594

МҰРАТ ЕСЖАН. МИЛЛИОН ДОЛЛАР

         Тарт! — деген бұйрық естілді. Тартып қалдым…

         Мен осы біртүрлі адаммын. Біртүрлі болғанда қалай… сырт көзге кәдімгі орта статистикалық қазақ тілі пәнінің мұғалімімін. Бойым ортадан сәл жоғары, түр-әлпетім ұсқынсыздан сәл әдемі, жағдайым тақыр кедейден сәл жоғары… қысқасы, кәдімгі бозбала кезіне дейін ауылда өскен, он жетісінде қалаға келіп, содан бері Алматыда Рысқұловтан төмен тұратындардың қатарын көбейтін жүрген көп қазақтың бірімін. Мендейлер қазір, жоқ дегенде менің маңайымда, біртүрлі емес, нағыз басым көпшілік есепті. Екінің бірі мен секілді. Біртүрлі боп тұрған — менің ойларым. Өз өзіммен қала қалсам (ондай сәт менде көп болады), ойдан-қырдан қашқан небір ойлар рұқсатымды күтіп жатпастан, өзара кезек те сақтамастан, санамды теуіп кіріп, бір-бірімен мидай араласып, ойран-ботқалары шығады да жатады.

         Сонда ол не ойлар дейсіз бе? Жо-жоқ, қазақ тілінің тағдыры, оқушыларымның үлгерімі, бағаның қымбаттағаны… бұлар онсыз да орта статистикалық қазақ мұғалімінің басына келетін ойлар ғой, менікі мысалы… не мысал айтсам екен… директор мені мақтап жатқанда шешесінен боқтап жіберсем, реакциясы қалай болар еді… деген сияқты ойлар. Соны өзім байқамай қалсам. Аудандық тамыз конференциясына барғанда сөз сұрап ортаға шығып, ағайын мен сіздерге сальто жасап көрсетейін десем. Ее, мынау бар. Таксиден түскен соң, ол қозғала бергенде дөңгелектің астына аяғымды қойып қалсам. Сүйегім үгіліп кететін шығар, иә? Қызық, ондай кезде жүргізуші кінәлі бола ма екен? Қасымнан жүгіріп өткен адамның алдынан аяғымды көлденең төсей қойсам. Мысалы, міне, 5-6 жасар бейтаныс бір бала маған қарай құстай ұшып келеді. Менің артқы жағымда шешесін келе жатыр білем. Бала қасымнан өте бергенде шалып құлатсам… Сосын, мысалы, шешесіне не деп ақталуым мүмкін? Аяқ асты түлен түртті деймін бе? Неге өйткенімді өзім білмеймін деймін бе? Ол бала құлағанда алдына емес, ары қарай көшеге қарай ұшса. Сол сәтте қатты келе жатқан бір көлік қағып өтсе… Түсіндіре алдым ғой деймін, иә? Қысқасы осындай пайдасыз, көкала қырт, мыжыма, кей есепте қауіпті ойлар. 

         Қауіпті ойлар демекші, күніне бір уақ ештеңенің қарасы жоқ, өзімді өлтіру тәсілдерін тізбелеймін. Жо-жоқ, құдай сақтасын, өміріме еш өкпем жоқ, орта статистикалық қазақ келіншегіне тән сүйкімі, ақылы һәм тілі бар (алдыңғы екеуі, әрине, тұрақты шамалар емес) әйелім, балпанақтай екі балам бар, әке-шешем тірі, бауырларым сау. Тұрақты жұмысым, аса көп болмаса да, әр айдың онынан кешікпей түсіп тұратын тұрақты айлығым бар. Сөйте тұра, алда-жалда деймін де, өлгім келе қалса, қалай өлер едім деген сұраққа ой жүгірте бастаймын.

         Өзіме ең оңай, тиімді жолы атылып өлген құсап көрінеді. Ешқайда бармайсың, ешкімнің көзіне түспейсің, әрі орындалуы да тез. Есікті кілттедің. Тапаншаны оқтадың. Аттың. Бітті. Өзіңе кескен үкімнен айнып қалып та үлгермейсің. Ай, бірақ оған құрал қайда? Тартпаңды ашсаң, тапанша жататын сен кинода жүрген жоқсың ғой. Негізі бір макаров па, тт ма, бірдеңе ап қою керек екен деймін сосын. Атын білетін қаруларымды еске алып. Қайдан алам, қалай алам, қай ақшама алам? Бұл қиялым осы жерден тоқтайды.

         Екінші орында — биіктен құлау. Ары-бері өткенде көзге басып қойған бірнеше нүктем де бар. Әсіресе, әнебір екі биік ғимаратты жалғап тұрған жаяу жүргіншілер көпірі жақсы варинат. Айтпақшы, тап қазір соның тұсынан өтіп бара жатырмын. Екі жағындағы жақтауы кіндіктен сәл асатын темір шарбақ. Асып түсу дым емес. Әлдебір шатырға көтеріліп, құзға шығып әуре болмайсың. Бір аттап, шарбақтың құлар жақ бетіне шығасың, өкшең ғана сиятын, не деп айтады, плита-еденнің біткен жеріне табаныңды тіреп тұрып, қолыңды жібере саласың. Көпірдің биіктігі осы тұрғанда шамамен жеті қабат үйдей. Жақында жаңалықтардан көрдім, біреу үшінші қабаттан секіріп мерт болыпты. Оның қасында жеті қабат — мақтанарлық-ақ меже.

         Асылып өлу туралы ойланғым келмейді. Әжем айтатын өлімнің қандай қиын екенін татқың келсе, асылып өл деп. Оның үстіне арқанды қалай байлауды білмеймін. Ваннаға жатып тамырыңды кессең, қатты ауырғаны білінбейді дейді. Жо-жоқ, мұндай баяу, пафосты өлімнің керегі жоқ. Ұшып келе жатқан көліктің алдынан шыға қалсам… байқамай өлген болам. Бірақ айдаладағы біреудің обалына қалам, иә?Осының бәрін тізбелеймін деп, ертеңнен кешке дейін өлім туралы ойлайтын құсап қалдым ба? Бұл менің әлгі көпірдің тұсынан өтіп бара жатып бір сәтке ғана жылт етіп үлгеретін ойларым ғой. Әйтпесе, позитивті ойлар да жетерлік.

         Мысалы… мысалы… мен Индонезияда туған болсам, индонезиялық екенімді мақтан етер ме едім? Түрік болсам, ағылшын болсам, мақтан ететін шығармын, ал енді перулік болсам ше? Менің Перу туралы білімім аз екен, сондықтан пәлен дей алмаймын. Олар да мүмкін колумбиялық, не аргентиналық болмағандарына іштей шүкір ететін шығар. Тфу, неге Перу? Жалпы, позитивтік ойларым туралы айтайын деп отыр емес пе едім. Мысалы, мен таңертең жұмысқа барғанда ұжым тік тұрып қарсы алса.

         — Не боп қалды? — десем мен.

