Таңғы шапақтың алтын түстес түп-түзу сәулелері жатын бөлменің пердесі қымтап жабылмаған терезесінен сызғышпен сызғандай сыналай құйылғаны сол екен айнала әп-сәтте жап-жарық боп кетті. Әдеттегіден ерте оянып кеткен Күмісбек уақытты білуге бас жағында тұрған ұялы телефонына үңілді. Экранда таңғы алты жарымды көрсетіп тұр екен. Төсегінен сәждеден көтерілгендей ширақ тұрған ол «бүгін жұмысқа ертерек барып, аптаның аяғында өтетін «Адам капиталы – қоғамның басты құндылығы» атты форумда жасайтын баяндамамды тағы да бір пысықтап алайын» деп жуыну бөлмесіне тіке тартты. Қызметке шығар алдындағы қырынудан басталатын күнделікті күйбің-күйтің кәделерін аяқтап болғаннан соң портфелін ашып, кеше кешкісін шығып бара жатқанда хатшы қыз қолына ұстатқан жұмыс кестесін қарап шықты. Бір беттік қағаздың бірінші жолында «10.30-да аппарат басшысында компания қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері туралы кеңес» деп тұр екен. Ол алғашқы сөйлемді құлықсыздау оқыды. Күмісбек осы өңірдегі жерасты қазба байлықтарын игерумен айналысатын алып компанияның әкімшілік департаментін басқарады. Жақында оған ұжымға ұсынылатын әлеуметтік пакет түрлерін жетілдіру жүктелген-тін. «Мен осыларды түсінсем бұйырмасын, бір тиын қосымша қаражат бөлместен маған жұрттың корпоративтік рухын көтер дегендері қай сасқандары екен? Онда елдің алдына шығып тегін би билеп берейін?» деп кейістік білдірді. Ішінен «е, мейлі, жиналыста алдағы форумға дайындалған баяндамамның жалпылама тезистерін оқып бере салармын» деді өзінің тапқырлығына тәнті болып. Кестедегі «16.00-де бас директордың төрағалығымен кейбір кадрлық мәселелер туралы отырыс» деген екінші жолға көзі түскенде еңсесі ептеп көтерілді. Түстен кейін бірінші басшы өткізетін отырыста өзіне қатысты шешім қабылданып қалар деп үміттенді. Күмісбек соңғы кезде қазіргіден бір саты жоғары орынтақтан дәметіп жүрген. Тек артық-ауыс сөз көбейіп кетпесін деген қауіппен бұл туралы әлі ешкімге тіс жармаған болатын. Үшінші жолда жазылған «17.00-де бас маман Сәлима Жақатаеваны ұжым болып туған күнімен құттықтау» деген тұсқа келгенде қутыңдап күлімсіреді. Өзі басқаратын департаменттің кеңсесінде істейтін жасы отыздың белортасына келсе де тұрмысқа әлі шықпаған бұл сұлу перімен әмпей-жәмпей болып жүргеніне бір жылдай уақыт болған-тын. Кенет ту сыртымнан ешкім естіп тұрған жоқ па екен деген секеммен артына селт бұрылды да, туған күніне өз атымнан гүл сыйласам қалай болар екен деп ойлады, артынша «қой, ұжымның алдында ұялтқаным әбестік болар» деп әуелгі байламынан бас тартты. Өз ойымен әуре боп жүріп әйелінің ас үйден «таңғы шәйіңді ішіп кет» дегеніне ләм-мим деместен сыртқа беттеді. Қырықтан асқаннан кейін уағындағы қыз қылығы азайып, бетінің әрі тая бастаған жұбайына осылай қырын қарап, сөзін жауапсыз қалдыру кейінгі кезде дағдысына айналып бара жатқанын байқады. Текпішекпен төмен түсіп бара жатып, таң атпастан жік-жапар боп жүрген зайыбын аяп кетті де, «бүгін жаңа қызметім шешілгеннен кейін еңбек демалысымды алып, әйелімді ертіп он күнге Дубайға барып қайтамын» деді күбірлеп.
