ҰЛЫЛЫҚ
Жалғанды мынау жонынан басып жүр кімдер?!
Сен де бір соның бұласы.
Өзіңнен биік екенін Оның білдің де,
Өртеніп кеттің, расы.
Айрылып қалып кешегі кербез талтаңнан,
Қысылмас жерде қысылдың.
Ол болса сені «өзім» деп қақты арқаңнан,
Аяды ғой деп түсіндің.
Аяды ғой деп ашындың, азап – бұл да бір.
Бұрылдың ойға ғажап кіл:
Қалай да оның құлату керек, тұрмағыр,
Жылату керек, көзі аққыр!
Сүдінің қашып, сағың да әбден сынғандай,
Ол десе, кеулің – ымырт, түн.
Қайыршы болып қасыңа келіп тұрғандай,
Қалтаңа қолың жүгірттің...
Ұлылық қой Ол!
Алдынан апан қаздың не,
Аттап өтеді, тап шыным!
Жұмырдай едің, жүдеп те кеттің аз күнде,
Қырынғаның жөн, жақсы інім.
Қасарысқанмен қанатын жаймас дарағың,
Сен жүрер қанша жол әлі.
Мойындай қойшы,
Мойындашы Оны, қарағым,
... Өзіңе жеңіл болады!
ЖЕТІМХАНА
Қаймағы жұқа қызық-думанға болып құл,
Қашаннан бері қаныма сіңген желік бұл:
Ел көшіп кетіп...
Есін жинаған еркелер
Өз топырағынан жеріп тұр.
Тістіге тай да бермейтін еді текті асау,
Ауыңды байлап асыққаның не, саппас-ау?..
(Тоқтарбай әке, тымаққа толар тұяқ жоқ,
Аналық әже, омырауыңды көкке сау!)
Кетсе еркек, кетсін!
Келерсің, қалқам, ақылға?..
Қойныңдағыңды «шата» деп текке шатылма!
Күн күркірегенде, аузыңа түскен бұршақтың
Бойыңа бітіп,
Бүр жарғаны ғой тақырда.
Үзе алмай сәтте жел сөздің шырмау – шыжымын,
Тыңдарсың талай «абысындардың» ызыңын.
Табаның таймай,
Төзе алсаң соның бәріне,
Көрерсің әлі-ақ бір түнгі тердің қызығын!
Азамат ерге туған түтіннің төрі – бақ,
Ержетсін еркін,
Пейілі - таза,
Сенімі – ақ!
Өзбектен озып өспей-ақ қойдық, оллаһи,
Қазақтың басын жетімханадан теріп ап!
Аспаның да, әне, ала бұлтынан айықты,
Ақтымақ нұрға жапырағыңды жайып, күл...
Алтыныңды анау...
Тартып ап жүрер біреулер,
Ал, қане, қалқам, бұл жерден жылдам тайып тұр!
ЕЛ КӨШТІ
Мұратбек Түркістанға көшіп кетті...
Қуатбек Жетісудан Есікке өтті...
Айналып екі – үш күндей Ақмешітте,
Кеңес те өз шаруасын шешіп кепті...
Жөңкіліп қалың бұлты күздің ауыр,
Жел тұрып, жолым үйдің үзді бауын.
Көктемгі көпір бермес абыржыдай,
Қақырап көшіп жатыр біздің ауыл.
Ұл кетті, Ұрымға емес, Қырымға асып,
Қыз кетті, Қырымға емес, қырын басып.
Артына қарай – қарай шал да кетті,
Ит болып, кемпірімен ырылдасып.
Бір шеті Ақтөбе ауып, Нұраға асып,
Бір шеті «үкәлармен» іләласып,
Түсінде жау төңкерер қол көргендей,
Бұл жұртқа не көрінді тұра қашып?
Алқымнан қалмақ келіп алардай боп,
Сүлесоқ неғып тұрсың, самардай көп?
Ұшатын Элистадан ұшақ болса,
Қорықпа, қондырмаймыз!
Жанармай жоқ...
Көрдік деп не бір дөйдің құқайын да,
Қарамай алды – артыма зытайын ба?
Түркия тауарымен байлап алған,
Бұл жерге жет алмайды қытайың да.
Ұшпайтын төбесінен торғай батыл,
Әскері қырғыздардың Қордайда тұр.
Тәшкенің әзір мұнда көз салмайды,
Өйткені, отыз миллион... толмай жатыр.
Дұшпанды қарсы келген тіздеп алар,
Апай төс, аламан қол бізде де бар.
Ал, сонда, ел қозғалды неге орнынан,
Барады қай жұмақты іздеп олар?
