425

ҚАЛИ СӘРСЕНБАЙ. КОМПОЗИТОРДЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

Если  душа  просит высказаться  – это хорошая душа.

В. ШУКШИН.

 

Ойында дәнеңе жоқ. Сол бір әнді ыңылдап айта жөнелгені сол еді, төргі үйден әйелінің «ақырын, бала ұйықтап жатыр» деген дауысы естілді. Кенет... Алла аян берді ме, әлде құлағына жел сыбырлап кетті ме, Қазақстанның бір қиырында ел көзінен елеусіз өткен әлдебір аса мұңлы оқиға есіне түсті. Өзгенің қуанышты, қайғылы сәтін қабылдай білу де – даналыққа тақау қасиет. Ұлы адамның басынан өткен, бәлкім, ертелі-кеш бір өтуі тиісті қас-қағым сәт. Көптен бері көкіректі кернеп, кенеуі келмей жүрген осы бір дүниенің кілті енді табылғаңдай айран-асыр күй кешіп отырды бұл.

 

* * *

Ол әр келіп кеткен сайын бұл жаңғалақтың күйін кешкендей болады. Біреу келсе «қоя тұршы, жаңа бәленшекең келіп кетіп еді, өзіме өзім келіп алайын» деуге шақ қалады. Әлгі бір неме сондай бір әсерлі әңгіме айтқанымен қоймай, үстел үстіндегі заттарды әрлі-берлі қозғап, екі қолы қыбырлап, жыбырлап, құйрығы да қоныс таппай, құдды бір манасшы, не қияқшы секілді бір орнында байыз тауып отыра алсайшы. Әлдебіреу бастап кетеді деп ойлай ма, ілкімде екі-үш әңгіменің басын қылтита қояды да, сонсоң соның біріне бар зейінін салып кіріседі. Ара-тұра алақандай аузы да мұрнымен қоса шуылдап бет жағыңызға қатынап қайтады. Бұның аузына бұл өмірде бір минөт те үзіліс болмаған шығар. Мұғалімнің аузы өлгеннен кейін 45 минөт жыбырлап жатады екен, бұның аузы, сірә, 90 минөт жыбырлап жататын болар. Осынау әрекеттің бәрін «көкелеп» отырып өте сыпайы түрде жүзеге асырады.

Бұл – жақсы бір әңгіменің жұрт жадыңда жаңғырып жүруі үшін де бәріне көнеді. Кейбіреулерге көп ұнай бермейтін оған аса кірпияз, талғампаз бұның ықыласы қалай ғана ауа қалатынына жұрттың да таңы бар.

...Өзін композитор санайтын әлдекімдердің сол бір ғазиз жаңды кейінгі жылдары «маскүнем еді, қаңғыбас еді, қайыршы еді, ішіп алып ән жазатын, әндерінің бәрі бірыңғай, бір сарын» деп, қысқасы, «ол композитор емес, қушыкеш біреу, композитор деген класссикалық шығармалар жазуы керек, мәселен, опера, оратория, кантата, симфония деген сықылды» деп, ел шырқайтын дені дұрыс бір әні жоқ, үлкен бастық болған-болмағаны белгісіз, ұдайы ернін шығарып сөйлейтін әлгі «кемеңгер»  композитор  тәрізділер  өзінің  зәлім   ойларын  ақырындап қоғамдық санаға тықпалай бастаған кезде, осы бір жігіттің бұлт арасынан шыққан күндей, тіпті, «сандықтан шыққан сайтандай» сол ғазиз композитордың жоқтаушысы болып шыға келмесі бар ма? Сөйтіп, бірер жылдың айналасында көзі тірісінде шенеунік композиторлардан құқай көрген жанның өлген соң көзі ашылып, елмен қайта бір қауышқандай болған. Осы бір жылдары ұлттың рухани аспанын қара түндей қараулық зіл қара тастай басып тұрған еді. Тіпті, оны айтасыз, бұл кісіден әлденеше уақыт бұрын жарқырап шыққан, аты аңызға айналған «қырсық» күйшінің өмірі де, өнері де бір «құрметті» профессордың арқасында талан-таражға түсіп, күйлерін балық бөліскендей үлестіріп алғанын да жұрт жүрегі сезе бастаған. Ал, енді мына кісінің әңдерін бөліп алмаса да, ол туралы бөстекі әңгімелердің айтыла бастауы сол сұмдықтың хабаршысындай еді. Солай болуы әбден мүмкін суыт хабардың алдын алған бұны бұл бәдік болып кетсе де бекзат күйінде көрмейтін жыны бар ма? Сол бір бейкүнә жан туралы бұның білмейтіні жоқ-ау, сірә. Түннің бір уағында оятып алып сұрасаң да, ол бақсыдай сарнап қоя берер еді. Ол тіпті сол бейкүнә жанды әр сағат, әр минут, әр секунд сайын есінен шығармайтын жағдайға душар болғандай-ау.