Жұмысқа жаяу баруды әдетке айналдырған Күмісбек таңғы қарбаласта тротуарда ерсілі-қарсылы жөңкілген жұртшылықтың жуан ортасынан көп жылдардан бері жолығыспаған Нұрғалиды жазбай таныды. Университеттің алғашқы курсында қатар оқыған өзі құралыптас жігіт те оны шырамытқан жоқ, алыстан құлдыраңдап келіп құшақ жая амандасты. Арада өткен отыз жылдан астам уақытта шашы бурыл тартып, етжеңденіп, түрі егделеніп қалғанымен жалпақтау бетінің қақ ортасына қадап қойған шоққа піскен картоптай қолақпандай қоңқақ мұрыны мен жаңбырдан кейінгі батпақтың шұңғыл ойықтарына ұқсайтын үлкендеу қос шұқыры бұрынғыдай менмұндалап тұр. Киім киісін де көзінің қиығымен бір тінтіп өтті. Бұтындағы көнетоздау көк джинсиі мен белден келетін қоңыр күртешесі тұла бойына тіпті жарасып тұрған жоқ. Пошымы таң бозынан қолына ілінгенін талғамсыз үстіне жапсыра сала жұмысқа тартатын көп қара шаруаның бірі екені алыстан әйгілейді. Күмісбек керісінше шенеуніктерге тән үлгіде шырттай киініп алғандықтан жанған шоқтай жайнап тұр. Адам көркі - шүберек осы жолы да екеуінің қоғамдағы дәргей-дәрежесін дәлме-дәл айырып тұр. Күмісбек сәнді киім көңіл құрғырды сәл-пәл жасартып көрсетсе де бір жылдың төлі болғандықтан өзінің де түр-әлпеті осының ар жақ бер жағында екенін іштей сезіп, түйсігімен еріксіз мойындайды. Оның ойын оқып қойғандай ескі танысы сөзін сабақтады.
-Түк өзгермегенсің, сол баяғы қалпың, деді байырғы досты кеуіліндендіргісі келгендей көтермелеп. Нұрғалидың ыңғайына қарағанда көшедегі сапырылыстың кесірінен әңгіменің кілт үзіліп қалғанын қаламай, құлашын кеңге жайғысы кеп тұр. Қалалықтардың әдетінше едел-жедел сыпайы қоштасып, жөн-жөнімізге тез тарап кетпейікші деген сезікпен саулық сұрасудың мезіретін тәмамдай сала «тоқсаныншы жылдар есіңде ме, біз талайды көрдік қой, иә» деді ұзын-сонар әңгіменің ұшын шығарып. Күмісбек мырс етті.
-Әй құрдасым-ай, сен де естелік айтатын жерді тапқан екенсің. Мынауың жексенбіде үйде қазанға ертерек ет салып, күн ұзақ соғатын әңгіменің тақырыбы ғой. Көшелердің қиылысында тұрып, сананың қиыр шалғайында қалған күндердің қайсыбірі есіңе түседі?
Нұрғали оның арбаға жегуден қашқақтаған қашырдай тықыршыған тұрысынан ұсынақты әңгіменің болмасын ұғып, не де болса Күмісбектің қауашағының түбіндегісін бір шайқап кетейін дегендей «есіңде ме, бірінші курста ұлттың рухын оятамыз деп астыртын ұйым құрып, қаланың бұрыш-бұрышына халықты көтеріліске шақыратын листовкалар жапсырып, жұртты дүрліктіріп едік қой. Мені сол оқиғаның кесірінен декан оқудан шығарып жібергенін білесің бе? Тұзым жеңіл шығар, бесеуіміздің ішінде мен ғана тұтылып қалдым ғой. Әліме қарамай саясат менің немді алған десейші? Жұрттың баласы сияқты тойған қозыдай үндемей өз жөніммен жүргенімде қазір сендер сияқты бастық боп отыратын едім», деді кетуге ыңғайланып.
Екеуі енді қайтып хабарласпайтындарын іштері сезіп тұрса да әдетке айналған әдептілік салтымен ұялы телефондарының нөмірлерімен алмасты, сосын «байланыстамыз» деп ілтипатпен қош айтысты. Күнделікті бетпе-бет келген таныспен есен-саулық сұрасқан бойда іле-шала қоштасып жүре беруге әбден еті үйренген Күмісбек әзелгі досқа шамалы болса да уақыт бөлмегенін әбестік санамады. Жаңа ғана болған бір сәттік әңгімені ой елегінен өткізген ол «тек біз екеуміз ғана емес, қазір, нәйеті, кез-келген қалада, көшеде кездесіп қалған таныстар да дәл осылай істейді және олар бір-біріне қайта телефон шалғанын естісем құлағым керең болсын, құндылықтар өзгерді, дүние жаһанданған сайын адамдардың пиғылы да басқаша болып бара жатыр» деп өзін-өзі жұбатты. «Бір сөзбен айтқанда цинизм!» деп қосып қойды. Бірақ бұл ішкі мәдениетінің нәзік қылдарының тербелісінен туған ақталу ма, жоқ алыста сағымдай бұлдыраған албырт шақтағы сол бір оқиғаға қайта оралғысы келмегендіктен түйсігі дүрелеген асығыстық па, оны өзі де толық түйсініп, бажайлай алмады. Қандай шындықты айтқысы келеді екен бұл сабазың?, деді күбірлеп, байырғы тамырдың соңғы сөзі таза ауамен сергіген көңіліне кірбің кіргізгендей болып.