         — Түнде сіз директор сайландыңыз.

         — Оу, менен неге сұрамайсыңдар? - Шарт-пұрт кетсем.

         — Сұрамаймыз, өйткені бұл райононың бұйрығы.

Далақтап районоға барсам?

         — Сендер өзі мені адам құрлы көресіңдер ме?

         — Адам құрлы көргесін директор етіп отыр емеспіз бе?

         — Ау, бір ауыз сұрамаймысыңдар?

         — Сұрасақ, бас тартамысың?

         — Тартам!

         — Жарайды, онда бұйрықты қайтып алдық. Сендердегі тәрбие завучы Айнар директор болады.

         — Тұра тұрсаңдаршы енді. Мен директор болуға қарсы емеспін, тек менің келісімімсіз тағайындағандарыңа қарсымын.

         — Болды, заврайоно бұйрығы екі болмайды. Қазірден бастап Айнар завуч.

         Салым суға кетіп бұрыла бергенімде қарсы алдымда Айнар тұрса, шапалақпен жағымнан тартып қалып, “сабағыңа бар, сүмелек!” десе.

         Тап-тамаша директор болу туралы позитив ойларым әдетте осындай мағынасыз әрі негатив нотада аяқталып жатады. Сосын тұрам да… құрсын деп, ақша туралы ойлай бастаймын. Әсілі, ақша туралы ойламайтын адам кемде-кем шығар. Менікі әдеттегідей… өз стилімде. Қияли. Миллион доллар ұтып алсам…

         Осының бәрін мыжып неге тізбелеп отыр деңіз немесе демеңіз. Ойлар орындалады (мысли материализуются) деген рас екен. Жоқ, әзірге өліп қалған жоқпын. Перулік те болып кетпедім. Тамыз конференциясында сальто жасамадым. Дәу де болса директор болған шығар деп отырған шығарсыз. Қателестіңіз. Миллион доллар ұтып алдым. Иә, иә, қағыс естіген жоқсыз. Мен лотореядан миллион доллар ұтып алдым!

         Былай болды.

         Бірде әріптесім екеуміз, атын айтсам жарнама боп кетер (ойбой солар менің жарнамама мұқтаж екен; ойлаңызшы, мұқтаж боп шығып, әңгімеңізге атымызды қосыпсыз деп пәлен мың доллар ақша төлесе; а, жоқ, атымызды рұқсатсыз пайдаландың деп пәлен мың доллар айып салса…), Түгілен Молл деген сауда орталығына барғанбыз. Кино көруге. Кассада тұрғанда “он бес мың теңгеге сауда жасасаңыз, лотореяға қатыса аласыз” деген жазуды байқағам, шығар кезде тағы көзіме түсті. Сұрастырсам, киноның билеті, поп-корн мен коланың чегі жарап тұр. Чекті лақтырып жібермей сақтап қойғаным мұндай абырой болар ма? Тек бір мәселе бар, лотореяға қатысу үшін әлі бес мыңның түбіртегі керек.

         — Сен саяси карта іздеп жүр едің ғой? — дедім әріптесіме лоторея туралы ойымды ашып айтпай.  — Әнебір бутикте бар сияқты.

         Әріптесім оқу құралдарын сататын бутиктен алты мың теңгеге әлемнің саяси картасын сатып алды. Дұрысы көндірдім деуге болады. Кассада аңдып тұрып, чегін сұрап алдым.

         Лотореяның өтетін күнін дегбірсізденіп қатты күттім. Бұған дейін қалай байқамағам, бүкіл әлеуметтік желі, бүкіл радио-телеарна сол лотоның жарнамасын жасап жатқанына бір ай болған екен. Түбі Америкада ашылған, енді міне жағалай жылжып Еуропаны тұтас жайлап, бізге келіп жеткен беті осы көрінеді. Пікір орнына КИНО деп жазсаң машина ұтып аласың деген уақ-түйек емес, бас бәйге — миллион доллар. Ұтыс ойынының өзінің де аты — Лото-Миллион. Одан бөлек, бизнес класты үй, жүздеген мың долларлық мәшине, толып жатқан қымбат сыйлықтар. Ал анау Дубайға жолдама дегендер жұбату сыйлығы есептілердің қатарында жүр. Сөйтсем, мен ғана емес, осы бір ғажайып лотореяның билетін сатып алған орта статистикалық қазақтың бәрі оның өтетін күнін тап мен секілді дегбірсізденіп күтіп жүріпті.

         Ұтыс офлайн, әлгі Моллдың холлында өтті. Шаңсорғыштар ойнатылып жатқанда, құдайдан осы шығып қалмаса екен деп тілеп отырған адамдарды көрдім сол жерде. Өзім де құдайдан тілемесем де, шаңсорғыш ұтсам, жеп тепкілеп өкінетіндей халде едім. Миллионның жарнамасының өтімді болғаны сондай, мына иін тірескен мыңдаған лотошының әрбірі құрығанда осы жерден Лексус мініп кететіндей эйфорияда еді. Оған бас-басына бәйге қайда? Шаңсорғыш, теледидар, телефон, ноутбук, компьютер, жолдама сияқтылар ойнатылып біткен сайын ұтудың ықтималдығы кеміп, сол аз орайда алынуы мүмкін ұтыстың бәсі артып, кернеу ұлғая түскен. Менің дәмем не көлік, не пәтер. Осы кезде екеуі де ойнатылып кетті. Пәтерді ұтқан жігіт: “өзімнің басымда екі үйім бар, мынау үшінші пәтерім, жақында дүниеге келген баламның атына жазам деп қатырды. Драма үшін, болмаса, басқалардың көңілі үшін болса да, кеше бір бөлмелі жатақханадан бес баламен қуып жіберіп еді дей салмай ма? Мен болсам, тап солай айтар ем. Амал не? Аспаннан шұға жауса, сорлыға ұлтарақ бұйырмайды.

         Кенет… аспан айналып жерге түсетін оқиға осы кезде болды. Менің жылдар бойы миллиондаған ойларымның арасында жоғалып қалмай, адасып кетпей келе жатқан қиялым орындалды. Жүргізуші миллион доллар ұтыс үшін оқып шыққан алты сан менің билетімде жазулы тұрғанын өз көзіммен көрдім. Өтірік! Бұлай болуы мүмкін емес! Өмірімнің әп-сәтте осылай өзгеріп кетуі қисынсыз! Бұл миллион долларды онсыз да миллион доллары бар біреу ұтып алуы тиіс! Ә дегенде келген ойлар осы болды. Жоқ. Дұп-дұрыс. Жүргізуші менің қолымдағы сандарды қайталап оқып тұр. Тәк-тәк-тәк. Мүмкін көзім құлағыма ілесіп, маған қате сандар көрсетіп тұрған шығар? Әлде, керісінше, құлағым көзімнің көргенін естіртіп тұр… Есімді әрең жиып алдым. Мынау түс те емес, қиял да емес. Шын болып жатқан жағдай. Иә, мен жаңа ғана миллион доллар ұтып алдым. Әрбірден соң, — деймін мұның түс емес, өңім екеніне көзім әбден жеткен соң, — ол бір сана жетпес цифр емес қой. Бар болғаны миллион доллар. Бес жүз миллион теңге. Тоқтамай істесем, мың айда, мың ай деген сексен үш жыл (жә, оны білетінім — қадыр түні мың айдан хайырлы дегенде ылғи сексен үші жыл деп түсіндірме беретін еді ғой), иә, сексен үш жылда табатын ақшам. Әй, бәрібір оңай ақша емес екен.

