ЗЕЙНЕП АМАНГЕЛДІ. МЕН КЕТКЕН ЖАҚҚА ЕЛЕҢ ЕТПЕДІҢ...

 

*  *  *

Ай ұғатын аймалайтын түн көзін,

Мұң басына малытатын жырды өзім.

Ала бұлттың арасына тығылған,

Көк жүзінен көрінетін жұлдызым.

 

Күн көрінсе көбейетін жала, сын,

Тәтті ғұмыр тәлтіректеп барасың...

Жарық күнде адасатын кеуделер,

Қара түннен тапқан ыстық жарасым.

 

Түнде тағат тапқаны үшін жан мұңы,

Маған жұлдыз көрінеді барлығы.

Бәз біреулер налиды кеп Құдайға,

Сәл ертерек атқаны үшін таң  нұры.

 

Есі-көктем, ал көңілі- құшақ күз,

Бір болуға тиістіміз бірақ біз!

Күні бойы түн сұрайтын сол ару,

Таң атқанын тілейтін де бір-ақ қыз!

 

*  *  *

Ғашықпын көктем!

Ғашықпын көктем сылдыры бұлақ үніңе,

Қызарып өскен қырдағы қызыл гүліңе.

Ғашықпын елім, аймалап ашар құшағын,

Күлімдеп тұрып нұр шашар алтын күніңе.

 

Ғашықпын көктем, аққулар қонған айдынға,

Бағасы қымбат теңіздің, көлдің, сайдың да.

Ғашықпын саған, жарамды емдер жалғанда,

Қараңғы түнде жарығы шуақ айдың да.

 

Ғашықпын көктем, қызарған күннің нұрына,

Келбетің күнде айналған елдің жырына.

Ғашықпын жерім, ыстығын аңсар ақындай,

Жүрмін ғой менде жүрекпен қайта жылына.

 

Ғашықпын көктем, шағала қонар шатқалға,

Асықтым лезде асуға, қырат, қапталға.

Ғашықтық сырмен көгіңе қарай көсіліп,

Самалмен естім көкорай, күлгін шақтарға.

 

*  *  *

Қойнында кетіп терең өкпенің,

Мен кеткен жаққа елең етпедің.

Мысқылдап тұрған соқыр кеудең-ай,

Құдай-ау, сонша керемет пе едің?!

 

Тілеп-ақ бақтың қала бергенін,

Көңілсіз күйге-ай, сала бергенің...

Жаныңда жүріп күл болғанымша,

Дұрыс-ау, жырмен жана бергенім...

 

Елемей күздің салқындарын да,

Көктемнің күлем алтын бағында.

Өзгелер сағым, өлеңнен басқа,

Ақырын соққан ақын жанымда...

 

*  *  *

О, жарық түн,

Қойнауыңда сан құпия бар ұқтым.

Күндіз бойы шомылатын ойларға,

Сен арқылы сабырлылық таныттым.

 

О, жарық түн,

Сырларыңа дәл өзімдей қанық кім?

Жасаураған жанарымды жасырар,

Назарынан сан мыңдаған халықтың.

 

О, жарық түн,

Сезіміме сан мәрте рет салып мұң.

Сан торапты сынағына өмірдің,

Сынбауға да үйреніп те қалыппын.

 

О, жарық түн,

Күннен ұзақ уақытымды алып тым.

Жан баласы ұйықтайтын шақтарда,

Мен баяғы өлең үшін жарықпын.

 

КӨКТЕМДЕ КЕЛЕМІН

Сұратпай табатын өз емін,

Мендегі көктемнің кезі едің.

Сол аңқау басың да бар бағын,

Жоғалтып алар-ау, сеземін...

 

Сен бұрын биіктеу сері едің,

Деп асыл келген ед теңегім.

Сан соғып қалмасаң игі еді,

Болмай қап сенің де керегің.

 

Тауып ап жараның дер емін,

Мен енді тек гүлдер теремін.

Сонша асық түріңді бүгінде,

Ұмытып қала да беремін.

 

Таусылып таң ұқпас дерегім,

Келмей жүр сені де елегім.

Күз келіп қол үздің, алайда,

Мен жылы көктемде келемін...

 

*  *  *

Шақырып шабыт төріне мені,

Тұрғандай "кел"-деп көріне берді.

Шабытым менің шаттығым, барым,

Өлеңім сенсіз өрілер ме еді?!

 

Жетелеп мені өмірге нұрлы,

Құясың ылғи көңілге сырды.

Аялап жырмен шығардың шыңға,

Өлеңмен өскен өрімдей гүлді.

 

Сабылсам-сезім, сүйеніш демеу,

Табармын қандай өзіңе теңдеу?!

Шабытым барда шаттық үн тербеп,

Ақын болуға ұмтылдым дереу.

 

Жалғанда жарық, шырағым сенсің,

Таусылмас, терең жыр-әнім сенсің.

Тербетер өлең асау толқынын,

Жұптасқан аққу, сыңарым сенсің.

 

*  *  *

Ай ұғатын, аймалайтын түн көзін,

Мұң басына малытатын жырды өзім.

Ала бұлттың арасына тығылған,

Көк жүзінен көрінетін жұлдызым.

 

Күн көрінсе көбейетін жала, сын,

Тәтті ғұмыр тәлтіректеп барасың...

Жарық күнде адасатын кеуделер,

Қара түннен тапқан ыстық жарасым.

 

Түнде тағат тапқаны үшін жан, мұңы,

Маған жұлдыз көрінеді барлығы.

Бәз біреулер налиды кеп Құдайға,

Сәл ертерек атқаны үшін таң  нұры.

 

Есі-көктем, ал көңілі- құшақ күз,

Бір болуға тиістіміз бірақ біз!

Күні бойы түн сұрайтын сол ару,

Таң атқанын тілейтін де бір-ақ қыз!