ҚАЙСАР БАУЫРЖАН. ЕҢ АЯУЛЫ ӘН БАСТАЙМЫЗ ЕНДІ БІЗ...

САЛТАНАТ

Үстінен боз адырдың самғар әуен,

тіл бітіп, сан құбылып сарнар әлем.

Қара жер ыңыранып, қараған көк,

қайғыдан қарс айырылған жанға дауа ең.

 

Тарта түс ,талдан тиек жонып алда,

ырғақтай мың құбылған өмір алда.

Қалдырды мына жерге мені зорға,

қалдырды қайран анаң сені жолда.

 

Айналдым саусағыңнан перне басқан,

мұңлы күй, әуез бе, әлде, сөз бе адасқан?

Күйініш, сүйініш те қосақталып,

аяғы өкініш пен шерге ұласқан.

 

Айырмас кімнен-кімді кесірлі өмір,

көбісі шер-қайғының көшінде жүр.

Көз көрген домбыраны бір иіскеп,

көз жасын күймен тияр жетім көңіл.

 

Кей кезде жүрегімді шер көметін,

кей сәтте жамалымды сел көметін.

Тыңдаймын салтанатты таң асыра,

айрылған туған жерден мен де жетім.

 

Кім шертер салтанаттай жүрек күйін,

қалады сағыныштан жүдеп күйім.

Нұржанат, тоқтамай тарт мына күйді,

көңіліме кір қайғыны түнетпейін.

 

Қорғансыз тіршілікте мән бар ма осы?

ормансыз құстай сайрар арман да осы.

Жылайсың, жұбанасың, іркілер жас,

осылай ұласады жалған көші.

 

САЛТАНАТ-2

Келер жазда барамыз ауылға деп,

басталады шай үсті сарынды әдет.

Қауым бар ед, ол жерде бағым бар ед,

сары ала орман, самырсын тауым бар ед.

 

Мұң құйылған кеселер, үнсіздіктер,

қайран ауыл, ой ұшы тылсым нүкте…

Қарт анамның көз жасы түнге тамып,

қарғыс айтып жүр ме екен қу тірлікке.

 

Үзілген, қолдан келмей жалғай алу,

жүзіңнен нұр тайдырған маңдай ару.

Ер болып, атын ерттеп бермегесін,

әкеңмен амандасу қандай ауыр.

 

Кесе толы қызыл шай құйған неғып?

бұлар неге ұшады мұңға айналып?

Тулар неге сәулесін адастырған?

құмдар неге кетпейді суға айналып?!

 

(Сайыннан сайғақ құрлы тұрақ таппай)

еңсеңді езген асу бір аттатпай.

Қор қылады, шай үсті, домбыра үні,

Күй «Салтанат» қалады жылап тоқтай…

 

ЕСЕНҒАЛИ

Жаз кетті, орнында жапырақ қалды,

сарғыш түспен орады атыраптарды.

Жалғыз жанның ғазалын жаңбыр білер,

ол да бүгін қалаға шашырап тамды.

 

Қорғасындай ауыр ой мең-зең етіп,

желік арман барады желге кетіп.

“Есенғали жоқ енді” дейді құстар,

Есентайдың бойынан көлбей өтіп.

 

Алматыда мұң да бар, шарап та бар,

Алматыда жел де бар орап соғар.

Алматыда жоқ енді Есенғали,

Ару қала кемдігің сол-ақ болар.

 

Еліменен қоштаспай, құсыменен,

жаңсақ кетіп жорылды түсі неден.

Еңбегіндей сәбидің саз Алматы,

тілін тістеп алды ғой тісіменен.

 

Жаңбыр, жаңбыр сел боп ақ, төкпелеп өт,

мен де ақынмын өртке бар, өкпеге жоқ.

“Жақсы ақын ед” деді де,қоя салды,

содан кейін өзгерген ештеңе жоқ.

 

*  *  *

Алматыдан жаз да көшіп барады,

қарт аспаннан қаздар өтіп барады.

Мезгіл оты бұл меңіреу қалада,

бір сәт болсын маздап, өшіп қалады.

 

Мен жалықпан күншығысқа қараудан,

сағынышым сарқылмайды сан алуан.

Ал сен қалай жалықпайсың, Алатау,

Алматыға күні-түні қараудан?!

 

Құзарыңнан құспен бірге самғайды ән,

екеумізді еркелеткен жаз қайда.

Сен қайтесің, бауырыңды күз шалса,

мен қайтемін, ауылым қалды шалғайда?!

 

Күз хабарын жапырақтар тыңдатты,

көшелерді беймаза бір мұң басты.

Мынау бақтар қайғы алаңы секілді,

бұрынғыдай сайран әнін ұрлатты.

 

Алматыға түсі күрең келді күз,

сенді бақтар, сенді құстар, сенді қыз.

Ең аяулы жаңбырлармен қосылып,

ең аяулы ән бастаймыз енді біз…

 

АЛТАЙ

Ерте, ерте, ертеде, жайлаған күрең тыныштық,

Алтайдағы ауылдың топырағы ып-ыстық.