         Енді не істеу керек? Осы кезде жүргізушінің ұтыс алдында берген инструктажы есіме сақ ете қалды. “Егер ұтысқа ие болып жатсаңыз, өзіңізді жария етпеуге қақыңыз бар. Біз сіздің жеке шекараңызды, қауіпсіздік мақсаттағы құпиялығыңызды сыйлаймыз”. Америка ғой бәрібір. Біздікілер болса, шықсаң да шығасың, шықпасаң да шығасың деп, ортаға шығарып, мүмкін болса, жылатып, сосын әлдекімге алғыс айтқызып қояр еді. Мыналар құпиялығыңды сыйлаймыз деп тұр. Рас-ау, менің миллион доллар ұтқанымды білсе, ұры-қарының бәрі менің соңыма түспей ме? Қарыз сұрағыштардың өзі ұры-қарыдан бетер тонап кетер. Бұлары жөн екен. Есіме түскені мұндай жақсы болар ма, мен ұттым деп қарғып шыға жаздадым ғой. Жалма-жан билетімді тағы да тексердім. Дұп-дұрыс. Бұл жолы ақылым орнына толық келіп, миллион доллар ұтып алғаным туралы шындықты ащы да болса, анық мойындап едім.

         Үйге әдеттегідей автобуспен емес таксимен қайтып келе жатып, әйелімнің қалай қабылдайтынын елестетумен болдым. Ол, әрине, сенбейді. Сол кезде инстаграмды ақтарып отырып жүргізушінің сандарды тізбелеген сәтінен бір үзік тауып алам. Бақытты билетті алдына жайып қойып (жайып қойғанда, алақанның жартысындай ғана қағаз, жайып деп айтуға келе ме? Бірақ, көлемі кішкентай болғанмен, ол билетке бір миллон доллар сыйып кетіп тұрған жоқ па, оның қасында түкке жарамайтын газеттердің өзін жайып деп қолданамыз ғой, тағы лағып кеттім), мейлі, қойып қойып, тексер деймін маңғазданып. Ол тексеріп отырып қате тауып алады. Мен есім шығып тағы тексерем. Ойымның осы жеріне келгенде, өз қиялымнан өзім шошып, билеттегі нөмірді тағы тексердім. Қатесі жоқ. Қысқасы, сонымен әйелімнің көзі жетеді. Екеуміздің бақыттан басымыз айналып, осыған дейігі ұрыс-керісті тегіс ұмытайық, жаңа өмір бастайық деп үздігісеміз. Мен қателіктерім үшін кешірім сұраймын, ол, әлбетте, кешіреді. Бір-ақ сәтте үйіне “долларовый миллионер” болып оралған күйеуін қандай әйел кешірмесін?

         Тап солай болды. Әуелі сенбеді. Кейін билеттегі сан фотошоп деп шықты. Инстаграмдағы видео фейк деді. Пранк түсіріп жатырсың деді.  Ақыры сендіре алмадым. Мейлі, о да дұрыс дедім де қойдым ішімнен. Әуелі ақша қолыма тисін. Кім біледі… Жо-жоқ деймін, кім біледі емес, анық. Ұтқаным анық. Осыдан ұтпағам бол шықсам, ол шындыққа енді жүрегім шыдамайды.

         Таңды әрең атырдым. Жоспар құрғым келеді, оған қолымда құр принтерден шыққан, ешбір заңдық күші жоқ билеттен басқа түк жоқ. Құрмайын десем, миллион доллар ешбір жеріме сыймай барады. Ең болмаса, ойша емін-еркін жұмсасам дейсің.

         Ертеңіне “Лото-Миллионның” кеңсесіне бардым. Көрер көзге сенім ұялататындай-ақ еңселі ғимаратта орын теуіпті. Былтыр зейнетке шыққан Оспан ағайға балалары көлік сыйлап, соны салоннан салтанатты түрде шығарып алуға осындай бір жерге келгенбіз. Мәшинені де перзентханадан бала шығарғандай, жиылып келіп, шашу шашып, сөз сөйлеп, ән айтып, әлпештеп алып кететінін сонда көргем. Мына жердің кейпі сол көріністі көз алдыма келтірді. Мен де миллион долларымды солай алаулатып, жалаулатып, туған-туыс, дос-жаранның қолпашымен алып кетем бе екен? Бұрын кім миллион доллар ұтып көріпті? Шынымды айтсам, оны қалай алатыным да миыма сыймайды. Мысалы, каспиіме аударса. Ол тыңқ етіп, әлбетте теңгемен түседі ғой, бес жүз миллион теңге боп түссе. Сосын дүкенге кіріп нан алсам, сізде төрт жүз миллион тоғыз жүз тоқсан мың сегіз жүз елу теңге қалды деп хабарлама келіп тұра ма? Жо-жоқ, каспиге аудартуға болмайды. Кредитімді ұстап қалады. Ау енді кредитіңді жаппағанда, ол ақшаның  бәрін неғылмақшысың? Кенет маған миллион доллар кредитімді жауып, нан алғанмен-ақ бітіп қалатындай көрініп кетті.

         — Сізге не көмек керек? — деген сөз ойымды шорт үзді. Шашының бір жағын менікінен де тықыр етіп алған, екінші жағын әйелімдікінен де ұзын етіп өсірген бір қыз қасыма келіп тұр екен. Мен оған лотореядан ұтқанымды айтып, билетімді көрсеттім. Қыз мені бір бұрыштағы үстелге ертіп әкелді де, бір шыныаяқ кофе ұсынып, билетімді алып әлдеқайда кетіп қалды. Осының бәрі қас-қағымда болғаны сондай, айырылмаймын деп отырған билетімді қалай қолына беріп қойғанымды өзім аңдамай қалдым. Енді ол билеттің менікі екенін қалай дәлелдемекпін? Әнебір кинодағыдай сіз футбока мен кепка ұттыңыз деп Лото-Миллионның қағаз пакетімен келіп тұрса қайтпекпін? Иә, сөйтеді. Мына қыз жоғалды. Қош бол, миллион! Тәтті ертегі осымен аяқталды. Билетті әкеткен қыз, әне, қайтып келе жатыр. Баяғыда атамның шабдар атының жалы осылай бір жағына төгіліп тұрушы еді, бұл да солай, жалы бір жағына төгіліп, жорғалап келеді. Келеді де, қазір маған қаралы хабарды жеткізеді. Бәсе, қолында пакеті бар. Ол пакеттің ішінде әдетте маған дәу боп шығатын LX өлшемді футболка мен жапсарына компанияның логосы салынған саптыаяқ жатқан шығар.

