Серік Ақсұңқарұлы. Сұм дүние сірескен мұз кірпігі

 

ХАНЫША

 

Таң еді онда.

Ендігі уақыт – екінді.

Шыға келдің нұрға оранып не түрлі –

Қалмақтардан қатын алған қазақтың

Хандарының ханышасы секілді!

 

Өмір өтті тар маңдайға талқы боп,

Өзегіме өртін салып, шалқыды от;

Сенің ғазиз жамалыңдай ғажайып,

Ұлысыңа,

Ұлтыңа да тәнті боп!

 

Ала құйын дүниенің ағысы – ән.

Енді аспанға Муза болып тағы ұшам;

Келместей боп кетсең де бір қияға,

Жүрегімде жүрдің ғой сен, ханышам!

 

Өтті уақыт көмескі де, күмәнді,

Көктей өтіп көңілдегі күмәнді.

Кездескенде көріп гүл-тәж бейнеңді,

Кештім күллі кінәңді һәм күнәңді!

 

Бұқар жырау – тар қапастан шам жаққан,

Кешер мені, мені Тәңірі сандалтқан:

Мұндай ару тек қазақтан туады.

Қайда қалды туса егерде қалмақтан?!

 

***

 

Адамзаттың ұжымағы -

Алматы.

Һауа жеген апорт.

Соның қалды аты.

Аңдып келіп, Адам мен сол Һауаны

Шықпай қойды, бірақ, Сайтан-салдақы.

 

Бірде - Жерде.

Бірде - Көкте өмірі.

Күннен-күнге күңіренеді өр үні.

Арып-ашып Алматыға келмесе,

Көншімейтін көрінеді көңілі.

 

Сайтан қайда жүрсе-дағы үкілі.

Жүреді елге соның ғана үкімі.

Қара басып қайдан бізде қалды екен,

Һауа жеген сол алманың тұқымы?!

 

Нөсер селдеп, көзден жасы сығылып,

Алматы тұр Алатауға бұғынып:

Бейіш-бақтың бұтағының астында

Періштелер отыр, әне, -

Тығылып!

 

Алла да үнсіз,

Абай да үнсіз азалы.

Осы жерде жер-дүние назары.

Салдақының сылқ-сылқ етіп күлкісі,

Алматының қайнап тұр қан базары...

 

***

Көк Түркінің арын сатпан!

Көк Бөрінің жұрты - біз!-деп -

Түркі Жыры әлімсақтан

Келе жатыр Түркіні іздеп.            

 

Тау-тас – алтын қазығында,

Қалмай, қайран, елім бүгін,

Күлтегіннің Жазуындай

Күңіреніп тұр менің жырым.

 

***

Мен - Һас Сақпын!

Түбіне жетіп тексіздің,

Жүзімді - желге,

Жүрегімді – Тәңірге өпкіздім.

Исламның өзін Әзірет Әлі Сұлтан мен,

Абайдың Ұлы Миынан сүзіп өткіздім.

 

Бұлтағына көнбей дінсіз һәм ділсіз кәпірдің,

Бұлттың үстінде Бұқардай өлең сапырдым.

Алланың алдына араб боп барса ел, қайтейін,

Мен оған Һас Сақ –

Қазақ боп бара жатырмын!

 

***

Мен - Рухпын -

Қан тамырыңда қайнаған.

Менсіз Күннің көңілі - күпті, Ай да - алаң,

Анахарсистен - Абай болам бір күні,

Әл-Фарабиден - Әлихан Бөкейханға айналам!

 

Еріп кеткен жаным эпос-дастанға,

Егіледі парақтарын ашқанда.

Адамзаттың аруларын арбармын,

Жамбылдайын тоқсан жастан асқанда.

 

Сұм дүние сірескен мұз кірпігі,

Сұраусыз деп ойламасын түркіні.

Мағжаннан – Мұқағалиға айналып,

Ордаңа кеп ойнақ салам бір күні...».

 

ТҮСІМДЕ

 

Е, мына жер киелі.

Киеліні күллі түркі сүйеді.

Төрінде оның текті қазақ отырған,

Тексіз де отыр аузы-басы күйелі.

 

Маған, бірақ, тексізі оның тап келді.

Тап келді де жау көргендей шап берді:

Қасапшы екен, көтеріп қап балтасын

Жүрегімді ортасынан қақ бөлді!

 

Мұп-мұздай боп суып кетті түр-өңім.

Түнек болдым.

Күннен түскен нұр едім.

Лүпілдеп тұр аяғының астында

Қазағым деп шырылдаған жүрегім...

 

Құлап барам түрегеуге жарамай,

Қара қаным – ағып жатқан қара май!

Әлгі қазақ жүріп кетті –

Қазақтың

Шырылдаған жүрегіне

Қарамай!!!

 

Түсімде де,

Өңімде оған жолығам,

Өз түсімді өзім сонда жорығам:

Бұ қазақты сүйетінім шын болса,

Бұ қазаққа күйетінім шын болса,

Мен де өлермін тексізіңнің қолынан!

 

***

Мен жұмаққа бармаймын ба,

Барам ба?

Мен Тәңірге жақпаймын ба,

Жағам ба?

Бес құрлық жоқ,

Бес жұлдыз да жоқ, тіпті,

Таңғажайып бес әйел бар ғаламда.

 

Жұмаққа енді бара алмайтын шығармын.

Бес сұлудың сырғасынан сыр алдым.

Бес сұлуға ғашық болып бір күнде,

Атақ-даңқын бес құрлыққа шығардым!

 

Мен жұмаққа бара алмаспын, жарқыным,

Алды – шаттық бұ дүниенің, арты –мұң.

Бес сұлуға жаным Айдай албырап,

Құшағында – сары майдай балқыдым!

 

Ойламай-ақ одан басқа ешкімді,

Еміреніп жатып әзер ес кірді.

Шәрбәт жұттым бес еріннен егіліп,

Бесеуінің дәмі, бірақ –

Бес түрлі.

 

Жұмақ бағын кезу маған күлкілі.

Бес періште - айқаспайтын кірпігі –

Мені аспанға алып шығып көтеріп,

Бес құрлыққа лақтырады бір күні!

 

Жүрегімнің іші— шемен,

Шерлі – үні.

Біледі ғой тау мен тас та,

Ел мұңы.

Бұ дүние мені ұната қойған жоқ.

...О дүниенің де ойы маған белгілі.

 

БАЗАРДАҒЫ БАЯН СҰЛУЛАР ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

 

40 градус аяз.

Алқынады қос өкпе,

Өмір бастан көшсе өстіп көшед те.

Базарда тұр Баян сұлу боп -боз боп,

Қозы Көрпеш күтеді оны төсекте.

 

Қап арқалап, буынынан әл тайған,

Келеді олар Стамбулдан, Алтайдан.

О, Баяндар! Жолың болсын қайда да,

Отыз жасқа толар - толмай қартайған!

 

Жасай алмай жас дәуренін жас болып,

Өңшең цифр, калькулятор - баста өріп,

Көздерінің оты сөніп, аруақтай

Плацкартта ішіп отыр –

Мас болып!

 

Қарағандыға келсе бәрін аттап кеп,

Қара табыт шығады одан қаптап кеп:

Бетін ашсаң - Баян сұлу өзіңдей,

Қара шашы кеткен қудай аппақ боп!

 

Көлдер кепкен қоғалы,

Ерлер кеткен...

Кімге соның обалы?

Баянсыз-ақ базар боп тұр найқалып,

Қодарлар мен Жантықтардың қоғамы...