Ал  енді әңгімеге кірісейік.  Әлгі әлдекімдер үшін әуейі, бейдауа, пәтуасыз көрінетін жан айтқан әңгіменің тиегін ағытайық. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас.

*   *   *

Ол атақты композитордың жаман-жәутік, қырық жамау «Жигулиіне» түнеп жүрген кезі екен. Ішкі ойы күншілдердің көзіне күйік болмай, әлдебір көз көрмес, құлақ естімес елсізге кетуді жөн санап жүргенде, бір ауылға келіп, совхоз директорының үйінде түстенеді. Есі шыкқан директор оны құрақ ұшып қарсы алады. Бұл композитордың ішімдік атаулыдан, тіпті достан да жеріген, «достары көптің досы жоқ» деген қағидаға әбден мойынсұнған, өткен өмірінің жақсысы қайсы, жаманы қайсысын парықтауға оңаша бір ой отауын іздеп, ендігі қалған ғұмырын саналы бір сәттерге, шуақты күндерге бұрудың қамында жүрген шағы еді. Әлгі ауылдың тұсыңда Сорбұлақ деген жер бар. Бұл күңде ертемен сол бұлақтың жағасына келіп, ертегідегі Аленушкадай бір ерекшелеу, жабырқау күй кешіп жүрді. Тағы қайталап айтайықшы, бұл оның өмірінің бораны да, бұрқасыны да басылған, баяғыдай емес, көктем көңілінің хошы да қайта бастаған, тек жан дүниесі қайта бір сілкінуге бет бұрып немесе бәзбір сабырлы, қария күй кешкен сәті болатын. Десе де, бір мөлдір мұң мұны төңіректейді де жүреді. Таңның атысы, күннің батысы совхоздың науқандық жұмыстарымен жүріп, бала-шағасын да ұмытып кететін директор да ол үшін үйіне асығатын. Тіпті, осы бір күндер оған аңыз секілді көрініп, түс көріп жүргендей сезінетін өзін. Бүткіл қазақ әнін шырқайтын кісінің дәл бұның қасынан келіп сая табуын неге жорырын білмей, бейшараның бақыттан басы айналғандай еді. Сегіз қыздан кейін әйелі ұл тапқанда да дәл бұлай қуанбаған шығар-ау.