         Шабдар шашты қыз алдыма келіп тықыр бетімен тұра қалды да, пакетінің ішіне қол жүгіртті. Сөйтті де бірнеше қағазды алып шықты. Мынау сіздің ұтысыңызды растайтын қағаздар. Жалма-жан қағазды алып оқи бастадым. Рас екен. Мына қағаздар менің миллион доллар ұтқанымды растап тұр. Енді менің атыма бекіту керек.

         Заңдық жағы әп-сәтте орындалды. Келісім-шартқа қол қойдық. Енді ешкім дауласа алмайды. Мына мекеме банкротқа ұшырап, болмаса қожайындары бәрін үптеп бір күнде тайып тұрмаса, менің миллион долларыма енді ешкімнің таласы жоқ. Миллион деп қоям, мұның жиырма пайызы осыларда қалатынын естігенде кішігірім шок, соққы, бәлкім микроинфаркт алғанымды айтпаппын ғой. Азырақ дау бастап көріп ем, заңгерлер өзіме дүрсе қоя берді. Лажсыз көндім. Біз енді жұмыста үш жүз мың айлықтың екі жүз қырық мыңын ғана қолға алып үйренгенбіз ғой. Алпыс мыңды салыққа, зейнақы қорына құю деген аса бір жан ауыртатын шығын емес. Ал мында екі жүз мың долларды — жүз миллион теңгені (!) тастап кетпексің. Кеше ғана маңдай теріммен ұтқан миллион доллардан қолыма тиетіні небары сегіз жүз мың доллар екен. Ол да аз ақша емес, дегенмен, миллион деген соң миллион беру керек қой. Тағы бір аса қуанышты емес жаңалық — аты доллар болғанмен, транзакцияның бәрі ұлттық валютамыз теңгемен жүрмек. Келісім-шартта ұтыс көлемі ойын өткен күнгі бағаммен конвертацияланады деп анық жазылыпты. Доллар тәулік сайын бір-екі теңгеге қымбаттағанның өзінде, кешелі бері екі миллион теңге жоғалттым деген сөз. Жарайды енді, қайда кетпей жатқан бір-екі миллион…

         Ақшаны қолға алудың реті былай екен. Қазір ол Х-Банк (атын атасам, жарнама боп кетеді) деген банкте, мен де сол банктен есеп-шот ашып, ақшаны сонда аудартуым керек, сосын қаржыны қолма-қол алып, басқа банктегі есеп-шотыма апарып салуым керек. Егер банктен банкке тіке аудартсам, миллион доллардың, жоқ, сегіз жүз мың доллардың ортада ұсталатын комиссиясы кішігірім бір көліктің құнына жетіп қалмақ.

         Ол шаруаның да жартысы сол жерде, нақ майданда шешілді. Бір бұрышта Х-Банктің өкілі отырады екен. Менің атыма банк аккаунты ашылды. Аударымның жасалғаны туралы хабарлама да келді. Енді ақша менің есеп-шотымда. Оны бірден долларға айналдыруға тырысқан әркетімнен түк шықпады. Әзірге бәрі ұлттық валютамен орындала бермек. Мұндай кезде теңгешіл өздері.

         Үйге келгенде келіншегім Лото-миллион туралы ізденіп, нануға даяр отыр екен. Құжаттарды көрген соң, сенімін одан әрі тұмшалай берудің ретін таппады. Ә дегенде барынша жарқын эмоция танытқысы келді білем, бірақ ол да, жоғарыда айттым, орта статистикалық қазақ әйелі емес пе, жарқырап қуануы аса сәтті болмады. Әуелі и-ууу деп айғайлайын деп еді, онысы айқайлағаннан гөрі сыбырлауға жақын шықты. Бөлменің ортасында жас қыздарша секірмек болған, аяғын қайырып алды. Бір-бірімізді құшақтап едік, он бірінші сыныпта оқитын оқушы ұлдардың өзара амандасқандағы құшақтасулары секілді ебедейсіз шықты. Қуану салтанаты аяқтап болып, енді жоспарлау жұмыстарын бастадық. Туыстарға хабарлау мәселесінде ойымыз бір жерден шықты — әзірге ешкімге тіс жармайық.

         Жоспар түсінікті. Әуелі кредиттерді жабамыз. Үйдің ипотекасын мерізімінен бұрын өтеп тастаймыз. Әлде тұра тұрсын ба? Жарайды, ретіне қарай көрерміз. Өзімізге дұрыстау бір үй алып, екі балаға бір бөлмеліден болса да, екі үй жасап қойсақ. Көлік міндетті түрде. Екі жақтағы әке-шешемізге қаладан үй алып көшіріп алсақ деген арманымыз бұрыннан бар еді. Оған жете ме, жетпей ме? Алсақ, екі жаққа да алу керек. Олар жер үй қалайтындары анық. Ау, сонда бар ақшаны әлдене сатып алумен-ақ сарқа салмақпыз ба? Содан біздің өміріміз өзгере ме? Үй өзіміздікі болады. Ай сайын ипотека төлемейміз, болы ма, айырма сол ғана ма? Мұны бизнеске салса ше? Қандай бизнеске саласың? Оның табысты боларына кепілдік бар ма?

         Бұл сұрақтардың кейбірі әйелімдікі, кейбірі өз көкейімнен шыққандар, қалай болғанда да, жоспарлауда әлдебір тығырыққа тіреліп қала бердік. Дубайға демалып келу, тіс салдыру секілді тізімнің төменгі жағын талқылауға құлық та болмай, ертең көремізге қалдырып, жатып қалдық.

         Дөңбекшіп жатып жоспарды ойша тағы сүздім. Миллион емес, екі миллион болса, дәл жеткендей екен. Біреуін алаңсыз жұмсайсың, біреуін қорықпай бизнеске саласың.

         Әйеліммен әңгімеде екеуміз де анық біліп тұрған, бірақ айтуға өз-өзімізден аса алмаған тағы бір тақырып бар. Ол інім Сағидың науқасы. Сіздерге айтпадым, әкемнің ағасының баласы бар, туған болмаса да, туған інім есепті ғой енді қазақтың жолында, сол күні кеше екінші химиясын алып келіп отыр. Қазір осындағы қатерлі ісік орталығында жатыр. Химиядан кейін жағдайы жақсы дейді. Чатқа суретін жіберген. Шашы түгел түсіп, бет терісі жақ сүйегіне жабысып қалыпты. Ат арыса тулақ, адам арыса аруақ, жиырмадағы зіңгіттей жігіттің мына кейпіне көз тоқтатып қарауға дәтім әрең жетті. Суретке күлімсіреп түсіпті. Жағдайы жақсы дегені, сірә, сол болса керек. Әйтпесе, үшінші стадия деген жағдайы жақсы болудан кетті дегенді білдірмей ме?

