ЕРЖАН БАЙТІЛЕС. АПАМНЫҢ МӘСІСІ

Алакөлеңке үйдің бір бұрышында сіресі басылған, қонышы әбден қыржым болған мәсі жатыр. Иесі апта бұрын ғана мәңгілік мекеніне аттанған еді. Қос мәсінің қажетсіз жатқанын көрген жігіт апасынан шын мәнінде айырылғанын, енді қайтып келмейтінін анық түсінді. Түсінгені сол еді, көкірегі сыздап, көзінің алды буланып, буын-буыны босап, дел-сал күй кешті де қалды. Қабырғаға сүйеніп, отыра кетті. Көз алдында көлбеңдеген кино секілді көріністер жүре берсін сосын.

Бұл шал мен кемпірдің бауырына басқан баласы болатын. Көкесі қа­сы­нан бір еліге тастамайтын. Өлім-жі­тімді жерден басқасының барлы­ғы­на алып жүретін. «Біз өлген жерге ба­ра жатырмыз» десе, баланың өзі есік алдындағы ағашты көлеңкелеп қала беретін. Бірақ апасы қайда бар­са да, келген кезінде мәсісінің қо­ны­шынан тәтті-пәтті, құрт-ірімшік шы­ғарып жататын. Мәсіден шыққан та­лай мәмпәсиге тойып еді-ау…

***

Әлі есінде. Апасы мен көкесі Түр­кістан жағындағы ағайындарына қазалы жерге көңіл айтуға кетті. Бұл сол күні әке-шешесінің қасында қалды. Шал мен кемпірдің көзі жоқ­та баланы ата-анасы әбден айналған. Бар жылы-жұмсағын алдына тосып, әкесі ат боп ойнап, анасы алдында құр­дай жүгіріп қызмет қылған. Сол күні шеткі үйге қонып қалды. Азанда тәт­ті ұйқының құшағында жатқан ба­ланы анасы оятып алып, маң­дайы­нан бір иіскеп, сыртқа қарай же­теледі. Ұйқысы шала күйінде жетегіне ере берген. Үлкен үйдің есігін сығалай ашты да баланы зып еткізіп ішке кіргізіп жіберді. Қараса, апасы су құйып, көкесі жуынып отыр екен. Қаракөлеңкеде көкесінің қабағы өте салқын көрінді. Қатулы. Әлдебір нәрсеге ашуланып, қапалы жағдайда отырғаны айқын байқалған. Мұны көрді де:

– Келдің бе? – деді зілді үнмен. Ба­ла үнсіз басын изеді. Апасына қа­рап «онда шәйнекті мынаған бер, осы құйсын», – деп бұйырды. Кө­ке­сінің қаһарынан қорыққаны бар, аузы-мұрнына су толған темір шәй­некті көтере алмай мықшың­да­ғаны бар, бала тізесі қалтырап, қолы дірілдеп су құя бастады. Әр саусағын та­рамдап жуып, білек тұсын ысқы­лап, бетін қайта-қайта шайып, құлағының ішіне дейін тазалаған көкесі ұзақ отырды. Мұның белі талды. Бал­тыры сыздап барады. Сол сәтте көкесі тосын сұрақ қойды.

– Осы саған апаң керек пе?

Үнсіз ғана басын изеген. Артық бір­деңе айтуға шамасы келмейді. Ті­лі байланып қалғандай.

– Керек болса, онда неге бүгін қа­сына қонбадың?

Сұраққа сұрақ жамалды. «Кеше… сіздер жоқта… шеткі үйде… ұйықтап қалыппын». Бір сөйлемді бөліп-бө­ліп зорға айтты. Соғыс көрген көкесінің сұсы сұмдық еді. Дей тұрғанмен бұған дәл бұлай ашуланған, қаһарын төккен кезі болған емес. Кіндігінен ер­ген балаларының маңдайынан иіс­кемек түгілі, саусағының ұшын ұстамаған адам. Әйтеуір осы немересін бауырына алып, бар мейірім-махаббатын аямаған. Көкесіне иек артып, еркеліктің түр-түрін көр­сет­кен шолжаң баланың сүмірейіп тұ­рысы мынау енді. Ауылдың ди­рек­то­рын әкесінен қайырып жіберсе де: «Байекеңнің баласы осындай, қай­теміз?» – деп жылы жымиып кете бе­ретін. Бір басына бір ауылдың бар билігін бере салған көкесінің бүгінгі көңілін бала санасы түсінер емес. Апасы да көкесінің бұл әрекетін аса жақ­тырмайтын сияқты. Таңғы шайдың қамымен жүрсе де, баласының состиған тұрысына көзінің қиы­ғы­мен қарап қояды. Араша түсуге дәр­мен жоқ. Шалынан оңбай сөз есту оған да оңай деймісіз?

