ЖҰМАТАЙ КӨКСУБАЙҰЛЫ. ҚҰДАЙ ОСЫ СӨЙЛЕЙДІ ЕКЕН ҚАЙ ТІЛДЕ?..

СҰРАҚ

 

Әңгімесін айта мекен ай түнге,

Жылдар осы не дейді екен далама?

Құдай осы сөйлейді екен қай тілде?

Осы сұрақ жиі оралар санама.

 

Қанша ғасыр айналады жұмыр жер,

Бір орында тұрама осы күн мәңгі?

Шыныменен сүріп жүр ме ғұмырды ел?

Біз жаңылмай санадықпа жылдарды?

 

Өлең осы келеді екен қай жақтан,

Қай бостықты мекендейді сөз біткен?

Түрімізге сенеміз бе айна айтқан?

Адамдарға сенемізбе көз күткен?

 

Мені қайда жетеледің мың үміт,

Өзің қайдан келе жатсың, бала шақ?

Саған сұрақ қояиыншы үңіліп?

Бізді қайда апарасың болашақ?

 

ЖАЛҒАН

 

Санамның ұлы қорғандарында,

Дүркіреп өтеді жылқылар.

Мың жылдықтың ормандарында,

Кезіп жүреді бір күмән.

 

Ақиқат өлген мына ғасырда,

Құрсақта өнген жәдігөй.

Рухымыз кеше құлаған шыңға,

Дауысы ғана қалды ғой.

 

Күні ертең бәрі отқа батады,

Бізсіз де өмір сүрілер.

Адамдар екі топқа жатады,

Өлілер және тірілер.

 

«Сендердей кеше болғамыз біз де,

Біздердей сенде боларсың»,

Осы бір сөзді үнсіз айтады,

Адамзаттардың моласы.

 

АҢСАУ

 

Көзімнің жасын жел сүртіп,

Еске алдым сені, тау-ана.

Балалық шағым белде үркіп,

қалды ғой қайран далада.

 

Ес білген шақтан танып ем,

Қаражон көкке жуықтау.

Тәңір тау биік бәрінен,

Бәрінен сосын суықтау.

 

Оранып мұңға ұшқан жел,

Тамшылап аққан нота-жыр.

Зарымның бәрін құшқан бел,

Боздап тұратын бота бір.

 

Әкетер едім ауырсың, 

Жеңілсің көздің жасынан.

Бірге тумаған бауырсың,

Бауырыңа қарай асығам.

 

Жылайды екенсің білемін,

Ат қойдық оған «жаңбыр» деп.

Сені аңсай қалса жүрегім,

Атадым оны «тағдыр» деп.

 

Ойлаймын сені, бал өлкем,

Көрген жоқ аңсау басылып.

Қапсалаңым-ау, таңертең,

Жастықта жаттың шашылып.

 

ТҮЙСІК

 

Әлі атып үлгермеген таңдардан,

Әлі жауып үлгермеген қарлардан,

 

Әлі аршып алынбаған мұрадан,

Әлі айтып қайырмаған дұғадан,

 

Жұпар сезім алғаш келген арудан,

Көктемнен де ерте жауған жауыннан,

 

Тілі шығып үлгермеген баладан,

Өтірікке малынбаған санадан,

 

Ақ ұлпаға оранбаған аспаннан,

Көзден ағып үлгермеген жастардан, 

 

Жерге әлі көмілмеген қаладан,

Жерге шығып үлгермеген Хауадан, 

 

Жалғандыққа шомылмаған қоғамнан,

үнсіз ғана шақыратын молаңнан,

 

Өлең ғой ол бұрын туған ғаламнан,

Жаратылыс жаралғанда жаралған.

 

 

МЕН ЖҰМАТАЙМЫН

 

Жұматай Жақыпбаев өмірден аттанған

1990 жылдың қоңыр күзінде

мен өмір есігін ашыппын

 

Құстар қайтқан күз еді ол,

Бірге аттандың солармен.

Мен өмірге келдім сол күз,

Мен де өмірдің қонағы ем.

 

Сен аттандың, жылады жұрт,

Ақынымыз кетті деп.

Мен өмірге жылап келдім,

Тар құрсақты тепкілеп.

 

Сені жерлеп жатты халық,

Артыңда жыр, бақ қалды.

Менің әкем ұлды болып,

Біздің ауыл шаттанды.

 

Жер бесікке сізді қойып,

Қимай қайтты көп елің,

Өлеңіңнің жалғасы мен,

Тал бесікке бөлендім.

 

Сіздің үйде Құран дауысы,

Қимай халық ойлады.

Біздің үйде азан дауысы,

Менің атымды қойғалы.

 

Жыр қағаны дүр Жұматай,

Мерейі өскен бақ тойдан.

Мына маған ырымдап ел,

Жұматай деп ат қойған.

 

Қара шашты ақын болдым,

Мойындамас, мейлі, жұрт.

Қыздар күліп Заиданы айтса,

«Ләйлаң қайда?» дейді жұрт.

 

Мен де сіздей Жетісуды,

Жырыма арқау еткенмін.

Өзіңіздей аласұрып,

Алматыға жеткенмін.

 

Кейде кене жирен мініп,

Той қызығын асырдым.

Бір сұлуға ғашық болдым,

Меңіне мұң жасырдым.

 

Сіз суретші болмадыңыз,

Мен де солай, болмадым.

Бірақ жырдан сурет салған,

Өзің жүрген жолдамын.

 

Сідей қаған бола алмаспын,

Оған жоқ та қақым да.

Мен ақынмын себебі сол,

Жұматай ғой атым да.