         Кеше туыстарға айтпайық деп бір ауыздан ұғынысқанымыздың бір сыры осында еді. Сағидың емі Германиядан табылып тұр. Отасына бес жүз мың доллардай ақша керек. Соны естігелі жанталасып, журналист әпкеміз Раушан “сбор” ашқан. Қазір не көп, ракпен ауырған адам көп, не көп ақша жиған ел көп, ол тірлік мандымады. Туған-туыс аз-маз бірдеме жиып берген болдық, менің жұмыстағы әріптестерім мың теңге-екі мың теңгеден аударып, бір 20-30 мың құралды. Сонымен бар түскен ақша Германия түгіл осындағы дәрісіне де жетпей, қазір енді сол ашылған “сборды” парақшасында жарнамалап беретін әнші, блогер дегендерді іздеп, жекелеріне жазып, жоқтан үміт етіп жүріп жатқанбыз.

         Сағи ә деп ауырды дегенде бәріміз тік тұрдық. Кейін бірте-бірте әрбіріміз өз өмірімізге оралдық. Қазір сол Раушан әпкем ғана жарғақ құлағы жастыққа тимей шырылдап жүр.

         Менің миллион ұтқаным сол Сағидың пешенесі ме екен деген ой басында-ақ келген. Тұтасымен соған садақа қылам деп те ойлағам. Алдымен қолыма түссін дегем. Енді, міне, қолға түсті. Қолға болмаса да, банк шотымда тұр. Жаңа ғана әйелім екеуміз ол ақшаны мүлде басқа мақсаттарға жоспарладық. Соның өзінде жеткізе алмадық. Сағидың еміне берсең, тұтас жауып беру керек. Жарым-жартылай берсең, берді не, бермедің не? Одан ажал аузында жатқан адам атып тұрып, шапқылап кете ме?

         Ақшасы бар адамдар арсыз келеді дейді. Келіспес едім. Арсыз адам ақшасы жоқта да арсыз. Арлы адамның адамдығын ақша тұмшалай алмаса керек. Мысалы менің арымды мазалап жатқан тағы бір мәселе — киноға бірге барған әріптесім. Оған ұтыстан отыз пайыз беруге уәде еткем. Ол деген — 240 мың доллар. Уәдемде қанша естен шығарып, елемеуге тырыссам да, кимелеп миыма кіріп ала береді. Ұжданның мазалауы деген, сірә, осы шығар. Ұжданымның барына шүкір, демек, мен тірі адаммын. Оқушыларыма Шәкәрімді бекер оқытып, олардың алдында бекер тамсанып жүрген жоқпын. Демек, екіжүзді оңбаған емеспін. Бірақ ар-ұжданның мазалауы бар да, оны тыңдау, сонымен әрекет ету басқа нәрсе ғой? Онда неге сол жағырапия пәнінің мұғаліміне барып осының бәрін айтпайсың? Сол болмағанда, бұл ұтыс та жоқ еді ғой. Әрбірден соң, осы ұтыс соның тәлейі шығар. Құдай тағала сені сынап тұрған шығар?

         Айтпақшы, менің жағырапия мұғаліміне барып 240 мың долларың міне дей қоюыма тағы бір кедергі бар. Әйелім оны көтере алмайды. Ақшаны қимағаннан емес. Сіздерге тағы бір нәрсені айтпадым. Жағырапия мұғалімі, менің киноға бірге барған әріптесім — еркек емес, әйел. Әйел болғанда да, кексе келіншек емес, тұрмыс құрмаған қыз. Жо-жоқ, арамызда ештеңе жоқ, ештеңе жоқ болғанда қалай енді… былтыр қыс бойы уатсаппен сөйлесіп жүріп, оны әйелім оқып қойып, үлкен бір шу болған. Әйелім екі баланы алып төркініне кетіп қалып, мен бір ай жалынып жүріп әрең алып келгем. Жағырапия мұғалімі басқа мектепке ауысып кетті. Жақында түлен түртіп фейсбуктағы жазбасына лайк баспаймын ба? Содан сөйлесуіміз қайта басталып кетті. Тағы айтам, екеуміздің де бөтен ойымыз жоқ, тек саясат, өнер туралы ойларымыз үндесіп, әңгімеміз жарасады. Қанша мұғалімнің арасында фейсбукқа пост жазатын тек сол қызды көрдім. Өзі өжет. Білім саласының былықтарын қорықпай айтады. Жиналыста директорға қарсы уәж айтсам, тайсалмай жақтасатын да сол ғана. Ондай адаммен пікірлесіп араласқанда не тұр екен? Ол да бір бауырларының бар тауқыметін мойнына алып, жазықсыз істі болған інісіне араша түсем деп шырылдап жүрген бір бейбақ. Ширек миллион доллар оның да өмірін басқа арнаға кілт бұрар еді…

         Жалпы, менің осы ақша ұтқаным мәңгі жұмбақ боп қала ма? Әлде қазір болмаса да, күндердің бір күні ашыла ма? Менің ішіме сыйғанмен, әйелімнің ішіне сия ма? Түбі ашылып жатса, жақын-жуықтың бетіне қалай қараймын? Неге көртышқаншыладың десе, не сылтау айтам?  Әрбірден соң бұл менің өз шаруам емес пе? Осы басқа адамның шекарасын сыйлауды біз қашан үйренер екенбіз? Жарайды делік. Енді осыны жағырапия мұғалімі білсе ше? Екеуміз кофе үстінде сөз етісетін әділет, адамзат миссиясы, Алаш зиялыларының құрбандығы сынды аса ірі тақырыптар әшейін көзбояу боп шыққан бола ма? Егер осы ақшаны мен емес, ол ұтып алғанда қалай болар еді?

         Таңға жуық оянып кеттім. Киімшең ұйықтап қалыппын. Алғаш келген ой — осы мен үлкен бір алаяқтық жоспардың құрбаны емеспін бе? Құжаттарымды бердім. Менің атымнан әп сәтте есеп-шот ашылды. Менің атымнан кредиттер алынып, менің атымнан заңсыз шаруалар істеліп жатса ше? Қой, тездетіп, ақшаны шығарып алайын да, күмәнді банктегі мына шотты жауап тастайын деген ой келді. Бүгін тағы жұмысқа бармаймын. Құрып кетсін жұмысы.

         Х-Банктегілер ондай көлемдегі ақшаны қалаған уақта бере алмайтындарын, ол үшін алдын ала өтініш жазып, тапсырыс беруім керек екенін айтты. Бірқанша күнде әлгіндей көлемдегі ақша белгіленген бөлімшеге түседі, ал мен оны қарулы күзеттің қатысуымен ғана шығарып ала алам. Сонда нақты қашан? Бүгін емес, ертең емес, арғы күні.