Таңғы сегізде кабинетіне кіргені сол еді қызмет телефоны шар ете қалды. Өзімен жапсарлас отыратын департамент директоры Серіктің нөмірі екен. Әріптесінің де жұмысқа ерте келіп алғанына таңғалды. Бес-алты жас кішілігі бола тұра еті тірілігінен басшылықта ерте ысылып, едәуір есейіп қалған көршісі қызметтің қызық-шыжығын бірге көріп жүргендіктен мұнымен қатарындай қалжыңдаса береді. Күмісбек апыл-ғұпыл трубканы көтерді де, «аптаның қақ ортасында аппаратка болады деп мені алдағалы тұрғаныңды «алтыншы сезімім» ескертіп жатыр» деп қағытпасын айтып үлгерді. Әншейінде әдісін тауып суырды інінен суырып алатын әккі аңшыдай әзіл-қалжыңды іліп әкететін әріптесі бұл жолы байыпты дауыспен қысқа қайырды.
-Қайырлы таң, шұғыл вацабыңды ашшы. Интернет сайтында сен туралы шыққан материалдың сілтемесін жібердім. Ыңғайы келсе бүгін басшылардың көзіне көрінбей-ақ қой, олар саған қатты ашулы,- деді де трубканы қоя салды.
Күмісбек жалма-жан ұялы телефонына үңіліп, әріптесі жіберген сілтемені ашқан бойда «Департамент директоры харассмент жасауда» деген өңменнен өтер өрескел тақырыппен шыққан мақалаға үңіліп, суатқа құлаған құландай жалма-жан оқуға кірісті. Журналист жерден жеті қоян тапқандай «Қазба байлықтар» акционерлік қоғамының қатардағы қызметкері С.Ж. департамент директоры К.Ж. тарапынан харассмент әрекеті жасалғаны туралы шағымданды» деп бастапты. Харассмент деген сөздің мағынасын толық түсінбесе де, сәнге айнала бастаған бұл ұғымның төркінін қызға қырындаудың төңірегінен іздеу керек екенін топшылады. Тілші хайптық жазбасында өркениетті қоғамды қатты алаңдататын мұндай моральдық-этикалық мәселелердің кесірі жайлы біраз ақыл айтып, әлі де оқыс оқиғаның ұңғыл-шұңғылы жете зерттеле түсетінін жеткізуді ұмытпапты. Енді қалғанын өздерің түсініп алыңдар деген сыңайда одан әрі арыз иесі жазған шағымның сканерленген нұсқасын жариялапты. Шағымның маңдайындағы фамилияны оқығанда оның екі көзі шарасынан шығып кете жаздады. Басқа-басқа дәл Сәлимадан мұндай «тосынсый» күтпеп еді. Денесін тоқ соққандай тұла бойы тітіркеніп кетті де одан әрі оқуға мүлде зауқы соқпай қалды.
Қақ маңдайдан қатты соққы алғандай қалшиып тұрып қалған Күмісбекті ыза булықтырғаны соншалық дереу телефонына ұмтылып, туған күніне қарамастан Сәлиманың вацабына жазып, ыза запыранын аямай төгіп-төгіп тастамақшы болды. Артынша бұл ойынан айнып, райынан қайтты. Мұны да көшіріп алып, көпшілік чатқа салып жіберуі мүмкін екенін еске алғанда онсыз да бықси бастаған отқа үстемелеп май құйғысы келмеді.
Әлбетте, әлсіз боп жаратылған әрбір пенденің тіршіліктегі жақсылы-жаманды әрекетін жалғыз Жаратушы иеміз ғана таразыға салатындықтан күнәнің тасы қай жаққа ауатынын кім айырып көріпті? Содан болар ілуде бір имани жолдағы таза тақуалар болмаса Күмісбек сияқты жұмыс пен үйдің ортасын жол қылып жүрген жұмырбасты пенделердің қапелімде жасаған кінәсін ақтарыла мойындай қоюы екіталай. Осы жолы да «бәрін өзі бүлдіріп алып енді жәбір көрдім деп арызданған жәлдаптығын ешқашан кешірмеймін» деп тістеніп тұрып Сәлиманы кінәлады.
Есі ауғандай ерсілі-қарсылы жарты сағаттай жүрген Күмісбек кенет кабинетінен басын шығарып қабылдау бөлмесінде құжат тіркеп отырған хатшы қызға: «Мені ешкіммен қоспаңыз, сұрап келгендерге емханаға кетті деңіз, сырттан хабарласқандарға онлайн жиналысқа қатысып жатыр деп айтыңыз» деп қысқа-нұсқа тапсырмаларын берді де есікті іштен кілттеп алды. Қаумалаған ойдан байыз тауып отыра алмаған соң терезенің арғы бетінде ағаш бұтақтарына бір қонып, бір ұшып, емін-еркін секектеп жүрген торғайларға тесіле ұзақ қарады. Жаңа бір сағат бұрын ғана «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» адамдай беймарал келе жатқан өзінің қас пен көздің арасында кабинетінде жіпсіз байланып, тұсаусыз қамалып қалған пұшайман халіне налыды.