– Түнде сақалы беліне түскен, өзі аппақ киінген бір шал келді, – де­ді көкесі баяу үнмен. «Мына кем­пір­дің баласы қайда?» – деп сұрады сосын. Сенің жағдайыңды ойлап: «Баласы күнде қасына жататын, ол бү­гін ғана басқа үйге қонып қалып еді», – деймін шырылдап. Шал болмады. «Баласына керек болмаған кемпір маған керек, алып кетемін», – деп апаңның қолынан сүйрей бастады. Содан амал жоқ, түнімен әлгі шалмен айқасуға тура келді. Таң атқанға дейін арпалысып, зорға дегенде апаңды алып қалдым. Енді қонбай қалсаң, әй, менің шамам келмейді-ау».

Қолындағы шойын шәйнегін тастай салып, бала апасына қарай заулай ұшты. Етегіне жармасып, жы­лап жатыр. Аяғынан қапсыра құ­шақтап алған. Тап қазір әлгі сақалы беліне түскен шал алып кететіндей ентіге жылайды. Апасы баласын бауырына басып, маңдайынан сүйіп, басынан сипап, көкесіне естілер-естілмес «баланың зәресін алдың-ау» деген. Оны елейтін бала жоқ. Өк­сігін баса алмай, ентігін жиюға ша­масы жетпей, қорсылдап жылай­ды. Содан бастап апасының көлеңкесіне айналды. Қайда барса да, қасында. Көзінен бір мезет тайдырып алса, айырылып қалатындай, көкесі айт­қан шал алып кететіндей жанұ­шыра іздейді. Ал кемпіріне төрт жас­тағы «қарауылды» теліп бергеніне көкесі өзінше риза…

***

Жасы отыздан асса да әлі басын құрамай жүрген ағасын «тәте» дейтін. Апасы тәтесін шақырып алып «көкеңнің далаға кеткеніне біраз болды, қарап келші» дегенін көрпенің астында жатып естіді. Сонда да ұйқысын қимай, шолжаңдығына басып жата берген. Таңғы астың жағдайын реттеген апасы, мұны тұрғызып алды. Жуындырып, киімін ауыстырып, дастарқан басына әкелді. Жаңа піскен бауырсақтың иісі мұрнын жарып бара жатса да, бала қолын созбайды. Өйткені алдымен көкесі ауыз тиюі керек.

Есік айқара ашылды. Екі ағасы көкесін арқалап келе жатыр екен. «Құдай-ай» деуге шамасы жеткен апасы орнынан ұшып түрегелді. Қосамжарланып бұл да ерді. Үйдегілер аяқ асты абыржыды да қалды. Әйтеуір, азан-қазан. Төрде жатқан көкесінің қолын уқалап апасы отыр. Ауыл­дағы медпунктте жұмыс істей­тін анасы қолына дәрі-дәрмегін кө­теріп алып олай-бұлай жүгіреді. Аға­лары бір-біріне соғысып ол жүр. Екі көзі бағырайған бала апасының қа­сында мына көріністі тамашалап үн­сіз ғана мұңаяды. Бір кезде үсте­ріне ақ халат киген бірнеше адам сау етіп үйге кіріп келді. Мұны желкесінен сүйреп, дәлізге шығарып жіберген. Ішкі бөлмеден әлсін-әлсін апа­сының дауысын естиді. «Не болдылап» жатыр. Дәрігерлерің үн қат­пайды. Мына үнсіздік апасының жанын жаншып барады. Одан сайын сұрақ­тың астына алады әлгілерді. Әл­ден уақыт өткенде апасының дауыс салып жылағанын естіді. Ауданнан келген дәрігерлер сол үнсіз қалпы есіктен шыға берді. Ашылған есік­тен ентелей ішке енген. Апасы көкесінің кеудесіне басын қойып, боздап отыр екен. Қасына барып еді… «Айырылып қалдық қой», – деп баласын құшақтап жылап жатты. Апасына қосылып бұл да екі көзіне ерік берді.