         Арғы күн келіп болсашы. Сол аралықта әйеліммен жүз ұрысып, жүз татуластық.  Ең үлкен шайқас Сағи туралы әңгімеге тірелгенде орын алды. Әсілі, әйелім жаман адам емес. Осы Сағи ауырғанда да дәрігер іздеп, ары-бері алып жүріп сабылғаны бар. Туыстардың бәрі елу мыңнан беріп жатқанда, біз жүз берейік, екеуміз де жұмыс істеп жатырмыз деген де осы әйелім. Бұл жолы дым татырмайық деп отырған ол жоқ. “Бір миллион теңге берейік” дейді. Мен “берсек, ең болмаса, жүз миллион беру керек” деймін. Жетпіске түстім, көнбеді. Елуге түстім, көнбеді. Бәрін қағазға сызып, есептеп қойыпты. Ол есепке, тіпті, әке-шешемізге әперетін үй де сыймай қалған. Сағи бәрібір жазылмайдыға келді бір кезде әңгіме. “Ол өлгенде өзімізді кешіре аламыз ба?” деймін мен. “Тіпті, әке-шешеміз де ұзақ жүрмейді. Одан да ақшаның бәрін балалардың болашағына салу керек. Олар жайлы жерде тұру керек. Жақсы жерде оқу керек. Ертең біз құсап агуде, женпиде оқып қалмауы үшін шетелде білім алатын қапиталдары дайын тұру керек. Мынау — құдайдың соларға жіберген жолдамасы”.

         Былай қарасаң, айтып отырған уәждері орынды-ақ. Ертең-ақ үшеуі (біз үшінші бөпе күтіп жүрміз, айтпақшы) оқу бітіреді. Сол кезде олар да біздің кебімізді құшпас үшін осы бастан болашақтарын ойламаса болмайды.

         Ақыры мәмілеге келе алмадық. “Бір миллион бергенше мүлде берме” дедім. “Бермеймін” деді ол. Иә, бермейМІН деді. Бірінші жақпен айтты. Мына ақша онікі боп кетіпті.

         Осы екі күнде мектепте екі рет құр сүлдерімді апарып келдім. Бұрынғы жан салып сабақ өтетін, тақырып түсіндіру мен үй жұмысын тексеруден әлденеше минут артыла қалса, тамағы қарлыққанша үзілісте өзара қазақша сөйлесудің маңызын, ана тіліміздің ата-баба аманаты екенін балалардың құлағына құйып қалудан жалықпайтын мен жоқ. Екі күнде де мұғалімдік міндетімнен еркін тақырыпқа шығарма жаздырып құтылдым.

         Банкке баратын межелі күн де келіп жетті. Екі ортада доллар тағы он екі теңгеге қымбаттады. Сонда екі күнде жиырма мың доллардай жоғалтып отырмын. Осыдан ақшамды шығара салысымен дереу долларға айырбастаймын. Банкке келерден бұрын төрт жүз миллион теңгенің көлемі мен салмағын ChatGPT-ден сұрап алғам. “Егер 20 мыңдық банкноттардан тұрса, салмағы 20 келі, бірінің үстіне бірін тізгендегі ұзындығы 2 метр болады” деп жауап берген ол. Сондықтан, дөңгелегі бар чемоданның бірін алып алдым. Бір жағы жолаушылап жүрген адам секілді көрінейін деген ойым, бір жағы 20 келіні көтеріп жүргеннен сүйреп жүрген оңай. Әрі мына чемоданның сыдырмасында құлпы бар.

         Кассадан әлгі ақшаны санап алғанша бір сағаттай уақыт кетті. Ақша санайтын аппаратты ойлап тапқан адамға құдай жар болсын, мынаның бәрін қолмен санасаң не болды деші? Осы кездің бәрінде кассаның аузын қару ұстап, бронды кеудеше киген еңгезердей жігіт күзетіп тұрды. Бұл жағдай тіпті де назар аудартып, жау шақыратындай көрінді маған. Мысалы, мен осыдан кейін банкте қарула адам көрсем, біреу аса ірі көлемде ақша алып жатқанын білетін болам. Оның үстіне, қарауыл қарап, сақ қимылдап тұрған бұл жігіт жоқ, тым жайбарақат. Ауық-ауық телефонын шұқиды. Біреу артынан кеп, қолынан қапсыра ұстап алса, бітті. Екінші бір адам қалтасынан тапашасын шығарып: “Тыпыр етпеңдер! Атып тастаймын!” деп-ақ оп-опай сыпырып кеткелі тұр. Оны былай қойғанда, мына жігіттің өзі де сыбайластарына мен туралы “наводка” беріп тұрған болуы әбден мүмкін ғой. “Көк жейде, қара джинсы киген, көзінде көзәйнегі бар арықша жігіт пәлен көшедегі Х-Банк бөлімшесінен қыруар ақшамен шығады” дей салса, бітті ғой. Өйте қоймас. Мен тоналсам, бірінші күдік осы банктегі адамдарға түсері анық. Бірақ тоналып болған соң, күдік түсті не, түспеді не, ол ақшаны ешкім саған тауып әкеп бермейді.

         Бір жағы шексіз қуанышты едім. Неше күннен бері көңілімді күпті қылған ақша экрандағы цифрлардан кәдімгі шын купюраларға айналып, көз алдымда қара чемоданыма тоғытылып жатыр. Енді игілікке жұмсалсын де. “Кісі өмірін құтқарғаннан артық қандай игілік болуы мүмкін?” Тап осы сөзді ішімнен емес, сырттан естігендей болдым. Ұжданым ғой. Бала кезімде Николай Носовтың Дымбілмесін өліп-өшіп оқығаным бар. Сонда Дымбілместі ар-ожданының мазалауы деген бөлім қатты есімде қалыпты. Ар-ождан деген кісі кейпінде елестеген сонда маған. Енді көзім жетіп келеді, ұжданның кейпі болмаса да, даусы бар екен. Оны мен кәдімгідей естіп жүрмін.

         Ақшамды чемоданға нығарлап салып, сыдырмасын жауып, құлпын бекітіп алған соң, кассирден такси келгенше осы будкада бола тұруға мұрсат сұрадым. Ол келісті. Маған қазір із жасыру керек. Бірнеше таксиге тапсырыс беріп, олар жете бере тапсырысты жойып отырдым. Әдетте оның бәріне ақша ұстайды. Ұстаса ұстай берсін. Бастан құлақ садаға. Бұрынырақта естіген бір әңгімем бар еді. Әдетте тонаушылар банк қызметкерлерімен байланыста отырады-мыс. Осындай бір майлы клиент қомақты ақша алатын кезде қарақшылар көшеде басқа біреудің тұрған көлігін үптеп кетеді, яғни, “угон” жасайды. Мен сияқты клиент ақшаны алып, көлігіне мінгенде жаңағы үптелген көлікпен соңына түседі де, оңтайлы жерде “байқамай” апат жасайды, я артынын, я бүйірден әйтеуір соғады. Мен сияқты клинет есі кетіп, авариямен әуре боп жатқанда мына құсаған ақша толы шабаданды қолға түсіреді. Сол сәтте өзге көлікпен сыбайластары келе қалады. Қарақшылар үптелген көлікті сонда қалдырып, өздері зым-зия болады. Осы секілді қитұрқы тәсілдердің мен естімеген, білмеген, миым жетпейтін басқа мың түрі бар шығар, сондықтан сақтықта қорлық жоқ.