***
Оң жақ қабырғаға ілінген сағат тілі тоғыз жарымды көрсетіп тұр екен. Жұмыс күні басталған бойда маза бермейтін телефоны әзірге тым-тырыс. Түрлі сылтаулармен түске дейін бастыққа бір көрініп кеткісі келетін кейбір қызметкерінің де қабылдау бөлмесіне бас сұқпай қалғанын сезіп отыр. «Яғни, бәрі мән-жайдан құлағдар болған екен ғой» деп түйді. Көз алдына ұжымдастарының телефондарына үңіліп «қызықты оқиғаны» таласып-тармасып оқып жатқандары келді. Сәлима ше? Ол оңбаған не істеп жатыр екен?
Төрдегі орнына отырар алдында кресло арқалығының қолымен ұстап тұрып ойланып қалды. Қара былғарының көнергеннен қабыршақтана жарылған тұстарын саусақтарымен сипап көрді, қос жақтауының да сыры көше бастағанын енді байқады. Күнде есіктен кіргенде еңселі көрінетін орынтағының бүгін тым аласарып, көшеде кездейсоқ кездескен ескі досы Нұрғали тәрізді мыжырайып тұрғаны өзегін у ішкендей тырнап өтті.
Орнына отырысымен бірінші курста жастықтың желігімен жедел ұйым құрып, аз уақыт қана өмір сүрген «астыртын топтың» құрылтайшылары Жандос, Әлім, Мақсаттың қазір қайда жүргендерін ойша түгендеді. Өзін қосқанда бесеудің біреуі жаңағы Нұрғали болатын. Естуінше Мақсат екі мыңыншы жылдары кәсіп іздеп Оңтүстік Кореяға кетіп, сол елде үйленіп, біржолата тұрақтап қалған. Студенттік күндерді бірге өткізген достары Әлім мен Жандос осы қалада тұрса да Күмісбек бұрынғыдай тонның ішкі бауындай жақын араласпайды, тек әрегідік кездесіп әңгіме-дүкен құрып тұратындары бар. Бастары қосылғанда қушыкеш Әлімнің дәмі жоқ қысыр қалжыңдарына бастапқыда мінгесісіп, тәп-тәуір тепеңдесіп бағады да, Жандос көштің басын ескі жұртқа бұрып, тоқсаныншы жылдар жайлы қаузай бастаса едәуір тосырқап, естелік айтуға зауқы соқпай қалады. «Ей, қойшы, аузыңның суы құрып аңсайтындай ешқандай қызығы да жоқ сол кездің, ақша тапсаң тамақ таппайтын, тамақ тапсаң ақша таппайтын өліара кез ғой» деп қысқа қайыра салады. Содан кейін Күмісбектің оң жамбасына келмейтін оғаш тақырыпқа қалған екеуі де беттей алмай қалады, ескі жараның аузын ашып алмайық деген қауіппен атам заманда болған сол хикаяны асты-үстіне қайта аударыстырғылары келмей еріксіз басқа тақырыпқа ойысады.
***
Бұл кеңестер одағы тарардан бір жыл бұрын болған оқиға еді. Тарих сахнасында жетпіс жыл ғұмыр кешкен дөкей мемлекет сол жылы өмір мен өлімнің арасында арпалысқан жаралы жауынгердей шалажансар күйде болатын. Өкіметтің үні бұрынғыдай өктем шықпай қалған соң, сең қозғалып, қоғамның біртүрлі саясилана бастағаны байқалып тұратын. Сол жылы қаланың алаңдары жайма базардағы саудадай ызу-қиқу шуға толы-тұғын. Бір қапталына айқайға сүрең қосқан науқаншыл саяси популистер сап түзесе, келесі бетінде солақай саясаттан көп жылдар теперіш көріп, ұлттық санасы сілкінген текті тұлғалар қаз-қатар тұратын. Ауылдың қоңыр тірлігінен жаңа ғана қол үзген албырт жастарға соңғылардың ерекше сойы мен отаншыл рухы қатты әсер етті.
Бірінші курстың екінші семестрі. Сәуірдің алғашқы сәулесінен нұр сіңірген ағаштар дүр сілкіне бүр жарып, құстардың құйқылжыта салған әнімен табиғат түс көргендей түрленіп жатқан тұс. Күмісбек жатақханадағы бөлмесінде терезеден түскен шуаққа бойын жылытып, жалғыз өзі кітап оқып отырған. Біреу есік тұтқасын тартқандай болды. Етек жаққа қарап үлгергенше курстасы Жандос бөлмеге ентелей кірді де шеткі кереуеттің бұрышына отыра кетті. Кәнігі барлаушыдай өздерінен басқа ешкімнің бар-жоғына көз жеткізбек боп жан-жағына бір қарап алды.