Өлік үстінде шырқырап жылаған жас баланы кім жақтырсын?! Үлкендердің бірі төргі бөлмеге кіргізіп жіберіп, есігін сыртынан құлыптап тастаған. Нәп-нәзік саусақтарымен есікті қанша тартқыласа да ашылмады. Ашу мен ызаға булығып есікті сындырмаққа бекінген. Онысынан да түк шықпады. Әбден діңкелеген ба­ла жерді сабалап жылап жатты. Әлден уақытта бір көше кейін тұртын Байдүйсен ақсақал ішке кірді. Артынан дәрігер ілесе келді. Дәрігер ақсақалдың білгін түріп, әлденені қолына қапсыра байлап, өзі сағаттың тіліне ұқсас дүниеге қарап, үнсіз отырды. Сосын: «Қан қысымыңыз кө­те­ріліп кетіпті, қатты уайымдауға болмайды», – деп бір дәріні берді. Дәріні тілінің астына салған Байдүйсен қарт үнсіз ғана отырған. Жерде жылап жатқан баланы қасына шақы­рып, қапсыра құшақтады. Көзінен ақ­қан жас тарам-тарам болып мұр­тын айналып өтіп, иегінен жерге та­мып жатыр. «Байеке, көп ұзамаймын. Көп ұзамаймын. Артыңнан барамын», – деді де егіле берді. Арада айға жуық уақыт өткенде екінші көшеде Байдүйсен қарттың денесін көтерген көпшілік қорымды бетке алды. Ол да қандыкөйлек досының соңынан иті жоқ ауылға кете бар­ды…

***

Ауыл шетіндегі зиратта қара қорым адам жүр. Кранға дейін әкеп қойған ба, қалай? Адам жерлеп жат­қанда әйел мен бала мортық басына бармайды әдетте. Бұлар апасы екеуі қорымның сыртында қарап тұрды. Құжынаған адам көкесі оралған кілемді жердің астына жіберді. Сосын әлгі кран үлкен бетонды жерден іліп алып көкке көтерді. Жан-жақтан ай­қайлаған адамдар бетонды көкесінің үстіне әкеп қоя салды.

– Апа, көкем келмей ме енді?

– Келеді, балам.

– Үстіне кранмен бетонды жаба сал­ды ғой. Одан қалай шығып келе­ді?

Апасы баласының қолын қатты қы­сып, кемсеңдеп жылай бастады.

Содан бастап үйінен адам арылмайтын болды. Сөмкесін көтеріп кемпірлер, таяғына сүйеніп шалдар, ауылға үш мезгіл қатынайтын автобустан лек-легімен әртүрлі кісілер келеді. Үйде көбіне үш-ақ адам болады. Апасы мен інісі, сосын өзі. Бұл көшедегі қақпаның алдында тұрады. Үйге келе жатқан адамдарды байқаса, есіктің алдында тұрып: «Бұрын келіп пе едіңіз?» – деп сұрайды. Бұған дейін келіп кеткен адам болса, үнсіз үйге жібереді. «Келмеп едік» десе, қазір «апама ескертейін» деп үйге тұра жүгіреді. Бұл жақтың сал­тында қара жамылған үйдің жоқтау айтатын дәстүрі бар. «Үйге адамдар ке­ле жатыр» дегенді естіген апасы үн шығарып, қожайынын жоқтап жылай бастайды. Көрісіп болған соң, басу айтып, дастарқан басына отырып, құран сүрелерінен қайырып, бет сипайды. Бала жыл бойына дарбазадан әрі аттап баспады. Өзі құралпылас балалармен ойнамады. Қызық қуған құрдастарына ермеді. Апасының жағдайына алаңдап, етегіне оралып жүрді де қойды. Ешкім жоқта апасы өзінен кейінгі інісін аяғына тербетіп отырып жылайды. Бұл аз ғана уақыттың ішінде шөгіп, қар­тайып қалған апасының жасын сүртеді. Апасы өле-өлгенше: «Ержантайым, қолқанатым, көкесі кеткенде қасымда болған жанторсығым», – деп айналатын. Осы күндері апасының айналып, қолынан сүйіп, маңдайынан иіскегені есіне түссе, жүрек тұсы шымырлап қоя береді.

