***
Көңілсіз бақ...күрең күз...тілсіз әуен...
Секілденер бір сәтке мінсіз әлем.
Жапырақтай сарғайған сағыныштан
Жабырқауға неліктен ынтызар ем.
Бой жаздым кеп ойлаумен әрдемені,
Күзгі бағым - жаныма жәрдем еді
Жүз құбылар шырылы шымшық құстың,
Жұбататын солар ма әлде мені?
Тағдыр үшін тек айып таға алмаймын,
Ойдан соққан қисынсыз қамал - қайғым
Мезгіл өтер бұл маңнан кезі келсе,
Ал мен күзде мәңгілік қалардаймын.
Естеліктер қашалған қайыңда ескі,
Өткеніме оралып уайым кештім.
Ақ қайыңға мұң шағам жалғыз ғана,
Одан басқа сұрамас жайымды ешкім...
Күрең тартып,кенеттен күрсініп ап,
Жаңбырменен көз жасын ыршыды бақ.
Тіршілікті тоқтатып бір-ақ сәтке,
Тыныштыққа мендегі түрші құлақ
Көңілсіз бақ...күрең күз...тілсіз әуен...
Секілденер бір сәтке құнсыз әлем.
Жапырақтай сарғайған сағыныштан
Жабырқауға неліктен ынтызар ең?...
***
Жабыққанда жаныма араша кім?
Жұбатар ма жымиып қараса күн?
Қарлы жаңбыр аспаннан қалбалақтап,
Қарып тұрды кеудемді қараша мұң...
Жаралы аспан тыймай тұр жасын әлі,
Соқпақтарға бұзық жел бас ұрады
Көше кезген адамдар сабылысып,
Әлдеқайда, беймәлім, асығады...
Тіршіліктен қалса егер кім тысқары,
Мазалай ма сан ойлар,сын қыспағы
Бәрін тастап кететін көкке сіңіп,
Бақытты еді,шіркін-ай,жыл құстары
Қараша мұң, жанымды кесел етті,
Кесел етті - дертімді еселетті
Бақыт құсым шалғайға жырақтадың,
Неге? Не үшін? Неліктен? Не себепті?
Қара аспанда қабағын бұлт үйіріп,
Қала жатыр жамылып сұр киімін
Көңіл сыздап,бұл маңнан сұрқы суық,
Табарыма сенбеймін бір мейірім
Шырмауына оралдым мұң-сызаттың,
Тағы да таң,тағы да тым ұзақ түн
Қиялыммен кетейін қанат қағып,
Мекенін айтыңдаршы жылы жақтың...
***
Серігі боп сезімнің,мұң-наланың,
Мен қалайша бақыттан құр қаламын?...
Дауасы кем,демігіп біздер жүрміз
Ауасымен тыныстап бір қаланың
Өткен күнге өшпес із қалдырасың,
Мейлі,жүрек қажысын,қалжырасын,
Қалар күдік көңілде жүре алмасам
Хабар біліп жайыңнан,хәл сұрасып
Жүрмесек те аққудай қатар ұшып,
Алай-дүлей боп әркез жатар ішім
Қаңыраулы күйге енем тілдеспесек
Қоңырау қып немесе хат алысып
Жүргендейсің жай-күйді сезіп,біліп,
Алмасам да барлығын тез ұқтырып
Қай алапта жүрсең де,қалсам етті
Саябақта кездейсоқ кезіктіріп...
Сағынышым санама мұң жолдаса,
Жамау болмас жаныма жылдар да аса
Қашықтықтан,жарығым, тек өзіңе
Ғашық болып жүрейін тым болмаса...
***
Шүберекке жанымды түйіп,терлеп,
Бел буындым,бауырмен биікке өрлеп
Беткей тұста құзар шың құлдияды
Кейіпіме кез болсаң кейіп көр деп.
Аспан бұлтты,оң болмай орайы шын,
Тал-теректі ық қылдым қолай үшін.
Тауды өрлей төселген ну қарағай
Тарам жолмен кеземін тоғай ішін.
Тастан тасқа соғылып сарқырама
Шартарапқа атқылап шарқ ұра ма?
Тылсымына тасқынның таңырқадым
Табиғаттың таңсық боп шарты маған.
Сынағын да қабыл ап сауғасын да,
Асау жүрек жаңбырға жаурасын ба?!
Асыр салған пенденің асқақтығы
Сыналады асқар шың,тау басында!
Маңғаз таудың мұнарлы мұңы бардай...
Құлақ түрсең құрышың құнығардай,
Танымымның тартынам тарлығына
Тау тұрмақ тағдырымды ұғына алмай...
Неден осы болғанбыз мұндай ғаріп?
(Нетер едік жоғалса мұңлы Ай жарық?..)
Шырмауына тағдырдың шұбатылған
Адамзатты шың ғана шыңдайды анық!
Құз ұшына рас болса өрлейтінім,
Бәйек қағам,бойға да бермей тыным.
О,сонда мен ұғындым ойпаңы көп
Ойдағы елге оралғым келмейтінін!
Құлаш сермеп,кең жазсаң иығыңды
Тамсандырмас табиғат сыйы кімді?
Таңдай қағып тұрғанда тілге оралар -
«Өр Алтай,мен қайтейін биігіңді...»
***
Татып бірге өмірдің бал шақтарын,
Жаныңнан еш келмейді алшақтағым
Бейуақытта ұрын кеп,қалдырамын
Терезеңнің алдына гүл шоқтарын
Қалдырамын гүлдердің ал-қызылын,
Жанарымнан оқылар жалғыз ұғым
Күлімдеген жүзіңе қарау үшін,
Өмірімнің қияр ем бар қызығын
Кетер ме еді жолыңда болып құрбан,
Сезіміңнің сырларын мол ұқтырған
Таң нұрынан жаралған тек өзіңмен,
Тағдырыма ризамын жолықтырған
Мың қуанып,күн кешем мың түнеріп,
Күлкің болар жүректің мүмкін емі
Бағыңа жаралған жан жырақта емес,
Жаныңда жүрген шығар,кім біледі...
***
Сені есіме алғанда ымырт шақта
Елестейсің үлбіреп үміт жақтан
Сағым қылған бір сәтте сол күндерді
Сендік сана,о бәлкім,ұмытшақтау
Тамұқ сынды жанымды тұмшалап жыр
Ағат басқан сәтіме кім сарапшы?
Құлпын бұза алмадым құпияңның
Болар ма еді мұншама тым талапшыл
Жер бетінен мүмкін бе жұмақ көру?
(Шын сүйгенге жолдайды сынақты өмір)
Байыбын бар тапсам деп болмысыңның
Айыбым ба болғаным тым ақкөңіл?
Күндер кешіп жүрсе де күйкі басым
Сағыныштың көңілде сыйқы басым
Сені айыптай алмаймын сезім үшін
Сүйкімдісің себебі,бейкүнәсің
Көңілсіздеу күндерді кеше бердім
Шаттығымды өзіңсіз еселер кім?
Сезіміңдей шамдары сөнулі тұр
Біз өтетін көшелердің...
Жұмсақ тәнің секілді жая мақпал
Нәзіктікке жер бетін бояды ақ қар
Күрең күз бен қыс кірді сен кеткелі
Сүреңсіздеу сондықтан саябақтар