- Оңашада ақылдасатын шаруа бар,- деді әңгіменің құпия түрде өтетінін өрт сөндіргендей тұнжыраңқы өңінен байқатып.
- Есіктің артында тың тыңдап тұрған біреу болмаса бөлмеде екеумізден басқа ешкімнің жоқ екенін көріп тұрсың.
- Ендеше әңгімені көп созбай-ақ қояйын, біз жастардың ұлттық рухын оятатын астыртын ұйым құрып жатырмыз.
- Бізің кім?
- Кеше кешкісін Мақсат, Әлім үшеуіміз ұйымның бағыт-бағдарын белгілеп, жарғысын жазуға кірістік. Үшеуіміздің ұйғарымымызбен сені ұйымға мүше етіп алмақпыз. Келісесің бе?
- Ұйымның аты қалай болады?
- «Бес қару»! Мықты емес пе?! Баяғыда ата-бабаларымыз жауға шапқанда бес қаруы сай болған ғой. Қылышымен кескілеп, айбалтасымен шауып, найзасымен түйреп, шоқпарымен соғып, садағымен атып дұшпанын жер қаптырған. Біз де сөйтеміз! Бесеуміздің лақап аттарымыз да осы бес қарумен аталатын болады, деді Жандос бастырмалатып.
- Идеясы жақсы екен. Ұлттың болашағы үшін күресуге қашанда дайынмын.
Жас болса да өмірінде маңызды дейтін нәрселерді ұдайы өлшеп-пішіп отыратын Күмісбек бұл жолы ойланбастан оңай шешім қабылдай салғанына өзі де таңқалды.
- Мені қандай қаруға теңедіңдер? Ары кетсе шоқпар шығармын. Бесінші «садақ» кім болады?
-Айтпақшы, оны айтпаппын ғой. Жұртпен көп араласпай саяқ жүретін Нұрғали бар ғой. Оқшау жүрсе де өзі өжет, намысшыл көрінеді. Нұрғалидың тамырын басып көрсең қалай? Үзіліс кезінде тек сенімен ғана шүйіркелесетінін байқаймыз.
- Жақсы, сөйлесіп көрейін.
***
Құлқын сәріден кабинетінде ой қаужап отырған Күмісбек кенет қалып қоймадым ба екен деген табиғи инстинкпен қол сағатына қарады. Он жарым болған екен. Үстел үстіндегі жұмыс кестесін тағы бір шолып өтті. Әдетте Аппарат басшысының қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз жиналыстан он минут бұрын алдын-ала хабарласатын. Әлі де шақырып қалар деген үмітпен телефонына көз жүгіртті. Бозғылт түймелері жылтыраған жұмырдай қара телефон бұл жолы меңіреу күйде мелшиіп тұрды.
***
Сол жылы ескі жүйе күйрейді екен деген күбір-сыбыр әңгімелер күн санап өсіп, елдің еркіндікке деген ықыласы бөгет бұзар тасқындай лықсып тұрды. Қаршадай бесеуі бастарын қанша қатырса да ұйымның ұлттық үлгідегі күрес жолын ойлап таба алмады. Себебі бәрінің де көздерін ашқалы көрген-баққандары мен оқыған-тоқығандары кеңестік идеологияның ұраншыл тәсілі болатын. Бойларында жастық оты лаулап тұрса да түрлі мінберлерде кең сөйлеп, әбден ысылған ағалары тәрізді алаңдарда әйдік саяси тұғырнамалармен қалың жұртты ауыздарына қаратып, ел ішінде енапат төңкерістер жасай алмайтындарын олар анық білді, сонда да бастаған істі аяқсыз қалдырмайық деген ұйғарымға келді. Сөйтіп «Бес қару» ұйымының белсенділері өздерінің астыртын қызметін бастапқыда листовка таратудан бастамақ болды. Әлім «саяси серіктестерінің» бұл байламдарының салмақтылығын 1917 жылы Ресей қалаларының алаңдарында таратылған листовкалар жұмысшы табының революция жасауға деген рухын оятқанымен салыстырып бақты.
«Ұрыста тұрыс жоқ» деп іске шұғыл кіріскен бесеудің жастық максимализммен суарылған сол авантюралық әрекеттерінің «әттең-айын» Күмісбек бүгін Нұрғалимен жүздескеннен кейін ғана жүрегімен шынайы сезінгендей болды.
