Салтанат (Сал-Құмар) Құмарханұлы. Ғұмыр кейде жағымпаздар ойыны...

***

Кім біледі?

Әйтеу сенің көзіңнен күн күледі.

Оңашада екеуміз тұрсақ шіркін,

Қоңыр күздің аймалап түнгі лебі.

 

Еркелікпен,

Жүрегімді тулатып, ерте еліткен

Айтсам ба екен қолыңнан ұстап тұрып,

Құпиямды ақырын ерте күткен.

 

Көздеріме,

Тоғыса алмай тұншығып өз деміңе.

Тұрған сәтте ұялып жыр оқысам,

Ай мүсінің арқау боп сөздеріме.

 

Шың, құз, дала,

Төбемізде жымыңдап жұлдыз ғана.

Куә болса сырласқан сол шақтарға,

Сонда тірлік кешерміз мұңсыз ғана. 

 

Кім біледі...

Әйтеу сенің көзіңнен күн күледі.....

 

Сені аңсадым

 

Жаз гүліндей еске алып жамалыңды,

Қарақаттай сағындым жанарыңды.

Көз алдымнан көлбеңдеп ұшып кеттің,

Көбелектей мен қуған бала күнгі.

 

Қос бұрымың білектей өрілетін

Соған жйі назарым бөлінетін.

Ұзын -ұзын қадалған кірпігіңнен,

От жанарың күлімдеп көрнетін.

 

Үнің сенің тым нәзік, сызылатын,

Содан елдің барлығы қызығатын.

Нұр жүзіңнен ұялшақ білінетін,

Ибалықтың сырлары біз ұғатын.

 

Алқа моншақ мойныңа тағылатын

Жүрек шіркін тек сені сағынатын.

Қойшы әитеуір, қарасақ тал бойыңнан,

Қазақы бір қасиет табылатын.

 

Бүгін міне еске алып жамалыңды,

Қарақаттай сағындым жанарыңды.

Көз алдымнан көлбеңдеп ұшып кеттің,

Көбелектей мен қуған бала күнгі....

 

АРМАНЫМ БОЛДЫҢ

 

Бірі ме ең әттең ғайыптан туған пенденің

Жалын боп кіріп жанымды тылсым тербедің.

Елесің күндіз, түс болып түнде мазалар,

Арманым болдың, азабым болдың сен менің,

 

Бірақта сәулем қасыма бір сәт келмедің.

Өзіңді ойлап қаншама таңды атырдым,

Қуанып қанша, күрсініп қанша аһ ұрдым.

Қорланға ғашық Естайдың есіл жүрегін,

Өзгеге емес, өзің деп қана жасырдым.

Сен үшін тартқан мұңымның өзі асыл мұң.

 

Сүйеніп айсыз самалы жұпар ақ талда, 

Өзіңді аңсап отырдым қанша бақтарда,

Сен үшін жаным кеудемді тостым қаншама,

Ызғарлы суық жаңбырлы түн мен ақ қарға,

Қия алмай сені жат жанға.

 

Сені аңсап шығам жондар мен анау белге де,

Тәп-тәтті сенің иісің бардай желде де,

Жібегін мәңгі Төлегендей боп аңсаған, 

Өзіңе жаным іңкәр болды екем мен неге?

Солардан мені кем деме.

Сыңғырлы күлкің естілетіндей құлаққа,

Сені аңсап барам сылдырап жатқан бұлаққа,

Сырымды тыңдап, жырымды тыңдап тербеліп,

Қарсы алар гүлдер қыратта, 

Сен жоқсың сәулем бірақ та.

Бірі ме ең сондай ғайыптан туған пенденің,

Жалын боп кіріп жанымды тылсым тербедің,

Елесің күндіз, түс болып түнде мазалар,

Арманым болдың, азабым болдың сен менің,

Аяулым сенсің ең менің.

 

Жылқы мінез

Жылқы мінез десе қазақ қамығам,

Ондай емес көп адамдар таныған.

Жылқылардай қайдан болсын қасиет,

Тектілігі бөлінбеген қанынан.

 

Әлі күнге жылқы жылқы қалпында,

Сатқан емес дәстүрі мен салтын да.

Бабасының қанға сінген тірлігін, 

Ұрпақтары жалғап келеді артында.

 

Өзгерген жоқ дамыса да заманы, 

Өзгерген тек жер бетінің адамы.

Шабысынан жаңылмаған сол үшін,

Жерге тисе жел боп ұшар табаны.

 

Әлі де олар үйірінен қызғанар,

Шапқан жерде шаңы шығып із қалар.

Айтыңдаршы сол жылқының алдында,

Үлгі бар ма өнеге қып бізде алар.

 

Жақынына әлі күнге шаппайды,

Себебі олар қасиетін сақтайды.

Айғайласаң аруақтанып кетеді,

Содан болар күндіз түні жатпайды.

 

Мініп алсаң жүйрігі мен жорғасын,

Жолға тастап көрген емес жолдасын.