Директордың да кісінің түрлі әрекеттері туралы өз пікірі бар. Мәселен, өзін бақытты сезіну, қуана білу де адамына байланысты ма дейсің. Дүниенің оқуын тауысса да, құдай әу баста сана бермеген соң ешкімге де, ештеңеге де қуана білмейтін зымиян зиялылар да болады. Отбасының, ағайын-туыстың үйреншікті қуанышын айтпай-ақ қоялық. Мемлекеттің қуанышына, бүткіл ұлттың қуанышына, мәселен, тәуелсіздік алғанда әлгі оқығандардың бірінің осынау ессіз қуанышты сәтке селт етпегенін де көргенбіз. Тіпті, онымен қоймай, қазақтың бар атағын алған бір зиялы: «Е, бұл қуаныш ұзаққа барса жақсы, біз осы ертерек қуанып отырған жоқпыз ба?» – деп «сәуегейлік» жасапты сайтан алғыр. Былай қарасақ, елден бұрын алабөтен қуанатын адам сол ғой. Міне, біздің зайырлы зиялының түрі. Осындай тірліктерге зығырданы қайнап жүргенде композитор жөнінде сырттай аңызға бергісіз қырғын әңгіме еститін. Көп күндерін күйбең тірлікпен, есеппен өткізетін, қуануға уақыт таппайтын директордың сол күндердегі бақытты сәттерінің аса табиғилығын тілмен айтып жеткізу мүмкін де емес.

Ақыл айтқыштардан алыстап, аулақ кеткен композитор бір күні сайын даланы бір өзі емін-еркін аралап, кеудесін кер самалға тосып жүріп, бір құшақ бәйшешек теріп келді де, сол үйдің сүйкімді бойжеткеніне ұсынды. Композитордың ерекше нұрланған жүзін көріп директор:

– Ойпыр-ай, осынша жер жарар атағыңыз бола тұра не деген қарапайым жансыз? – деді.

– Немене, мені пайғамбар деп пе едің? Қарап жатқанша, ішіп-жегенімді ақтаған түрім ғой, – деп күлді композитор әлгі бойжеткеннен көз алмаған күйі.

Өне бойы қамкөңіл күйде жүретін, қуанышта да, қайғыда да көзінен бір мұң кетпейтін композитордың бірнеше күннен бері көңілді кезін аңдыған директор үшін осы бір сәт өмір бойғы күткен күніңдей болып көрінді ме, көкейінде сол сауалдың жауабын өз аузынан естісем деу әуестігі басым еді. Оны қазір қанша тартынса да, білмекке құмарлық жеңді.

– Айтыңызшы, сізде осы уақытқа дейін неге атақ жоқ?

Әуелде «көп мазаламайтын, мыжымасы жоқ, нағыз ер көңілді, ел мәселесін ғана биік-биік сөзімен, үлкен парасатымен толғайды екен» деп, ырза көңілде жүрген азаматының үнемі алдынан шығатын көди-сөди сауалды кесе көлденең тартқанын жақтыра қоймаса да, жауапсыз қалдыруды тағы да сұңғыла көңілі қолай көрмеді. Осы бір сәт екі ортаға келіп кербез қонақтай қалған көңіл құсын ұшырмайын деді. Оның үстіне жаралы жанына жылы ағыс сыйлаған бұл төңіректен әзірге қоныс аударуға да пейілді емес еді. Жан сарайының жапырақтарын мезгілсіз жұлмалағысы келмеді. Осы бір жақсы күндер жемісін бермесе де, жан дүниесінде жаңғырып жүрсе деп тіледі. Күні бойы бойжеткен кеткен жаққа ұрлана қарап, аяулы сезімді көңілінде тербетіп отырған ол, сол сәттен одан әрі де ажырап қалмауды ойлап, директордың сұрағына немкетті түрде жауап беріп құтылғысы келді.

– Елге қадірлі адамның өз отбасына, өзгелерге қадірсіз болатын күні де аз емес, қарағым. Одан да мен саған бір жұмбақ жасырайын, соны шешсең, айтайын, – деді.

– Мейліңіз, тәуекел.

– Желден де, дыбыстан да жылдам бір кесапат бар, сен соны білесің бе?

Директор әрі ойланып, бері ойланып, бір тоқтамға келе алмады.

– Апыр-ай, бір кісідей өмір көрсем де мына жұмбағыңызды шешу үшін сол өмірімнің тым құрығанда жартысын қайта шолуым керек қой. Қайта шолғанмен жұмбағыңызды шеше алсам жақсы, өзіңіз құтқарыңыз енді.