Астыртын ұйымның әрбір мүшесі «аса жауапты операция» барысында мүлтіксіз орындайтын өз міндеттерін қылдай қылып бөлісіп алды. Жандосқа ұйымның керек-жарағына жұмсау үшін ортаға салған тиын-тебеннен құралған «құпия қордың» ақшасына қағаз, плакат, қалам, қарындаш, бояу, желім сатып алу жүктелді. Ойы ұшқыр, жазу қабылеті бар Мақсат үндеулер мәтінін өзі қатыратынын айтты. Әлім бойындағы суретшілік қабылетіне сүйеніп, плакаттарды безендіруді өз мойнына алды. Ұйымдағы еңбек бөлінісінің ең жауапты тармағы - листовкаларды тарату ісі Күмісбек пен Нұрғалиға жүктелді. Сақтық үшін бәрі бірауыздан листовкаларды әуелі жұртшылыққа таратпай тек қабырғаларға жапсырумен шектелейік деп шешті.
Ертеңіне кешкісін Жандостың бөлмесінде «Бес қарудың» едел-жедел жиыны шақырылды. Саяси үндеулер мәтінін түзуде Мақсат алдына жан салмаған екен. «Қанқасап Кеңестер одағын құлатайық!», «Атың өшсін, атың өшкір жалмауыз Коммунистік партия!» деген сыңайда тоталитарлық жүйені қарғаған жиырма шақты листовка дайындалыпты. Жандос Мақсаттың мағыналы сөздерінің мақтауын жеткізді, Әлім бұл сөздер қоғамдық сананың нағыз қозғаушысы болады деп қолпаштады. Тек Күмісбек пен Нұрғали ғана басты стратегиялық жұмыстан сырттап қалғандарына іштей қынжылды.
Кешкісін астыртын операция екінші бөлігіне ойысып, қос барлаушы қас қарая жортуылға шықты. Саяси листовкалар салынған сөмкелерін иықтарына асынып, қаланың бір қиырынан екінші қиырын жаяу аралап, «темір етігі теңгедей, темір аяғы тебендей» болғанша аяқтарын талдырып, жол-жөнекей кітапхана, мәдениет сарайы, темір жол бекетін адақтап, еңселі ғимараттардың есіктерінің қақ маңдайына «қарғысқа толы үндеулерді» қайсарлықпен жапсырды. Анда-санда адамдар қарасы көзге шалынса кәсіпқой шпиондардай бұқпантайлап, «бетегеден биік жусаннан аласа» бола қалады. Сөйтіп төңкерісшілер түнгі бір жарымдар шамасында аса жауапты операцияларын әзер дегенде тәмамдады. Егер кездейсоқ бір жағдай кедергі болмағанда бәрі де ойдағыдай аяқталатын еді. Екеуі айдарынан жел есіп жатақхананы бетке алды. Студенттер үйіне жақындағанда Нұрғали сөмкесінде қалып қойған екі тал листовканы оқу корпусының есігінің жапсыра кеткісі келді. Күмісбек шеткеріректе аяқ суытып тұрған. Кенет бөгде біреулердің шаңқ-шұңқ еткен дауыстары естілді. Жалт қарап еді он бес метрдей жерде екі милиционер Нұрғалиды ұстап алғанын көрді. Жалма-жан жандарына жетіп барды. Тәртіп сақшылары бей уақытта жүрген екеуді алыстан көріп, құжаттарын тексеру үшін осында арнайы бұрылған екен. Милиционерлер қабырғаға жапсырылған үндеуді оқығанда көздері атыздай болды. Шұғыл листовкаларды қолдарымен жұлып алып, дестелеп орап, сөмкелеріне салды, екеуінің аты-жөндері мен қай факультетте оқитындарын қағаздарына жазып алып, қалғанын ертең сөйлесеміз деп екеуін жатақханаларына қайтарды.
Күмісбек бөлмесіне кірген бойда киімін шешпестен кереуетке етпетінен жата кетті. Қанша қалжыраса да бірден ұйықтап кете алмады. Ертеңгі күнім не болар екен деген үрей миын үңгіп, үңірейте тесіп жатқандай көрінді. Абақтыға айдалса тапқан-таянғанын ақшалай салып, үміт етіп отырған ата-анасының бетіне қалай қарамақ? Көке деп көздері жәудіреген өзінен кейінгі өрімдей бауырларына не айтпақ? Кешіріңдер, ойнап жүріп от басып кеттім демек пе?
Түні бойы дөңбекшіп шығып, екі көзі ұйқы көрмеген Күмісбек алғашқы парға сүзектен тұрғандай сүлесоқ кейіпте келгенде жауынгер жолдастары Жандос, Мақсат, Әлімнің де түндегі оқиғадан құлағдар болып қалғандарын сезді. Үшеуі де ештеңеден хабарсыз адамдардай сұлық амандасты да, бірдеңе бола қалса бізді араластырушы болмаңдар деген ойды көздерімен ұқтырды.
