ЕРКЕ ЖАЗЕНҚЫЗЫ. АДАМ БОЛЫП ҚАЛУ ДА ҮЛКЕН АБЫРОЙ...

 

*  *  *

Жүз сүрініп, мың жеңіліп.

Өмір сүрем шын беріліп.

Күлем қайта құлап алып,

Көздерімнен күн көрініп.

 

Болса мұңсыз күндер ұмыт.

Тартады ылғи ілгері үміт.

Өмір неге қинайды екен.

Өзі адамға бір беріліп..

 

Бұйыртпаған үлесімді.

Қабылдадым күле сынды.

Әр сүрінген сәттер сайын.

Үйренгенмін  күресуді.

 

Келмес бәлкім, ешкімге әлім.

Таразылар бес күн бәрін.

Тайғағы көп  тағдырымда.

Жылатқанның кештім  бәрін.

 

Бірде жанар шерге тұнып,

Бірде баққа тербетіліп.

Бұралаңы көп ғұмырда.

Бірде күліп,

бірде өкініп.

 

Бірде асығым алшы түсіп.

Бірде балын шалқып ішіп.

Қаққан құстың қанатындай.

Барады өмір қалқып ұшып.

 

ОЙЛАРСЫҢ СЕН МЕНІ…

Естелікті сан тарау тізбелеткен,

Келер көктем... жүз бояу, жүз желекпен.

Жалғыз келе жатқанда көшелермен,

Бір кездері қыдырып біздер өткен –

Ойларсың сен мені…

 

Сағындырар бал күндер кешегі өткен,

Бақытыңды тасытып, еселеткен.

Өтсе алдыңнан сүйгендер құшақтасып,

Жаз көңілің жабығар не себептен?..

Ойларсың сен мені…

 

Таныс әуен тамылжып естілгенде,

Селк еттің де, жұмбақ күй кештің неге?!

Күте-күте құлазып, үміт өшіп,

Мендегі әппақ сезім ескіргенде –

Ойларсың сен мені...

 

*  *  *

Сүрінсек өзімізді,

əуелі жазғырмаймыз.

Мұң торлап көзімізді.

Кінәлі тағдыр дейміз...

 

Тағдырға өкпелейміз.

Күнəні шектемейміз.

Жүрекке салмақ салып.

Мұң-шерге көп бөлейміз...

 

Сенбейміз соңғы үмітке.

Бой беріп зор күдікке.

Бақытты қиялдаймыз.

Бақытты боп жүріп те...

 

Деп жүріп «алда бəрі»

Уақытпен ескіреміз.

Жоғалтып қолда барды,

Қадірін кеш білеміз...

 

Бәрін де кеш ұғамыз.

Жүргенде кейде налып.

Ойланып отырамыз,

Ойланбай сөйлеп алып...

 

Жүректе жасырамыз.

Қайғыны  кешкен ауыр.

Күн болып ашыламыз,

Соқса да іште дауыл...

 

Пәк болып туылатын,

Сақталмас құны, қалпы.

Мың мәрте құбылатын.

Пенделік бұның аты.

Пенделік бұның аты..

 

*  *  *

Болмас өмір сүрінусіз, сынақсыз.

Пенде емеспіз арманы жоқ, мұратсыз.

Көшкен бұлттай ауып кетер басыңнан

Бақыт деген тұрақсыз...

 

Көзіңді ашып, шыққаныңнан құндақтан.

Əлсін-əлсін азалы үнін тыңдатқан.

Тау еңсеңді төбешіктей еткізер,

Қайғы деген зіл батпан...

 

Ол дегенде бөлек болып шығар жан.

Бəзбіреулер шыға алмай жүр құмардан.

Əлсіз көніп,

арсыз жеңіп алатын,

Атақ деген тым арзан...

 

Ең ақылды жауап кейде – үнсіздік.

Талай рет мөлдірліктен  мұң сүздік.

Есептескен,

дүниемен өлшенген.

Сезім деген құнсыз түк..