– Оу, уәде қайда? Сендей нар жігіттер уәдеде тұруы керек. Сонда екеуіміз де әп-әйдік адам бола тұра, өсек айтамыз ба?

– Сіз өсек емес, өсиет айтасыз ғой.

– Міне, әне-міне дегенше жұмбақ та шешілді. Құдай-ау, қазір анау Америкадан бастап өсек айтады ғой. Дүние жүзі өсекпен өртеніп, өсекпен күн көріп отыр ғой. Сол өсек адамзат баласы жаралғалы бері қасынан бір елі қалмай келе жатыр. Өсектің өлетін күні бар ма екен? Өсекпен көсегесі көгерген елді көрмесем де оны өз пайдасына өте тиімді пайдалана білген «таланттар» да бар. Біз оларға еркіндік беріп қойғанбыз. Сол өсектің жазбаша, құпия түрі «домалық арыздың» арқасында өнердің де өрісі тарылып отырған. Мәселен, атақ алу үшін де оның үкімет құрып берген тәртібіне сай болғаның жөн.

– Ол қандай тәртіп тағы?

– Мәселен, сен өз әндеріңнің орындаушысы болуың керек.

– Бұл еңді мүлтіксіз мүсіннен мін іздеу ғой.

– Өнерді сүйетін адам – сүйкімді адам. Мен осы жасыма дейін әдебиет пен өнерден әжептәуір хабары бар тірі директорды бірінші рет көріп отырмын. Әйтпесе, көңіліңе келмесін, көбіңнің арақ ішіп, карта ойнап, ет жеп, аршамен тіс шұқығаннан басқа шаруаң жоқ қой, – деп, ол осы бір жанына жайсыз тиетін әңгімеден қашып, тақырыпты басқа арнаға бұрғысы келген сыңай танытты. Әйтсе де, ынтызар көңілінің тығыны ашылып кеткен директор алдамшы мақтаудың ауанына берілмеуді ойлап, өзі үшін мәңгілік мәселелердей көрінетін сауалдың түбіне жетпейінше тоқтамайтындай күйге еніп сала берді. Оның ойынша бүгін композитор бала секілді ұшып-қонып, елп ете түсіп, өзгеше бір күй кешіп отырысына қарағанда, ашық әңгімеге сынай байқататын тәрізді.

– Көке, осынша жасқа келгенше Сізді халық бағалады, ал, билікке неге жақпайсыз? Құдай-ау, сізді кісі баласы түгілі, тірліктегі қыбырлаған тірі тіршілік иесіне – бақа-шаянға, құрт-құмырсқаға да қиянат жасапты дегенге кім сенеді?

– Мұндай әңгімені қой, жарқыным. Кім періште дейсің, етегіне намаз оқып жүрген ешкім жоқ. Мен сені үлкен әңгіме айтатын азамат па десем, ұсақталып барасың ғой, түге. Мына даланы күнде басып жүрген адам ірі сөйлеуге, кесек турауға тиіс. Сен менің композиторлығыма емес, пендешілігіме көбірек үңілгін. Мені қайсыбір жолы бір шикі өкпенің шала пікірі қапаландырады.

– Ол не пікір?

– Әлқиссаны «жай музыкант қой» деп, «хорошая халтура» жазатындар да жер басып жүр ғой. Ол дегеніңіз құм ішіндегі алтын ине ғой, көкем-ау.

– Мынау сұмдық екен, менің де бір анда-санда түртетінім бар еді. Әлгінің бетін аймандай қылып, республикалық газетке аңыратып мақала жазсам ба екен.

– Халыққа ақыл айтудың қажеті жоқ. Мақала жазсаң ақыл айтқан боласың да. Атақ алу үшін де біреу еңіреп мақала жазуы керек пе? Осы мәселемен айналысатын адамдар бар емес пе? Жалпы, өмірдің мағынасын атақпен өлшейтіндерің не осы?

– Әділет деген жоқ қой бізде. Сол үшін күйінесің де.