Өрекпісе демінен мыңжылдықдар иісі аңқып,

бурыл аттың шабысы дігідіктеп күй тартып…

 

Бетегелі беткейге мал үйіріп, гүл, абат,

тоқсан рет толғанып ойнайтын тоғызқұмалақ.

Бұзау қуған баланы шақырып ап, ысқырып,

тұмақ бауып ағытып, насыбай атқан түшкіріп…

 

Төңірегі ну орман, ескі қыстау, қи қора,

ары қарай әруақ, бері қарай ши, мола…

Өркештеніп кезінде қыран аққан ескі жұрт,

есіл ерден көз жазып, жылап жатқан ескі жұрт.

 

Топырағыңа табынам торқалы тондай келбетті,

өзіңнен шалғай кеттім мен,өзіңнен алыс ол кетті.

Тәңірім маған берсе бақ, Алтайға мені апарсын,

еһ, менің қайран Алтайым, егіліп жылап жатарсың.

 

Бурыл-бурыл төс көріп,жолға да шықтым сені іздеп,

аңсарым бір сәт ортаймас аласапыран теңіз көк.

Адасып жетсе сол бала аласұрған өзім ғой,

сағынышымды қайтем-ау, бурыл аттың деміндей!…

 

*  *  *

Барменен жоқтың шарлап арасын,

тынымсыз құс ем дауға қонатын.

Мен деген - жынды, мен деген - ақын,

ешкім жоқ, жаным, мен бола алатын.

 

Сүреңсіз ақпан, сүймеген жандар,

сүркейлі көше, билеген қолдар.

Күңіреу дала, меңіреу мезгіл,

күйбелең тірлік, дүрбелең қоғам.

 

Сен ғана менің жаныма ап қалған,

жалғызым-әнім жадырап қанған.

Ол кезде бір күй аңырап салған,

ол кезде бір үй қаңырап қалған.

 

Елес те болар, ертегім болар,

бұрқасын мінез - он сегіз болар.

Қайрылмайтын қанатты құстың,

өзегі талар, өртеніп жанар.

 

Көзімнің беті мөлдіреп толсын,

өртеніп алар соңғы рет болсын.

Маужырап бір сәт түрегелермін,

киелі әулием келді деп тосын.

 

Барменен жоқтың шарлап арасын,

тынымсыз құс ем дауға қонатын.

Мен деген - жынды,мен деген- ақын,

ешкім жоқ, жаным, мен бола алатын...

 

*  *  *

Жаңбыр шайған көшелер,  тағдыр шайған,

сол көшеде екі жыл салдым сайран.

Қала сынды ауылға таң қалмадым,

ауыл сынды қалаға қалдым қайран!

 

Кешкі сауық қоздырған делебемді,

ес-түс ауып көтергем көзелерді.

Өлгендерді сөз қылған қимастықпен,

оқып-оқып тоздырғам сол өлеңді.

 

Жанымды шарпиды енді шалдуар мұң,

таңымды түн,түнімді таң қылармын.

Өзіңсіз өзімді-өзім ұмытам да,

тентіреп өлең іздеп қаңғырармын.

 

Сағындым көне шаһар, кең құлашым,

сенсіз жыр жазылмайды, сенді басым.

Сені аңсап шалдығады сағынышқа,

сені іздеп қаңғырады енді басым.

 

ТҮРКІСТАН

Күбірінде сағыныштың мақамы,

мынау қала мыңжылдықтар жатағы.

Жаңбырлары сан аңсатып бір жауып,

тағдырларын тасқа тығып жатады.

 

Түрлі-түрлі сағыныш қой түске енер,

дәл осындай күбірді мен күтпегем.

Бұл қалаға мені шаттық әкелген,

енді сен де көңіл шаңқай түсте кел.

 

Рухынан нұр саулаған мүрделер,

(үндемейді... үндемеген бір жеңер)

Өзеніңді лайлағанда мұң нөсер,

өзегіңді өрт қамаған түнде кел.

 

Маңдайыңды өпкен сәтте майда жел,

ғажайыбын, ғаламатын бар да көр!

Кінәлар мен күнәлардан тазарып,

кесенеге алакеуім таңда кел.

 

Тағдыр жайлы айтылмас еш нала-мұң,

қабырғасы ғасырлар –  бұл қаланың.

Ғасырлардың қарашығы іспетті,

көк күмбезді, кесенелі қала бұл.

 

Күту үшін жаралғандай біздің жан,

күттіруге жаралғандай сіздің жан.

Тәңір біздің пешенеден қақпайды,

тәңір бізді жоқ еш уақта құл қылған…

 

Сол пешенем мені қайда сүйремек,

тағдырымды қандай сәттер билемек.

Түркістанды сүйеді әйтеу білерім,

кеудемдегі құттай жүрек күйгелек.

 

Мың реңмен түрленді әзір бұл қала,

бейіш бақтай гүлденді әзір бұл қала.

Кесенені ертелі-кеш күзетіп,

сағынышы сартап болған біз ғана…