Алыстаса бір біріне кісінеп,

Жақын жүрсе тебіседі олда шын.

 

Жылқылармен бабам өскен шеп құрып,

Қасиетін қарау керек бет бұрып.

Жылқы мінез болу үшін адамға,

Жылқылардай болу керек тектілік...

 

Із

 

Кейбіреулердің бөлек боп біткен аяғы,

Дүбірлеткенмен даланы.

Адам боп өмір сүргенмен бәрі бір баяғы,

Хайуанның ізін салады.

 

Сондықтан сәби шағымнан бастап елеңдеп,

Арманға бір сәт тоймағам.

Әр адым сайын қандай із салып келем деп,

Артыма қарап ойланам.

 

Үмітсіз, ойсыз, сенімсіз болып көңілге,

Не керек ойнап күлгенің.

Адаммын десең дұрыс екен мына өмірде,

Артыңа қарап жүргенің.....

 

Орамал

 

Кезім бе екен бастауышта оқыған,

 Жанарыңның жасқанушем отынан.

Әлі есімде бір орамал беріп ең,

 Өз қолыңмен ою салып тоқыған.

 

Сен сол кезде пысық едің, мықты едің,

Жанарыма қараушедің тік менің.

Орамалды беріп тұрып ең алғаш,

Деп едің ғой «саған арнап тіккенім»

 

Көп рахмет, жоғалтпаймын дедім де,

Қысылғандай болып еді демім де.

Қарсы алдыңда сәл ұялып қалғанмын,

Екі бетің от боп тұрды сенің де.

 

Брақ жастық уақытқа тоналды,

Арманымыз алыстарға жол алды.

Өз қолыңмен тоқып берген орамал,

Өзіңменен бірге ол да жоғалды.

 

ps

Естелікті бозбалалық шағынан,

Қайда тастап кеттім-ау деп қамығам.

Өзі тоқып өзі берген сый қылып,

Орамалды әлі күнге сағынам...

 

Ғұмыр кейде

 

Шаранамнан шайқап алып арымды,

Бұл жалғанға қоя берді табыстап.

Шақтар, кейде сыйласаң да барыңды,

Сорың келіп басып алар жаныштап.

 

Бірақ сенем құдыретіне Құдайдың,

Жол көрсетіп, қиналғанда ап шығар.

Талай рет жолым болмай мұңайдым,

Сірә бұл да бұйырған бір бақ шығар.

 

Көздеріңнің болмағанмен тойымы,

Ақ жүрегің адалдықтан таймасын.

Ғұмыр кейде жағымпаздар ойыны,

Айласымен бірге ойлайтын пайдасын.

 

Алдамшылық

 

Айналамды басқандай қараңғылық,

Еш пенде жоқ қарайтын маған күліп.

Жаратқандай көзіме көрінеді,

Тіршіліктің барлығын сараң қылып.

Беті қайтып пендеден періштем жүр,

Көрсетсе де тірлікке табандылық.

 

Ойым-ойран, денем - сал, миым – батпан

Тірлігімді не нәрсе, қиындатқан?

Тек күдік тұр, күйзеліп, күңіреніп,

Көк пен жердің көңілсіз күйін тартқан.

Сыр білдірмей сонда да алшаң басам

Кедергіге қарамай құйындатқан.

 

Арманымда арымнан тоналғандай,

Үмітім жоқ, кеудемнен жоғалғандай.

Есі ауысқан екпінсіз бұл тірліктен,

Кім біледі күні ертең болам қандай.

Сайқы мазақ санамнан заман көшер,

Құбылмалы құлқынсыз қоғамдардай.   

 

Беретіндей айналам уын келіп,

Түсіп кеткен білмедім құным не ғып?

Адалдығым адасып айқайлайды,

Сарайында сайтанның туын керіп.

Жақсылықты жамандық сүйіп жатыр,

Махаббаттың майысқан гүлін беріп.

 

Ақсақал

 

Сол кезде ауылдың қарты да,

Көп үлгі болатын халқына.

Істеген ісімен үйреткен,

Тәлімі қалатын артына.

 

Қыдырып жүруді қалайтын,

Жастары қадірлеп қарайтын

Кеудесін жапқан ақ сақалын,

Саусақпен ақырын тарайтын.

 

Тарап ап, әңгіме шертетін,

 Соңынан көп кісі ертетін.

 Ол кезде айтылған сөздерге,

 Кәрі емес жастар да елтетін.

 

Біреуі күй тартып ақырын,

Біреуі айтатын ақылын.

Ал бірі, терең бір күрсініп,

Бастайтын қазақтың нақылын.

 

Тарихи аңыздар ағылып,

Айтатын әңгіме жабылып.

Сонан соң етін жеп ақырын,

Қайтатын түн шекпен жамылып.

 

Қамшысын қыстырып беліне,

Жүретін сыйлы боп еліне.

Абызға айналған қарттар- ай

Бүгінгі ұрпақтың кеніне...