– Сондай бірдеңе де менің түсіме ауық-ауық еніп тұрады. Мені сол шіркін бұрынырақта аса мазалай қоймаушы еді. Қазір жұрттың бәрі демократ боп бара жатқан соң, сол немеден дәмелене бастадым. «Ақиқаттың өзі де шын ақиқат емес» деген екен бір данышпан.

Осы бір қоңырқай әңгіме үстіне композитор ұсынған дала бәйшешегін құшақтаған қыз бала кіріп келді. Осында келгелі жіпсіз байлап, ынтықтырып қойған қызға жан дүниесі бейне бір еркіндікті сезінген композитор бұл жолы оған өз меншігіндей көз тоқтатып қарады. Екі-үш күннен соң-ақ жолға шығамын ба деген бұның ойына осы бір бойжеткен тұсау салды. Ұшқалақ көңілін ұшықтап жіберіп, өзіне үйіріп алғандай халде еді. Ол сұлу болғанына, бұл сол сұлулыққа сүйсінуші болғанына ешкім кінә қоймайтын тәрізді. Бұл жерде керегенің көзінен қарап тұрған күншілдік жоқ. Көңілі алай-дүлей. Құмандағы молда дәрет алатындай дайындап қойған жылы судың өзі де тұла бойын тоңазытып жібереді. Кісінің жүрегі жарылатын талай ән жазғанда да дәл осындай толқуды бастан кешкен жоқ шығар. Көңілі желді күнгі теңіз бетіндей толқиды. Мұқағали досы жиі айтатын «дариға» сөзі кеудесін тіліп түсіп, ақжалын болып атылардай күйде. «Ақ дариға ғой, мынау» деді ішінен. Күлімсіреу мен күрсінудің арасы бір-ақ қадам екенін осыған дейін сезсеші. Жаңа туған бота қандай болса, бұл да сондай.

Директор да диуаналығы бар неме ме, композитордың көңілін оқып қойғандай, әлгі бала кетісімен «осы сіздің махаббатқа, әйел адамға көзқарасыңыз қалай?» деген берекесіздеу сауал қойды.

Әлі де сол бір сезімнің жетегінде отырған композитор «как никогда» деп орысша сөйлеп, сол сәттегі ойынан хабар берді де, оның сұрағына кірісе бастады.

– Әй, сен адамның арқасын қасығанға таптырмайтын маман екенсің өзі. Махаббат дейсің. Әлгі сенің атақ-патағың бұл кезде жай нәрсе болып қалады. Менде атақ та, абырой да бәрі бар деп ойлаймын, бірақ соны пайдаланатын мүмкіндік жоқ. Біреу қазір маған сол махаббатты сыйласа, мен оның аяғын құшар едім, одан артық атақ болмас еді. Мен дәл осы пәтшағардан жолы болмаған адаммын. Талайға ғашық болғанмын, бірақ сол ғашық отына ел секілді жөндеп жана алмағанмын. Жануды қойшы, бір сәт щоқ болып маздасақ та мейлі ғой. Мен бір ғашықтық кәусарына құмары қанбаған жанмын. Мен бір өз көңілім құлап, қалаған, өліп-өшіп сүйген от-құшаққа өртенген адам емеспін. Мен бір тірі махаббатты аялап көрген ғазиз жан емен. Мен бір өне бойы біреудің қаңсығына таңсық болып өткен адаммын. Мен бір свежий сұлулыққа сұқтанған жан емен. Мен осы бір күндерімде, осы отырысымда махаббат дегеннің не құдірет екенін бағамдағандаймын. Еһ, өмірімді қайта бастар болсам... Сырт көз үшін бәрі кеш болуы мүмкін, бірақ мендегі аласапыран көңіл олай демес еді-ау. Төлеген досым айтпақшы, «ал, мендегі сезімді көрсең...» Вот, директор жолдас, менің бір жолым болмаса ол махаббаттан болмаған деп бір түйіп қойыңыз анау ояу көкірегіңізге. Мені әлі күнге көтеріп келе жатқан елімнің махаббаты, сол махаббатты ұстап тұратын әйелдің махаббатына зәрумін мен. Мен ешқашан күрсіңдірмейтін, ешкімге көз сүздірмейтін, өз ошағыма жіпсіз байлайтын махаббатқа зәрумін. Мен бұл жолға тазалықтың төркінін іздеп шыққан жалғыз жолаушыдай сезінемін өзімді. Адамшылық аяулы сезімдерім араша түсіп, талай аяулымнан айырылған адаммын. Үріп ауызға салғандай талай хордың қызын көрдім, сонда мен таза бұлаққа кезіккендей сезінуші едім өзімді. Біреулер сол бұлаққа шөлін қандырып жүрсе, мен сол баяғы аяушылық әсердің жетегінен алыстай алмай, бұлақты былғамауды ғана ойлаппын. Махаббатқа адамгершілік көзімен қараппын. Адамгершіліктің айуаңдықтың аяғының астында қалатынын кім білген. Оның несін сұрайсың,  жолдас? Мен... Мен... Мен...