 

Ізі қалмай адамилық нышаннан,

Имансыздар айла асырып, күш алған.

Шыңыраудан шырылдайтын шарасыз,

Шындық деген тұсалған..

 

Мейлі даңқ пен ие болма, құрметке.

Бірақ болмыс, намысыңды кірлетпе.

Адам болып қалу да үлкен абырой.

Дүние дейтін дүрмекте!..

 

НЕГЕ?!

Күл болып көңіл күйрейді неге?

Жебе-мұң жанды түйрейді неге?

Көлбеңдей ұшқан көбелек-сезім

Қиянат-отқа күймейді неге?

Естелік-елес еш тыным бермей,

Көз жанарымда билейді неге?

Сайқал-қиялым сананы шырмап,

Бақыт жоқ жаққа сүйрейді неге?

Шоқтай сенімім бықсып өшкенде,

Алдамшы үміт үрлейді неге?

Қуарып солған гүлдей сезімім,

Беймезгіл қайта гүлдейді неге?

Жарым көңілді жарылқай алмай,

Күншілдік іштен күндейді неге?

Адалдық дейтін ардың айнасы,

Ақ бола тұрып кірлейді неге?

Көрсоқыр мынау көзсіз жүрегім,

Өзін сүйгенді сүймейді неге?

Ақылдың есі ауысып кетті-ау,

Жүрекке әмір жүрмейді неге?..

Жүрекке әмір жүрмейді...

Неге?!

 

*  *  *

Сен үшін –  

Ажалға да берер едім келісім.

Тағдырыма жазылмапсың, амал не,

Мен сүйгенмен өзге жанның теңісің.

 

Мен үшін  

Жараланған жүрегімнің емісің.

Қоштассам да кете алмаймын, қимаймын.

Сүйеді екем, сүйеді екем сені шын.

 

Біз үшін –

Күймесінші махаббаттың жүзі шын.

Қоштасайық бұйырмаған бақ үшін,

Қоштасайық кездеспеген күз үшін..

 

Не үшін? – 

Сүйген көңіл махаббаттан жерісін.

Қатал тағдыр қоспасыншы қоспаса,

Құлай сүю – ол да менің жеңісім!..

 

 

*  *  *

Өмірдің көп қайғы, сынағы.

Сыналар пенденің шыдамы.

Жеңе біл темірдей төзіммен.

 

Бұйыртқан маңдайға бес күнде.

Болмайды қадірің ешкімге.

Ұятың болса егер көз ілген.

 

Адамдық болмыста негізгі.

Адалдық – қасиет ең ізгі.

Иманың төгілсін көзіңнен.

 

Арам ой болмасын санаңда.

Қиянат жасама адамға.

Пәк болсын сезімің сезінген.

 

Көтере бермейді көңіл сын.

Мейірім шапағы төгілсін.

Әр айтқан бір ауыз сөзіңнен.

 

Жүрекке қара дақ түсірме,

Бақытты болуың үшін де.

Әуелі өзіңді-өзің жең!

Өзіңді-өзің жең!..

 

*  *  *

Ақ еді пейіл –  әппақ гүл.

Ақтап тұратын шақпақ нұр.

Ақтығым сор боп,

 аяқ астына аяусыз,

Арсыздар кетті таптап кіл.

 

Пәк еді жаным, пәк едім.

Періште елі әлемім.

Пешенем солай жазды ма,

пейіш-көңілге

Пенделік салды әлегін.

 

Жүректің үнін жан ұққан,

Жұмсақтау едім мамықтан.

Жоғалттым дағы,

құтқара алмадым, қайтейін,

жұмақ-жанымды тамұқтан.

 

Сезімім тіптен тәтті еді

Сәтті еді сүйген сәттері.

Сатқындық көріп, үміті сөніп

солды да

Сарсаңға салды әттеңі...

 

Бақ деген тәжім басымда  

Бергісіз еді асылға.

Бұлбұлдай ұшып,

бұйырмай кетті ол да әйтеу,

Баянсыз екен расында.

Баянсыз бәрі расында...