* * *
Басқан сәттен көзіңді бұлт, көкті мұң,
Аспан маған, мен аспанға кектімін!
Жанарыңды жүрегіме жерледім,
Енді маған жоқ құның!
Таңдаған шын екі бөлек жол әркім,
Ортаярсың сен немесе толарсың.
Мен келді деп қуанбаған едің ғой
Мен кетті деп өкінбеген боларсың?!
Күндер санап өткеніме таяймын,
Құрсауында қалдың екен қай айдың?
Сол күн сенің кірпігіңде еріген,
Аппақ қарды аяймын!
Жанарымда іркіліпті талай мұң,
Мен де бір бақ таба алуды қалаймын.
«Таба алмаған сезіміне сай айдын,
Енді сені де аяймын! »
ТАНЫМАҒАН ЖҮРЕККЕ ӨКПЕЛЕЙМІН
Білем, өткен күндердің жыры біткен,
Сірә, сорлы жүректің түрі күткен.
Алдыңызға бардым да амандасып,
Қолыңыздан ұстадым бір үмітпен!
Бақытыма болса егер мұң қайтарым,
Сыйға берген тағдыр ма мұндай таным?
Бөтеніндей көрсеткен өр кейпіңіз,
Сізді танитынымды кімге айтамын?
Қалай ғана ақыл мен жай табады Ар,
Барам десем, барма деп айтады олар.
Қайта айналып алдыма келе алмайсыз,
Мен де жыл құсы емеспін қайта оралар!
Жат болу да тән шығар көпке деймін,
Ақталып кеп сырыңды төкпе, мейлің.
Танымаған көзіңіз кінәлі емес,
Танымаған жүрекке өкпелеймін!
Дала жатты уайымсыз, самалды есіп,
Тағдыр да бір бақытты қалар кешіп.
Қайта-қайта түйіскен жанарға обал,
Есіңізге түспедім, амал нешік...
Жүрегімде жүреді өткен бөлек,
(Ойнағаным орынсыз отпен демек)
Көзіңізде бір әлем бара жатты,
Дүниенің өзіндей дөп-дөңгелек!
КҮЗДІ ЖАҚСЫ КӨРЕ ТҰРШЫ...
(Жалынына орағанда от көңіл)
Сені ойладым, міне, солай өтті өмір.
Қоңыр күздің ұнатамын ұсқынын,
Жанарыңдай қоп-қоңыр!
Көңілімді кеткеніңе күпті ғып,
Сенетіндей көрінесің тіпті нық.
Әппақ қырау, күзгі шықты қарашы,
Қолдарымдай сұп-суық!
Менің ғана жан жарам ба қап, бәрі,
Сырқатыма жоқ та шығар нақ дәрі.
Ең болмаса жүрегіме үңілші,
Жапырақтай сап-сары!
Өткен қайіп оралмайды, о, тыныш,
Енді сен де өкініштің өтін іш,
Мені жақсы көрмесең де болады
Күзді жақсы көре тұршы, өтініш!
СЕНІҢ КӨЗІҢ
Бір басыма қайғы берген үйіп мың,
Мүмкін содан, жанарыңнан күй ұқтым.
Көзімізде кіп-кішкентай қарашық,
Қалай ғана кетеді екен сыйып мұң?
Мен де өзгені байқамайтын өр едім,
Енді менің тағдырыма төре кім?
Неге сенің жанарыңа қарасам,
Тек өзімді көремін?
Жанарыңда жасырынып бұла түн,
Өз билігін өзгеше бір құратын.
Қарай қалсам көздеріңе мөп-мөлдір,
Бүкіл әлем тұратын.
Сен қарасаң өртке оранып кетемін,
Онда сені арман ету не теңім...
Сенің көзің - қара теңіз, қап-қара,
Батып кетсем не етемін?
Қабағыңа қойған ба әлде мұң құйып,
Саған нұрын жіберетін күн де ұйып.
Жоғалтып ап, сенен тапқан қазынам,
Енді ешқашан жоғалмайтын тұңғиық.
ӘЛДЕКІМ
Менің адал арманым ең,
Ең ізгі...
Бірақ адам бола алмадың негізгі.
Екеуімізге ортақ кінә, дедік: "тең"
Саған бақыт тілеп едім... Неліктен?
Көздеп тұрып жүрегімнен тағы аттың,
Айлы аспанды көре алмадым,
Адастым!
Жанарымды нұрлы дейсің, ол да мұң,
Саған жетпей қалғандықтан қолдарым...
Кеткен едім, тыңдамадым, «қал» дедің,
Жүрегімде бар деп жүрдің әлдекім!
Ұмытамын, сөйлеспеймін, өктемсу,
Ал санамды улап кетті от пен су!
Әуен қазір, кеудем толған күй сынды,
Бұзып жүрген бір адам бар ұйқымды.
Жаралғандай бағым үшін дәл менің,
Ол сен бе едің, әлде...
Кім?..
ӨРМЕКШІ
Сынай берсең сенім де түбі сынар,
Бұл да албырт жастықтың буы шығар.
Көрсеткенше өзіңді көп керемет,
Жан екеніңді айтсаңшы,
Уыты бар!
Жете алмасаң бекер ғой, нақ бағама,
Ел де сені есіре мақтаған, ә?
Жылы жүз де бетперде екен, білем,
Жүрегіңе үңілші,
Қап-қара ма?
Жеткізгенде мен жайлы тыңшы хабар,
Клеткасы миымның тұншығады әр.
Сенің сөзің «ұмыттан» басталады,
Сенің торың - темір тор,
Кім шығарар?
Неге өзгермей келеді қоғам әлі,
Сезім болса сергелдең, жоқ, ә, дәрі?
Санайсың да өзіңді деп бағалы
Қорқытасың «кетем» деп,
Одан әрі!
Сынай берсең сенім де түбі сынар,
Бұл да албырт жастықтың буы шығар.
Өрмекші де өлтіріп кетпейді ғой,
Жан екеніңді айтпадың,
Уыты бар!