Түске таман соңғы пар аяқталар уақытта аудиторияға деканаттың хатшысы бас сұғып өзін декан шұғыл шақыртып жатқанын айтты. Факультет деканы әкесінің әскерде бірге болған қандыбалақ жолдасы-тұғын. Осы оқуға түсуіне өзі себепкер болған. Араға қанша жыл салып өткен жазда үйлеріне қонаққа келгенде дастархан басында отырып “от пен суды бірге кешкен абзал досымның бір баласын оқыта алмасам мен несіне декан боп жүрмін” деп уәдесін беріп кеткен. Бекер обалы не керек, айтқан сөзінен тайқымай, мектеп бітірген жылы арнайы қалаға шақыртып, ақыры осы оқу орынның білдей студенті атанды.
Кабинетіне жүрексіне кірген Күмісбекті декан есіктің алдында қарсы алды. Бірден дүрсе қоя бермей, ақырын ғана ақылын айтудан бастады.
- Кешегі оқиға туралы бүгін таңертең ректордың мемлекеттік қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі келіп бәрін айтты. Таңертең милиционерлер кеңесшіге болған оқиғаны түгел баяндап беріпті, екеуіңнің аты-жөндеріңді жазып беріп, листовкаларды қолына ұстатып кетіпті.
- Бізді енді қамай ма?
- Сен аптықпа. Бақыттарыңа қарай, қазір заман басқа. Жетпісінші жылдар болса екеуің де сөзге келместен жиырма жылды арқалап кететіндерің анық еді. Мен кеңесшіге мән-жайды түсіндірдім. Қазіргідей халық толқып тұрған шақта жастарды ұлттық идея үшін жазалау қауіпті екенін ескерттім. Сендердің балалықтарыңды бір жолға кешіруді сұрадым. Сондықтан, сен былай істе. Тез арада дәрігерден сырқаттанып қалғаның жайлы анықтама ал да, ауылыңа тарт. Оған дейін біз мәселені жылы жауып қоюдың жолдарын реттейтін боламыз.
Күмісбектің көзі жасаурап кетті. Алғысын аямай жаудырып жатыр.
- Нұрғали ше? – деді кенет жоқ іздегендей. Оны да кешіресіздер ғой, иә, аға!
- Қарастырамыз, - деді қысқа ғана жылы реңі бірден қатқылданып.
Күмісбек он күн ауылында аунап-қунап, қалаға кеп үйіріне қайта қосылды. Сабаққа келген күні курстастарының арасында Нұрғали кәрі ата-анасын қарайтын адам болмағандықтан өз қалауымен оқуды тастап, ауылына кетіп қалғаны жайлы әңгіме гулеп тұрды.
***
Дәлізден ерсілі-қарсылы жүрген адамдардың аяқ дыбысы естілді. Күмісбек түскі ас уақыты болғаны есіне түсіп, тамақтанып келмек боп есікке беттегені сол екен көз алдына қарсы кездескен таныстарының қолдарын шошайтып «харрасмент жасаушыға қараңдар» деп қарқ-қарқ күліп тұрғандары келді. «Қой, бір күн ас ішпесем аштан өліп қалмаспын, сосын ешкім жоқта оңаша сөйлесейік деп бастық іздеп қалса ыңғайсыз болар» деп өзін-өзі алдарқатып орнына қайта кеп отырды.
Түстен кейін сағат төртте бас директордың төрағалығымен өтетін отырысқа да ешкім шақырмады. Бәлкім жиын кейінге қалдырылған шығар деп ойлады. «Біздің бастық сұңғыла ғой. Аяқ астынан жарылған минадай мына ақпараттың айқай-шуы басылған соң Күмісбекті орынбасарлыққа асықпай бекітеміз деп ұйғарған ғой» деп өзін-өзі жұбатты.
Сырттан біреу есік қақты. Селт етіп қабырғадағы сағатқа тағы қарады. Бес болған екен. Әйтеуір бір жан баласы жағдайымды білейін деп келген екен ғой деп қуанып, есікті ақырын ашып еді, тәмпіш мұрын хатшы қыз қолындағы қағаздарды ұсынды.
- Мынаны Сәлима Жақатаева сізге қалдырып кетті.
- Өзі қайда?
- Жұмыстан шықтым деді де заттарын алып кетіп қалды.
Хатшы қызды үйіне ертерек қайтарып, есікті іштен қайта кілттеп алды. А4 форматты қағазға жазылған Сәлиманың жұмыстан босату туралы арызы екенін түсінді. «Беті шыдамаған екен ғой, өзіне де сол керек» деп хатшы қыз арызбен қоса ұсынған сұр конверттің жапсырамасын ашты. Сәлиманың өз қолымен жазған хаты екен.
Күмісбек, сабыр сақтап хатты аяғына дейін оқуыңызды сұраймын, деп басталыпты.
Мен бұл хатты өзімді ақтап алу үшін жазып отырған жоқпын. Кешірмейтініңізді де білемін. Енді көп созбай мән-жайды баяндайын. Мәселе былай болған еді.