Ол орнынан тұрып кетті де, Сорбұлақ жаққа көзі жасаурап қарады. Бір құшақ бәйшешекті есіне алды. Бұл бір композитордың оттан да ыстық сезіміне куәгердей болып, осы бір сәттен қымсынғандай табадан жаңа шыққан таба наңдай алқызылданып күн батып бара жатқан кез еді. Бұл ешқашан жасанды жылаған емес. Жыласа құмығып, үздігіп жылады. Бұл жолы да шын жылады. Шешесінің қазасынан кейінгі егіліп жылауы осы. Бірақ, көзінің жасы тез қайтты, сірә, тағдырдың қатал сынына әбден көндіккен.

Күндізгі әңгіме композиторды сол түні көз ілдірмей, дөңбекшітті-ай келіп. Өмір болса өтіп барады. Бұл болса кіл бір жоқшылықтың құрсауынан шыға алмай, қу тіршіліктің мойынға салған қамытын кезек-кезек қиюмен, соны қайтіп шешемін деумен әуре. Осы күнге дейін өзі өз болып, тіпті қисық аяқ біреуді де өз қолымен шешіндірмепті-ау. Құдай-ау, дүниеде қанша сұлулық болса, мүмкін болса адамды соның қызығын көрсін деп жаратқан шығар, бұл Тәңір. Сол сұлулық «мені тамашала, мен сендікпін» деп тұрса, бұл жерде оған бір қызыл көз иттің ара түсуіне қандай хақысы бар? Күні бойғы, бірнеше күн бойғы бір-біріне кетәрі емес әлгі көзарбасулар бүгін сыр бермесе, енді қашан?! Ол өзін осы ойға жеңдірді және де бар атақ-абыройын жағаға қалдырып, сол бір сезім айдынына жалаңаш батыр болып кіріп бара жатты. Сөйтті де, ол сол түнге тәуекел етті. Сол түнге ол осы уақытқа дейін ешкімге, ештеңеге малданбаған атақ-даңқын салғысы келді. «Шындық тәуекелге қарыздар» деуші еді көкесі. Қыз көзіндегі өзінше көкірегіне тоқыған шындықты көргеңде бәріне тәуекел етті.

Жұрттың бәрі осының әнімен бір-бірін тауып, ынтығын басып, табысып, күн-түн құшақтасып жатқанда бұның да біреуді адам сияқты емін-еркін құшақтауына, аялауына хақы жоқ па? Өмір неге сонша әділетсіз? Айтылса, неге жарты шындық айтылады? Сол жарты шындықты неге бүгін тыржалаңаш шешіндіріп, толық күйінде көрмейді. Сол түні сол сұмдық сезімдер бәрін де жеңді. Ол жер бауырлап қыз қасына жеткенде, директордың қуатты шаруа қолдары оны тік көтеріп далаға алып шыққан еді.

