыпты. Мен үйге барайын. Сау болыңыз! — деп қыз орнынан тұрып кете барды.
— Сау болыңыз! Ертең тағы келесіз бе?
— Мүмкін...
Алыстап бара жатқан сұлбадан көзін алмай ұзақ қарады. Басын біреу күшпен бұрып қойғандай. «Ех, неткен пәк жүректі қыз... бар екен ғой, бар екен... — деп тамсанды, — аузын ашса жүрегі көрінетін перизат. Әттең, жанарын да мұң бар. Сәлде болса сейілте алсам ғой...» шалбарының қалтасынан смартфоннын алып сағат қарады. Оннан кетіпті. Отырған орныннан тұрып үй жаққа қарай беттеді. Әлсін-әлсін артына қарап қояды...
Көше шамдары мен-мұндалап тұр. Жол бойында өз ойымен өзі алысып Болат келеді. Санасында бүгін ғана танысқан, нәзік сырының шетін шығарған бойжеткеннің бейнесі. Оның мұңға толы көздері елестей береді. Ертең келеді ме, келсе сағат неше де келеді. Ол кезде мен болмай қалсам не болады. Әлде ерте барып отырғаным жөн бе... Жауабы жоқ, нөсерше төгілген сұрақтар. Үйге кіріп, тамақ ішіп отырғанда да өзіне осы сұрақтарды қоюмен болды. Баласының бойындағы өзгешелікті бірден байқаған ана.
— Балам, саған не болды? — деді әдепкі үнмен.
— Ештеңе, — кібіртіктей тіл қатып, — бәрі дұрыс!
— Күмәнім бар, дұрыстығына.
— Неге?
— Келгелі бері сорпаны шанышқымен ішіп отырсың, бұл тегін емес. Ештеңені түсінбей алдындағы ыдысқа қараса рас екен. Сұйық тағамға шанышқыны малып отыр. Кінәсін түзетпек болғандай қасыққа жармасты. Туа бітті қасиеті тағы да байқалды. Қасыққа қолын соза бере дастархан үстіндегі тұзды төгіп алды. Бұл қылығына ұялғандай анасына қарады. Анасы болса «жасырып отырсың-ау, ішке бүккенің бар ғой» деген оймен бас шайқайтындай
* * *
Түнде кеш жатқан Болат ұйқыдан да кеш оянды. Қанша қажып, қара терге түсіп, бойын шаршау билеген шақтарда да ол мұншалықты мең-зең күйде ұйқы құшағына берілмеп еді. Бұл жолғы ұйқының жөні бөлек, бұрынғыдан өзгеше бір тылсым тыныштыққа бөленгендей көрінді. Ояна сала бас жағында жатқан смартфонына үңілді. Сағат түскі екі жарым. Әрлі-берлі керіліп, созылып төсектен тұрды. Жаттығу жасаған сыңаймен қолын оңды-солды ербеңдетіп, бойын бір сергітіп алғандай күйде ас үйге бет алды.
— Қайырлы күн, анашым!
— Қайырлы... Ұйқы да кеткен өшіңді алған шығарсың? — анасының үні зілге толып, қатқылдау естілді...
— Алдым, алдым. Кеше кеш жатқасын-ау, түске дейін ұйықтағаным. Өзім де таң қалып тұрмын.
— Демалыста тыныққаның өзіңе де жақсы, — деп, «балам шаршап жүрген-ау» деген алаң оймен сәл кідіріп қалды. Сәлден соң ғана таң ертең болған оқиға есіне түсіп, сөзін жалғады, — Таң ертең, тоғыздар шамасында, Нұржан келген. Сенің ұйықтап жатқаныңды айтқаным сол еді, тіл қатпастан-ақ кері бұрылып, үн-түнсіз тайып тұрды.
— Иә, кеше смартфоным бұғатталып қалды. Соны таң ертең бірге қарап көрейік деген. Соған келген болар.
— Жарайды. Беті-қолыңды жуып келде тамағыңды ішіп ал. Сосын барып келерсің.
... Тамақтанып алғасын бірден бөлмесіне кірді. Нұржанға барамын деген сөзі жайына қалды. Керуетіне жатып кешегі саябақта жолықтырған қыз жайында; оның мұңға толы жанарын, кіршіксіз тазалығын, бірақ қалайша мұңлық қамытын арқалаған періште екенін түсіне алмай дал. Бар бітіргені оймен сол қыздың бейнесін жасап тілдесу болды. Миына тек Көркем жайлы ойлар кеу-кеулеп келе берді. Солайша тезірек кеш болуын арман етті... Бөлме қабырғасынан бір нүкте тауып алып ұзақ қарады. Жай қарамай өз-өзіне сұрақтар қоя бастады.
Болат: Бүгін қандай тақырыпта сөз қозғасам екен?
Ой: Абай мен Тоғжанның махаббаты жайлы айт. Қандай қызды болмасын селт еткізбей қоймайды.
Болат: Ол керек емес. Тым күрделі әрі ауыр. Ұлылардың сезімін түсіну үшін ұлы болу қажет емес пе?! Маған басқаша, жаңашыл тақырып керек.