Сол сұрақ...
Сол бір сұрақ ырықты алып,
Шыбықтай – тұрып кетем – сынып барып.
Шықпайды көмейімнен жауабы әзір,
Тобықтай тамағымда тұрып қалып.
Дертіңді жүрмесе де елеп ешкім,
Мен сезем,
Көзі соқыр – көр емеспін.
Тау асқан Алан жұртың аз ба саған,
Ана – жұрттан неге көштің?
Барасың бас сауғалап қай «тамырға»,
Күн туса, көк өнбей ме қайта қырда!
... Құйылған көштің алдын қайтара алмай,
Өксиді Шаһизада... Байқоңырда...
МЕНІҢ КӨКЕМ АЙТЫПТЫ
Білтелі мылтық түтінін
Түтініне қосқан шалт ерім,
Бөлінген елдің тұқымын
Бүтініне қосқан мәрт едің.
«Қорғантұз» құмның қолтығы,
«Аяңдаймыз», - деп, - қызырға,-
Қалың жұрт қаудай толқыды,
Боянбаймыз, - деп, - қызылға.
Жолатпай жұлдызды әкімді,
Көрсетті көкем бір қызық,
Анталап келген кәпірді
Атына теріс мінгізіп.
Айнала – абақ, мүйіздеп,
Нөпірлегенде нығыт қол,
Оранып аппақ киізге,
Өрттен де аман шығыпты ол.
Қайрат қып айыр, садақты,
Түн қатып қисық өкшемен;
Нұраның бойын қамапты,
Көкеме ерген көп Шөмен.
«Көнбейміз, - депті, - азапқа;
Өлмейміз және жорықта.
Ырғызыңды алған қазаққа
Мәскеуің алыс болып па!..»
... Кім төтеп берген әлдіге,
Алашта бүгін шығын көп.
Әріден жеткен әңгіме,
Әдіптеп қосқан түгім жоқ.
Бүгіжіктейді пәс кеуде:
«Батырың батыл ойлайды, ә!
Айырмен барсақ Мәскеуде,
Ақырға салып қоймай ма?»
Заманның желі, ес, бұрқап,
Жанымды бір мұң шымшиды.
Көкемнің сөзін есті ұрпақ
Көкейге түйіп жүрсе игі.
Айнала жатқан түркі елі
Ада боп тұрса айтыстан,
Атының басын іркеді
Аңдыздап жеткен қай дұшпан.
Тектіге теңдік әперіп,
Көрсек-ші солай көп қызық:
Түркіні күлден көтеріп,
Төбесін Күнге жеткізіп!
Сөзіміз шығып бір деммен,
Өзіміз жүрсек оң қабақ,
Дұшпаның түгіл, іргеңнен
Тышқаның да өтпес жорғалап.
Бір – бірін, ай – хай, «ағалап»,
Найқалсын елдің нұр – құты;
Көк астындағы қағанат
Біздікі емей, кімдікі!
Түркінің төрт – бес Тәуірі,
Көзіңді салшы қырымға:
Көкемнің айтқан ауылы
Алыс емес қой шынында..
АЛЛЕРГОРИЯ
Қараңғы түн...
Жұлдыз біткен түсті еріп,
Сыртқа боран ыңырсиды тістеніп.
Осы сәтте ұясында ұйқының,
Жатырсың ба керемет бір түс көріп.
Оянба онда,
Мені көрші түсінде,
Азуы алтын,айбарлы арлан пішінде.
Айдалада айға қарап ұлиын,
Адасып қап ақ түтіктің ішінде.
Құрсағы орта, жанарында жоқ жалын,
Жарым көңіл жалғыздығы жеп жанын,
Өзіңменен табысуға асықсын,
Махаббаттан мәңгіп қалған көкжалың.
Долы боран күдер жолын үзбесін,
Қара түнде қаңғып сені іздесін.
Алып келсін есігіңе жетелеп,
Санасында сіңіп қалған ізгі есім.
Баса алмай бір жүрегімнің сазуын,
Көрейін де пешенемнің жазуын.
Алыпсоғың айналғанда қазығын.
Мен тұрайын сақ – сақ етіп азуым.
Машықтанып қалған, білем, тіліңді ап,
Есігіңе жолатпаса ырылдап,
Желкесінен салып аран тісімді,
Лақтырайын иығымнан бір ырғап.
Жел сырласып көкжалыңның мұңымен,
Үйің алдын шиырлайын түнімен.
Таң саз бере жоғалайын...
Сен оян –
Алыпсоқтың қыңсылаған үнінен.