         Үшінші, я, төртінші тапсырыстан кейін келген таксиімді банктің тап аузына тақап келтірдім де, зып етіп мініп кеттім. Жақ ашпаған күйі үйге жеттім. Жарты жолға дейін бір сұр элантра соңымыздан қалмай келе жатқандай көрінген. Қорыққанымнан нөмірін суретке түсіріп, әйеліме жолдап қойдым. Біз Петровадан бұрылған кезде ғана ол тік өтіп кетіп көзден таса болды. Үйге кіріп, есікті ішінен бекіткен соң барып уһ дедім.

         …Одан бері оншақты күн өтті. Қара чемоданның құлпы сол күйі ашылған жоқ. Ол бір ашылса, ішіндегі ақша түбі тесілген шелектей сар етіп демде сарқылатындай бір қорқыныш бар. Осы толық күйінде көңіл тоғайтып тұр. Айтпақшы, ақша үйген келген күннің ертеңінде оны долларға айналдырмақ болып біраз жанталастым. Ондай ірі сомаға ешкім доллар сатпайды екен. Тағы бір білгенім — қазір доллар алатын кезең емес, алда салық тапсыру маусымы келе жатыр. Ірі мекеменің бәрі салық төлеу үшін жаппай долларларын теңгеге айырбастайды, сол кезде доллар төмендеп, оның айналымдағы көлемі де артып, айырбасқа қолайлы шақ турады. Сол кезді күтпек ләзім. Қара сандықтың сыдырмасы сырылмаған күйі, сары майдай сақталып тұруының сырлары, міне, осындай-осындай себептерде жатыр еді. Қара жәшік ашылмағанмен, оның көлемі көз алдымызда кішірейе берді. Жіліктеп санаса, 400 миллион теңге деген дым емес екен ғой. Ары тартсаң ары, бері тартсаң бері жетпейді.  Бәсе осы әлденеге, мысалы, кино түсіруге, жол төсеуге, құрылыс салуға пәлен жүздеген миллион, он нешелеген миллиард ақша бөлінсе де істің мандымайтынын енді ұққандаймын. Сол екі арада әйелімізбен екі рет айырылыстық. Айырылысқанда… түпкі үйде теңкиіп қара шабадан жатыр, кім қайда кетеді, екеуміз де өлсек сүйегіміздің соны құшып жатқанын қалап   тұрған жоқпыз ба, екі ретте де айналып кеп қайта қосылдық. Басқа байлық біткелі ойым кәдімгідей жүйеленіп қалды. Енді бәз-баяғыша өлім, Перу, ұлт тағдыры секілді әр нәрсені ойлай бермейтін болғам. Мақсатым айқын. Мына ақшаны қалайда ертең өкініште қалмайтындай тиімді жұмсау. Теледидардағы тілмен айтқанда, игеру. 

         Бірде жатып алып ойландым. Мен мұны бизнеске салайын. Ақшаның өзі ақша тапсын. Сонда бәріне жетеді. Иә, содан дұрысы жоқ.        Кімге бардым, қандай бизнесті қарастырдым, қалай іздендім? Оның бәрін тәптіштесем, мына әңгіме бітпейді. Білесіздер ғой, мен бір нәрсе айтсам, дөйдалаға лағып, керексіз ойларға ілесіп кететінімді. Сондықтан, қысқа қайырайын, жұмысты тастадым да, тұп-тура екі ай ақша салатын бизнес пен сенімді серіктес іздедім. Олардың ішінде сіздер танитын, парақшасын оқып жүрген белгілі кәсіпкерлер мен коучтар да бар. Әрқайсының жазбаларын оқып, сұқбаттарын көріп, кейбірінің ақылы сабақтарына қатысып, әбден-ақ зерттедім.

         Ендігі міндет солардың өздерімен жеке танысып, араласу. Білім нәрін бұлақтың басынан сіміре отырып, болашақ бизнесіме барынша сауатты, саналы қадам жасау. Бұрын араласу түгіл, жанына барып суретке түс десе қысылуым мүмкін кісілермен тіл табыса кету аса қиын болмады.Үйде қозғалыссыз тұр демесеңіз, миллион доллар деген адамға кәдімгідей сенімділік береді екен. Оның үстіне ойыма алған адамдардың не айтып, не жазғып жүргенін өздерінен артық біліп алғам, шеттерінен үйіріп әкеттім. Маған қиын тигені — олармен кездесіп шәй ішу, бірге моншаға, атқа, картингке бару. Дәлірегі — соған кеткен шығындар. Шығын десем аз көрінер, қыруар қаржы, қисапсыз қаражат.

         Мен бірақ дегенімде тұрдым. Қара шабаданның құлпын ашпаймын дедім, ашпадым. Бір ашсаң, қайта жабу қиын, тесік шелек… Жоғарыдағы һәм одан басқа да шығындарды әркімнен қарыз алып жауып отырдым. Несі бар, ертең сандық ашылғанда қайтара салам.

         Ол кезде мұның бәрінің нүктесі қайғылы боларын қайдан білейін.

         Бір күні кезекті кездесуден қалжырап келіп, төсекке құлай кеттім. Жіптің ұшы шыққан секілді. Осы кезге дейінгі кездесулерден ақшаңды салып жіберіп сауып отыра қоятын кәсіп жоқ екенін, бәрі де қорқынышты, бәрінде де үміт пен күдік 50/50 екенін жақсы ұғынып үлгерсем де, мына бір жоба тап менің іздегенім екенінде шүбәм қалмаған. Әне-міне бар жігерімді жиям да, ақшамды осыған салам. Осыдан көр де тұрыңдар, мүлде басқа адамға, басқа деңгейдегі тұлғаға айналам.

         Кенет неше күннен бері ақшаны тексермегенім есіме түсті. Әйелімді жұлқылап оятып, төсектің матрацын, мына жағдайда қазынаның қақпағын көтердім. Мұның астында көрпе-жастық, ақжаймалар жату керек, оның астында қара шабадан, қара шабаданда ақша. Бәрі орнында. Көрпе, жастық, ақжайма… о, құдірет… шабадан жоқ. Осыны сіз де болжаған шығарсыз, сондықтан ол шабаданды қалай шарқ ұрып, аласұрып, ышқынып, демім тарылып іздегенімді сипаттап уақыт созбай-ақ қояйын. Қара шабадан сол күйі табылмады. Жер жұтты деуден басқа нұсқа жоқ. Жер жұтты дейін десең, тап астымыз жер емес, жалғыз тұратын орыс кемпірдің пәтері. Келген сақшы да құры арыз жаздырып алып, кетуге жиналған. Бар айтары “уайымдамаңыз”, “іздейміз”, “хабарласамыз”. Болды.