Өзімнен кейінгі інім қолымда тұратынын білесіз. Жақында сол бауырым достарымен түнгі клубқа барып, бөтен жігіттермен төбелесіп, бір баланы қатты жарақаттап, ол реанимацияға түседі. Оқиға орнына келген полицейлер інімді ұстап, уақытша қамауға алып, үстінен қылмыстық іс қозғалатын болды. Бауырым үшін шыр-пыр болып жүргенде сіздердің қабатта отыратын Серік деген департамент директорымен полиция бөлімінде жолығысып қалдық. Анықтап білсем таяқ жеген жігіт Серіктің жақын туысы болып шықты. Мен бірден жалынып-жалпайып ініме кешірім жасауларын сұрадым. Әйтпесе інім бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді. Ол сол күні «иә немесе жоқ» деп кесімді жауабын айтпады. Тек ертеңінде жұмыста кабинетіне жеке шақырып, нақты талабы бар екенін айтты және бұл жайлы сізге бір ауыз тіс жарсам іс насырға шабатынын қатаң ескертті. Оның талабы былай болды. Жақында компанияда бос тұрған бас директордың орынбасары лауазымына үміткер ретінде сіздің және оның кандидатуралары ұсынылған екен. Серіктің естіп-білуінше басшылық сол орынға тәжірибелі маман ретінде сізді бекітпек болыпты. Ол қайткенде де орынбасарлыққа өзі тағайындалуы керектігін айтып, егер ініңді арашалап аламын десең бүгінгі схема бойынша өзіңді және сізді құрбан етесің деді. Мен бауырым үшін басқадай шешім қабылдауға ешқандай шарам қалмады.
Осы хатты оқығаннан кейін сіз ақиқат іздеп, Серіктің зұлым әрекетін әшкере ету жолында ашық күресті бастайсыз ба, жоқ әлде менің шарасыздығымды ескеріп, жылы жауып қоя саласыз ба?, оны өзіңіз шешесіз. Үн-түнсіз кетіп қалуға дәтім шыдамады. Өмір бойы өзімді кінәлап өтпеу үшін соңғы сәтте шындықты жазып кетуге бел будым. Қош болыңыз!
***
Күмісбек қол сағатына қарап еді кешкі алты жарым болыпты. Бозғылт нүктелі жұмырдай қара телефонға тіл бітті. Кадр департаментінің директорының нөмірі екен.
-Кәмеке, орныңыздасыз ба?
Күмісбек әріптесінің түйеден түскендей сөзіне қитығып қалды.
- Орнымда болмағанда қайда болуым керек еді?
- Күмісбек Бекзатұлы, қалыптасқан жағдайды дұрыс қабылдайды деп ойлаймын. Бас директор бүгін белгілі сайтта жарық көрген өзіңіз туралы ақпарат компанияның имиджіне едәуір нұқсан келтірді деп реніш білдірді. Сол себепті ертең аппарат басшысы баспасөз мәслихатын өткізеді. Журналистерге сіздің қазір біздің қызметкер емес екеніңізді, яғни, бұл материал жарияланбай тұрып сіз жұмыстан өз еркіңізбен шығып кеткеніңізді хабарлайтын болады. Сізден өтініш, арызыңызда жазғанда мерзімін көрсетпей-ақ қойыңызшы, деді де трубканы қоя салды.
Күмісбек үнсіз отырып қалды. Қырсық айналдырғандай қысқа күнде қырық пәленің қатар келгеніне таңқалды. Осындайда бір күшті аяттарды оқып, кесір-кесапаттың алдын алып қойғанның да артықтығы болмас еді деп ойлады. Жұмыс-жұмыс деп жүріп қолы қалт еткенде тілі кәлимада емес, көңілі Сәлимада болғанына өкінді. Бәлкім, осылай болуға тиіс пешенем шығар деп те саралап көрді. Егер тағдырымда осы тақылеттес сынақтар шынымен де маңдайыма жазылып тұрған болса, онда қайта-қайта тамызықтата бергенше осылайша бәрін бір уақытта үйіп-төгіп көрсете салғаны да дұрыс. Кенет бір данышпанның «әр нәрсе аяқталды деп ойлаған бір сәт келеді, сол сәтте бәрі жаңадан басталады» деген сөзі есіне түсіп, өмір одан әрі жалғаса беретінін дәтке қуат етті.
Күмісбек жұмыстан босату туралы арызын жұмыс үстеліне қалдырды да портфелін алып сыртқа шықты. Ымырт үйіріліп, қала шамдары кезекпе-кезек жарқырап жана бастады. Күмісбек үйіне қайтар жолды өзгертіп, бұл жолы күнделікті күндей жарқырап өтетін бас көшенің тротуарына түскен жоқ. Бір-екі оралым арқылы айналып жететін жарығы аздау шеткерірек көшеге қарай аяңдады. Көшенің бәрі бір ғой деп ойлады, бастысы барар жеріңе аман-есен жетсең болғаны да… Ең бастысы амандық қой!
Қуат БОРАШ