Көкесінің жылдық асын берген­нен кейін туған-туыстың бірі көңіл шай­ға шақырған. Апасы баласын ертіп шықты. Екеуінің де бір жылдан бері үйдің қорасынан әрі асқаны осы.

– Апа, енді бізге далаға шыға берге бола ма? – деп сұрады бала. Үн­сіз ғана бас изеген апасының көзінен жас парлай берді…

***

Уақыт деген пенденің ырқына еш көнбейді екен ғой. Зырылдаған замананың диірмені кешегі құл­ды­раңдап шауып жүрген, апасының мәсісінен шыққан бар тәттіге жалғыз өзі иелік етіп үйренген шолжаң баланың да мұртын тебіндетіп, дауысын гүрілдетіп, есейтіп қоя берді. Мектеп бітіріп, Алматыға оқуға аттандырды. Апасы жиі келіп тұратын. Басынан сипап, маңдайынан иіске­геннен кейін қасыма отыр деп ым­дайтын. Сосын мәсісінің бір бұрышы­нан мың теңгелікті алып, қолын көлегейлеп, ешкімге көрсетпей ақша ұсынатын. Бұл – апасының баяғыдан әдеті. Мәсісінен шыққан дүниенің барлығын осы баласына ешкімге көрсетпей береді. Өзгесі көрмейді емес қой. Тек көрмеген сыңай танытады. Әйтпесе, барлығы баласын мәсісімен тойындырып жүргенін біледі.

Оқу арасындағы бір демалыста ауылға келген. Қалтарыста отырған апасын байқамай қалыпты. Анадайдан көрінген анасына сәлем беріп, бұрыла бергені сол еді «Е, туған шешең­ді тауыпсың ғой» деген қарлы­ғың­қы дауысты құлағы шалды. Жүгіріп барып, апасының етегіне аунай кеткен. Апасы сонда қатты ренжіген. Айналып-толғанып жүріп ашуын зорға тарқатып еді.

Кейін үйленіп, үйлі-жайлы бол­ға­нында да апасы мәсісінен тығып тамақ беретін әдетін қоймады. Тіпті, мұның балаларынан жасырып, мәсісінен әлдебір нәрсені алып, қолына ұстатып жататын. «Апа-ау, басқа-басқа өзімнің балаларымнан тығып бермей-ақ қойсаңызшы», – деп күлсе, апасы «Әдірем қалғырлар жемей жүр дейсің бе? Қойшы соларды. Ешкімге көрсетпей өзің ғана жеші», – дейтін еміреніп. Ал бұл болса, апасы берген дүниені одан тығып балаларына ұсынып жататын. Ой, дүние-ай десейші.

Ауылда күн суық деп Алматыға жіберген апасы жылы жерде жатпапты. «Қайтамға» басыпты. Бір апта бойына ешкімге көнбегесін ағалары көлікке салып, ауылға қарай алып шыққан ғой. Отарға жетер-жетпес су сұраған екен. Судан бір ұрттапты-дағы: «Салқын екен», – деп қоя салыпты. Сосын көйлегін түзеп, басындағы орамалын реттеп, тіп-тік отырған дейді. Сол отырған күйінде мына дүниеден көшіп кете беріпті ғой.

Кішкентайынан бауырында өсіп, бар қамқорлығын көріп, аналық махаббатын сезініп, әбден еркелеп өскен апасын әлі де өлдіге қимай жүр еді. Көкесінің қасына жатқызып, жер астына өз қолымен тапсырып, жетілігін берген күннің өзінде көңілінде апасы ақ жаулығы желбіреп, таяғына сүйеніп, тық-тық басып келетіндей көрінетін. Есік алдындағы өзінің үйреншікті орнына жайғасып, жүнін түтіп немесе тәтесі еккен азғантай мақтаның қоқысын тазалап отыратын сияқты болатын. Әлгінде үйге кіргенде бала күнінен ас-ауқат жеген, кәмпит пен пішінайдың түр-түрінен ауыз тидірген мәсінің қисайып бір бұрышта жатқанын көріп, бозарып отырғаны мынау. Енді бұған ешкім, ешқашан мәсіден құрт-кәмпит алып бермейтін болды…