– Мұныңыз не, бұл не сұмдық?

Директордың дауысы дірілдеп шықты. Таң қылаң беруге тақау. Екі адам екі бұрышта мұңайып отыр. Осының бәрін елден бұрын сезген, директордың көлеңкесінен қорқатын палуан денелі әйелі де көрпе астынан сығырайып қарап, сықсыңдап жатыр еді. Бір кезде барып директор солқылдап жылады. Бәлкім, жан сырын сыртқа жасқаусыз алып шыққан композитордың күні бойғы шындыққа суарылған көркем сөзі директорды осы сәтке арнайы дайындағандай жынын жұмсартып жіберді ме, әлде осы әңгімені бастаған өзін кінәлі сезінді ме, ол әлгі райынан қайтқандай сыңай байқатып, үздік-создық бірдеңе айтады.

– Дүниедегі ең соңғы адал адамды енді кездестірдім бе деп едім.

– Әкем байғұс: «ел еркелетті екен деп, есіріп кетпе» деуші еді. Менен бір әбестік кетті, бауырым. Мен таң атпай қайтайын. Мына таңның, мына күннің кеспірінен қорқамын. Мына елдің көзі түгілі, анау иттің көзіне де көрінуге дәтім жетер емес. Мен өмірімде тұңғыш рет сұмдық жағдайға бара жаздадым. Сен мені аман алып қалдың. Жағымсыз адамның образын сәтті сомдаған актерлер өзін ең керемет актер санайды екен. Мен де бүгін сондай рөлді сәтті ойнап шықты деп есепте, айналайын.

– Жоқ, сіз қайтпайсыз.

– Жаздың соңын ала, қоңыр күзде келіп едім, енді, міне, қыс та түсті. Осынша уақыт күпті қылып күттірген көңілдің ақыры осы болды ғой.

– Мен сізден ештеңе де аямас едім. Егер сіз қаласаңыз, жүз мәрте сүйіп жаңа қосылған болсам да қатынымды қойныңызға салар едім. Сіз үшін...

– Қой, жарқыным, қайтесің, мен шаршаған адаммын. Бұл тірлігімді де сол шаршағаңдық, шатасу деп қабылда қолыңнан келсе, мен қайтайын. «Сүйіскеннен бала болмайды, сүйісе беріңдер, әдіремқалғыр» деуші еді бір жеңгем. Сол кісі айтпақшы, менікі де бір сәтін салса шөп еткізіп сүйіп алу еді. Осы күнге дейін кезіккеннің бәріне басын қатырып адамгершілік туралы әңгіме айтудан қол тимепті ғой. Жалпы, адамгершілік, тазалық туралы көп айтатындардың ойы бұзық келеді. Адамның асылын енді көрген менің көзімді ойып алып итке тастасаң да еркіңде, айналайын.

– Жоқ, сіз қайтпайсыз. Жұрт сізді өзі кетті демейді. Бұл жұрт менің мінезімді біледі, үйінен қуып шығыпты дейді. Қайтейін-ай, егер өз қызым болса, өзім таптырдым, өзім теңіне тауып қоссам несі бар. Онда мені мына жұрт сөксе, онда бұл жұрттың бақытсыз болғаны ғой. Жүз жылда бір туатын талант сол жұрттың бағы да, бақыты да емес пе? Бақытын аялай алмағаны ғой. Бақыттан не аяуға болады? Егер осы кезге дейін теңін таппай отырған өз қызым болса, сізге жетектетіп-ақ жіберер едім. Әттең, қайтейін, бұл жалғыз келінім еді, ұл оқуда жүр еді. Өзім қыздан рахат көрген соң, біреудің жалғыз қызы болған соң, бұл баланы да қызымдай көріп, орамал таққызбаушы едік, еркелеп, бұландап өссін деуші едік, кінә бізден, құдайақы сіздің еш кінәңіз жоқ. «Қызды кім сүймейді, қымызды кім ішпейді?». Сізге ренжуге болмайды. Сізді ренжітуге болмайды.