Ой: Сен тек көркем әдебиетті оқыған адамсың ғой. Кітап туралы сөйлес.
Болат: Жо-жоқ, мен... мен, — жібі үзілген моншақтай ойы шашырап кетті. Қос қолымен бетін сипап төсектен тұрды. Көп ойланғанның салдарынан басы мең-зең. Қарауытқан көзін уқалап, қадамдарын теңселе басып терезеге үңілді. Қызыл күн ұясына батуға тақаған. Ақ бұлттарды қызартып, монтансығандай кейіппен баяу жылжып, төмен түсіп барады. Сыртқы көріністі көргеннен кейін, күртешесін киіп далаға шықты.
Айналмалы есіктен ішке кіріп, жапырағы сыпырылып, арса-арса бұтақтары тыриып қалған тал-теректердің арасымен баяу өтіп, кеше ғана өзі отырған орындыққа жайғасты. Көңілге кірбің ұялатып, «неге келдім?» деген өкінішті ойға жетелейтін сұрықсыз саябақтың өзі бұл жолы ерекше құлпырып тұрғандай әсер қалдырады. Көркем әлі келмеген секілді. Айнала да мүлгіген тыныштық. Жерге төгілген сарғайған жапырақтарды әрлі-берлі тербеп, самала жел соғады. Жан-жағына қайта-қайта жалтақтап, көңілі алаң күйде елегзіп Болат отыр. Кенет «ерте келіпсіз ғой» деген нәзік үнге елең етті. Дауыс шыққан жаққа қараса күткен адамы Көркем тұр. Әзір келмейді-ау, деген ой да болғасын ба, сасқалақтап аузына сөз түспей қалды. Кібіртіктеп «сәлем» деді. Ішінен «естіді ме екен» деп қызға қарады. Қыз естіген екен.
— Сәлем. Көп күттіңіз бе? — айыпты адамдай төмен қарады.
— Жоға, о, не дегеніңіз. Мен... — тілі күрмеліп, — жаңа ғана келдім. Міне, өзіңіз де келдіңіз, — соңғы сөзді не үшін айтқанын өзі де білмейді.
— Рахмет. Мен ерте келдім деп ойлаған едім. Алдымды орап кеттіңіз. Келесі жолы ерте келермін, — деп орындықтың бір бұрышына жайғасты.
Апыр-ау, келесі жолы деді ме, шынымен келесі жолы деді. Сонда ол да мені күні бойы ойлаған болды ғой. Ерте келуге асыққанын мына сөзі дәлелдеп тұр емес пе! Ғажап, ғажап.
— Көңіл күйіңіз қалай?
— Шүкір рахмет. Өзіңіз де қалай?
— Жақсы. Мен бүгін күні бойы сізді ойлаумен болдым. Әсіресе, түпсіз терең тұңғиықтай, сырлы жанарыңыз көз алдымнан кетпей қойды... Сізде мұң бар секілді?
— Мұң әр пенде де бар емес пе?!
— Сіздікі ерекше.
— Мүмкін. Сізге бір оқиға айтып берсем қалай қарайсыз?
— Назарым сізде.
— Мен күзді қатты жақсы көремін...
— Оны білемін... — сөзінің соңғы жағын аяқтатпай.
— Және жек көремін.
— Аа?.. — таңданған кейіпте.
— Күз менің жағымсыз және жағымды хикаямның куәсі.
— Сізді түсіне алар емеспін.
— Мен жетіммін. Анам мені өмірге әкелген де бір үйдің есігінің алдына тастап кеткен. Бұл тағдырымның өшіруге де келмейтін жағымсыз жағы. Өмірімнің күңгірт беті. Ал жағымды жағы — мені босағада жылап жатқан сәтімде де көтеріп алып, адам қатарына қосқан отбасымның болуы. Мұншалық мейірімділік пен кең пейілділік екінің-бірінің қолынан келе бермейді. Кейбір адамдар табалдырығында құндақтаулы жатқан баланы үйіне кіргізу былай тұрсын, бірден жетімдер үйіне апарып тастайды. Өз балаларын асырауға тамақ таппай, еңбек етіп алған айлығы жалдамалы пәтердің ақысын төлеуге әзер жетіп отырған отбасылар бар. Олар жетім баланы қалай асырамақ? Мен оларға қарап өз өміріме шүкір етемін. Мені асырап алған адамдар бір перзетке зар болып, Құдайдан күнде тілеген жандар. Жаратушы тілектерін қабыл алып мені жіберді. Бірақ та мені бір сұрақ күніге мазалайды «менің туған анам кім?». Көзімдегі сіз көрген мұңға айналған осы сұрақ. Жүрегіме қаяу салып, жанарымнан орын тепкен...
Болат көзіне келген моншақтай тамшыны қолының сыртымен сипап өтті. Ақырындап Көркемге қарап еді жаңбыр тамшысындай жастар бетінен домалап жерге түсуде. Көздегі мұңның жасы...