         — Не бар еді ішінде?

         — Ақша.

         — Қанша ақша?

         — Көп ақша.

         Қанша екенін айтсам ба, айтпасам ба, оны да білмеймін. Айтсам, жан салып іздеп тауып алып, бірақ маған хабарламай қоятындай. Айтпасам, мүлде табылмайды. Мүмкін өзім іздеп табармын.

         Сақшы жігітті жетелеп жүріп подъездегі камераларды қарадық. Құдая тоба, ешбірі істемейтін боп шықты. Былтыр ғана КСК деп аталатын, құдай біледі қаһары мен құзіреті ҰҚК мен БҰҰ-дан да артық бір ұйым ба, мекеме ме, одақ па, әйтеуір бір құрылым камераға деп, “өз бастарыңның қауіпсіздігі үшін” деп пәтер басынан бес мыңнан жиып алмап па еді? 

         …Бір жеті дегенде менің ол ақшадан күдерім әбден үзілген еді. Ойлап-ойлап түбіне жете алмадым. Оны кім алуы мүмкін? Балалардан сұраймын, әйелімді тергеймін, көршілерден жауап алам. Жапсарлас үйлердегі, көшедегі, әйтеуір қол жеткен жердегі камера атаулының жазбаларын түгел шолам. Ұшты-күйлі. Қалай келді, солай кетті.

         Бүгін таңертең Сағиға бардым. Бардым дегенде, кіргізбейді, астында отырып, Раушан әпкеммен жолықтым. Апарған сәлем сауқатымды жөнелттім. Мен келіп отыр дегенде қатты қуаныпты. Біз “бәрібір кіргізбейді” деп келмей жүргенімізді сылтау қылады екенбіз ғой, өз аяғыңмен аурухананың босағасынан аттасаң, іште жатқан адамның көңіліне ол да медеу екен ғой. Әпкемнің айтысына қарағанда, жағдайы жақсы дейді. Тәбеті де дұрыс. Бірақ метастаз жайылып кеткен. Әлгі ота болғанда, кім біледі, құлан таза айықпаса да, 5-6 жыл өмірін созуға болар ма еді…

         Түстен кейін жаңадан тапқан блогер-кәсіпкер достарыммен парашюттен секіруге баратын болғанбыз. Зауқым шаппады. Бармаймын деп жазып жібергелі тұрдым да, ойыма әлдебір жоспар сұлбалана қалды. Әсілі, бір емес, бірден екі жоспар. Бірі болмаса, бірі. Оның үстіне  тәрбие завучы Айнардан қарыз алып ақшасын төлеп қойғам, далаға кетпесін.

         …Қала сыртындағы сынақ алаңына жетіп, тікұшаққа мінуге кезек күтіп отырмыз. Инстаграм мен тиктокта жазылушысы көп кәсіпкер досыма ақырындап Сағидың жайын айттым.

         — Туған інің бе еді?

         — Жоқ, әкемнің ағасының баласы.

         Ол тек “жоқ” деген жерін ғана естігендей болды.

         — Қазір ондай “сборлардан” ақша жиналмайды. Оның үстіне ақша жинағандарды қатты тексеріп жатыр.

         Осыны айтты да ар жағына қарап келесі бір сапарларының жоспарын талқылап кетті. Маған керек болмаған інімнің өмірі бұған керек болсын ба? Өзімді жер бетіндегі ең оңбаған, сұмырай, жексұрын, екіжүзді, дүниеқоңыз, таяз, надан, көрсоқыр, тағы қандай жаман сөз бар, солардың бәрін қосқанда шығатын сипат иесі сезініп кеттім. Ақшаны ешкім ұрлаған жоқ, ол әлдебір құдіретпен жоқ боп кетті, тіпті ұрлаған күнде де, менің жазам үшін жаралған бірі  қарақшы қолды етті. Ол бірақ маған аз. Мен осы кейпіммен жер басып жүруге қақылы емеспін.

         Бұрын өлім түрлері туралы тізімімдегі байқаусыз секілді көрінетін өлімдер қатегориясында осы — тікұшақтан секіріп, бірақ парашютті ашпай қою деген пункт бар еді. Тапаншам жоқ деген секілді, мені кім парашютпен секіртсін деп, мұны мүлде елеусіз қалдыратынмын. Енді міне, сәт сағаты туып тұр. Қазір түк білмегендей болып барам да, шырқау биікке көтерілгенде төмен қарай құлдидай жөнелем. Басында ауаның кедергісімен баяу ұшам, сосын жерге жақындаған сайын үдеу ұлғая береді. Ал мен парашют бауын ағытпаймын. Бұл сендерге жетінші қабат емес. Жер беті мен секілді лас жүректі адамнан осылай тазарады.

         Ойлағанның бәрі орындала бермейді. Іс жүзінде бәрі керісінше өрбіді. Секіре салған кезде бір сәтке есімді жоғалтып қойдым. Манағы ойлардың бәрі ұшты-күйлі. Әлдене ойлауға шамам келгендегі алғашқы сұрақ мынау еді — неге ғана секірдім? Неткен қорқынышты!? Ендігі келген сауал — өлген кезде қайда барам? Құдайға сенбейтіндер айтатын қап-қара түнек, мәңгі тоқтау, ізсіз жоғалу болса, осы әрекетіме қуанбақ түгіл, өкіне де алмай қалсам, онда бұл шешімімде не мән бар? Ал егер, діндарлар айтатындай, қандай да бір жауаптасу, әлдебір әділ сот құрылар болса, онда менің ол сотқа осы жексұрын күйі барғанымнан гөрі айыбымды барынша жуып алып аттанғаным ақылға қонымды емес пе? Оның үстіне, жер бетіндегі дін атаулының ешбірі өз-өзіне қол салғанды құптамайды дегенді оқығаным бар. Оның бәрін былай қойғанда, екі баламды кімге тастамақпын? Жо-жоқ, олай тайқыма! Айыпты жуғанмен, өз көзің анық жеткен жүрегіңнің ластығын қалай тазартпақсың?! Сондай жүрекпен жер басып жүруге қақың бар ма?! Екі бала мүмкін сен секілді адамнан тәрбие алмаса жақсы азамат боп өсер. Кенет… құдая тоба, егер мен перулік боп өмірге келгенімде не болар еді деген ой келді. Жерге құлағанда беліммен түсіп, грыжам жазылып кетсе. Директор мені мақтап жатқанда шешесінен боқтасам, ашуланғанның орнына қарқылдап күлетін шығар, иә? Күлкілі ғой, шынында… Өзімді кешіргенімді түсіндім. Бойымда әлдебір жеңілдік пайда болды. Миллион доллардың табылып жоғалғаны да түкке тұрғысыз нәрседей көрінді. Бұл кезде мен 9.8 км/с үдеумен жерге қарай еркін құлап бара жатқан едім…

 

 

Куала-Лумпур

2025 жыл