– «Әкесі құрдастың баласы құрдас» деп жасаған тірлігімді кешіре гөр, бауырым.

– Сіздің кешірім сұрауға, ешкімнің алдыңда кішіреюге хақыңыз жоқ. Бұл жан баласына айтылмайтын, өз ішімізде қалатын құпия болсын.

– Бопты, қарағым, бопты. «Өмірдің соңы – өкініш» деген ғой. Бірақ мен өкінбеймін, өлмеймін, менде арман жоқ болса керек. Халықтың махаббатын аздап сезіндім. Төлеген бауырым айтқандай, «азырақ бақытсыздау» болғаным рас. Мен сол халықтың махаббатын сәл болса да ұзарта түсетін әйелдің махаббатына аңсар едім. Ер қанаты мен қанағаты сұлу ат пен сұлу қатын ғой. Қартаймайсың, қайғы ойламайсың, жап-жас күйіңде, мас күйіңде өтесің өмірден. Мен саған бір пәлсапа-әпсана айтайын. Жол бойына «Бұл өмір өтер-кетер» деген сөзді кісі бойындай етіп жазып қойыпты дейді. Сөйтсе, әлгіні көрген кедей қуанып кетіпті. Бай болса солқылдап жылапты дейді. Мен бейбақ дәл қазір әлгі кедейдің күйін бастан кешіріп отырмын. Бұл өмірдің, мына бір ауыр түннің тез өтіп кететініне қуанып отырмын. Абыройсыздыққа бір қадам қалғанда құтқарып қалған саған ризамын. Іші мен сырты келіскен адам еді өмір бойы аңсағаным. Мен әр жолға шыққан сайын сондай адамды іздеп шығатындай едім. Енді таптым ба деп едім сол баланы, көргенді жердің баласын. Мен махаббатқа, шын сұлулыққа құса жанмын ғой, қарағым.

– Жоқ, сіз адамдықтан аттаған жоқсыз. Сіз нұрдан жаралған жансыз. Сіз елге сәуле шашу үшін туған адамсыз. Біз, мына пақырыңыз сол нұрдың жүзіне дақ түсірмеуге тиіспіз. Бұл – біздің қасиетті міңдетіміз. Сіздей адам енді қайтіп жүз жылда бұл үйдің табалдырығынан аттай ма, жоқ па? Жүзге келіп сұлу сүюге ұмтылған Жамбыл бабамды еске алыңыз да, бұл жайды мәңгіге ұмытыңыз. Қазақтың бір-біріне күйеу болуға, жезде болуға әбден хақысы бар ғой. Қарға тамырлы ел емеспіз бе?

– Өзі жылатып, өзі жұбатып алатын сендей азаматы бар ел бақытты ғой. Біздің бір ағамыз ылғи да «бүгінгі таңдағы інім» деп сөйлейтін. Осынша уақыт жатып, осы үйдің бір мүшесі болған мен сені бүгінгі тандағы інім емес, мәңгілік інім, бауырым дейінші, – деп композитор директорды құшағына қысып, солқылдап жылады.

– Дүниеде сіздей адамның көз жасын көргеннен ауыр ештеңе жоқ екен, көке, осы соңғы жылауыңыз болсыншы, – деді бұл қоштасып тұрып.

Сол жолы қар қалың түсіп, оның соңы көктайғаққа айналған. Композитордың жаман-жәутік «Жигулиі» тайғанақтап кетпесін деп, жүк салғышқа құм салынды. Осы бір қап құмның өзінің көріне түсер туған жердің топырағы екенін қайран композитор бәлкім, білді, бәлкім, білмеді.

Сөйтіп, кісі баласына қылаудай қиянаты болмаған ұлы композитордың да көзі топыраққа тойып еді.

Сол бір қаралы күні даланы басына көтеріп, ең егіліп жылаған да бәлки, директор шығар...