«Құм суырған ізі жатыр сүр қарда,
Қасқыр келіп кеткен – ау деп бұл маңға»
Енең сонда күңкілдесін көңілсіз,
Алыпсоққа сен құйып тұрғанда.
Ал, сен болсаң...
Өксік толып ішінде,
Төбетіңе қарап мұңды пішінде,
Өкін!
Жыла!
Дариға – ай, сол көкжалдың,
Неге ғана кетпедім деп тісінде...
АЯУЛЫ АЭРОПОРТТАРЫМ
Адасып түнде қаракөк,
Бағытын таппай,
Шарқ ұра,
Амалсыз қонды самолет,
Өзге елдің аэропортына.
Алаңдап қарап тұс – тұсқа,
Тінтемін қалың көп ішін.
Жете алмай қалған ұшқышқа,
Кім берер екен қол ұшын?
Қақ жарып сонда нөпірді,
Сен келдің күліп қасыма,
Бір туған бауырым секілді,
Ағасын күткен асыға.
Шаттанды өңі жүз жанып,
Болған соң жолы тілеулі ер.
Бағымды тұрды қызғанып,
Бұтына толған біреулер.
Жұлдызды көкті жамылып,
Тағы да шықтым сапарға.
Жар жолда қалтам қағылып,
Тоқтадым басқа шаһарға.
Серігім жалғыз – жыр ғана,
Сағынышымдай сыздаған.
Қарсы алды күліп мұнда да,
Ізетті інім, ізгі ағам.
Жұртымен жүрген жарасып,
Ұшқышқа жоқтай еш қауіп,
Қай жаққа барсам – жол ашық,
Қайтамын жаңа дос тауып.
Сапарда, білем, бағым бар,
Белгілі – қайда тартқаным!
Қисайсам,
Қағып алыңдар,
Аяулы аэропорттарым!
ТОЛЫҚ ЕМЕС ӨМІРБАЯН
Бала жасымнан өсіп ең,
Өлең, қолда ойнап,
Көрмеге қойыпкөрсе еді.
Алматы барып, басында бұлақ болмай қап,
Барға апардым – ау мен сені.
Баспаға келдім жүрегім ұрып, дүрсілдеп,
Ақынмын, ой – дой, көтендей.
Арқамнан сипап, сұрайды менен «кімсің» деп,
Бастығы соқыр екен ғой!
Журналға жеттім Қасымның қасқа жолымен,
Қожасы таныс кісімдей:
«Түсінбей тұрмын, не дейсің, бала, сонымен...»
Өзім де қалдым түсінбей!
Университетте болмады, білем, берекем,
Сергей Мироныч жат көрді.
Декан ағайдың вокзалда досы бар екен,
Кезексіз билет ап берді.
Көрсетем әлі, көкелеріңді түгендеп,
Кетті ғой деме бас бағып!
Бұл бөле тағы төбелес бастап жүрер деп,
Жетінші пойыз қашты алып.
Ауылға жеттім – баяғы өзім көргендей,
Жерге қаратып сары шалды.
Адам өлтіріп, түрмеден қашып келгендей,
Қармақшым суық қарсы алды.
Өлеңді қайтсін,
Сабантойларды бұл ара
Баяндамалармен жүр атап.
Түсіп жүремін дау – дамайға күнара,
Ішіп жүремін –
Рахат!
Жазуды қойып кетсем деп, күнде күшенем,
Желкемнен басып қара дәу.
Ол жаққа барып Мұқағалимен ішер ем,
Алтайым жалғыз қалады – ау.
Жиырмаға дейін жанымды жебеп, келді аяп,
Қор етпен жырды, мақұлы.
Адвокат жалдап, сотқа да пара бермей – ақ,
Ажырап тындық ақыры.
Шіріді солай шабыттың шағын әуіті,
Пендемін басын қайттаған.
Жоспарың енді күймейді, қағаз зауыты,
Рахметіңді айт маған.
Дарының құрсын, жер басып жүрші дін аман,
Қарының барда – ішіп, той!
Екі өлеңіне еңіреп сыйлық сұраған
Менің қатарым пысық ғой.
Нарыққа жеттік, мінеки.
Бармақ қыршыдым!
Сері күндерім – шалғайда.
«Қолыңа қалам алсайшы» - дейді Тұрсыным,
Үш балам жетім қалмай ма?
Артықтау кетсем, Алматым, ғафу өтінем,
Сөзін жұтпайды өренің,
Ана бір жылы «көрсетемін» деп кетіп ем,
Соны ескертейін дегенім.